Accessibility links

"Әйтпесе оқудан шығасың". Тәжікстанда студенттерді әскерге баруға мәжбүрлеп жатыр


Әскер қатарына шақырылған жастарды туыстары шығарып салып тұр. Шамсиддин Шохин ауданы, Хатлон облысы, Тәжікстан. Көрнекі сурет.
Әскер қатарына шақырылған жастарды туыстары шығарып салып тұр. Шамсиддин Шохин ауданы, Хатлон облысы, Тәжікстан. Көрнекі сурет.

Тәжікстанда жүздеген студентті әскерге шақырған. Бірнеше студент пен шенеунік әскери борышын өтеуден бас тартқандарды оқудан шығаруға бұйрық түскенін айтады. Әлімжеттік кең тараған армия қатарына барудан тартынатындар көп.

Тәжікстан билігі жоғары оқу орнында оқитын студенттерді әскери борышын өтеуге мәжбүрлеп жатыр. Билік әскерге барудан бас тартқан жастардың жазаланатынын айтып, сес көрсеткен дейді студенттер мен лауазымды тұлғалар.

Қазір Орталық Азияда көктемгі әскери қызметке шақыру шарасы жүріп жатыр. Бірақ армияда әлімжеттік кең тарап, сарбаздарға айтарлықтай жағдай жасалмағандықтан, жастардың көбі әскерге бармауға тырысады.

Тәжікстан билігі студенттердің әскерге өз еркімен барғанын айтады.

Мемлекеттік телеарналар да соны растайтын видеолар көрсетіп, "ұлтқа қызмет еткісі келетінін" айтқан жастардың сөзін жиі келтіреді.

Сондай видеолардың бірінде жеңі шолақ ақ жейде, қара шалбар киген студенттердің университет ғимаратының алдынан әскерге кеткені көрсетілген.

Тәжікстан қарулы күштері қатарына шақырылған жастарды сапқа тұрғызып жатыр. Душанбе, 1 сәуір 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Тәжікстан қарулы күштері қатарына шақырылған жастарды сапқа тұрғызып жатыр. Душанбе, 1 сәуір 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Оқу орны қызметкерлері жазғы емтихандарды тапсырып болған соң жүздеген студенттің бір жылға әскерге кеткенін айтады.

6 мамырда Тәжікстанның оңтүстігіндегі Бохтар қаласының жергілікті билігі 120 студенттің әскерге кеткенін мәлімдеді.

Бірақ бірнеше студент Азаттыққа өздерін әскерге "мәжбүрлеп" жіберіп жатқанын айтты. Олар университет әкімшілігі әскерге алыну жайлы өтініштің көшірмесін беріп, қол қоюды талап етті дейді.

"Алдымен бұл өтінішке қол қою-қоймау өз еркімізде екенін айтты. Бірақ кейін қол қоюға мәжбүр болдық" деді аты-жөнін атамауды сұраған студенттердің бірі.

"Мен айтқандарын орындаудан бас тартып, кабинеттен кетіп қалдым, – дейді ол. – Енді не болатынын білмеймін".

Тәжікстандағы "Азаматтық бостандық кеңсесі" құқық қорғау тобы Худжанд мемлекеттік университеті студенттерінен көп шағым түскенін айтады. Олардың сөзінше, оқу орны студенттерге әскерге баруды бұйырып, әйтпесе оқудан шығаратынын айтқан.

Құқық қорғаушы Дилрабо Самадова.
Құқық қорғаушы Дилрабо Самадова.

"Бұл құқық қорғау органындағы бірнеше өкілдің және облыстық әскери орталықтың әрекеті" деді топ мүшесі Дилрабо Самадова.

Тәжікстандағы оқу орындарының көбінде студенттер диплом алу үшін бес жыл оқиды. Биліктің бұл саясаты жуырда оқу бітіретін төртінші және бесінші курс студенттеріне бағытталғаны айтылып жүр.

Заң бойынша, студенттер мен университет түлектері негізінен әскерге шақырылмайды.

Тәжікстанда әскерге көктемде және күзде 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады.

УНИВЕСИТЕТТЕРГЕ ТҮСКЕН БҰЙРЫҚ

Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысындағы дереккөз Азаттыққа жергілікті билік өңірдегі ең ірі алты университетке көктемгі әскерге шақырту кезінде студентті әскери борышын өтеуге жіберуді бұйырғанын айтады.

Аты-жөнін атамауды сұраған жергілікті шенеунік бұл мәселе 4 мамырда жергілікті билік отырысында талқыланып, мақұлданған дейді.

Шенеуніктің сөзінше, билік Бохтардағы ең ірі Хатлон университетіне әскер қатарына 300 студент, Дангара мен Куляб қалаларындағы университеттерге 250 және 150 студент жіберуді бұйырған.

Дангара ауданындағы университет. Хатлон облысы, Тәжікстан.
Дангара ауданындағы университет. Хатлон облысы, Тәжікстан.

Ол Левакант университетіне 89, Хатлон медицина мектебіне және Куляб техникалық мектебіне 60 және 65 адамды әскер қатарына тарту тапсырылған дейді.

Хатлон университетінің бірнеше қызметкері сондай тапсырма түскенін және оларға қысым көрсетіп жатқанын растады.

Ол биліктің әскерге баратын "еріктілер" жетпей жатқандықтан, студенттерді тартуға мәжбүр болғанын айтады.

"Жұмысымызды істеуге уақытымыз жоқ, себебі бір жағынан әскери бөлімнің, бір жағынан университеттің осы тапсырмасын орындауға тырысып жатырмыз" деді шенеуніктердің бірі Азаттыққа. Ол аты-жөнін атамауды сұрады.

Әскерге шақырылған ұлын шығарып салып тұрған ана. Душанбе, 1 сәуір 2019 жыл. Көрнекі сурет.
Әскерге шақырылған ұлын шығарып салып тұрған ана. Душанбе, 1 сәуір 2019 жыл. Көрнекі сурет.

Тәжікстан билігі студенттердің мәжбүрлі түрде әскерге алынып жатқанын жоққа шығарды. Ал білім министрлігі студенттерден ондай шағым түскен жоқ деп мәлімдеді.

АРМИЯДА ӘЛІМЖЕТТІК КЕҢ ТАРАҒАН

Тәжікстанда әскери борышын өтеуге жасы жеткен азаматтардың көбі әскерге бармас үшін шақырту кезінде елден кетіп қалуға тырысады. Олар көбіне жұмысшы мигрант ретінде Ресейге барады.

Сарбаздар мен ата-аналар әскерге жаңа алынғандарға әлімжеттік көрсетілетінін айтып, олардың әскерге барудан жалтаруының негізгі себебінің бірі осы дейді.

Әскердегі әлімжеттіктен мүгедек болып қалған Шахбол Мирзоев соның салдарынан бірнеше жылдан соң қайтыс болды.
Әскердегі әлімжеттіктен мүгедек болып қалған Шахбол Мирзоев соның салдарынан бірнеше жылдан соң қайтыс болды.

2014 жылы заң университетінің 22 жастағы түлегі Шахбол Мирзоевтың оқиғасы қоғамда резонанс туғызған еді. Оған әскердегі медицина қызметкері көмек көрсетуден бас тартып, соққыға жыққан. Содан кейін жігіттің аяғы сал боп қалған.

Мирзоев Тәжікстан ұлттық университетін бітірген соң өз еркімен әскерге кеткен.

Ата-анасы оны Ресейге апарып емдету үшін дүние-мүлкін сатқан. Бірақ дертінен айыға алмаған Шахбол Мирзоев жеті жылдан соң қайтыс болды.

Содан кейін Тәжікстан билігі әскердегі әлімжеттікпен күрес шараларын қабылдағанын, казармаларға камера орнатып, кінәлілерді жазалағанын айтқан.

Материалды дайындауға Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшілері атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG