Accessibility links

Рогун ГЭС-інің бірінші агрегаты іске қосылды


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-інің бірінші агрегатын ашып тұр. 16 қараша 2018 жыл
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Рогун ГЭС-інің бірінші агрегатын ашып тұр. 16 қараша 2018 жыл

Қарашаның 16-сында Тәжікстандағы Рогун ГЭС-інің бірінші агрегаты іске қосылды. Совет кезеңінен бері жоспарланған бірнеше миллиард долларлық жоба ондаған жылға созылды.

Бұл құрылысқа 40 жыл уақыт, миллиардтаған доллар мен қисапсыз цемент жұмсалды. Тәжікстанның Рогун су электр станциясы ақыры аз да болсын электр өндіре бастады.

Құрылыс түгел салынып бітпесе де, алғашқы агрегаттың іске қосылуын Тәжікстан билігі салтанатпен атап өтіп, тікелей трансляция арқылы көрсетті. Бөгеттің қазіргі биіктігі 75 метр, болашақта 335 метрге жетіп, әлемдегі ең биік ГЭС-ке айналмақ. Бұл - Сталиннің кезінде Вахш өзеніне бөгет салғысы келген совет инженерлері қиялдаған меже.

Бірақ 1970 жылдары салына бастаған жобаны жүзеге асыру қаржының аздығы мен техникалық қиындықтың кесірінен созылып кеткен. Оның үстіне Совет Одағы құлап, Тәжікстанда азамат соғысы басталған. Табиғи кедергілер пайда болып, көрші елдер наразылық танытып, БҰҰ суға талас туады деп қауіптенген.

Қарашаның 16-сында ГЭС-тің бір бөлігін ашылу салтанатына Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен бірге осы жобаны сынап келген Өзбекстанның өкілдері де қатысты.

КЕДЕРГІЛЕР

Соңғы жылдары Өзбекстан Рогун ГЭС-і салынса, өзен суы азайып, мақта алқаптарына қауіп төнеді деп алаңдап келген. Душанбенің бұл жобасына қарсылық ретінде Өзбекстан шекарасын жауып тастап, автомобиль және пойыз жолдарын бөгеп отырған. Ташкент қыс мезгілінде Тәжікстанның Өзбекстан арқылы Түркіменстан мен Қырғызстаннан электр қуатын тасымалдауына да шектеу қоятын. Бұл теке-тірес электр қуатына мұқтаж Ауғанстанға да қиын тиетін.



Дау ұлғайған кезде БҰҰ-ның бас хатшысы 2010 жылы Орталық Азия елдеріне арнайы барып, аймақтағы шиеленісті азайтуға шақырған.

Президент Шавкат Мирзияев билікке келген соң 2016 жылы Өзбекстан бұрынғы даудан бас тартқан. Ислам Каримовтің кезінде ондаған жылға созылған кикілжіңді реттеуге ден қоятынын аңғартқан.

ҰЛТТЫҚ ЖОБА

Тәжікстан үкіметінің хабарлауынша, Вахш өзеніне Рогун ГЭС-ін салу жобасы 1930 жылдары бір талқыланған. Жобалау жұмысы 30 жылдан соң барып алға жылжыған.

Құрылыс 1976 жылы басталған. 1991 жылы Совет Одағы құлаған соң тоқтап қалған. 1993 жылы Вахш өзенінде алапат сел жүріп, құрылысты қатты зақымдаған. Бұдан кейін жобаны қайта жандандыру мүмкін еместей көрінген.

Душанбе 2004 жылы Ресейдің "РУСАЛ" компаниясымен құрылысты жалғастыру туралы келісім-шартқа қол қойып, үш жылдан соң ресейліктерді келісімді бұзды деп айыптап, одан бас тартқан.

Рогун ГЭС-і салынған Вахш өзені
Рогун ГЭС-і салынған Вахш өзені

Алайда қаржыға мұқтаж Тәжікстан жобаны аяқтауға күш салып, қажетті алты миллиард АҚШ долларын өзі табатынын мәлімдеген. Қаржы жинау үшін үкімет 2010 жылы барша халыққа үндеу жариялап, студенттер мен зейнеткерлерді де Рогун жобасының акциясын сатып алуға шақырған. Бұл науқан кезінде "кейбір адамдар акцияны мәжбүрлі түрде сатып алды" деген хабар тараған. Ақыр соңында небәрі 80 миллион доллар қаржы жиналған.

2016 жылы Душанбе Италияның Salini Impregilo құрылыс компаниясымен келісім-шарт жасап, сол жылғы қазанда Рогун ГЭС-інің құрылысы қайта жалғасқан. Жобаға Қытай, Германия, Иран мен Ресейден ондаған мердігер компания қатысқан. Тәжікстан билігі дәл қазір бөгет басында 20 мың жұмысшы бар екенін айтады. Жұмсалған қаржы 2,2 миллиард долларға жеткен.

Рогун ГЭС-ін салып жатқан құрылысшылар. 16 қараша 2018 жыл
Рогун ГЭС-ін салып жатқан құрылысшылар. 16 қараша 2018 жыл



Осы апта инженерлер бөгет биіктігі турбиналар электр қуатын өндіруге жарайтын су жинайтындай деңгейге жеткенін хабарлады. Келесі агрегат 2019 жылдың көктемінде іске қосылуы тиіс.

Құрылыс түгел салынып біткен соң Рогун ГЭС-і Тәжікстанның электр қуатын өндіру күшін екі есе өсіреді, 3600 мегаватқа жеткізеді. Бұл - үш АЭС өндіретін қуатпен бірдей көрсеткіш. Рогун бөгеті Душанбені қыс мезгіліндегі қуат тапшылығынан құтқарып қана қоймай, табысқа да кенелтуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG