Accessibility links

Тәліптер Тәжікстанмен шекараны жауып, жүк көліктерін өткізбей жатыр


Тәжік-ауған шекарасындағы Шерхан-Бандар қаласында тұрған жүк көліктері.
Тәжік-ауған шекарасындағы Шерхан-Бандар қаласында тұрған жүк көліктері.

Ауғанстанда билікте отырған "Талибан" қозғалысы мен Тәжікстанның онсыз да мәз емес қарым-қатынасы кейінгі кезде одан сайын ушығып кетті. Тәліптер Тәжікстанмен шекараны жауып, Ауғанстанға тауар таситын жүк көліктерін өткізбей жатыр.

Делшадтың Шерхан-Бандар қаласында жатқанына бір аптадан асты. Бұл қала Ауғанстанның Тәжікстанмен шекарасында орналасқан.

Делшад мамырдың басында Ауғанстанға көмір апарған жүк көлігі жүргізушілерінің бірі. 10 мамырда тәліптер шекараны жауып, олардың елге қайтуына тыйым салған.

"Біз ешқайда кете алмаймыз" деді Делшад Азаттықтың Тәжік қызметіне. Ол тәліптердің жүргізушілерге көлікті тастап кетпеуді бұйырғанын айтады. Делшадтың сөзінше, қазір шекарада жүзге жуық жүк көлігі тұр.

Азаттық сөйлескен тағы бір жүргізуші тәліптер көлігін тартып алған жүргізушілердің шекарадан өтуіне рұқсат бергенін айтады. Ол аты-жөнін атамауды сұрады.

"Олар көліктерімізді тастап кетсек, елге қайтуға рұқсат беретінін айтты" дейді ол.

Шекараның жабылып, тәжік жүк көліктерінің тәркіленуі екі ел арасындағы дүрдараздық ушыққанын көрсететіндей.

Былтыр тамызда көрші елдерден тек жалғыз Тәжікстан ғана Ауғанстанда билікке тәліптердің келуін ашық сынап, бұл әскери топ аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіретінін айтқан.

Сонымен бірге, негізінен Ауғанстан тәжіктерінен тұратын, тәліптерге қарсы "Ұлттық қарсыласу майданы" лидерлерімен Душанбе байланыс орнатты деген де сыбыс тараған. Тәжікстан билігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Тәліптердің белсенді іс-қимылынан соң Тәжікстан Ауғанстанмен 1300 шақырымға созылған шекарасында Ресей басқаратын Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен бірлескен әскери жаттығу өткізді.

Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасы маңындағы Харб-Майдон полигонында ҰҚШҰ жаттығуына қатысқан Ресей, Қазақстан және Беларус сарбаздары мен әскери техникасы. 23 қазан 2021 жыл.
Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасы маңындағы Харб-Майдон полигонында ҰҚШҰ жаттығуына қатысқан Ресей, Қазақстан және Беларус сарбаздары мен әскери техникасы. 23 қазан 2021 жыл.

"Талибан" Тәжікстанмен шекараға 4 мыңға жуық қарулы адам қойған. Тәліптер бұл қадам аймақтағы тұрақтылыққа әсер етеді дейді. Бірақ солтүстіктегі көршісі бұған күмәнмен қарайды.

Тәліптер Лашкар-е Мансури дейтін жанкешті топты Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Бадахшан мен Тахар уәлаяттарына қойған. Бұл да Тәжікстанды алаңдатып отыр.

Осы екі уәлаятта Тәжікстан, Өзбекстан мен басқа да елдерден шыққан, бірақ талай жылдан бері тәліптер жағында соғысқан жүздеген содыр тұрады.

Біршама жыл бойы тәліптер Душанбеге қарсы тәжік исламист тобын жасырып, тіпті оларды қатарына қосып алды. Ал Ауғанстанда билікке келген соң бірнеше аптадан кейін тәліптер "Ансарулла жамағаты" тобы содырларын Тәжікстанмен шекараға қойды.

Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы, Тәжікстанға жақын орналасқан Бадахшан уәлаятында жүрген "Талибан" қозғалысының қарулы өкілдері. 24 қыркүйек 2021 жыл.
Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы, Тәжікстанға жақын орналасқан Бадахшан уәлаятында жүрген "Талибан" қозғалысының қарулы өкілдері. 24 қыркүйек 2021 жыл.

Ауғанстанда тұратын кей тәжік содырлар "Ислам мемлекеті" террор ұйымының Хорасан тобына мүше. Тәліптерге қарсы топ жуырда Тәжікстанды зымыранмен атқылайтынын айтып сес көрсеткен.

Орталық Азия мемлекеттері бұл содырлар өз еліне шабуылдауы мүмкін деп қауіптенеді.

Қаңтарда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын Ауғанстанда қауіпсіздік белдеуін құруға үндеген. Ол Ауғанстанның солтүстік-шығысында 6 мыңнан астам содыр шоғырланған 40-тан астам лаңкестер лагері барын мәлімдеді. Бұл айтылғанды тәліптер жоққа шығарды.

"Ауғанстанда тәліптер билікке келгеннен кейін Орталық Азиядағы көршілердің ішінде ең осалы Тәжікстан шығар" дейді Вашингтондағы Атлант орталығының Ауғанстан жөніндегі сарапшысы Хамид Хакими.

Ауғанстанда жүрген ұлты тәжік қарулы адам "Талибан" туын көтеріп тұр.
Ауғанстанда жүрген ұлты тәжік қарулы адам "Талибан" туын көтеріп тұр.

Хакими Ауғанстанда жүздеген тәжік содырының бары Душанбеге төнетін қауіпті еселеп отырғанын айтты.

"Тәліптердің басқару қабілетінің жоқтығы немесе шекарада қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмауы Тәжікстан билігіне ерекше сынақ болып отыр. Душанбе Ауғанстан шекара күштерімен кейінгі жиырма жыл бойы белгілі бір деңгейде әріптестік орната алған еді" дейді сарапшы.

Ресми Душанбе тәліптер үкіметімен байланыс орнатқан жоқ. "Талибан" билігін ешбір мемлекет мойындамаған. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бірнеше мәрте тәліптерді Кабулда инклюзивті үкімет құрып, оған тәжік ұлтының өкілдерін қосуға шақырған.

"Талибан" Ауғанстанды мекендейтін барша жұрттың атынан сөйлейтін топ сияқты көрінгісі келеді. Бірақ оның үкіметінде пуштундар басым.

"Көрші елдің қарулы қарсыластарын паналату соған қарсы соғысты таңдағанды білдіреді" деді тәліптерге бүйрегі бұратын Гүлбеддин Хекматияр Тәжікстанды сынаған сөзінде.
"Көрші елдің қарулы қарсыластарын паналату соған қарсы соғысты таңдағанды білдіреді" деді тәліптерге бүйрегі бұратын Гүлбеддин Хекматияр Тәжікстанды сынаған сөзінде.

"Талибан" лидерлері Душанбенің жария мәлімдемесіне қарсы шыққан. Тәліптерге бүйрегі бұратын, Ауғанстанға аты әйгілі бұрынғы әскери қолбасшы Гүлбеддин Хекматияр Тәжікстанды тәліптерге қарсы жетекшілерді паналатып отыр деп сынады.

"Көрші елдің қарулы қарсыластарын паналату соған қарсы соғысты таңдағанды білдіреді" деді ол осы аптада.

Хекматияр тәліптер бұған жауап ретінде Душанбенің қарулы қарсыластарын паналатуы мүмкін деп ескертті.

"Солай болған жағдайда, әлсіз, кішкентай және қырық құрақ Тәжікстанның тағдыры қалай болмақ?" деген сұрақ қойды ол.

"Талибан" қозғалысының ресми өкілі Забиулла Мужахид.
"Талибан" қозғалысының ресми өкілі Забиулла Мужахид.

"Талибан" қозғалысының ресми өкілі Забиулла Мужахид екі ел келісімге келген соң тәліптер Тәжікстанмен шекараны ашатынын мәлімдеді.

"Екіжақты кездесуде бұл [талаптарымызды] нақты білдірген едік" деді ол Азаттықтың Ауған қызметіне.

Хамид Хакими Душанбенің жақын одақтасы Ресейдің өзара дүрдараз тараптарды бітістіргісі келетінін айтады. Өткен аптада Рахмон Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы "алаңдатарлық" жағдайды Ресей президенті Владимир Путинмен талқылағанын мәлімдеді.

"Талибан" Мәскеуді Тәжікстанды қолдауға мәжбүр еткен шекаралық қақтығыстар шығынын көтере алмайды" дейді Хакими.

Материалды әзірлеуге Азаттықтың Тәжік қызметі атсалысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG