Иранның Минаб қаласында мыңдаған адам көшеге шығып, қыздар мектебіне жасалған соққыдан қаза тапқандарды аза тұтты. 28 ақпанда Минаб қаласындағы мектепке соққы жасалған еді. Иран бұл шабуылға АҚШ пен Израильді айыптайды. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио "АҚШ мектепке әдейілеп соққы жасамайды" деді.
Соғыстың салдарын ауырлатып, бітімді жақындату. Иранның стратегиясы қандай?
АҚШ пен Израиль Тегеранды бомбалап жатқан тұста Иран Парсы шығанағы елдеріне зымыран мен дрон атқылауға көшті. Ондағы мақсат – АҚШ-тың осы аймақтағы одақтастарын Вашингтонға қысым жасауға итермелеу дейді сарапшылар.
Иран 28 ақпаннан бері Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн және Катардағы АҚШ әскери базаларына, сондай-ақ осы елдердегі энергетика және коммерция нысандарына жүздеген зымыран мен дрон атқылаған. Аталған елдердің бәрі – АҚШ-тың одақтасы.
"Мақсат – АҚШ үшін соғыстың салдарын тікелей және жанама түрде ауырлату, сол арқылы Вашингтонды бұл соғыста жеңіске жете алмайтынына иландыру", – дейді Германияның Халықаралық және қауіпсіздік мәселелері институтының сарапшысы Хамидреза Әзизи.
Атыс-шабыс аймағына айналған Таяу Шығыстағы жағдай туралы сарапшылар пікірімен танысыңыз:
БАҚ: Әли Хаменеиді Израиль барлауы Тегеран көшесіндегі камералар арқылы аңдыған
Израильдің барлау қызметі Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиді өлтірерден көп бұрын Тегерандағы жол бойындағы бейнекамералардың түгеліне дерлік бұзып кіріп, қауіпсіздік қызметкерлерін сырттай бақылаған. Мұны дереккөздеріне сүйеніп Financial Times жазды.
Басылым сөйлескен екі адамның айтуынша, бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар шифрмен кілттеліп, Тель-Авивтегі серверлерге жіберіліп отырған. Камералардың бірі Хаменеи резиденциясына келетін Иранның жоғары лауазымды шенеуніктерінің жүргізушілері көлікті қай жерге қойғанды жөн көретінін анықтауға мүмкіндік берген.
Барлау қызметі қауіпсіздік қызметкерлері жайлы деректерді: тұрғылықты мекенжайын, жұмыс кестесін, жүретін бағыттарын және кімдерді күзетіп, таситыны туралы мәліметтер жинаған.
"Біз Иерусалимді қалай жақсы білсек, Тегеранды да солай білдік, – дейді израильдік барлау қызметкерлерінің бірі. – Ал бір жерді өзің өскен көше сияқты бес саусағыңдай білсең, кез келген ұсақ-түйекті лезде байқайсың".
Сонымен қатар Израиль Хаменеи резиденциясы тұрған көше маңындағы он шақты ұялы байланыс мұнарасының жекелеген бөлшектерін істен шығарған. Осылайша қоңырау шалған адам желі бос емес екен деген әсерде қалатындай етіп, шабуыл қаупі жайлы ескертуді аятолланың күзет қызметіне жеткізбеудің амалын жасаған.
Әли Хаменеи жасырынбағанымен, соғыс кезінде сақтық шараларын жасаған. "Оның бункерінде болмауы – әдеттен тыс жағдай еді. Оның екі бункері бар, егер ол сонда болғанда, Израиль қолындағы бомбалармен оған жете алмас еді", – деді басылымға дереккөздердің бірі.
АҚШ ирандық "шахедке" ұқсайтын дрондарын Парсы шығанағына жеткізді
Пентагонның камикадзе-дрондарымен қаруланған алғашқы әскери бөлімі – "Шаян" жедел тобы (Task Force Scorpion) қазір Таяу Шығыс аймағында жүр. Бұл бөлім Иранды атқылауға дайын екенін айтылады.
"Шаян" тобында ирандық атышулы "Шахед" (Shahed 136) дронына ұқсайтын америкалық "Лукас" (LUCAS – Low-cost Uncrewed Combat Attack System) камикадзе дрондары бар. Ол Иранға қарсы шабуылдарға қолданылуы ықтимал.
Ирандық "Шахед 136" дроны алғаш рет 2021 жылы көзге түскен. Иран осы дрондарын 2022 жылы Ресейге бере бастады. Мәскеу бұл дронмен Украина қалаларына тоқтаусыз шабуылдайды. 2023 жылы Ресей бұл дронды өз аумағында құрастыруды жолға қойды.
Кремль Тегераннан 1,75 млрд долларға лицензия алғаны мәлім болған.
Америкалық "Лукас" ирандық дронға қарағанда кішірек, ұшу жылдамдығы шабандау және соққы жасау қуаты әлсіздеу. Бірақ кейбір артықшылығы да бар. Бағасы – шамамен 35 мың доллар.
SpektreWorks компаниясының мәлімдеуінше, "Лукас" ирандық дронға қарағанда коммуникация желілерін бұғаттап, топ болып шабуылдауды автономды түрде үйлестіре алады. Сондай-ақ оның жүк бөлігіне миссия талаптарына қарай жарылғыш зат немесе барлау жабдығын орнатуға болады.