Accessibility links

"Бұл - саяси қарсылық". Удмурт ғалымының жесірі күйеуінің қазасы жайлы


Удмурт ғалымы Альберт Разиннің жесірі Юлия Разина. Ижевск, 18 қыркүйек 2019 жыл.

Удмурт тілінің болашағына алаңдап, Ресейдің тіл саясатына қарсылық ретінде өзін өртеп мерт болған ғалымның жесірі күйеуінің өлімі өзгеріс әкеледі деп үміттенеді.

Тергеушілер Юлия Разинадан күйеуінің Ижевскінің орталық алаңында өзін өртеуіне не себеп болғанын сұраған. Полиция Альберт Разиннің жесіріне "Марқұмның туыстарымен қарым-қатынасы жақсы болды ма? Достарымен ше? Жұмыстан шығарылған жоқ па?" деген сұрақтар қойған.

Юлия Разина Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметіне берген сұхбатында полицияға "Бұл - саяси наразылық" деп жауап бергенін айтты. "Ежелгі дәуірде қорланған адамдар қылмыскер қақпасының алдына әділет іздеп баратын дәстүр болған" дейді ол.

Альберт Разин қыркүйектің 10-ы күні өзін өртеп, бірнеше сағаттан кейін ауруханада көз жұмған.

Ресей астанасы Мәскеу қаласынан шығысқа қарай 1100 километр жерде орналасқан Ижевск қаласының тұрғындарын ғалымның өзін өртеп қаза болуы шошытты. Разиннің өлімі Калашников автоматын шығарумен танымал болған қалаға және ғалым ерекше қорғаған удмурт тілінің тағдырына көпшілік назарын аударды.

2010 жылғы халық санағы мәліметіне сәйкес, эстон, фин, карел, венгер тілдеріне ұқсас удмурт тілінде 324 мың адам сөйлейді. Урмурт ұлтының өкілі саналатын 560 мың адам негізінен Ресейдің Удмуртия республикасында, сонымен бірге Қазақстан мен Эстонияда тұрады.

Удмурт тілі – Ресейдегі этникалық топтар қолданысындағы ондаған тілдің бірі. Философия ғылымдарының кандидаты Альберт Разин жойылуға шақ тұрған удмурт тілінің тағдырына алаңдап, бұл мәселеге жергілікті биліктің назарын бұрғысы келген.

Өзін өртеуден бір-екі сағат бұрын Разин Ижевскідегі орталық алаңға шығып, қолына авар ақыны Расул Ғамзатовтың "Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ!" деген әйгілі өлең жолдары мен "Менің Отаным бар ма өзі?" деген жазу бар плакат ұстап тұрды.

Ғалым Альберт Разин Удмуртия мемлекеттік кеңесі ғимараты алдында пикет өткізіп тұр. Ижевск, Ресей, 10 қыркүйек 2019 жыл.
Ғалым Альберт Разин Удмуртия мемлекеттік кеңесі ғимараты алдында пикет өткізіп тұр. Ижевск, Ресей, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Юлия Разинаның айтуынша, бұрын күйеуі өзін өртеу туралы әңгіме қозғамаған.

- Ешқашан. Үнемі өмірдің құндылығы туралы айтып отыратын. Сабыр туралы жиі айтатын. Удмурттарда "Сабыр сынса да, жан сынбайды" деген сөз бар. Оған "Өмірімнің мәні жоғалды" деп келгендердің әрқайсысына лайықты сөз тауып айтып, олардың өмірге құлшынысын оятатын, - дейді ол.

Разина күйеуі өзін не үшін өлтіргенін түсінетінін айтады.

- Оның салы суға кетіп, үміті үзілді. Бұл әлемде өзіне орын жоғын түсінді, - дейді ғалымның жесірі.

РЕСЕЙ ОРЫСТАР ҮШІН

Альберт Разин жылдар бойы удмурт және өзге тілдер мәселесін белсенді көтеріп келген. 2017 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің "балаларды мемлекеттік тілден өзге тілдерді үйренуге мәжбүрлемеу керек" деген мәлімдемесі Разиннің тілге алаңдаушылығын күшейткен.

Путин мұндай мәлімдемені Ресейдің басқа ұлт өкілдері көп шоғырланған кей аймақтарында тұратын орыстардың шағымынан кейін жасаған.

Ресейдің байырғы халқының тілі мен төл мәдениетін қорғаушы белсенділер Путиннің мәлімдемелері ұлтшылдық сипатқа ие бола бастағанын, президент сөзінен кейін славян емес ұлттар мен олардың мәдениетіне қысым күшейгенін айтады. 2018 жылы Ресей парламентінің төменгі палатасы мектептерде Ресейдің байырғы ұлттарының тілдерін оқытуға тыйым салу туралы заң жобасын қабылдаған.

Альберт Разин өзін өртеген жерге жұрт күнделікті гүл әкеледі.
Альберт Разин өзін өртеген жерге жұрт күнделікті гүл әкеледі.

Удмуртияда удмурт тілі мектептегі міндетті пәндер қатарына кірмейді. Сондықтан бұл заң өңірдегі білім мекемелеріне әсер еткен жоқ. Мәселен, Татарстанда заң бойынша татар тілі мен орыс тілі бірдей мәртебеге ие. Сондықтан мектептерде татар тілі міндетті пәндер қатарында оқытылып келген. Аталған заң жобасынан кейін Татарстан мектептерінде татар тілі тек ата-аналардың жазбаша өтінішімен ғана қосымша пән ретінде оқытылатын болды.

"БҰДАН СОРАҚЫ ЕШТЕҢЕ БОЛУЫ МҮМКІН ЕМЕС"

Юлия Разинаның сөзінше, 2018 жылы өткен Ресей президенті сайлауы кезінде күйеуі Путинге хат жазып, "елді ары қарай басқарғыңыз келсе, Ресейдегі аз ұлттардың талап-тілегіне назар аударуыңыз керек" деп ескерткен.

Юлия Разина мен Альберт Разин 1996 жылы шаңырақ көтерген. Разинаның айтуынша, содан бері күйеуінің оқуына қажет ақша табу үшін олар ауылдан үш рет үй сатып алып, қайта сатқан. "Ол демеуші іздеуге құлықсыз болды. Бұл біз үшін көп ақша болатын. Бір зейнетақыға ғана күн көріп, кітап жазатын адамға бұл аз өзгеріс емес. Иллюстрациясы бар кітаптарды жақсы көретін. Бізге достарымыз көмектесті" дейді Разина.

- Ол үнемі Совет одағы тұсында балаларға өз үйінде де туған тілінде сөйлеуге тыйым салынғанын айтып, "бұдан сорақы ештеңе болуы мүмкін емес" деп отыратын. Ол кезде мұғалімдер үй-үйді аралап, отбасы мүшелері өзара орыс тілінде сөйлесуі керек деп ескертетін, - дейді Разина.

Удмурт ғалымы Альберт Разин.
Удмурт ғалымы Альберт Разин.

Әйелінің айтуынша, Альберт Разин удмурт балалары ана тілі мен орыс тілін қатар білуі керек деп есептеген. Разин 1980-жылдардың соңында Совет одағы президенті Михаил Горбачев қолға алған либерализацияны аз ұлттарға пайдалы деп тауып, қолдау білдірген.

- Ол ұлттық мәселе шешіле бастағанына қатты қуанды. Оған дейін удмурттарға бас көтеруге мүмкіндік бермейтін, - дейді Разина.

Әйелі күйеуі өзіне қол салардан бір күн бұрын үйіне кеш оралған. Пәтерге кіргенде күйеуінің диван үстінде теледидарды әдеттегідей құлаққаппен емес, даусын шығарып қарап отырғанын көрген.

- Ол ештеңе айтқан жоқ. Бар болғаны маған қарап жымиды, - дейді Юлия.

Ғалымның өлер алдында жазған хатын кейінірек Разинаның бірінші күйеуінен туған қызы София тауып алған. Онда Альберт Разин отбасын қаржымен қамтамасыз етуге көп мүмкіндігі болмағаны үшін кешірім сұраған. Разинаның айтуынша, ғалым "ақша қуған жан адамгершілігін жоғалтып алады" деп сенген.

- Нағыз патриот болғанына қарамастан, ол АҚШ және батыс мемлекеттерімен байланысы бар деген күдікке ілінді. Осыған қатты қамығып жүрді, - дейді Разина.

Қыркүйектің 12-cі күні Ижевскідегі орталық театрда өткен марқұм Альберт Разинмен қоштасу рәсіміне жүздеген адам келді. Ғалымның қазасынан кейін удмурт тілі мен мәдениетін қорғап күресіп жүрген белсенділер тіл мәселесін қайта көтере бастады.

Белсенділер ВКонтакте әлеуметтік желісінде "Альберт Разиннің өлімі Ресей мен бүкіл әлемді удмурт тілінің мүшкіл халіне назар аударып, оны жоғалып кетуден сақтап қалу үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырды. Қазір біз удмурт тілі мәселесіне көз жұмып, оған төніп тұрған қауіпке бей-жай қарап отыра алмаймыз" деп жазды.

Юлия Разина күйеуінің өлімінен кейін жергілікті билік удмурт тілі мәселесін шешуге талпыныс білдіріп, Ресейдегі аз ұлттардың тілдеріне лайықты көңіл бөлінетін шығар деп ойлайды. Бірақ ол болашақтан зор үміт күтпейтінін айтады.

"Ерте ме, кеш пе тіл де, удмурт ұлты да – бәрі жоғалады" дейді ол.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG