Accessibility links

Ресей қоғамын шулатқан «Желі» ісі. Жеті белсенді не үшін сотталды?


"Желі" ісімен сотталған жетеу сотта тұр.
"Желі" ісімен сотталған жетеу сотта тұр.

Ресейдегі өңірлік соттың жеті белсендіні ұзақ мерзімге түрмеге жабу туралы «қатал» үкімі әлеуметтік желіде наразылық туғызып, сот шешімін сталиндік кезеңнің «жұртқа сабақ беру» мақсатындағы жазалау әдістеріне теңегендер де табылды.

«Желі» деген атпен белгілі іс – Ресейде соңғы жылдары үкіметке қарсы пікір айтып, қоғамның әртүрлі тап өкілдері тарапынан реакция туғызған азаматтарға қарсы қабылданған сот шешімдерінің бірі.

Мәскеуден оңтүстік-шығысқа қарай 625 километр қашықтықта орналасқан, жарты миллионға жуық халқы бар өндірістік қала Пензаның аудандық соты ақпанның 10-ы күні жеті азаматты алты және 18 жыл мерзімге (әдетте мұндай жаза зорлық зомбылық үшін беріледі) түрмеге қамау туралы үкім шығарды.

Сот жеті адамды 2018 жылғы президент сайлауы мен футболдан әлем чемпионаты кезінде елдегі тұрақтылықты бұзу мақсатында террористік акт ұйымдастыруды жоспарлағаны үшін айыпты деп тапты.

  • Дмитрий Пчелинцев - "Желі" тобын құрды деген айыппен 18 жыл түрме жазасына кесілді.
  • Илья Шакурский – 16 жыл,
  • Андрей Чернов – 14 жыл,
  • Максим Иванкин – 13 жыл,
  • Михаил Кульков – 10 жыл,
  • Василий Куксов – 5 жыл, қоныс колониясы,
  • Арман Сағынбаев – 6 жыл, қоныс колониясы.

Билік өкілдерінің сөзінше, айыпталушылар «Желі» деп аталатын топқа мүше. Ал айыпталушылар мұндай топ жоғын, өздерінің антифашистік көзқарасты ұстанатындарына қарамастан, кейде сыртта бірге соғыс ойындарын ойнайтынын айтады.

Құқық қорғау ұйымдары мен белсенділер «бұл іс үкіметке қарсы саяси көзқарастағы адамдарға ескерту жасау мақсатында қолдан ұйымдастырылған» деп санайды.

Сотталған бірнеше азамат советтік КГБ мұрагері саналатын Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) өкілдері мен басқа қызметкерлер кінәні мойындату үшін азаптағанын мәлімдеді. Осындай мәлімдеме жасағандардың бірі өзін соққыға жығып, электрошокермен азаптағанын айтты.

«1937 ЖЫЛ ҚАЙТА ОРАЛДЫ»

Оппозициялық саясаткер Алексей Миняйло сот үкімі шыққан соң «1937 жыл қайтып келді» деді. 1937 жылы Ресейде тарихта “Үлкен террор» деген атпен қалған сталиндік қуғын-сүргін басталған.

«Қорқып отыра берсек, бәрі қазіргіден де жаман болады» дейді Миняйло.

Түрмеге қамалғандардың жасы 23-30 аралығында, олардың қатарында аспаз, бұрынғы теңізші, музыкант, оқ ату бойынша нұсқаушы, панк жанкүйері бар.

Айыпталушылар 2017 жылы ұсталған. ФСБ олардың билікті орнынан алып тастауды көздеген анархист екенін, Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты басқа қалалардағы террористік топтарды басқаратынын айтқан.

Сотталушылардың бірі Илья Шакурскийдің адвокаты Анатолий Вахтеровтың сөзінше, айыпталушылар орманда топқа бөлініп, пластик оқ салынған тапаншамен страйкбол ойнап жүрген. Ойыншылар бір-біріне шынайы жауынгерлер сияқты лақап ат берген.

"Желі" ісін жабуды талап етіп тұрғандардың бірі. Мәскеу.
"Желі" ісін жабуды талап етіп тұрғандардың бірі. Мәскеу.

Айыптау тарабының дерегінше, азаматтардың қолында шын тапанша мен алдын ала жоспарланған террористік актіні жүзеге асыруға қажетті гранаталар болған. Айыпталушылардың адвокаттары мен туыстары шын қаруларды қауіпсіздік қызметкерлері әдейі салып қойған деп есептейді.

«Енді олар түрмеге түседі, ал біз билік өзімізді кез келген дүние үшін абақтыға жаба алады деген оймен өмір сүруді жалғастыра береміз. Олар аспаз не панк жанкүйері екеніңізге қарамайды, әсіресе көзқарасыңыз сәл өзгешелеу болса» дейді мемлекеттік арнаның бұрынғы журналисі Екатерина Гордеева.

ФСБ топтың басшысы деп атаған Дмитрий Пчелинцевтің айтуынша, уақытша ұстау мекемесінде маска киген адамдар олардың аузына шүберек тығып, башпайларының ұшына электр тогын жіберіп, азаптаған. Маска киген адамдар Пчелинцевтің іш киімін шешіп, жыныс мүшесіне электр тогымен азаптау әдісін қолданбақ болғанда, ол «террористік шабуыл ұйымдастыруды жоспарлағанынй мойындаған.

«БҰЛ ТАЗА СТАЛИНИЗМ»

Белсенділермен кездескен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері олардың денесіндегі жарақаттар іздері азаптау белгілеріне сәйкес келетінін мәлімдеді.

«Бұрын олар жертөледе азаптайтын, қазір мұны бүкіл әлемнің алдында тұрып жасайды» дейді «Желі» ісін Ресейдегі негізгі саяси мәселе» деп атаған журналист Сергей Вилков.

Пчелинцев 18 жылға түрмеге қамалды.

«Бұған нақты баға беруіміз керек. Элита өкілдерімен салыстырғанда, ешкімді өлтірмеген, атпаған, ұрып-соқпаған, миллиардтап ақша ұрламаған 27 жастағы жігітке 18 жыл түрме жазасын беру — сталинизмнің көрінісі» деді саяси сарапшы Андрей Колесников.

Колесниковтың айтуынша, Никита Хрущев пен Леонид Брежневтың тұсында советтік соттар мұндай қатаң үкім шығармаған.

Тағы бір іс бойынша сотталған Константин Котовтың адвокаты Мария Эйсмонт ұзақ мерзімге түрмеге жабу жазасын «сұмдық» деп атап, бұл қадам үкіметке қарсы пікір білдіріп жүрген азаматтарды үрейлендіру үшін жасалғанын айтады.

«Шын мәнінде, мұндай қатаң үкім адам құқықтары мәселесіне алаңдайтын қоғам өкілдерін үрей, шарасыздық және апатия күйіне түсіру үшін шығарылады» дейді ол.

Жетеудің соты.
Жетеудің соты.

Кейбір белсенді мұндай шаралар адамдарды елден кетуге мәжбүрлейтінін айтады.

Былтыр Ресейде саяси сипаты бар деп бағаланған бірнеше іс бойынша айыпталған азаматтар қоғам наразылығынан кейін ақталды.

Маусым айында тәуелсіз журналист Иван Голуновқа қарсы қозғалған іс қоғам наразылығын туғызған. Белсенділер Голуновтың сөмкесіне есірткіні полиция қызметкерлері салып жібергенін айтқан. Елдегі наразылықтан соң ол қамаудан босады.

Желтоқсан айында Мәскеу соты Кремльге қарсы видеолары үшін «экстремизм» бабы бойынша айыпталған студент және белгілі Youtube блогер Егор Жуковқа шартты жаза кесті.

Өткен айда Ресей президенті Владимир Путин бас прокуратураға 2019 жылы қыркүйекте 180 күн ішінде рұқсат етілмеген бірнеше митингіге қатысқаны үшін төрт жылға түрмеге қамалған Котовтың үкімін қайта қарауды тапсырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG