Accessibility links

"Әруақтар биі". Cібірге айдалған латыштарды ұрпақтары еске алды


Рига би тобы сахнада.

Депортацияланған латыштардың балалары мен немерелері Сібірге оралып, жергілікті тұрғындарға концерт қойды.

Әр жылы маусымда Балтық елдерінде азалы дата - сталиндік депортацияны еске алады. Ригадағы №45 мектеп директоры Талис Вейсманистің әке-шешесі 1945-1956 жылдары Сібірде айдауда болған. Өзі де осы аймақта дүниеге келген. Талистің әке-шешесі екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған бетте Балтық елдерінде НКВД (СССР ішкі істер халық комиссариаты – ред.) жүргізген "буржуазиялық және контрреволюциялық элементтерді" жаппай депортациялаудың екінші легіне іліккен. Талистің есінде туған жері Озерное ауылы маңындағы жайқалған жасыл ну орман қалған.

Сталин өмірден өткен соң үш жылдан кейін Вейсманистің отбасы Латвияға оралған. Талис консерваторияны бітіріп, дирижер болып жұмыс істеген. Ал кейін музыканы тереңдетіп оқытатын мектеп директоры болған. Ол Сібірге барып, балалық шағы өткен ауыл тұрғындары алдында концерт қойсам деп армандаған. Бұл арманы биыл көктемде орындалды. Қазір Талистің кабинетіндегі үстелдің үсті Красноярск өлкесінде өткен концертте түсірілген фотосуреттерден көрінбейді. Латвиялық музыканттарға Сібір жұрты ерекше ықылас көрсеткен сияқты.

– Красноярск өлкесі Абан ауданының Озерный кентінде дүниеге келдім. "Туған жерге бір барсам ғой" деп ылғи армандап жүретінмін. Әке-шешемнің көзі тірі кезінде бір күні бәріміз бірге барамыз деп ойлайтынмын. Бірақ жол шалғай әрі қымбатқа түсетін болды. Сондықтан 2013 жылы кинорежиссер Дзинтра Геканың "Сібір балалары" деген жобасына қатысқанның арқасында бауырым екеуміз кіші отанымызға бірінші рет бардық. Үйіміз тұрған жерді көргенде бәрі есіме түсті. Сібірге гастроль ұйымдастыру оңай болған жоқ. Келісім алудың өзіне екі жыл кетті. Менің ұсынысымды Рига думасы мен оның төрағасы Нил Ушаков, білім департаменті және Live Riga туризмді дамыту бюросы қолдады. Сәуірдің 27-сі күні Ригадан латыш мәдениеті күндері өтіп жатқан Красноярскіге қарай жолға шықтық. Біз деп отырғаным: жоғары сынып оқушыларының хоры, би ансамблі және 14 мұғалімнен тұратын шағын оркестр, жиыны - 78 адам. Красноярскіде концертіміз аншлагпен өтті. Жергілікті латыштар өлкенің әр түкпірінен ағылып келді, орыстар да көп болды. Бір қызығы, Латвияда әр нөмірден кейін "Бәрекелді!" деп айқайлайтын салт жоқ, ал бұл жақта жұрт үлкен қошемет көрсетеді екен. Сондықтан музыканттар бар өнерін салып бақты, - дейді ол.

Талис Вейсманис. №45 мектептің директоры.
Талис Вейсманис. №45 мектептің директоры.

Сібірлік тұрғындар үшін латвиялық музыканттардың концерті тегін болды. Ескі аңыздарға негізделген "Аруақтар биі" концерттегі ең әсерлі қойылымдардың бірі болды. Күзде Латвияда ата-бабаларының ақ кебінге оранған әруағы тірілер әлемін аралайтын "Аруақтар мезгілі" (Veļu laiks) күндері аталып өтеді. Бұл би депортация кезінде аштық, аяз және аурудан өлген адамдарды еске алу жоралғысына ұқсайды.

– Әуелі Канск қаласында, кейін аудан орталығы Абанда концерт қойдық. Халқының саны - сегіз мың, ол жақта да залда ине шаншар орын қалған жоқ. Маршрутымыздың соңғы пункті Озерный кенті Абаннан 20 километр жерде орналасқан. Ол жаққа мектеп оқушыларын таситын екі автобуспен шыққанбыз, көп ұзамай батпаққа батып қалдық, өйткені көктемге қарай жолды жауын шайып кетіпті. Бізді ертіп жүрген достарымыз жан-жаққа хабарласып, таныс-бейтаныс жандарды көмекке шақырды. Олар джип көліктерімен келіп, бізді Озерныйға жеткізіп тастады. Кентте концерт қойып, Сібірде қайтыс болған латвиялық балаларға ескерткіш аштық.

–Ішінде Латвия бар Батыс елдерінде Путин саясатына қарсылық күшейіп тұр. Ресейге барғанда өздеріңізді халықтық дипломатия өкілдері ретінде сезінген шығарсыздар?

– Мұның бәрі ақымақтық! Мына жақтағы адамдармен әңгімелескен кезде біз саясатты талқылаған жоқпыз. Біз, яғни мәдениет саласында жүрген адамдар, бұл жақтан өзімізге деген ешқандай өшпенділікті байқамадық. Жұрт концертке тәнті болып, ризашылықтарын білдірді. Сібірліктер шағын ел үшін мұндай гастрольдер ұйымдастыру қиын екенін айтып, жобамыздың деңгейін жоғары бағалады. Біз туралы жергілікті баспасөз де көп жазды.

Талис Вейсманистің Абан ауданында туғанын растайтын құжаты.
Талис Вейсманистің Абан ауданында туғанын растайтын құжаты.

– Отбасыңыз Сібірге қалай тап болғанын айтып беріңізші.

– Әкем мен шешемді Латвиядан 1945 жылы саяси бап бойынша жер аударыпты. Бірақ Совет үкіметі алдында ешқандай жазығы жоқ, екеуі өз-өзін қорғау жасақтарына ұқсайтын "Айзсарги" (Aizsargi – "қорғаушылар" – ред.) деген жастар ұйымына мүше ғана болған. Соғысқа дейін әкем Елгавадағы былғары фабрикасында жұмыс істепті әрі велосипед жарыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүрген.

Талистің анасы Лония Вейсмане
Талистің анасы Лония Вейсмане

​Ал анам хуторда нағашы атамның Добель ауданы Пенкуль болысындағы 13 гектар жерін күтіп-баптауға көмектесіп, сол кісімен тұрған. Әке-шешем Латвияда тұрғанда бір-бірін танымапты. Екеуін бір күнде 1945 жылы 28 қаңтарда тұтқындапты. Сібірге оларды бір пойызда, бірақ түрлі вагондарға отырғызып күзетпен апарыпты. Екеуі Озерныйда танысқан. Әкем наубайханада жұмыс істепті әрі Озерный арқылы этаппен әкетіп бара жатқан болашақ келіншегі мен өзге латыштардың өмірін құтқарып қалыпты. Ол амалын тауып, оларды кентте қалдыруға бастықтардан рұқсат алыпты. Ал кейін бәрін тамақпен қамтамасыз етіп тұрыпты. 1952 жылы егіз бауырым Янис екеуміз дүниеге келіппіз. Ал бір жарым жылдан кейін қарындасым Анита туған.

Екі көшесі ғана болған Озерныйда ол кезде 750 адам тұрған еді. Украиндар, поляктар, белорустар, орыстар, эстондармен көрші тұрдық. Интернационал ауыл болдық. Бірақ біз ешқашан ұлтқа бөлінбейтінбіз. Ең бастысы, сенің қандай адам екендігіңде ғой. Мен адамдарға әлі күнге дейін солай қараймын, өзім басқаратын мектепте балаларды ұлтына немесе әке-шешесінің дәулетіне қарап бөліп-жару деген жоқ.

–​ Әке-шешеңіз өздерін қалай тұтқындап, Сібірге қалай әкеткені туралы сіздерге айтып берген шығар?

–Олар өле-өлгенше, тіпті Латвия тәуелсіздігін жариялағаннан кейін де ештеңе айтпайтын. Әр сөзді суыртпақтап отырып әрең сұрап алатынбыз.

– Отбасыңыз Латвияға қашан оралды?

– 1956 жылы оралдық. Ол кезде бес жаста едім. Латвияда бұрынғы "халық жауларына" өмір сүру және жұмыс табу Сібірден әлдеқайда қиын болған. Мен қарапайым адамдардың бізге қарым-қатынасын емес, сол кездегі биліктің саясатын айтып отырмын. Жер алуға болмайтын еді. Түрлі қорлау мен кемсітуге төзуге тура келді. Тіпті елге оралғандардың Сібірге қайта кетіп қалғандары болды. Бізді анамның екі сіңлісінің Латвияда қалғаны құтқарып қалды. Алғашқы кезде сол кісілер қарайласты. Біз елге оралған кезде жұрттың бәрінің жұмыс істеуге деген құлшынысы күшті болғаны есімде. Менің егізім мектептен кейін ауыл шаруашылығы академиясына түсіп, инженердің оқуын тәмамдады. Мен консерваторияны "хор дирижері" мамандығы бойынша бітірдім. Әуелгіде жолдамамен Смилтенде жұмыс істеуге тура келді. 1984 жылы Цесистегі музыка мектебінің директорлығына тағайындалдым. Содан бері директорлық қызметтемін. Ригадағы 45- мектепте директор болғаныма 25 жылдан асты. Қазір сахнаға шықпаймын, бірақ кезінде бес жыл "Дзиедонис" (Латвиядағы атақты ерлер хоры. – ред.) хорының дирижері болғанмын.

Бұл гастрольдік турнеге мектеп директорынан өзге қатысушылардың бәрі Сібірге бірінші рет келді. Олар да сапардан алған әсерлерімен бөлісті.

Анита Тарасова (12-сынып):

Анита Тарасова. №45 мектептің түлегі.
Анита Тарасова. №45 мектептің түлегі.

– Басында менде қорқыныш болды. Ғасырлар бойы Сібір адамдарды жер аударатын орын болды ғой. Бірақ сапарымыз тамаша болды. Сібірліктердің ақ көңілі, кең пейілі мен көмектесуге дайын тұратын бауырмалдығы, қиын проблемалардың шешімін тез таба қоятын елгезектігі қайран қалдырды. Табиғаты адам сенгісіз әсем екен. Тек аю көрмегеніміз ғана өкінішті.

Элина Целко (11-сынып):

– Сібірге туыс әпкеміз жер аударылған. Ал өзім ол жаққа бұрын барып көрмеген едім. Алғашқы әсерімді айтсам, бәрі сенің туған тіліңде сөйлейтін ортаға тап болғанда қатты қуанады екенсің. Бірақ Латвияда, Мәскеуде және Сібірде тұратын орыстардың айырмашылығы көп. Біздің, яғни Балтық орыстарының, ерекше акценті білініп тұрады деп айтады. Өзім ғажап экскурсияда жүргендей сезіндім. Қайткенмен әлемге деген көзқарасымыз екі бөлек, саяхаттау мүмкіндігіміз де, тұрмыс деңгейіміз де бөлек қой.

Байба Неймане.
Байба Неймане.

Байба Неймане (директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары):

– Сібірге бару идеясы маған әуелгіде авантюра болып көрінді, бірақ нәтижесі күткенімізден де асып кетті. Сібірліктердің асқан қонақжайлылығы мен қайырымдылығы туралы қыздар айтып берді ғой. Бағдарламамыздың әр бөлігін мұқият ойластырғанбыз. Ол жақта бізді шынымен күтті. Бұл жақта көрермен қауым сезімін білдіруден, "Бәрекелді!" деп айқайлаудан, ұзақ әрі қатты қол шапалақтаудан ұялмайды. Латвияда бұл жағы жетіспейді. Біздің балалар үшін бұл өте пайдалы тәжірибе және ынталандыратын сапар болды.

Марис Виткус.
Марис Виткус.

Марис Виткус (директордың музыка және білім беру мәселелері жөніндегі орынбасары):

–Депортация кезінде 1941 жылы 14 маусымда менің отбасымды да Сібірге жер аударған. Сондықтан өзім үшін бұл саяхаттың ерекше мәні болды. Әкем екеуміз Томск облысындағы оның кіндік қаны тамған кентке дейін жетудің және тіпті ол дүниеге келген үйді табудың сәті түсті. Сібірдің әлі күнге дейін бұзылмаған тұмса табиғатына, көрермендердің біздің өнерімізге деген реакциясына тәнті болдым...

Талис Вейсманис жуырда зейнет демалысына шықпақ. Ол үшін Сібірге барған сапары балалық шағымен қауышу ғана емес, педагог әрі музыканткарьерасының аяқталуына да айналған. Бос уақытын немерелері мен бал араларына арнамақ. Енді тағдырдың бұралаң жолдары туралы ойлануға Талистің уақыты көбірек болады.

("Сибирь.Реалии" сайты тілшісі Анита Шиклованың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG