"Жиһадшылар ісін" Алмалы аудандық сотының қарауына жолдады

"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар (солдан оңға қарай) - Оралбек Өміров, Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішев сотта отыр. Алматы, 10 қыркүйек 2018 жыл.

Алматының Жетісу аудандық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков "жиһадшылар ісі" сотында азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев адвокаттарының істі Алмалы аудандық сотының қарауына беру туралы талап-арызын қанағаттандырды. Адвокаттар Айдын Табылдиев, Айнұр Омарова және Гүлнара Жуаспаева бұған дейін Алмалы аудандық сотының істе мемлекеттік құпия бар болғандықтан оны өндіріске алудан бас тартуына негіз жоқ деп, істі осы аудандық сотқа қайта беруді сұраған.

Адвокаттар бұл талап-тілегін білдіруде тергеу кезінде тергеушілер адвокаттар мен сотталушыларға іс материалдарында құпия мәлімет барын хабарламағанына назар аудартқан. Олар тараптарға бұл туралы хабарламау сотталушылардың конституцияға сай қорғану құқығын және бұған дейінгі тергеу амалдарының заңдығылын бұзатынын және тергеу амалдары мен сот процесінің өзі заңсыз болып саналатынын мәлімдеді.

Судья Тұрысбек Мыятбеков 10 қыркүйекте материалдарда әлдебір мемлекеттік құпияның барын айтып, сотқа қатысушыларға қағаз конверт көрсетті. Бірақ ол бұл құпия құжаттардың "жиһадшылар ісіне" қатысы жоғын және оның іс материалына қосылмағанын айтты.

Судья Мыятбеков бүгін мұның алдында адвокат Гүлнара Жуаспаеваның 7 қыркүйекте Алматы қалалық сотына Мыятбеков пен Жетісу аудандық сотына берген қарсылығын қабылдамай тастады.

51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды" тексеру деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар "терроризмге шақырды" деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарынан тәуелсіз екеніне күмән келтірген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.