Украина президенті Владимир Зеленский Украина дәл қазір атысты тоқтатуға және қақтығысты қазіргі майдан шебі бойында тоқтатуға дайын екенін тағы да мәлімдеді. Бұл ретте ел аумағының бір бөлігі белгісіз мерзімге Ресейдің бақылауында қалуы мүмкін. Бұл жөнінде ол ABC News арнасына берген сұхбатында айтты.
Бұған қоса, Зеленский Ресей Украина жерінің 25%-ын басып алды деген тұжырыммен келіспеді. Оның айтуынша, қазір Ресей Украина аумағының 20%-ға жуық бөлігін бақылап отыр. Зеленский Украина оккупацияланған аумақты Ресейдің жері деп заң жүзінде мойындауға да дайын емес екенін атап өтті.
Украина президенті қақтығысты қазіргі майдан шебінде тоқтатуға дайын екенін осыдан бірнеше кү бұрын Fox News арнасына берген сұхбатында да мәлімдеген. Мұның АҚШ-пен қарым-қатынас шиеленіскен тұста айтылып отырғаны назар аудартады. АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийді бейбітшілікке ұмтылмай отыр деп бірнеше рет айыптаған. Ал Киев керісінше, соғысты қазіргі шепте тоқтатуға келісіп, елеулі ымыраға барғанын айтады. Украина мұндай ұсынысты алғаш рет былтыр көктемде айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Путин: Украина жерінен айырылды деп айту орынсызМәскеу соғыс қимылдарын қазіргі майдан шебінде тоқтатуға қарсы. Ресей Украина кем дегенде Донецк облысының бүкіл аумағын беруге тиіс деп талап етіп отыр. Қазір Украина бұл өңір аумағының 10%-дан астамын бақылауында ұстап отыр.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін тараптар арасындағы келіспеушіліктер негізінен Донбассқа бақылау орнату мәселесіне тірелгенін айтқан. Оның айтуынша, Донбасс аумағы Украина жерінің 11%-ын құрайды.
«Украинадағы соғыс деп айтқанымызбен шын мәнінде, мәселе Донбасқа — елдің нақты бір өңіріне қатысты. Негізгі түйткіл ел аумағының шамамен 11%-ын құрайтын жер жөнінде болып отыр: Ресей оны иемденуге ұмтылады, бірақ басып ала алмай отыр, ал Украина бұл аумақтан бас тартқысы келмейді. Украинаның мұндай ұстанымының салмақты себептері бар. Бұл — елдің егемендігі мен ұзақ мерзімді қауіпсіздігіне қатысты мәселе» деді Рубио.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио
Соған қарамастан, ол екі жаққа да "пайдалы" және бір мезетте "ымыраға баратын" нәтижеге қол жеткізуге болар деп үміттенеді. Рубионың айтуынша, тараптарды келіссөз үстеліне отырғызбайынша, соғысты аяқтау мүмкін емес.
Осы аптада Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф Украина мен Ресей өкілдерімен келіссөз өткізгеннен кейін, екі тарап та қараша айының бірінші жартысында АҚШ қатысатын үшжақты келіссөзге дайын екенін мәлімдеді.
Мәскеу келіссөзді Абу-Дабиде өткізуге болатынын айтқан. АҚШ әкімшілігінің өкілі Женева қаласын да ықтимал орындардың бірі ретінде атады. Оның айтуынша, келіссөздің басты мақсаты — жоғары деңгейдегі келіссөзге дайындық. Украина бұған шақырғанмен Ресей бас тартып келеді.
Бұған дейін Мәскеу келіссөздерде соғыс қимылдары аяқталғаннан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері талқыланатынын мәлімдеген.