Арменияда парламент сайлауы өтті

Арменияда елдің алдағы жылдарға бағытын анықтайтын шешуші парламент сайлауы өтті.

7 маусымда жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де елдегі 2 мыңнан астам сайлау учаскесі жабылды. Бұдан кейін дауыс санау басталды.

Халықаралық ақпарат құралдары жексенбі күні сайлау учаскелерінде дауыс беру үшін халықтың кезекке тұрғанын жазды. ОСК-ның сағат 20.00-дегі алдын ала дерегі бойынша сайлаушылардың 58,97% дауыс берген. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын дүйсенбі күні жарияламақ.

Сайлау қорытындысы бойынша түрлі заңсыздыққа(сайлауға кедергі жасау, “карусель” әдісімен дауыс беру, дауыс беру құпиялығын бұзу, “дайындалған теракт” туралы жалған ақпарат тарату және тағы басқа) қатысты 59 қылмыстық іс қозғалған.

Армениядағы сайлау учаскелерінің бірі. 7 маусым 2026 жыл.

Бұл елдің сыртқы саясатта ұзақ жылға бағытын анықтайтын шешуші сайлау ретінде аталды. Кампания елдің Ресеймен қатынасы суып, Еуроодаққа ұмтылған шақта, ел ішінде Таулы Қарабаққа қатысты дау қызған шақта өтті.

Партиялар парламентке өту үшін 4 пайыздық межені бағындыруы тиіс. Блоктар мен альянстарға: үш партияға дейін - 8%, одан көп болса - 10%.

Сайлауалды кампания кезінде Арменияның Ресеймен қатынасы және елдің Еуроодаққа ұмтылысы мәселесі басты сұраққа айналды.

Еревандағы сайлау учаскелерінің бірі. 7 маусым 2026 жыл.

Сайлаушыларға ЕО-ға ұмтылуды қолдайтын Никол Пашинян мен оның центристік “Азаматтық келісім” партиясы және Кремльді қолдайтын ресейшіл оппозиция арасында таңдау жасауға тура келді. Кампанияға қатысып жатқан ресейшіл миллиардер Самвел Карапетян үйқамақта болса да, “Қуатты Армения” партиясына жетекшілік етеді.

Breavis жариялаған сауалнамаға сәйкес, Пашинянға сайлаушылардың 60 пайызы дауыс беруі мүмкін. Ресейшіл “Қуатты Армения” екінші орынды иеленуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, 8 жыл премьер болған Пашинян тұсында Армения Таулы Қарабақ соғысында жеңіліп, ауыр кезеңді бастан кешіді. Бірақ билік сыншылары қоғамға оған лайықты балама ұсына алмаған. Оппозиция негізінен қоғам арасында беделі төмен, жемқорлыққа қатысы бар деп саналатын бұрынғы президенттерге арқа сүйеп отыр.

Премьер-министр Никол Пашинян елді АҚШ пен Еуроодаққа қарай жақындатқысы келеді, ал Ресей оның бұл әрекеттеріне ашық та, тасадан да тосқауыл қоюға тырысып жатыр.

Мамыр айында Ереванда ЕО-Армения саммиті өтіп, оған Еуропа басшылары мен Украина президенті Владимир Зеленский де қатысты.

Саммит кезінде Франция басшысы Эммануэль Макрон "Армения Еуропаға қарай сенімді түрде жылжып келеді" деп мәлімдеген. Ал Еуропа дипломатиясының басшысы Кая Каллас Ереванның Еуроодаққа мүше бола алатындығын білдірген.

Ал бұл тұста Арменияға Ресейдің қысымы күшейді.

Мәскеу Арменияны Еуразия экономика одағынан (ЕАЭО) шығарамыз деп қорқытты, жеңілдікпен берілетін жанармай жеткізуді тоқтатуымыз мүмкін деп ескертті, одан бөлек Ереванға қарсы ашық мәлімдемелер де жасады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Геосаяси текетірес ошағына айналған Арменияда ертең парламент сайлауы өтеді

Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары сайлауалды кампаниясы кезінде Пашинянды қатаң сынап, оны Батыспен жақындасты деп айыптады. Ресей басшысы Владимир Путиннің өзі Пашинянның жеке басына тиіскен жоқ. Есесіне Ресей Қауіпсіздік кеңесі жетекшісінің орынбасары Дмитрий Медведев X-тегі ағылшынтілді аккаунтында Пашинян "шалбарына жіберіп қойды", "барлық бәсекелестерін сайлаудан тықсыруға ұмтылып жатыр", "мұндай сайлаудың заңды деп танылмайтыны анық" деп топшылады.

ОСК "ҚУАТТЫ АРМЕНИЯНЫ" САЙЛАУДАН ШЕТТЕТПЕДІ

Арменияның сайлау комиссиясы сайлауға бір күн қалғанда "Қуатты Армения" оппозициялық блогын сайлаудан шеттетуден бас тартты. Оны сайлаудан шеттету туралы өтінішті ОСК-ға еуропашыл "Республика" партиясы түсірген. Олардың сөзінше, "Қуатты Армения" бірқатар кандидаты "сайлаушыларды сатып алған".

Мұндай өтініш премьер-министр Никол Пашинян қатысқан теледебаттан кейін түсірілген. Дебат кезінде Пашинян "Қуатты Арменияға" дәл сондай айып тағып, алайда ОСК-ға өтініш түсірмейтінін айтқан. Ол "жеңілуден сескендіктен оппоненттерін сайлаудан шеттетті" деген негізсіз тұжырым қалыптастырғысы келмейтінін айтқан.

Сенбі күні "Қуатты Арменияның" атынан сайлауға қатысатын алты кандидат "ақша жымқыру" және өзге де қылмыс бойынша сот шешімімен қамалғаны белгілі болды. Бұған дейін "Қуатты Арменияның" жетекшілерінің бірі Нарек Карапетянға қарсы қылмыстық іс қозғалған. Оған Ресей азаматы екендігін жасырды деген айып тағылды.