Әсем Жәпішева: Сайлаудан соң Қазақстан суперавторитарлық мемлекетке айналды

Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы – Ақорданың айналасын қоршай салынған темір қабырға (Азаттық архивіндегі фото)

Алғашқы Құрылтайдың 145 депутаты анықталды, арасында 49 әйел бар. Бұған дейін парламентте осынша көп әйел депутат болмаған. Ал жас депутаттар саны – 18 адам. 36 депутат бұрын да парламент мүшесі болған. Қоғамда бұл адамдар кімдер, нендей ісімен танылған, олар ел өміріне жаңа өзгеріс әкеле ала ма деген сауалдар төңірегінде пікірталас жүріп жатыр. Осы тақырыпты журналист, азаматтық белсенді Әсем Жәпішевамен талқыладық.

Азаттық: Кешеден бері партиялар парламентке баратын мүшелерінің тізімдерін жариялап жатыр. Соңғы болып "Әділет" партиясы жариялады. Осы процесс және оған жұрттың реакциясы сізге қалай көрінді?

Әсем Жәпішева

Әсем Жәпішева: Меніңше, бұл процесті демократиялық сайлау деп қабылдаудың өзі дұрыс емес. Себебі саяси партиялардың арасында шынайы бәсеке болған жоқ. Ең алдымен, Қазақстанда кейінгі 20 жылда балама көзқарастағы бірде-бір оппозициялық партия тіркелмегенін ескеру керек.

Екіншіден, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) бақылаушыларының жақында шыққан алдын ала қорытындысында да осы айтылды: сайлауға қатысқан барлық партия президентті қолдаған, ал "Әділет" партиясының мүмкіндіктері басқа партияларға қарағанда негізсіз жоғары болған.

Сондықтан "мына партия кімді депутат қылды?", "мына партия неге бұл адамды таңдады?" деп сұраудан бұрын, жалпы бұл тізімдердің қалай қалыптасқанын қарау керек. Мысалы, "Әділет" партиясы биыл ғана, сайлаудан үш ай бұрын құрылды. Оның басшысы – президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Айбек Дәдебай. Әрі партия үш ай бұрын құрылғанымен қоймай, кейін биліктегі ең басты партия "Аманатпен" (бұрынғы "Нұр Отанмен") қосылды. Яғни олар елдегі ең ірі партияның бүкіл ресурсын пайдаланды. "Әділеттің" бағдарламасын қарасақ, олар өз жетістіктері туралы емес, үкіметтің, президенттің саясаты туралы көп айтты, яғни президентшіл партия екенін жасырған да жоқ. ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылары да дәл осыны — "Әділеттің" "Аманаттан" қалған ұйымдық құрылымдар мен әкімшілік ресурстарды пайдаланғанын атап өтті.

Сондықтан мен үшін бұл процесс — жаңа саяси бәсеке емес, бізге үйреншікті ескі саяси жүйенің жаңа атаумен ребрендинг жасауы.

Азаттық: Әлеуметтік желіде жұрт "тізімде неге анау жоқ, неге мынау кірмей қалған?" деп талқылап жатыр. Сайлауда жеңді делінген бес партияның тізімінде Құрылтай құрамынан көргіңіз келген, бірақ өтпей қалған адамдар бар ма?

Әсем Жәпішева: Мен үшін белгілі бір адамның тізімге енгені не енбегені емес, жалпы жүйенің тәуелсіз кандидаттарды бәсекеге жібермеуі маңыздырақ. Себебі біз азаматтық қоғам ретінде "кімнің депутат болғаны дұрыс еді?" деп сұрақ қоюдан бұрын, "кімнің депутат болуына мүмкіндік берілді?" деп сұрағанымыз жөн.

Бұл сайлауға тәуелсіз кандидаттар түсе алмады. Өткен, сегізінші шақырылымда тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысуына жол берілген еді (бірақ оның өзін "тәуелсіз" деп айтудың өзі дұрыс емес). Ал бұл жолы олар сайлауға түсе алмады: кандидаттарды тек партиялар ұсынды. ЕҚЫҰ-ның өзі осы норма саяси қатысу мен бәсекені шектейтінін айтты, мен де бұл пікірге келісемін.

Сондықтан қоғамға ұнайтын, кәсіби білімі немесе тәуелсіз ұстанымы бар адамның партиялық жүйеге кірмей кандидат бола алмауы — бұл сайлаудың бәсекесіз өткенін көрсетеді. Ұсынылған кандидаттардың арасында таңдау жасаудың өзі бізді қоғам ретінде шектейтінін білдіреді. Мен үшін ең үлкен проблема осында жатыр. "Неге пәленше жоқ, неге түгенше жоқ?" деп талқылап жатырмыз, бірақ оның орнына "Қоғам қалаған адамдарды жеке-жеке таңдауына неге мүмкіндік жоқ?" деп сұрақ қоюымыз керек.

Азаттық: Алдағы Құрылтайда қоғам назарынан тыс қалмайтын адам, бәлкім, президенттің жиені Дана Медеуова болар. Ол – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған қарындасы Қарлыға Ізбастинаның қызы. Бұған дейін тоқаевшыл пропаганда "президенттің туыстары билікке келмейді", "билікке президент отбасының келуіне тосқауыл қойылды" дегенді көп айтқан. Медеуованың депутат болуының астарында не бар деп ойлайсыз?

Әсем Жәпішева: Иә, дұрыс айтасыз. Әсіресе Қаңтардан кейін Тоқаев имиджінің маңызды элементтерінің бірі – Қазақстанда бұрынғыдай президенттің отбасы билікке ықпал ете алмайтыны туралы әңгіме еді. Ал қазір оның жиені мәжіліске депутат болып отыр. Әрине, бұл автоматты түрде заңсыз болды дегенді білдірмейді, бірақ заңды депутат болу мен легитимді депутат болу — екі бөлек нәрсе. Әсіресе Қазақстан сияқты жүйелерде Айбек Дәдебайдың "Әділетті" басқаруынан-ақ көруге болады: бізде заңдылық емес, билікке жақындық пен таныстық көбірек әсер етеді.

Символдық тұрғыдан бұл өте маңызды. Биліктің "біз бұрынғы жүйеден өзгешеміз" деген өз принципінің барлығы осыған келіп тіреледі. Сондықтан Дана Медеуованың депутат болуы — бір адамның мәселесінен әлдеқайда үлкен нәрсе. Оны біз биліктің "Жаңа Қазақстан", "Еститін мемлекет" туралы жасаған саяси нарративтерінің шындыққа қаншалықты сай келетінін көрсететін белгі ретінде қабылдауымыз керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарының тізімі

Азаттық: "Әділет" партиясы 110 мандат алды. Бұл — парламенттегі орындардың үштен бірінен де көп. Өзге төрт партия біріксе де, небәрі 35 мандат болады. Осы 110 мандаттың күші, құзыреті туралы пікір айтыңызшы: сол 110 мандатпен ғана "Әділет" кез келген заңды шығара бере ме?

Әсем Жәпішева: Иә, өзіңіз де түсініп отырсыз. Құрылтайда 145 депутат бар. Жаңа заң қабылдау үшін шамамен 73-74 депутаттың дауысы жетеді. Ал "Әділет" партиясы қазір 110 депутатқа ие, бұл — парламенттің 75 пайызы. Яғни тактикалық тұрғыдан "Әділетке" қалған 35 депутаттың қажеті жоқ; олардың кіруі де, кірмеуі де ештеңе шешпейді.

Демократияның принципі бойынша, парламент биліктен белгілі бір қашықтықта тұрып, оны сынап, халықтың сөзін сөйлеуі керек. Бірақ қазір президент әкімшілігін басқарған адамның партиясы парламенттің 75 пайызын құрап отыр. Мұндай көпшілік кез келген заңды ешбір коалициясыз қабылдай алады. Бұл — тек ЕҚЫҰ бағасына ғана емес, математикалық тұрғыдан да, логикалық тұрғыдан да билікшіл партияның бүкіл парламентті бақылауға алғанын көрсетеді.

"Әділет" партиясынан сайлауға түскен 186 кандидаттың 110-ы бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаты болды.

Оған қоса, Халық кеңесі деген институт барын ұмытпайық. Оның да заң қабылдауға бастамашы болу құқығы бар. Яғни Тоқаевтың қазір биліктегі ең басты орындарға адам тағайындауға, парламентті, халық кеңесін, үкіметті басқаруға толық мүмкіндігі бар. Осы сайлаудан соң Қазақстан авторитарлық мемлекеттен суперавторитарлық мемлекетке айналды деуге болады. Биліктің қазіргі Қазақстандағыдай бір адамның қолына шоғырлануы елдің болашағы үшін ешқандай жақсылыққа әкелмейді, соны ескеруіміз керек.

Азаттық: Осы Құрылтай қанша жыл жұмыс істеуі мүмкін? Конституция бойынша мерзімі – бес жыл, бірақ Конституция бойынша 2029 жылы президент сайлауы өтуі керек, мүмкін одан да ертерек өтетін шығар. Сол кезде бұл құрам таратылып, басқа Құрылтай шақырылуы мүмкін бе? Ғұмыры қысқа болуы ықтимал ма?

Әсем Жәпішева: Авторитарлық жүйелердің бір ерекшелігі — парламент сияқты институттардың мерзімін заң емес, саяси қажеттілік анықтайды. Кейінгі сайлауларды қарасақ, бірде-бір парламент өз мерзімін толық отырмаған, бәрі мерзімінен бұрын таратылды.

Қазіргі парламенттің 75 пайызы президентшіл екенін ескерсек, ол билікке ұзақ, тіпті бес жылға да жарайды деп ойлаймын. Себебі жаңа Конституция бойынша, президенттің Құрылтайды таратуға құқығы бар. Яғни бірдеңе президентке тиімсіз болып қалса, парламентті ертең-ақ тарата салады. Оған қоса, Тоқаевтың өзі 2029 жылға дейін сайлауға түсу құқығы барын айтты.

Кейінгі екі жылдағы шешімдерге қарасақ, биліктің жоспарлары жарты жылдан аспайтын сияқты: олар жарты жылға жоспарлап, содан кейінгі жағдайға қарай әрекет ететін механизммен жұмыс істейді. Мен де, әріптестерім де байқап отырғанымыз — олардың 2029 жылға дейінгі нақты жоспары әлі жоқ. Сондықтан вице-президент те, Құрылтай төрағасы да президентке барынша жақын адамдардан таңдалады, себебі елдегі жағдайдың қалай өзгеретініне олардың сенімі жоқ.