"Азаматтар жіті бақылағанда ғана билік шектен шықпайды". Үш байқаушының көргені

Алматыдағы №298 референдум учаскесіндегі бюллетень санау. 15 наурыз, 2026 жыл.

Конституция жобасы бойынша референдум күні таңнан кешке дейін Алматыдағы түрлі сайлау учаскесінде болған үш тәуелсіз байқаушы Азаттық Азияға қала мен елдегі жалпы көріністен айтарлықтай ерекшеленетін дауыс беру хаттамаларын қалай алғанын айтып берді. Олар бақылаған учаскелерде Конституция жобасын қолдағандар аз болған, жұрттың көбі қарсы дауыс берген.

"БАЙҚАУШЫ БОЛҒАН ЖЕРДЕ БҰРМАЛАУ ҚИЫНҒА СОҒАДЫ"

Ардақ Бөкеева өзі тұратын Алмагүл ықшамауданындағы мектеп-гимназия ғимаратында орналасқан №298 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылады. Бұрын бірнеше іскерлік басылымда редактор болып істеген кәсіби журналист мұндай іс-шараға байқаушы ретінде алғаш рет қатысыпты.

"Жаңа Конституцияның асығыс-үсігіс әрі біржақты талқыланғаны және оған қарсы болған адамдарды қамағаны зығырданымды қайнатты, – деп түсіндірді Бөкеева Конституция жобасын сынаған адамдардың ұсталғанын мысалға келтіріп. – Жұрт қалай дауыс беретінін көзіммен көрейінші деп ұйғардым".

"Эхо" қауымдастығынан байқаушы ретінде тіркелген ол дауыс беретін учаске ашылмай тұрып сол жерде болған. Елдің алды болып дауыс берген адам учаскеге таңертеңгі сағат 7:01-де келген: бюллетень алып, кабинаға кіріп-шыққан соң дауысын белгілеген қағазды жәшікке салған. Содан кейін күні бойы – сағат 19:55-ке дейін дауыс беруге жұрт келе берді, бірақ көп адам болған жоқ, дейді ол. Учаскеде одан басқа тағы бірнеше адам дауыс беру барысын бақылаған.

"Байқаушыларға келсек, әркім әртүрлі нәрсемен айналысты, кейбіреуі телефонынан бас көтермей отырды – оларды әйтеуір барып қатыс деп жібергені және [дауыс беру] процесін керек қылмайтыны көрініп тұрды. Комиссия төрағасы мен мүшелері өздерін байыпты ұстады. Ешқандай қысым, бұрмалауға немесе байқаушылардан құтылуға тырысқан әрекет болған жоқ. Комиссия мүшелері заң бойынша жұмыс істейтінін паш еткендей көрінді, онысына аса разы болдым", – дейді Ардақ Бөкеева.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін №298 референдум учаскесінде комиссия мүшелері бюллетень санауға кірісті. Алматы, 15 наурыз, 2026 жыл.

Ол байқаушы болған учаскеде тіркелген 2536 сайлаушының 622-сі бюллетень алған. Яғни дауыс беруге келгендер үлесі 25 пайыздан төмен болған. Қала бойынша ресми көрсеткіш 33 пайыздан асады.

Дауыс беру аяқталып, учаске жабылғаннан кейін шешуші кезең – бюллетень санау басталды. Күні бойы учаскеде болған байқаушылардың бәрі іс-шараның аяғына дейін қалды, бірақ менен басқа тағы бір адам ғана белсенділік танытты деп еске алады Бөкеева.

"Хаттаманы сол екеуміз ғана алдық. Саналған дауыс саны да дәл шықты. Біз бюллетеньдердегі дауыс бергендер қалдырған белгіні көру үшін үстелдерді жылжытуды сұрадық. Осыдан кейін мен бөлек жиналып тұрған қағаздарды тағы бір тексеріп, парақтарды қарап шықтым; ешкім кедергі жасаған жоқ", – дейді Бөкеева.

Бөкеева дауыс санау қорытындысы өзін таңғалдырғанын айтады. Қорытындыға сәйкес, 230 адам Конституция жобасын мақұлдап, 369 адам қарсы дауыс берген. Яғни дауыс беруге қатысқан азаматтардың 60 пайызға жуығы жобаны қолдамаған.

"Мен "қарсы" дауыс беретіндер болады деп ойлағам, бірақ "қолдаушылардан" соншама асып кетеді деп күткен жоқпын", – дейді Бөкеева.

Бөкеева байқаушы болған учаскедегі дауыс беру көрсеткіші қала бойынша жалпы деректерден айтарлықтай өзгеше. Орталық референдум комиссиясының мәліметі бойынша, Алматыда референдумде дауыс берген азаматтардың 71,3 пайызы жобаны мақұлдап, 24 пайызы қарсы болған. Бұл – Конституцияға қарсылық білдіргендер саны жағынан елдегі ең жоғарғы көрсеткіш.

Алматыдағы №298 референдум учаскесінде комиссия мүшелері бюллетень санап отыр. 15 наурыз, 2026 жыл.

Референдум өткеннен кейін Ардақ Бөкеева түйген негізгі қорытынды –дауыс беру учаскелеріне бақылау жасауға барған дұрыс.

"Біріншіден, мұндай жағдайда бойкот мүлде тиімсіз, тіпті зиян нәрсе. Егер сіз бармай қойсаңыз, оның ешнәрсеге ешқандай әсері болмайды. Процеске дауыс беру құқығын іс жүзіне асыратындар ғана әсер етеді. Дауыстың көбі бюллетень бүлінгеннен емес, бойкотқа бола жоғалды. Екіншіден, елде сайлау әділ өтуіне мүдделі кез келген адам ең болмағанда өз учаскесіне барып, бақылау жасауы керек. Иә, кей жерде арандату болады, бірақ дауыс беретін учаскеде байқаушылар болған кезде бұрмалауға бару қиын әрі қауіпті – ол қылмыс", – деп түйіндеді сөзін Ардақ Бөкеева.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экзит-полл 86 пайыздан жоғары. Тоқаев жазда парламент сайлауы өтетінін айтты

"ТӘУЕЛСІЗ БАЙҚАУШЫЛАР БОЛУЫ, ӘРИНЕ, ӘСЕР ЕТЕДІ"

Алматылық адвокат Елмар Құсайынов та алғаш рет байқаушы болып қатысты. Ол өзі тіркеуде тұрған №388 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылады.

"Мұқалмас" бірлестігінен байқаушы болып тіркелген ол, "елдегі сайлау процесінде бұрмалау қалыпты нәрсеге айналғанына" сенімді болғандықтан, күні бойы тапжылмай учаскеде болуды ұйғарыпты. Учаске ашылып, дауыс беру басталған күні таңертең өзі біреумен тәжікеге келіп қалған оқиғаны еске алды.

"Таңертең, мен тіркелген бойда, учаскеге қолында сырттай дауыс беруге рұқсат алған қағазы бар, үстіне камуфляж киген үш әскери қызметкер келді. Содан кейін, сағат 9-ға таман ұйымдасқан топ кірді, арасында бәрін басқарып жүрген біреу бар. Ол видеоға түсіруіме тыйым салды. Мен қоғамдық орында видео түсіруге хақым барын түсіндіре бастаған кезде, учаскелік комиссия төрағасы араласты, мен солармен қызылкеңірдек болмай-ақ қояйыншы деп ұйғардым. Содан кейін төраға екеуіміз біраз қызу сөз таластырдық, бірақ шектен шықпадық", – деді Құсайынов.

Алматылық тәуелсіз байқаушы Елмар Құсайынов

Дау-дамайды өршіткісі келмеген ол учаскедегі жағдайды бақылауды жалғастырған. Бұл кезде Алматы мен Астанадағы тәуелсіз байқаушылар түрлі кедергілерге тап болғанын, өздерін "орын жетіспейді" деген сылтаумен учаскеге кіргізбей қойғанын, тіпті учаскеден қуып жібергенін хабарлап жатқан болатын. Құсайыновқа ауызша ескерту жасалған.

"Комиссия мүшелері өздерін дұрыс ұстады. Олар қысымға ұшырады. Олар мемлекеттік сектор қызметкерлері болды. Комиссия мүшелері де адамдар сияқты, әділдік сезімі де сондай. Оларға осындай бақылаушылар қажет болуы мүмкін, сондықтан олар оларды келтіріп, басшыларына кез келген манипуляцияны жоққа шығара алады", - деп санайды бақылаушы.

"Комиссия мүшелері байсалдылық танытты. Оларға қысым жасалды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндер ғой. Комиссия мүшелері де адам, әділетті болған жөн деген сезім оларда да бар. Сірә, оларға айла-шарғы жасауды бұйырған басшыларға мыналар өйткізбейді деп нұсқап көрсететіндей байқаушылар керек болған сияқты", – деп санайды байқаушы.

Елмар Құсайынов учаскеге келген жұрттың жартысына жуығы дауыс беру кабинасынан шыға сала немесе бюллетень салатын жәшіктің жанында тұрып селфи жасағанын байқаған. Олар жұмыс орнына немесе әкімдікке есеп беруге фото қажет екенін айтқан.

Байқаушы өз болған учаскеде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаевты, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бұрынғы төрағасы Алик Шпекбаевты, бірінші президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, бизнесмен Қайрат Боранбаевты, сондай-ақ шоу-бизнес жұлдызы Баян Алагөзова мен оның күйеуі, кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзовті көріпті.

"Біз тұратын ауданда тасы өрге домалаған адам аз емес. Бәрі бірдей билікпен байланысы мықтылығының арқасында шалқып жүр деуге болмайды, кейбірі ондай тірек-сүйеусіз көтерілген. Және де жағдайы жақсы адамдардың көбінің өз ой-пікірі бар, сондықтан қарсы дауыс беретіндері де болады", – дейді Құсайынов.

Алматыдағы №388 референдум учаскесінде дауыс беріп жатқан адам. 15 наурыз, 2026 жыл.

Оның сөзінше, әсіресе түс кезінде учаскеде адам қарасы көбейген, ал сағат 15-тен кейін жұрт аяғы саябырси бастаған. Ол байқаушы болған учаскеде дауыс беруге сайлаушылар тізіміндегі азаматтардың 23 пайыздан сәл астамы ғана қатысқан: 2331 сайлаушының тек 544-і ғана референдум бюллетенін алған.

Дауыс беру аяқталып, бюллетень санау басталғанда учаскеде күні бойы отырған байқаушылардан жалғыз Елмар Құсайынов қана қалған.

Алматыдағы №388 референдум учаскесі. 15 наурыз, 2026 жыл.

"Жобаны қолдап және қарсы дауыс бергендер саны тең болатын шығар деп шамалаған едім", – дейді байқаушы.

Алайда ол ойлағандай болмады. 288 азамат "қарсымын" деп дауыс беріпті, мақұлдаған адам саны – 255. Дауыс бергендердің шамамен 53 пайызы Конституция жобасын қолдамаған.

Алматыдағы №388 референдум учаскесінде өткен дауыс берудің қорытындысы туралы хаттама. 15 наурыз, 2026 жыл.

Тәуелсіз бақылау желісі қоғам үшін аса қажет нәрсе екеніне енді Құсайынов шүбә келтірмейді.

"Елімізде 11 мыңға жуық дауыс беру учаскесі, 12 миллион сайлаушы бар. Орталық сайлау комиссиясында байқаушы ретінде тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктер мүмкіндігінше көп болуы қажет, – дейді Елмар Құсайынов.– Олар бірнешеу ғана. Тәуелсіз байқаушылар болуы, әрине, дауыс санау процесіне әсер етеді. Мен, мысалы, әсер еттім. Сол жерден тапжылмай, мұқият бақыладым. Қазақстан бойынша қорытынды деп көрсеткен сандарға сенбеймін".

"СІЗДІ КӨРСЕК, БІРНӘРСЕ БҮЛДІРІП АЛУДАН ҚОРҚАМЫЗ"

Заңгер Батыр Адайбаев – 2019 жылдан бері сайлауды бақылаумен айналысып келе жатқан, осы істен жеткілікті тәжірибесі бар адам. Ол сайлау заңын жетілдіру жөнінде бірнеше мақала жазған және "Тәуелсіз бақылаушылар" қозғалысының негізін қалаған.

Осы жолғы референдум кезінде ол №59 учаскеде "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі өкілі ретінде дауыс беру барысын бақылады.

Тәуелсіз байқаушы Батыр Адайбаев

Батыр Адайбаев пен комиссия мүшелері арасында ешқандай дау-дамай болған жоқ.

"Учаскелік комиссия дауыс беруді жоғары деңгейде және қолданыстағы заңға толық сәйкес өткізді. Ешқандай құқық бұзу оқиғасы болған жоқ. Тәжірибеме сүйенер болсам, өзім байқаушы болып жұмыс істейтін учаскелерде заң бұзу деген іс жүзінде жоқ деп айта аламын. Дауыс беру басталардан бір күн бұрын учаскелік комиссия төрағасымен кездестім. Біз өте сыпайы сөйлесеміз және учаскеде ешқандай заң бұзу болмайды деп келісіп, екеуіміз де сол сөзімізді бұлжытпай орындаймыз. Дауыс санау аяқталғаннан кейін олар маған келіп: "Аға, біз сізді көрсек, бірнәрсе бүлдіріп алудан қорқамыз" деді. Сондықтан көп нәрсе тәуелсіз бақылаушыларға байланысты", – дейді Адайбаев.

Байқаушы өзі болған учаскеде жұрттың көбі Конституция жобасына қарсы дауыс береді деп күткенін мойындайды. Солай болды да.

Сайлаушы ретінде тіркелген 1906 азаматтың 545-і, яғни 28 пайыздан астамы, учаскеге келіп, референдум бюллетенін алған. Соның 232-сі Конституция жобасын "қолдап", 302-сі "қарсы" дауыс берді. Дауыс бергендердің 55 пайыздан астамы референдумге шығарылған Конституция жобасын мақұлдамады.

Алматыдағы №59 референдум учаскесіндегі дауыс санау кезі. 15 наурыз, 2026 жыл.

"Тәуелсіз, билікшіл емес байқаушылар қатысқан референдум учаскелерінде дауыс беру процесі негізінен айла-шарғысыз, таза өтті. Ал тәуелсіз байқаушы болмаған жерлерде бұрмаланған болуы әбден мүмкін. Мұны өз тәжірибемізге сүйеніп айтып отырмын. Өкінішке қарай, тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы республика бойынша, әсіресе ауылды жерлердегі учаскелердің көбін қамти алмады. Олардағы учаскелік комиссияларда референдумды заңға қайшы өткізуге, айла-шарғыға баруға мүмкіндігі болғаны шүбәсіз", – деп түйіндеді Батыр Адайбаев.

Алматыдағы №298 референдум учаскесіндегі бюллетень салатын жәшік. 15 наурыз, 2026 жыл.

"ҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІҢ ЖЕҢІСІ"

Конституция жобасы бойынша өткен референдумның түпкілікті қорытындысын Орталық референдум комиссиясы 17 наурызда Астанада жариялады: дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 87 пайыздан астамы құжатты мақұлдап, 10 пайыздан азы қарсы болған. Сайлау құқығына ие 12 миллионнан астам қазақстандықтың 73 пайыздан көбі референдум бюллетенін алған.

Көптеген аймақта жобаны мақұлдап дауыс бергендер деңгейі 80-90 пайыздан асты.

Әдетте дауыс бергендер көрсеткіші төмен әрі наразылық көңіл-күй деңгейі жоғары болатын Алматы қаласында, ресми деректер бойынша, дауыс беру құқына ие азаматтардың үштен бірінен сәл астамы референдум бюллетенін алып, оның 71 пайызы Конституция жобасына қолдау білдірген.

Конституцияны жаңарту идеясы мен жаңа жобасының авторы президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум өткеннен кейін: "Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық" деп мәлімдеді .

Дауыс беру аяқталғаннан кейін екі күн өткенде Тоқаев 84 пайыздан астамы жаңарған Конституцияға қол қойды. Ол: "Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартады" деді.

Бұған қоса Тоқаев жақын арада парламент қарауына президент, құрылтай (жаңа бір палаталы парламент), Халық кеңесі, астананың мәртебесі және елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы конституциялық заңдар жобасы ұсынылатынын хабарлады. Парламент оларды маусым айы аяқталғанға дейін қарап, қабылдауға тиіс. Ал биыл 1 шілде күні жаңа Конституция күшіне енуімен бірге қазіргі парламент жұмысын біржола доғарады.

Биыл күзге дейін жаңа Конституция бойынша Құрылтай сайланады деп жоспарланған. Сайлау партиялық тізім бойынша өткізілмек.

15 наурызда референдум учаскелеріндегі дауыс беру барысын қадағалаған тәуелсіз байқаушылар алдағы саяси науқандарды кеңінен бақылау ұйымдастыру қажет болады дейді.

"Азаматтар жіті бақылағанда ғана билік шектен шықпайды. Ал егер біз өйтпесек, олар ойына келгенін жасайды", – деді Ардақ Бөкеева.

"Байқаушылар институтын дамытуымыз керек. Менің ойымша, билікте отырғандар сайлауды бұрмалап әдеттенген және Сталин айтқан: "Қалай дауыс беретіні емес, қалай санайтыны маңызды" деген қағидамен өмір сүреді", – дейді Елмар Құсайынов.

Your browser doesn’t support HTML5

Қос билік, Тоқаев пен Назарбаев, бақылаушылардың көргені — AzatNEWS l 15.03.2026