БҰҰ жұмыс тобы: журналист Думан Мұхаммедкәрім жосықсыз қамалған

Түрмеде отырған журналист Думан Мұхаммедкәрімнің суретінен коллаж

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) жосықсыз қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрім жосықсыз сотталып, түрмеге қамалған деген ұйғарым жасады. Жұмыс тобы Қазақстан билігін оны дереу босатуға шақырған. Мұндай ақпаратты Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросы жариялады.

"Түзеу мекемесінде де озбырлық көріп жатыр"

Бұған қоса БҰҰ сарапшылары Қазақстанның қамаудағы журналистке түзеу мекемелерінде "озбырлық жалғасып жатқанына" алаңдаушылық білдірген.

БҰҰ-ның жұмыс тобы Думан Мұхаммедкәрімнің журналистік қызметі үшін бостандығынан айырылған және сотта оның құқығы қамтамасыз етілмеген деген қорытындыға келген.

Биыл наурыз айының аяғында өткен сессиясында БҰҰ-ның жосықсыз қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы Думан Мұхаммедкәрімді қамауда ұстау Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының сегіз бабына (2, 3, 7, 9, 10, 11, 19 және 21-баптар) және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (АСҚХП) алты бабына (9, 14, 15, 19, 25 және 26-баптар) қайшы келеді деп ұйғарған. Жұмыс тобы шешім қорытындысында Қазақстан түрмесінде отырған журналисті дереу бостандыққа шығаруға үндеген.

Жұмыс тобына жолдаған шағымда құқық қорғаушылар журналисті ұстау мен қамауға алуды негізсіз деп санауға түрткі болған үш басты себепті көрсеткен: Қазақстан заңындағы "экстремизм" ұғымының бұлыңғырлығы, журналистің оппозиция өкілінен алған сұхбатын тыйым салынған ұйымның жұмысына "қатысу" деп бағалауға болмайтындығы және оны ісі сотта әділетті қаралу құқығынан айыру.

Сонымен бірге шағымда соттың бейтарап болмағанына да назар аударылған деп жазды Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро.

"Мысалы, судья жазбаша құжатта сотталушыға қатысты "сотталған" деген сөзді алдын ала қолданған, судьяға қарсылық білдіру туралы екі өтінішті мән беріп қарамастан қабылдамай тастаған, сондай-ақ айыптаушы тарапты қорғаушыларға ҚДТ-ға тыйым салу туралы шешімді көрсетуге міндеттеуден бас тартқан", – делінген хабарламада.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы", ҚДТ – 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған қозғалыс. Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозиция" деп атаған.

"Дереу босатылсын". Алты ай өтсе де баяғы жағдай

БҰҰ-ның жұмыс тобы Думан Мұхаммедкәрім туралы ақпарат ұсыну және журналисті әрі қарай қамауда ұстауды негіздейтін құқықтық нормаларды түсіндіру үшін Қазақстан үкіметіне үш ай уақыт берген. Бірақ Қазақстан билігі өз жауабын белгіленген уақыттан екі күн кешіктіріп жолдаған және де оның мерзімін ұзарту жайлы сұрамаған. Сол себепті ол жауап БҰҰ-тың жұмыс тобында қаралмаған деді бюро.

"Жұмыс тобы журналисті қамауда ұстауды I санат бойынша жосықсыз деп таныды, себебі "ҚДТ" қозғалысына тыйым салу туралы шешім жарияланбаған, ұйым қызметіне қатысу ұғымы құқықтық тұрғыда жеткілікті дәрежеде негізделмеген, ал оны тұтқындау уәждері күмән тудырған. Бұдан бөлек, жұмыс тобы ол Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19 және 25-баптарында қарастырылған құқықтарын жүзеге асырғаны үшін ұсталғанын анықтады. Бұл бостандығынан жосықсыз айырудың II санатына жатады", – деген бюро мәлімдемесінде.

Жұмыс тобы "сот мүлде өтпеуі тиіс еді" деп мәлімдеп, журналистің өз ісі сотта әділетті қаралу құқығынан айырылғанын растаған. Мұндай заңбұзушылықтар III санатқа жатады.

Сондай-ақ БҰҰ-ның жұмыс тобы өз қорытындысында Думан Мұхаммедкәрім камерада "тым шектеулі" жағдайда ұсталып отырғанын айтып, желдеткіш нашар екенін, күні бойы жарық жанып тұратынын, оны серуенге сирек шығаратынын немесе мүлде шығармайтынын тізіп шыққан. Бұл "БҰҰ-ның қамаудағы адамдармен қарым-қатынас жасаудың ең төменгі стандартты ережелерінің (Нельсон Мандела ережелері) 43-ережесін бұзады" деген жұмыс тобы.

Жұмыс тобы сондай-ақ "мекеменің өз құжаттары 2025 жылғы 1-20 қараша аралығында Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағанын растайтынын, ал үкімет жауабында бұл туралы айтылмағанын" атап көрсеткен.

Бұдан бөлек, құқық қорғаушылар тәртіптік жазалау шаралары "түзету үшін ықпал ету емес, қысым көрсету құралы ретінде жүйелі түрде қолданылады" деп есептейді.

БҰҰ-ның жұмыс тобы қамауда отырған Думан Мұхаммедкәрімді дереу босатуды, оның өтемақы мен өзіне келтірілген зиян үшін өзге де өтемдер алуға деген міндетті күші бар құқығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ тәуелсіз тергеу жүргізуді талап еткен.

Бұған қоса жұмыс тобы арызданушы тарап пен үкіметтен алты ай ішінде осы ұсыныстардың орындалуы туралы ақпарат ұсынуды, соның ішінде журналистің босатылғаны, тергеу жүргізілгені және заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берулерін сұраған. Сонымен қатар жұмыс тобы алаңдаушылық тудыратын жаңа жайттар пайда болса немесе үкімет белгіленген мерзімді тағы да сақтамаса, өзі тиісті шара қабылдауға құқылы екенін еске салған.

Бюро мәліметінше, БҰҰ-ның жұмыс тобының қорытындысы жарияланғалы бері алты ай өткенімен үкімет оған жауабын белгіленген мерзімде жолдағаны я жолдамағаны белгісіз.

Соттауға ілік болған сұхбат және түрмедегі наразылық

Өзі негізін қалаған Ne Deidi YouTube-арнасында қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзекті тақырыптарды қозғап, билікке сын айтқан хабарларымен танылған Думан Мұхаммедкәрім – кемі 238 адам қаза тапқан 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы тілшілердің бірі болды. Ол YouTube-арнасында Қаңтар құрбандарының туыстарынан сұхбат алып, дүрбелеңнен кейін ұсталып, полицияда азапталған адамдардың көрген зәбірі жайлы көп материал жариялады. 2023 жылы Мұхаммедкәрім парламент сайлауына тәуелсіз кандидат ретінде қатысты.

2024 жылы жабық өткен сот журналист Думан Мұхаммедкәрімді "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айыптаулар бойынша жеті жылға бостандығынан айырды. Қылмыстық іске журналистің қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязовпен сұхбаты ілік болды. Бұған қоса, сот оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына үш жылға тыйым салды.

2024 жылы қарашада апелляция соты Мұхаммедкәрімнің үкімін күшінде қалдырғаннан кейін Думан Мұхаммедкәрімді Талдықорғаннан Қызылордадағы қамау мекемесіне этаппен жөнелтті. Отбасында әке-шешесімен бірге тұрған журналист содан бері Алматыдағы үйінен шамамен мың шақырым қашықтағы Қызылорда түрмесінде отыр. Туыстары мен қорғаушысы Қазақстан заңдарына сүйеніп, түрмеде адам төзгісіз жағдайда отырып денсаулығы діңкелеген Думан Мұхаммедкәрімді тұрғылықты жеріне жақын орналасқан мекемелердің біріне ауыстыруды бірнеше рет талап еткенімен, билік оны орындаған жоқ.

Сол жылы желтоқсан айында адвокаты Думан Мұхаммедкәрім өзін Алматы облысындағы түзеу мекемесіне ауыстырудан бас тартқан билікке наразылық ретінде денесін жарақаттағанын хабарлаған. Журналистің өзі сол кезде адвокаты арқылы өзіне қол салуды көздемегенін, керісінше, құқықтары бұзылғанына көпшіліктің назарын аударуға тырысқанын мәлімдеген. Содан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) оның денесінен ешқандай жарақат ізі табылған жоқ деп мәлімдеген.

Биыл қыркүйек айында Мұхаммедкәрімнің әкесі қамаудағы ұлы карцерде екі рет өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін мәлімдеген. Ол мұны қамаудағы адам төзгісіз жағдайға талай рет шағым айтып, аштық жариялағаны және өзге де наразылық әрекеттері билік тарапынан елеусіз қалған ұлының төзімі таусылғаннан кейінгі амалсыз барған қадамы деп санайды.

Журналистің ісін саралаған құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

Халықаралық ұйымдар Думан Мұхаммедкәрімге араша түсіп, Қазақстан билігін оны босатуға үндеген. АҚШ мемлекеттік департаменті журналистің сұхбатқа бола сотталғанын Қазақстандағы адам құқығы ахуалына арналған есебіне қосқан.

Бұған дейін БҰҰ-ның жосықсыз қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық супермарафоншы, "Алға, Қазақстан!" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі болған Марат Жыланбаевты да Қазақстанның күштік құрылымдары мен сот жүйесі тарапынан жасалған озбырлықтан жапа шеккен деп таныған.