145 депутат пен 8 комитеттен тұратын Құрылтай. Тоқаев жаңа парламент қандай болатынын айтты

Президент Казахстана Касым-Жомарт Токаев. 20 января 2026 года

Қазақстанда жаңадан құрылатын бір палаталы парламентке 145 депутат партия тізімі бойынша бес жылға сайланады. Елде вице-президент лауазымы мен Конституцияға бұрынғыдан да көп өзгерістер енгізіледі. Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімеді.

Жаңа парламент: құрамы мен атауы

20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қос палаталы парламенттің орнына жаңадан келетін бір палаталы парламент құрамы жайлы түскен ұсыныстарды жария етті.

"Бір палаталы парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады", – деді президент.

Ол болашақ жаңа парламентті Құрылтай деп атауды ұсынды.

"Құрылтай деген атау беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын... Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын", – деді президент.

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы. Қызылорда, 20 қаңтар, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото

Тоқаевтың сөзінше, парламентті реформалау жөніндегі жұмыс тобында әуелде бір палаталы заң шығарушы орган құрамында 500 депутат болсын деген ұсыныс айтылыпты. Бірақ кейінірек олардың санын 145 етіп белгілеген жөн деген байламға келген.

Президент жаңа парламентке депутаттар бес жыл мерзімге сайланады деп хабарлады.

"Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек", – деді мемлекет басшысы.

Ол саяси партиялардың парламентке өту межесін қазіргі қалпында – бес пайыз етіп қалдырған жөн деп есептейтінін айтты.

Сайлау тәртібі

"Депутаттар енді пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады", – деді президент сейсенбі күні Қызылордадағы жиында.

Тоқаев болашақ бір палаталы заң шығарушы органды тек партиялар тізімі бойынша сайлауды былтыр 8 қыркүйекте халыққа дәстүрлі жолдауын жариялаған кезде ұсынған.

"Бірақ аймақтарда мажоритарлық жүйені сақтап қалу керек деп ойлаймын. Еліміздің өңірлерінде жергілікті азаматтардың дауыстары, пікірлері жақсы естілуі қажет. Бұл – мен үшін айқын ұстаным", – деді ол Ұлттық құрылтайдағы сөзінде.

16 қаңтарда Алматыда бір топ қоғам белсендісі парламент реформасын талқылап, биліктің кейбір ұсынысына қарсы шыққан. Олар парламент қалыптастыруда мажоритарлық жүйенің үлесін 70 пайызға дейін арттырып, партия тізімі бойынша сайланатын депутат санын 30 пайызбен шектеу қажет екенін ұсынған.

Қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан парламенттің Сенатында 50, Мәжілісте – 98, жиынтығы 148 депутат бар. Конституцияға сәйкес, олардың бір бөлігін президент тікелей өзі тағайындаса, және бір бөлігі президент басқаратын тағы бір консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы тағайындалады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресей – басты стратегиялық серіктесіміз". Тоқаев ҚХА жиынында басқа не айтты?

Тоқаев болашақ парламент құрамында қазіргідей президент немесе әлдебір кеңесші орган тағайындаған депутат болмайды деп мәлімдеді.

"Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған "таңдаулы тұлғалар" болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады", – деді президент.

Алайда парламентте жастарға, әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квота қалуы керек деп есептейді Тоқаев.

"Бұл квота – әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі, сондай-ақ еліміздегі барлық қоғамдық-саяси өкілдерді ескеретін маңызды талап. Сол себепті, осы квоталарды өзгеріссіз сақтап қалуды ұсынамын", – деді ол.

Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына жаңа орган – Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды.

"Реформалардың жаңа кезеңінде Қазақстанға қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты түрде жалпыхалықтық диалог жүргізуге арналған кең ауқымды алаң немесе мінбер қажет. Бұл платформа халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға үлес қосатын негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды біріктіреді", – деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Диалог алаңына айналмаған құрылым". Қоғамдық сенім кеңесінен Ұлттық құрылтайға дейін

Вице-президент қызметі қайта оралмақ

Қазақстанда 1995 жылғы Конституция қабылданған кезде қысқарып қалған вице-президент лауазымы қайта енгізілмек. Тек бұрын халық президент сайлаған кезде вице-президентті қоса сайлаған болса, енді оны лауазымға тағайындап қою тәртібі ұсынылып отыр. Мұны Ұлттық құрылтай отырысында Тоқаев айтты.

"Әңгіме Қазақстан Республикасы вице-президенті институтын құру және оны Конституцияда тиісті түрде бекіту жөнінде болып отыр. Вице-президентті президент парламенттің қарапайым көпшілік дауыспен берген келісімі негізінде тағайындайды. Оның өкілеттігі аясын мемлекет басшысының өзі айқындайды", – деді президент.

Оның айтуынша, вице-президент мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық форумдар мен шетелдік делегациялармен жүргізілетін келіссөздерде Қазақстанның мүддесін білдіреді, парламент отырысына президент өкілі ретінде қатысып, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Бұған қоса өзіне президент жүктейтін өзге де міндеттерді атқаратын болады деді Тоқаев.

Президент алдағы уақытта мемлекеттік кеңесші қызметі қысқаратынын айтты.

Совет дәуірінде, 1990 жылғы 20 қарашада қабылданған "Қазақ ССР-індегі мемлекеттік билік пен басқару құрылымын жетілдіру туралы" заңға сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесіне президент, вице-президент, премьер-министр және мемлекеттік кеңесшілер қызметтері енгізілген.

1991 жылғы 1 желтоқсанда халық алғаш рет төте дауыс беру жолымен президент сайлаған кезде, оның ресми қорытындысы бойынша, Қазақ ССР президенті лауазымына Нұрсұлтан Назарбаев, вице-президент болып Ерік Асанбаев сайланған. Асанбаев Қазақстанның алғашқы әрі осы уақытқа дейінгі соңғы вице-президенті болды. 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияда вице-президент лауазымы қысқарып қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жоғарғы кеңестен "елбасына" дейін. Қазақстан авторитаризм жолына қалай түсті?

Конституциядағы "жекелеген қателер"

Қазақстан президентінің сөзінше, әуелгіде парламентті реформалау аясында Конституцияның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланыпты.

"Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз", – деді ол.

Тоқаев Қазақстан президенті мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда екі айдан кешіктірмей кезектен тыс сайлау өткізіп, орнына жаңа президент сайлау тәртібін Конституцияға нақты белгілеу қажет деп есептейтінін айтты.

"Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келеді. Еліміздің кез келген басшысы билікке сайлау арқылы, яғни, заңды түрде келуі керек", – деді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұзарту, жаңарту, қайта жазу". Президенттер Конституцияны неге өзгертеді?

Қазіргі Конституция мәтінінде жекелеген қателер бары анықталғанын айтқан Тоқаев "кезінде терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол берілген. Конституциялық реформа аясында осы олқылықты да түзеуіміз керек" деп мәлімдеді.

Ол жақын арада конституциялық комиссия құру туралы жарлыққа қол қоятынын айтты.

Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, ақпарат құралдары басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары мен қоғамдық кеңес өкілдері және басқалар – жиынтығы 100-ден астам адам енеді деп хабарлады президент.

"Конституциялық сот төрағасы жетекшілік ететін комиссия халықтан түскен ұсыныстардың бәрін сараптап, қорытып, нақты өзгерістер жобасын әзірлегеннен кейін жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз", – деді Тоқаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Конституцияға тағы да өзгерістер енгізілмек. Кезектен тыс сайлау өте ме?