"Ешқайсына босқын мәртебесін бермеді". Мәскеу экстрадициялауды талап еткен ресейліктерге Астана қалай қарайды?

Шешен белсендісі Мансур Мовлаев Алматыда экстрадициялық қамауда отыр. Ресей оны беруді талап еткен.

Ресей билігіне сын айтқан екі адам – шешен белсендісі Мансур Мовлаев пен бұрын Навальный штабында болған Юлия Емельянова былтырдан бері Алматының шетіндегі тергеу изоляторында отыр. Мәскеу оларды экстрадициялауды талап еткен. Қазақстандағы құқық қорғаушылар мен адвокаттар бұл екеуіне отанында зор қауіп төнуі мүмкін деп, оларды Ресейге бермеу үшін күресіп жатыр. Саяси себеппен баспана сұраған ресейліктерге Қазақстан қалай қарайды?

"Кеше ата-бабамды ажалдан арашалап қалған Қазақстанның бүгін мені өлтіруге қатысқанын қаламаймын деп Қазақстан халқына үндеу жасағым келеді", – Мансур Мовлаев былтыр мамыр айында тараған ашық хатында осылай деген.

Тергеу абақтысында отырған шешен белсендісі бұл хатты адвокатынан беріп жіберген. Қазақстанда Мовлаев Ресейдің сұрауы бойынша қамауға алынған – Ресей оған "экстремизм" айыбымен іздеу жариялаған.

Мовлаев егер Ресейге экстрадицияланатын болса, ол жақта өзін азаптап, тіпті өлтіріп тастауы мүмкін екенін айтады.

"Егер оны Ресейге берсе, өз сөзімен айтқанда, ол жақта "қанқасапқа" түсемін, мені Шешенстанда өлтіреді дейді. Ол осында қалғысы келеді", – деген еді оның адвокаты Рена Керимова тергеу изолтяорында отырған қорғауындағы адаммен кездесіп шыққаннан кейін Азаттық Азияға берген пікірінде.

Босқын мәртебесін бермей қойды

Мовлаев Шешенстандағы жағдайды және Солтүстік Кавказ түрмелерінде не болатынын өз тәжірибесінен жақсы біледі. 2020 жылы ол Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы ("Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау немесе өңдеу") бойынша сотталған. Мовлаевтың жақтастары бұл іс Грозныйдағы билікті сынағаны үшін одан кек алу мақсатында ойдан құрастырылған айып бойынша қозғалған дейді.

2022 жылы Мансур Мовлаев шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Сол жылғы тамыз айында оны Шешенстанда күштік құрылым өкілдері ұрлап әкетіп, жасырын түрмелердің бірінде ұстаған деп жазды "Кавказ.Реалии" басылымы. Ол кезде аймақта адам ұрлау жиілеп, оларды босату үшін ақша талап ететін, әйтпесе Украинадағы соғысқа жібереміз деп қорқытатын дейді құқыққорғаушылар.

Мовлаев амалын тауып қашып шығып, еш құжатсыз Қырғызстанға жеткен. 2023 жылы Бішкек соты оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға қамап , жазасын өтеген соң елден шығарылсын деп шешім қабылдаған.

Қырғызстандағы колониядан шыққаннан кейін ол Қазақстанға қашқан. 2025 жылғы мамыр айында Алматыда ұсталды – әуелі 40 күнге қамауға алынып, кейін қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды..

Шешен белсендісі Мансур Мовлаев

Мовлаевтың ісіне адвокаттар араласып , солардың көмегімен Мовлаев Қазақстан аумағында пана іздеуші тұлға мәртебесін алды. Алайда желтоқсан айында мемлекеттік органдар оған саяси баспана беруден бас тартты. Осыдан кейін белсенді тергеу абақтысынан жазған хатында Ресейге тапсырылған жағдайда "ажал табатыным сөзсіз" деп мәлімдеді.

"Маған баспана беруден бас тарту арқылы сіздер мені Ресейде өлгенше азаптау жайлы үкімді өз қолыңызбен шығардыңыздар. Әрине, мені ашық түрде өлтіруі екіталай, бірақ олай болмайтыны да анық емес. Мүмкін, тіпті азаптаудан кейін бейнекамераға "бәрі жақсы" деп айтуға мәжбүр болармын, ал біраз уақыттан соң жұмбақ жағдайда көз жұмармын – "асылып қалды", "жүрегі тоқтады" деген немесе басқа бір сылтау табылар", – деп жазды ол Алматыдағы тергеу изоляторынан.

Оны қорғаумен айналысып жүрген адвокат Мұрат Адам өзге қорғаушылармен бірге, Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы шетелдік азаматқа босқын мәртебесін беруден бас тартуына байланысты, Мовлаевтың атынан сотқа шағым түсіргенін өткен аптада хабарлады.

"Біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық, бірақ онда да бізді қолдайтын шешім шығарына сенім аз. Өкінішке қарай, Ресей азаматтарына байланысты өзім қатысқан істердің бәрінде инстанциялар үнемі бас тартады. Біз ратификациялаған, ұлттық заңнамадан жоғары тұратын халықаралық шарттарға еш жерде тиісті баға берілген жоқ. Алматы соттарына сенім қалмағандықтан әріптестеріммен бірге бұл істер бойынша экстерриториялық сот тәртібін қолдану мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Объективті, жан-жақты қаралуы үшін іс басқа өңірге берілгенін қалаймыз", – деп мәлімдеді адвокат Мұрат Адам.

Бұрын ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың штабында болған белсенді Юлия Емельянованың ісі бойынша да адвокаттар экстерриториялық сот тәртібін қолдану туралы дәл осындай өтініш берген. Алайда сот өтініштерді әлі қараған жоқ.

Юлия Емельянова былтыр 31 тамызда Алматы әуежайында ұсталған. Транзитпен ұшып бара жатқан Ресей азаматын паспорт тексеретін орында тоқтатқан – Ресей оған қылмысқа күдікті ретінде іздеу жарияланған.

2021 жылғы қыркүйекте Ресейде Юлия Емельянованың үстінен такси жүргізушісінің телефонын ұрлаған деген күдікпен іс қозғалған. Оның ұсталғанын хабарлаған " Антивоенный комитет России" және "Ковчег" ұйымдары іс қолдан жасалғанын аңғартатын белгілер бар мәлімдеді.

Қазір Емельянова да Мовлаев сияқты Алматының шетіндегі тергеу изоляторында экстрадициялық қамауда отыр. Ол да Қазақстаннан пана сұраған, бірақ билік оның өтінішін орындаудан бас тартқан.

Қазақстан арқылы үшінші елге кеткендер

"Экстрадициялық қамау мерзімі аяқталған соң, егер Қазақстан билігі елден шығуына кедергі келтірмесе, Емельянова үшінші елге кете алады", – деді Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Денис Дживага. Бюро Қазақстанға қашып келген ресейліктерге заң көмегін көрсетіп келеді.

Құқыққорғаушының сөзінше, Қазақстан осы кезге дейін бірде-бір ресейлікке босқын мәртебесін бермеген.

"Қазақстанда Ресейден келген бірде-бір адам босқын деп танылған жоқ, бірақ бұл түсінікті жайт", – деді ол Астана негізгі саяси және экономикалық әріптестерінің бірі Мәскеумен қарым-қатынасын ушықтырғысы келмейтінін меңзеп.

"Әйткенмен, жағымсыз өзгерістер болмағаны қуантады, Қазақстан билігі, тым болмағанда, барлық рәсімдерден өтуге және [үшінші елге] кетуге мүмкіндік беріп отыр", – дейді құқық қорғаушы.

Дживaганың айтуынша, Қазақстаннан пана сұраған ресейліктердің басым бөлігі – азаматтық белсенділер мен соғысқа барудан бас тартқан әскери қызметшілер. 2025 жылы құқыққорғаушылар Ресейдегі мобилизациядан қашып Қазақстанға өткен алты ресейлік әскери қызметшіге Францияға кетуге көмектескен. Олар еуропалық виза алып, Францияға жеткен соң саяси баспана сұраған.

Францияға кеткендер арасында Бурятиядан шыққан журналист Евгения Балтатарова да бар. Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастағаннан кейін Балтатарова Қазақстанға келген еді. Астанада босқын мәртебесін алуға бірнеше рет талпыныс жасап көрді, бірақ онысы нәтижесіз болды. 2024 жылғы желтоқсан айында Ресейде армия туралы "жалған ақпарат таратты" деген іс бойынша іздеуде жүрген Балтатарова ақыр соңында Парижден пана тапты .

Якутиядан шыққан тағы бір белсенді Айхал Аммосов (құжаты бойынша аты-жөні – Игорь Иванов) Қазақстанда бір жыл бойы экстрадициялық қамауда болғаннан кейін гуманитарлық визамен Германияға кетіп қалды.

Біреуі қайтарылды, үшеуі экстрадицияланды

Ресейден Қазақстанға қашып келген және саяси себеппен қудалауға түскен деп танылғандар арасында жолы болмағандар да бар. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, пана таба алмаған төрт адам Ресейге қайтарылған.

2024 жылғы қыркүйек айында Алматы полициясы Воронежден шыққан белсенді Павел Владимировты Ресейдің сұрауы бойынша ұстады. Ұсталардан бір күн бұрын оның аты-жөні Росфинмониторинг мекемесі жариялап жүрген экстремистер мен террористер тізіміне енгізілген. Алматы қаласының тергеу соты шығарған қаулыға сәйкес, Ресей билігі "террористік ұйым қызметіне қатысуға дайындалды" деген күдікпен Павел Владимировқа іздеу жариялаған.

Павел Владимиров

Павел Владимировтың туыстарының айтуынша, солшыл көзқарас ұстанатын, өзін анархист санайтын жас жігіт көшеде соғысқа қарсы үнпарақтар жапсырып, граффити салған, наразылық митингілеріне қатысқан. Экстрадициялық қамауда 12 ай отырғаннан кейін (Қазақстан заңы одан артық мерзім ұстауға рұқсат етпейді) Владимиров Ресейге оралды.

"Павел изолятордан босатылар сәтте әкесі келіп, оны өзімен бірге Ресейге қайтуға көндірді. Содан кейін олар қайтып байланысқа шыққан жоқ. Әкесі өз шешімін: "түрмеге отырса да, қасымда болсын" деп түсіндірді", – дейді Денис Дживага.

Ал Қазақстанға қашып келген басқа бірнеше адамды Ресейге мәжбүрлеп қайтарды.

Ресейдің федералдық күзет қызметінің офицері Михаил Жилин 2022 жылғы қыркүйекте Мәскеу "ішінара мобилизация" жариялағаннан кейін отбасын алып, Ресейден Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Ол Донбассқа "іссапарға" барғысы келмей, орман ішімен қашуға бел буған. Новосибирскіде қызмет атқарқан майор президент пен өңірлер арасындағы үкіметтік байланысты қамтамасыз етуге жауапты болған. Мемлекеттік құпияны білетін адам ретінде оған елден шығуға тыйым салынған еді.

Жилин Астанадан саяси баспана сұраған. Бұл өтініші қаралмай жатып, сот оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға шартты түрде бостандығынан айыру және елден шығару туралы шешім шығарды. Жилинді, сот қаулысына қарсы шағым түсіруіне мүмкіндік бермей, дереу Ресейге депортациялады.

2023 жылғы наурызда Ресейдің Барнаул қаласының соты Михаил Жилинді мобилизация кезінде дезертирлік жасағаны және шекараны заңсыз кесіп өткені үшін айыпты деп танып, оны алты жарым жылға бостандығынан және әскери атағынан айырды. Жилиннің әйелі балаларымен бірге Францияға кетіп, сол елден пана сұрады.

Украинада соғысқысы келмей қашқан ресейлік әскери қызметші Камил Касимовты Қазақстан билігі Ресейге ресми түрде бермеген. Алайда оны ұрлап әкетіп, отанына мәжбүрлеп жеткізген.

Касимов Улан-Удэ қаласында орналасқан Ресейдің құрлық әскерінің 103-бригадасында қызмет еткен. Зымыран қаруы бар бөлімше Ресей кең ауқымды басқыншылық соғысын бастардан бір ай бұрын Украина шекарасына жақын маңға көшірілген. 2023 жылы Касимов Қазақстанға келіп, уақытша тұруға рұқсат алып, Астанада жұмысқа орналасқан. Ал Ресейде оның үстінен дезертирлік жасау қылмысы (Қылмыстық кодекстің 338-бабы) бойынша іс қозғалған.

2024 жылғы сәуір айында Қазақстанның күштік құрылымдары Касимовты ұстап, Астанадағы полиция басқармасында жауап алған. Ғимараттан шыққан сәтте оны күтіп тұрған ресейлік азаматтар Касимовты Приозерскідегі Ресей әскери базасы комендатурасына алып кеткен (Мәскеу ол жерде сынақ полигоны мен аэродромды Қазақстаннан жалға алып отыр).

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Медиазона": Ресей полициясы соғыстан қашқан адамды Астанада ұстап, Омбыға әкеткен

Ресейлік әскери қызметшіні Қазақстаннан ұрлап әкетуге Бурятиядан келген қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел қызметкерлері қатысқаны кейін белгілі болды. "Медиазона" басылымы ресейлік полицейлер Астанаға 10 күндік іссапармен келіп, қазақстандық әріптестерімен бірге Ресей азаматының жүрген жерін "анықтағанын" жазды. Ал қазақстандық полиция Касимовқа сұрақтар қойып, кейін босатқанын, оны экстрадициялау мәселесі қаралмағанын мәлімдеген.

"Қазақстан тарапынан ресми экстрадиция болған жоқ. Ресейліктер оны тура мағынасында ұрлап әкетті. Біз [қазақстандық] полицияға талап қойған кезде, олар бізге оны ұстамағанын айтып, Касимовты ғимараттан шыға берісте ұстап әкеткен деп түсіндірді. Оны шынымен де ұрлап әкетіп, Приозерскідегі әскери бөлімге апарған. Ал бұл әскери бөлім Ресей аумағы ретінде саналатындықтан, біздің құқық қорғау органдары кедергі жасамаған. Біз барлық жерге жазып, ескерткенімізге қарамады", – деп болған жайтты еске алды Денис Дживага.

Бір жыл бұрын Қазақстан Ингушетия тұрғыны Якуб Арчаковты Ресейге экстрадициялаған еді. 2024 жылғы желтоқсан айында қазақстандық сот, Арчаковтың 2022 жылы Ресейде ұсталғаннан кейін азаптауға ұшырағаны жайлы мәлімдемесіне қарамастан, оны экстрадициялау жөнінде қаулы шығарды. Құқық қорғаушылар бұл шешім Қазақстанның БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына қатысушы мемлекет ретіндегі міндеттемелеріне қайшы келетінін айтты. Ол конвенция адамды азаптау мен қатыгез қарым-қатынас қаупі бар елдерге қайтаруға тыйым салады. Алайда бұл уәждер экстрадицияны тоқтата алмады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыстан қашып, Қазақстанға келген жасөспірімді Ресейге депортацияламақ па?

Қауіпсіз ел емес

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды Ресейде саяси көзқарасына бола қудалауға ұшыраған адамдар үшін қауіпсіз ел деп санауға болмайтынын айтады.

Қазақстандағы адам құқығын қорғау жөніндегі бюро елде адам ұрлап әкету және кейін Ресейге заңсыз жеткізу қаупі барын ескертеді.

"Ресейде сондай тәжірибе бар. Оның үстіне, [Қазақстанға] кейде арнаулы қызметтердің өзі емес, олар жалдаған жай адамдар келеді. Оларға адам ұстауға белгілі бір "өкілеттік" беріледі. Бұл – егер бірдеңе болып қалса, [ресейлік] арнаулы қызметтер "мұның бәріне қатысымыз жоқ" деп айтуы үшін жасалады деп түсінемін. Астанада бір ресейлік жігітке осылайша жай киім киген адамдар шабуыл жасап, ұстауға тырысқан жағдай болды, ол қарсылық көрсетіп құтылып кеткен. Ондай "жалдамалылардың" міндеті – әлгі адамға іздеуде жүргені жайлы қаулыны көрсету, оны [полиция бөліміне] бірге баруға көндіру болған сияқты", – деді Денис Дживага.

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды әскери басқыншылық бастағалы бері Қазақстанда ұсталған 22 Ресей азаматы Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросына көмек сұрап жүгінген. Жоғарыда айтылғандай, олардың ешбіріне босқын мәртебесі берілмеген.

Ресей азаматтарының басым бөлігі экстрадициялық қамау мерзімі аяқталған соң үшінші елге кетуге мүмкіндік алған. Қазір Қазақстандағы тергеу изоляторларында бес адам қамауда отыр, олардың қатарында Мансур Мовлаев пен Юлия Емельянова да бар.