Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Тоқаевты журналистерге қысымды тоқтатуға үндеді

Журналистің құжатын тeксеріп тұрған полиция қызметкері (архивтегі фото).

Адам құқығын және баспасөз еркіндігін қорғаумен айналысатын халықаралық алты ұйым Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуінде 2025 жылғы желтоқсаннан бері елде тәуелсіз журналистерді қылмыстық қудалау күшейгеніне байланысты қатты алаңдап отырғанын мәлімдеді.

Үндеуге Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Норвегия Хельсинки комитеті, Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (International Partnership for Human Rights), Азаматтық құқық қорғаушылар (Civil Rights Defenders), Халықаралық баспасөз институты (International Press Institute) және Еуразия үшін бостандық (Freedom for Eurasia) қол қойған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда төрт белгілі журналистің үйқамаққа алынуын Қазақстан билігі жариялаған "Жаңа Қазақстан" реформалары мен заң үстемдігі қағидаттарына ("Заң мен тәртіп") қайшы келетін үрдіс деп бағалап, үкіметті оларды босатуға және оларға тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.

Үндеу авторлары Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("көрінеу жалған ақпарат тарату") тәуелсіз медианы қысымға алудың негізгі тетігіне айналғанын атап көрсеткен. Олардың айтуынша, бұл баптың "шамадан тыс кең" тұжырымдалуы оны журналистік материалдарға қарсы саяси құрал ретінде қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстан билігін бұл бапты ішінара емес, толық декриминализациялауға үндеген.

Үндеуде Orda.kz басылымының бас редакторы Гүлнәр Бажкенова, ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен агенттік директоры Әсет Матаев және тәуелсіз журналист Ботагөз Омарованың істері ерекше аталған. Бұл төрт журналист алдын ала тергеу кезінде үйқамаққа алынған, ал үшеуіне дәл сол 274-бап бойынша айып тағылған.

Үндеу авторлары бұл істер кәсіби журналистік қызметпен тікелей байланысты және саяси астары бар деп мәлімдеген.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Қазақстан билігіне үндеуі тек жекелеген істермен шектелмей, жүйелі түрде қысым жасалатынын атап көрсеткен

Құқық қорғаушылар Азаттық радиосы журналистеріне аккредитация беруді бірнеше айлап сөзбұйдаға салып, олардың құқығын шектеуді, ResPublika басылымын бұғаттау, Airan жобасына демеушілер арқылы қысым көрсету, тәуелсіз ақпарат тарататын редакцияларға жасалған кибершабуылдар және әлеуметтік желілердегі аккаунттарды жаппай бұғаттау фактілерін атады.

Сондай-ақ үндеу авторлары "Просто журналистика" жобасының авторы, тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровтың ұсталуы мен тергеуге алынуын да еске салған.

Олардың бағалауынша, бұл үрдіс Қазақстан қоғамында үрей мен өзін-өзі цензуралау ахуалын қалыптастырып, президент Тоқаев жариялаған реформа бағдарламасының беделіне нұқсан келтіреді. Халықаралық ұйымдар Қазақстан басшылығынан құқықтық реформа мен сөз бостандығы жөніндегі уәделерін нақты әрекетпен дәлелдеуді талап еткен.

Ақорда бұл үндеуге байланысты әзірге реакция білдірген жоқ.

Қазақстан билігі елде цензураға тыйым салынған, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына байланысты ешқандай проблема жоқ деп бұрыннан айтып жүр. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелетіні туралы халықаралық ұйымдардың сынына келіспейтінін айтып, елде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына барлық жағдай жасалған деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Үрейлі атмосфера" vs "заң мен тәртіп". Журналистерге қарсы істер қысым құралы ма?