Назарбаев президенттіктен кетті, Тоқаев ант берді. Енді не болмақ?

Саясаткер Әміржан Қосанов (оң жақта) және жүргізуші Қасым Аманжол. Алматы, 20 наурыз 2019 жыл.

AzattyqLIVE тікелей эфирінде Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілетін тоқтатуы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент қызметіне кірісуі тақырыбы талқыланды.

19 наурызда Астана уақытымен сағат 19:00-де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналардан халыққа үндеу жасап, президенттік өкілетін тоқтататынын мәлімдеді.

Назарбаев үндеу жасап жатқанда қол қойған "Қазақстан Республикасы президентінің өкілетін атқару туралы" жарлыққа сәйкес, оның президенттік өкілеті 20 наурызда тоқтатылады.

Ел конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан президентінің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылғандықтан қалған мерзімде оның өкілеті парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа көшеді. Ол бұл қызметті жаңа президент сайланғанға дейін атқарады.

Конституцияның 48-бабы 2-тармағына сай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант беру рәсімі, Орталық сайлау комиссиясының келісімімен, 2019 жылы 20 наурызда Астана уақытымен сағат 12:00-де парламенттің бірлескен отырысында басталды.

Азаттықтың Астанадағы түсіру тобы парламенттің баспасөз орталығынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік лауазымға ие болуына байланысты ант беру рәсімінен тікелей трансляция жүргізді.

AzattyqLIVE хабарының бұл жолғы сарапшысы - саясаткер Әміржан Қосанов.