"Тұншықтыруды ғана біледі". Жоспарланған митинг қарсаңында белсенділерге қысым күшейді

Полиция арнайы жасағы оппозицияның наразылық акциясы өтеді деп хабарланған жерге келген адамды күштеп әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда тыйым салынған оппозициялық ұйымның 25 қыркүйекке жоспарлаған митингісі қарсаңында билік белсенділерге қысым жасап жатыр деп санайды. Кейінгі бірнеше аптада ондаған белсенді "заңсыз шеруге қатысқаны" үшін жазаланған.

ПОЛИЦЕЙДІҢ ЖЕКЕ КӨЛІГІНІҢ ІШІНДЕ ӨТКЕН ОНЛАЙН СОТ

21 қыркүйекте шымкенттік белсенді Нұржан Әбілдаев Ақмола облысы Целиноград аудандық сотының шешімімен жеті тәулікке қамалды. Әбілдаев Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған оппозициялық белсенді Дулат Ағаділге 24 шілде күні Ақмола облысы Талапкер ауылында берілген асқа өзгелермен бірге қатысып, марқұмның зиратына барғаны үшін жазаланды. Сот белсендіні "бейбіт жиын туралы заңды бұзғаны үшін" айыпты деп таныды.

Онлайн режимде өткен сотқа үйінің қасына тоқтаған полиция қызметкерінің жеке көлігінде отырып қатысқан Әбілдаев шеруге қатыспағанын, Ағаділдің үйінен зиратқа көлікпен барғанын айтты. Оған адвокат берілген жоқ. Судьяның оқыған қаулысын Әбілдаев өзін күзеткен екі полицеймен бірге көліктен түсіп, жол жиегінде тұрып тыңдады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ағаділдің асына 200-дей адам келді, полиция сырттай бақылап тұрды. Белсендіні еске алу қалай өтті?

Белсенді өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, сотта айғақ ретінде көрсетілген видеода өзінің "Қазақстандықтар, ояныңдар!" деп айтқан сөзі "заң бұзуға жатпайтынын" мәлімдеді. Сот қаулысы шыққан соң полицейлер Әбілдаевты әлгі жеке көлікке салып, қамау мекемесіне әкетті.

Нұржан Әбілдаев – Қазақстанда кейінгі бірер аптада "әкімшілік құқық бұзғаны" үшін қамауға алынған ондаған белсендінің бірі. (Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының есебінше, кейінгі бір жарым айда елде 168 адам әкімшілік жауапқа тартылған.)

17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында полиция жергілікті белсенді Нұрлан Алтынбаевты үйінен әкеткен. "Бейбіт жиын заңын бұзған" деген айып тағылған үшінші топтағы мүгедек Алтынбаев сот үстіне денсаулығы нашарлап, оны ауруханаға әкеткен. Алтынбаевқа да Ағаділдің асына барғаны үшін айып таққан.

20 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған тергеу соты онлайн арқылы өткен сот процесінде блогер, журналист Айгүл Өтепованы уақытша қамау изоляторынан үйқамаққа шығару туралы қаулы шығарды. 17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан полициясы Өтепованың үйінде тінту жүргізіп, мобильді телефонын, компьютерін тәркілеген. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағына сай ("Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу") іс қозғалған.

Your browser doesn’t support HTML5

Нұр-Сұлтанда екі белсенді қамалды. Олар ұсталуын алдағы митингімен байланыстырады

Дулат Ағаділдің асы алдында және асынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында жүзден астам белсенді "бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды" деп айыпталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Кейбірі әкімшілік қамауға алынып, өзгелеріне айыппұл салынды.

Олардың көбі – Қазақстанда саяси реформалар жүргізуді, әділ сайлау өткізуді, саяси тұтқындарды босатып, сөз бостандығын шектемеуді және елді президенттік жүйеден парламенттік басқару жүйесіне көшіруді талап етіп жүрген азаматтар.

"МИТИНГІНІҢ АЛДЫН АЛУҒА ТЫРЫСЫП ЖАТЫР"

Құқық қорғаушылар белсенділерге қысым оппозиция жоспарлаған бейбіт митинг қарсаңында күшейіп отырғанын айтады. Қыркүйектің басында қазір шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 25 қыркүйек күні Қазақстанның барлық аймағында биліктің отставкаға кетуін талап етіп жалпыұлттық қарсылық акциясын өткізу жоспарын әлеуметтік желіде хабарлаған.

Оппозицияның наразылық митингісі өтеді деп хабарланған жерді қоршап, ешкімді өткізбей тұрған полиция қызметкерлері. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

Мұхтар Әблязов құрған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын (ҚДТ) Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Биыл жазда Қазақстан соты қызметіне тыйым салған ұйымдар қатарына тіркелмеген "Көше партиясы" да қосылды.

"Көше партиясы" мен ҚДТ қозғалысы

2020 жылы мамырда Нұр-Сұлтан соты тіркелмеген "Көше партиясын" "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп, қызметіне тыйым салған. 2018 жылы Қазақстан соты "экстремистік" деп танып, тыйым салған тіркелмеген ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстан билігі ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін жарияламаған. Билік өзі тыйым салған ұйымды қолдаушыларды қудалап, ондаған адамды жауапқа тартқан, кейбіріне қылмыстық іс қозғап, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын құқық қорғаушылар жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды деп біледі.

Қазақстан режимі Мұхтар Әблязовты әртүрлі қылмысқа, соның ішінде"кісі өлтіруге тапсырыс берген", кезінде өзі басқарған БТА банкінен "миллиардтаған доллар жымқырған" деп айыптап, өмір бойына бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарған. Нұр-Сұлтан Әблязовты елге экстрадициялауға қанша талпынғанымен, нәтиже шығара алмаған. Әблязов өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп, жоққа шығарады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың "еститін" үкіметі тұсында "саяси тұтқын" деп танылғандар көбейді

Билік ҚДТ митингілерін "заңсыз" деп атайды. Сот "заңсыз ұйым" деп танығаннан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Кейбірін қылмыстық іс бойынша жауапқа тартып, соттаған.

"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның дерегінше, қазіргі уақытта кемінде отыз белсенді түрлі айыптаумен қозғалған қылмыстық істе күдікті немесе куәгер саналады. Ол істердің көбі Қылмыстық кодекстің 405-бабы ("Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу") бойынша қозғалған.

Бақытжан Төреғожина.

Төреғожина Қазақстан билігі елде ҚДТ жариялаған кез келген наразылық шарасына жол бермеу үшін барлық күшін жұмылдырады деп санайды.

– Әблязов жариялаған әр акцияны аза бойы қаза тұрып қабылдайтын билік оған жол бермеуге тырысады. Ырыққа көнбей, бақылаудан шығып кетіп, өздерін төңкеріп тастайды деп қорыққан олар наразылық "тарап" кетпес үшін оны тұншықтыруды ғана біледі. Олар Әблязовтың үндеуімен көшеге шығатындарды "экстремист" көреді, - дейді Төреғожина.

Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Агелеуовтің пікірінше, билік наразылар бірігетін болса, күш алып кете ме деп қауіптенеді.

Ғалым Ағелеуов.

– Билік олар өз азаматтық, саяси құқықтары мен еркіндігін қорғау жолында біріге бастаса, жай сынап қана қоймай, митингіге шығып, билікті ауыстыру үшін қарсылық акциясы көбейеді деп қорқады. Ал билік, өкінішке қарай, авторитарлық болмысына сай қимылдайды. Басып-жаншудан өзге жол білмейді. Өткен жылдар ішінде қудалау мен қамаудан өзге қадам жасамады, құр кейіп танытқаны болмаса, ешқандай диалогқа барған жоқ, – дейді Ағелеуов.

Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін алдын ала билікті ескертуі тиіс, бірақ әкімдік келісім бермесе, ондай митинг заңсыз деп саналып, оған қатысқандарды жауапқа тартады. Белсенділер билік келісімді өз қалауы бойынша таңдап қана беріп, әр азаматқа Конституцияда кепілдік етілген митинг өткізу құқығын шектеп отыр деп есептейді.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанның биыл жазда қабылдаған "Бейбіт жиын туралы" заңы мемлекет орындауға міндеттеме алған халықаралық пактілерге сай емес деп жиі сынайды.

(Мақаланы жазуға Дилара Иса қатысты.)