Белсенділер ІІМ-ді реформалаудан әлі де үмітті

Денис Тенді жерлеу рәсімі. Алматы, 21 шілде 2018 жыл

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, спорт жұлдызы Денис Тенді өткен айда Алматыда «көлік терезесін тонаушылар» пышақтап өлтірген соң полицияны әрекетсіздігі үшін айыптау күшейіп, ІІМ-нің реформасы мен министрдің отставкасын талап етушілер көбейген. Бір айда не өзгерді?

Денис Теннің өлімінен соң қоғамдық қауіпсіздік үшін алаңдап, Ішкі істер министрлігін реформалау мәселесін үзбей көтеріп жүрген белсенділердің бірі – «ІІМ –дегі реформа үшін» («За реформу МВД») тобының өкілі Ирина Медникова. Бұл азаматтық бастамашыл топтың Facebook парақшасына 17 мыңнан аса адам жазылған.

АЗАМАТТЫҚ БАСТАМА

Шілденің 19-ында Денис Тен «көлік айнасын ұрламақ болды» деп сипатталған күдіктілердің қолынан Алматының орталық ауданында мезгілсіз мерт болғаннан кейін екі күннен соң полицияның жұмысына көңілі толмайтын жүзден аса адам Facebook-та бас қосып, алғашқы жиын өткізген. Жиынға қатысушылар алпыстан аса ұсыныс айтқан.

Facebook-тағы "ІІМ-не реформа талап етеміз" тобының баннері

- Біздің талабымыз – салық төлеушілердің көңілінен шығу үшін Қазақстан республикасының полициясын ІІМ-нен бөлек орган етіп құру керек. Осылайша полиция жұмысы саясаттан алшақтап, қызметі қалыпқа түседі. Полиция үшін қоғамның қажеттілігі маңызды болуы керек. Бұл жолда қоғамды бақылау емес, оған қызмет көрсету моделіне көшу қажет, - деді Медникова Азаттыққа.

Қоғамдық бастама өкілдері мақсаттарын стратегиялық және тактикалық етіп екіге бөледі. Стратегиялық мақсатқа ІІМ-ді реформалауды, ал тактикалық мақсатқа 102 қызметін жақсарту мен полиция учаскелерінің маңындағы дуалдардың алынып тастауын жатқызады. Соңғы жылдары «террорлық шабуыл қаупінен сақтану» деген себеппен Қазақстанның кейбір қалаларында ішкі істер департаменттері кеңселерін биік дуалмен қоршап қойған.

Денис Теннің трагедиялық өлімі сыртқа шығар саңылау таппай тұрған қоғамның ашу-ызасын лақ еткізген түрткіге айналды. Соңғы бір ай бойы қазақстандық әлеуметтік желілерде «көліктерінің айнасы әлі ұрланып жатқаны» туралы постылар, фотолар мен видеолар жарияланып тұрды. Қастандық жасала сала бірнеше күннен соң Алматыда қалалық қоғамдық кеңес жиын өткізіп, бірқатар ұсыныстарды Ішкі істер министрлігіне жіберген. Кеңес мүшелері биліктен "қарапайым адамдар қылмыскерлерден қорғана алар еді, әрі ұрлық та азаяды" деген уәжбен травматикалық қару ұстауға рұқсат беруді және Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Алматы Ішкі істер департаментінің басшысы Серік Күдебаевты отставкаға жіберуді сұраған.

Денис Тенді жерлеу рәсімі. Алматы, 21 шілде 2018 жыл

ПОЛИЦИЯНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Алматы полициясы Денис Теннің өлімінен кейін күдіктілерді іздестіру мен ұстауға қатысты жедел ақпарат беруге тырысты. Бірақ қаладағы соңғы жылдары жиілеп кеткен ұрлық пен тонау әрекеттері туралы арыз-шағымдарға қатысты әлі мәлімдеме жасаған жоқ.

Тамыздың 8-інде "Жаңа қайрат" ықшам ауданының тұрғындары Азаттыққа: "Ұры түспеген үй қалмады" деп шағымданған. Қалалық ішкі істер департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек бұл жағдайдан хабардар екенін растап, "учаскелік полицейлер жетпейді" деп уәж айтқан. "Жаңа қайрат" тұрғындардың наразылығы мен ІІД-нің баспасөз мәлихатын Азаттықпен бірге түсірсе де, жергілікті БАҚ-тың түгелге жуығы бұл оқиға туралы хабар таратпады.

ВИДЕО: Алматыда пәтер ұрлығы азаймай тұр

Теннің өлімінен кейін 20 күн өткен соң барып көпшілік алдына алғаш рет шыққан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматы полициясын қорғаштай сөйлеп, "оқиға орнына дер кезінде жеткенін" айтқан. Министр күдікті деп жарияланған 23 жастағы Арман Құдайбергеновті, 25 жастағы Нұралы Қиясовты және Жанар Толыбаеваны "Алматыға сырт аймақтардан келгендер" деп көрсетіп баққан.

Спортшының өлімінен кейін полицейлер қаладағы автокөлік базарына рейд жасап, ұрланған көлік саймандарын сатушыларды анықтағанын хабарлаған. Тұрғындар 102 қызметіне хабарласу мүмкін еместігін айтып наразылық көбейгеннен кейін Алматы Ішкі істер департаментіне қарасты жедел басқару орталығының жетекшісі Андрей Квашин "102 қызметіндегі операторлар саны екі есеге көбейгенін" мәлімдеген. Ал тамыздың 6-сы күні ІІД басшылығы полиция учаскілеріндегі қоршаулар бұзылатынын жариялаған. Денис Тен қаза тапқан Алмалы аудандық жергілікті полиция басшысы Серік Құмабеков пен Алматы қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасұлан Байкенов қызметтерінен кеткен. Алмалы аудандық ІІБ мен Алматы қалалық ІІД басшылары орындарында қалды.

«КОСМЕТИКАЛЫҚ» ӨЗГЕРІСТЕР

Саясаттанушы Досым Сәтпаев ішкі істер министрілігінде айтарлықтай өзгеріс болатынына күмән келтіреді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев

- Өйткені, егер саяси жүйенің бір элементіне түбегейлі реформа жасалса, онда барлық жүйені реформалау қажет болады. Билікке мұның қажеті жоқ. Қауіпті прецедент жасаудан қорқады. Елестетіп көріңізші, егер ІІМ-нің реформасы басталып кетсе, азаматтар белсенді түрде небір басқа шикілікті шығарып, пікір алмасып, талқылап, талап ете бастаса, не болмақ? Іле-шала өзге сегменттерге де дәл осындай талап қойыла бастайды. Ал одан кейін саяси талаптардың да ауылы алыс емес. Билік, міне, дәл осыдан қорқады, - дейді Сәтпаев.

Сарапшының сөзінше, Орталық Азия елдерінде күштік құрылымдағы реформа тек Өзбекстанда болып жатыр, оның өзі тек билік ауысқаннан кейін басталған.

- Жалпы саяси жүйе тиімсіз жұмыс істеп жатқан тұста жекелеген министрлікте реформа жасау қиын. ІІМ-ді реформалауды талап еткен толқын – позитивті тренд. Мұның өзі Қазақстанда жаңа азаматтық қоғамның пісіп-жетілгенін көрсетеді. Сондықтан біршама "косметикалық" өзгерістер болады. Бірақ бұл полиция қызметін жақсарту үшін емес, әлеуметтік шиеленісті басу үшін ғана жасалады, - дейді саясаттанушы.

Оқи отырыңыз: Қоғамдық кеңес Алматының қауіпсіздігіне алаңдайды

Ал Ирина Медникова сияқты белсенділер биліктің дәл осы жолы азаматтық қоғамның полицияны реформалау туралы талап-тілегіне құлақ асатынынан әлі де үмітті.

- Алғашқы отырыстан кейін бір апта өткен соң бір топ сарапшы жиында айтылған 63 ұсынысты бір жүйеге келтірді. Бұл құжатты келесі аптада Қауіпсіздік кеңесіне жібереміз деп отырмыз, - деді Азаттыққа Медникова.

"ІІМ –дегі реформа үшін" бастамасының Facebook парақшасында тоғыз администратор, 30-ға жуық адам кірген төрт сарапшылар тобы бар. Мүшелердің дені – заңгерлер мен құқық қорғаушылар.