Өзбекстан билігі жер беру процесі ерікті әрі толық заңға сәйкес жүзеге асырылады және ауылшаруашылық жерлері ешқандай қытайға, ешқандай шетелдікке, берілмейді дейді. Алайда Өзбекстанның шығысында мақта, көкөніс және жеміс өсірумен айналысатын фермерлердің Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлиқ) айтуынша, жергілікті шенеуніктер түнде үйлеріне келіп қоқан-лоқы жасап, жерді тапсыруға мәжбүрлеген. Осы қысым кесірінен олар күнкөріс көзінен айырылған.
Өзбекстан заңына сәйкес, ауылшаруашылық жері жеке меншікке берілмейді, фермерлер мемлекеттік жерді 49 жылға дейін жалға алады. Үкімет тек жалдау ақысы төленбеген жағдайда немесе жер ерікті түрде тапсырылғанда ғана бұл келісімшартты бұза алады.
Азаттық фермерлермен, мемлекеттік шенеуніктермен сұхбаттасып, заңды құжаттарды талдады. Одан белгілі болғаны: Өзбекстанның шығысындағы, Қырғызстан және Тәжікстанмен шектесетін, мақта алқаптарына бай Ферғана аңғарында жергілікті билік өкілдері қытайлық инвесторлар қатысатын жобаларға жер бөлу мақсатында фермерлерді ығыстыруда қорқыту және құпия әрекет әдістерін қолданады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресейдің тағы бір қамыты". Өзбекстандағы АЭС тағдырын кім және қалай шешіп жатыр?"Олар үйіме келіп, әйелім екеумізді күштеп көлікке отырғызып, аудандық әкімдікке алып кетті", — деді Азаттыққа Қорғантепа ауданындағы негізінен көкөніс өсіретін ірі шаруашылық басшысы Зоиржон Гаппаров. Оның айтуынша, үкіметтің қысымы 2024 жылдың желтоқсанында басталған.
"Алдымен хокимнің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Шухрат Камчиевке, кейін аудан басшысына апарды. Олар президент біздің жерімізді қытайлықтарға беру керек деп өкім еткенін айтты", – деді ол.
Зоиржон Гаппаров шенеуніктердің сөзіне көніп, жерді мемлекетке тапсыру туралы өтінішке қол қоюдан бас тартқанын, ал осы оқиғадан кейін оның мақта алқаптарына милиция мен прокуратура қызметкерлері жиі келе бастағанын айтты. Сондай-ақ, милиция оның жұмысшыларын "жер заңсыз жалға алынған" деп жазылған түсініктемелерге қол қоюға мәжбүрлеген.
Өзбекстанның Улугнар аймағындағы жерді тегістеп жатыр
Зоиржон Гаппаров 2025 жылдың қыркүйегінде әкімшілікке қайта барғанда жері әлдеқашан басқаға берілгенін айтқан.
"Олар "сен енді фермер емессің, жеріңді қытайларға бердік" деді, – деп еске алады Гаппаров. – Қолымда барлық құжатым болса да олар менде ешқандай заңды құжат жоқ екенін айтты".
ЖЕРДІ ТАРТЫП АЛУДЫҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ
Былтыр Озодлиқ Әндіжан облысының кей аудандарындағы ауылшаруашылық жерлері Қытай компанияларына беріліп жатқанын жазған. Сол материал шыққан соң жер беру біраз саябырсыған, дегенмен фермерлердің айтуынша, бірнеше айдан соң қысым қайта күшейген.
Қытай – Өзбекстандағы ең ірі инвестор, шетелдік капитал мен жаңа жобалардың ең үлкен үлесі соның еншісінде. Алайда қытайлықтардың көп кәсіпке араласа бастауы жергілікті фермерлерді алаңдатып отыр, олар әсіресе ауыл шаруашылығы жерінің шетелдік инвесторларға басымдықпен бөлінуінен қауіп көреді.
Қорғантепа ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дилмурод Қожамбердиев Азаттыққа жер қытайлықтарға жалға берілгенін, олардың меншік құқығы жоқ екенін айтты.
"Үкіметтің шешімімен Өзбекстанда дирекция құрылып, жер сол дирекцияның қарамағына берілді, – деді ол. – Заң ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына беруге рұқсат етпейді".
Өткен жылы ауданда қытайлық компаниялар қандай да бір дақыл өсірді ме деген сұраққа Қожамбердиев "иә" деп жауап берді.
"Олар жерді менен не аудан басшысынан емес, дирекциядан жалға алды, – деді Қожамбердиев. – Дирекция жерді кез келген адамға жалға бере алады. Мұны хоким шешпейді".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың Ташкентке сапары және Орталық Азия елдері әріптестігінің "жаңа дәуірі"2025 жылдың мамыр айында қабылданған үкімет қаулысы аясында мұндай дирекциялар Әндіжаннан бөлек алты аймақ – Жызақ, Наманган, Ташкент, Ферғана, Сырдария және Қашқадария облыстарында құрылды.
Бес қызметкерден тұратын дирекция жер тиімді пайдаланылғанын бақылайды және ауыл шаруашылығы жерін жергілікті немесе шетелдік инвесторларға "заңға сәйкес" жалға бере алады.
Өзбекстан ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2024 жылдың желтоқсанында елде шетелдік капитал қатысатын 17 900 кәсіпорын болған, соның ішінде 4 873-і қытай капиталын пайдаланған. Қытайлық компаниялар үлесі жылдам өсіп келеді: 2025 жылдың соңына дейін тағы 1 500-ден астам кәсіпорын тіркелген.
"ТЕК ҚАҒАЗДА ҒАНА ЕРІКТІ"
Басқа фермерлер де Гаппаров сияқты қысымға ұшырағанын айтады.
Дәнді дақылдар мен мақта өсіретін "Азизабону дурдонаси" фермерлік шаруашылығының басшысы Азизахон Ергашева Азаттыққа сұхбатында түнде милиция қызметкерлері оны үйінен алып кетіп, 40 гектар жерін "қытайлықтарға" мақта өсіруге беру туралы өтініш жазуға мәжбүрлегенін айтты.
"Ол кезде ауырып, қатты әлсіреп жүрген едім. Ақырында қол қоюға мәжбүр болдым. Бұл тек қағаз жүзінде ғана ерікті болды", – деді Ергашева.
Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қожамбердиев жер тек қарызы бар немесе өндірістік жоспарды орындамаған фермерлерден ғана алынатынын айтады.
Оның айтуынша, Ергашева – қарызы бар фермерлердің бірі. Ал Ергашева шенеуніктер мақта бойынша орындалуы мүмкін емес талап қойып, аудан әкімшілігі ұсынып отырған тамшылатып суару жобасында әдейі кедергілер жасап, оның қарызын қолдан өсірген.
"Олар бізді гектарына 40 центнер мақта тапсыру туралы келісімшарттарға қол қоюға мәжбүрледі, ал біздің жер мұндай өнім бере алмайды", – дейді Ергашева.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) сараптамасына сәйкес, бір гектардан 40 центнер шитті мақта алу қазіргі мақта шаруашылығында өте жоғары көрсеткіш саналады.
"Біз жоспарды орындай алмадық та, қарызға баттық. Содан кейін тамшылатып суару жүйесін орнату үшін олар ұсынған компания ақшамды алып, ғайып болды, – дейді Ергашева. – Олар бір шұңқыр қазды да, қашып кетті. Ең сорақысы – бұл компанияны аудан әкімшілігінің өзі ұсынған!"
Қорғантепа ауданындағы билікке жақын қоғамдық ұйым – фермерлер кеңесінің басшысы Орифжон Каюмовтың айтуынша, шаруалардан алынған жерлерде қазір шетелдік инвесторлар, соның ішінде қытайлықтар жұмыс істеп жатқан жоқ.
"Жерді тек ерікті түрде не сот шешімімен алып қояды, – деді ол. – Фермерлер оны өз қалауымен резервке өткізеді. Хоким ауылшаруашылық дирекциясын құрды, қазір жердің заңды иесі – сол. Көктемде не болатынын көрейік".
Фермерлер бұл пікірге келіспейді. Олар "сотқа шақырту алмадық, милиция үйімізге келіп, қорқытып-үркітіп, қол қағаздарға қол қоюға мәжбүрледі" дейді.
Қудалаудан қорқып, аты-жөнін айтпауды сұраған екі фермер өздерін милиция бөлімшесіне алып барып, жерді "өз еркімен беру туралы" өтініш жазуға мәжбүрлегенін айтты.
Ергашева тұратын аудандағы 20-дан астам фермер мен Әндіжан облысындағы 50-ге жуық диқанның айтуынша, олар да жергілікті әкімшілігік ұсынған суару компаниясының салдарынан қаржыдан айырылдық деп отыр.
Ергашеваның айтуынша, "қытай инвестициясы" үшін алып қойған 40 гектар жер іс жүзінде жергілікті бизнесмен Баходир Сайдалиевке берілген.
"Ол келді де, мен өсіргеннің бәрін жермен жексен етті: жеміс бағымды, жібек алатын тұт ағаштарын да қиратып тастады. Жақсы жеміс беретін шие ағашын егемін деді. Оның орнына олар жабайы ағаш егіп, онысы қурап қалды. Қазір жерге арамшөп қаптап кетті", – дейді Ергашева.