Президент тағайындайтын ОСК сайлауды я референдумды әділ өткізе ала ма?

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті Ақордада қабылдаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "референдумды өткізу барысында ашықтыққа, заңдылыққа және барлық азаматқа тең жағдай жасау қажет екеніне баса назар аударды". Астана, 26 ақпан, 2026 жыл.

Қазақстанның референдумға шығарылған жаңа Конституция жобасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясының төрағасын жеке-дара, ал қалған алты мүшесін Құрылтай келісімімен президент тағайындайды. Президент ұсынған адамдарды Құрылтай екі рет кері қайтарса, президент оны таратуға құқылы. Қазіргі қолданыстағы негізгі заңда президент төраға мен тек екі мүшені ұсына алатын. Бұл президенттің өкілетін одан әрі күшейтіп, сайлау мен референдумдарда ол қалаған нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермей ме? Дәл осы өзгеріс билікке не үшін керек болды, Орталық сайлау комиссиясына кімдер өтуі керек және сайлау әділ өтуі үшін не өзгеруі керек?

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨКІЛЕТІ

Жаңа Конституция мәтіні жарияланбай тұрып конституциялық комиссия мүшесі, депутат Мақсат Толықбай ақпанның басында өткен мәжіліс отырысы кезінде жобада "президентке артық өкілет берілетіндей жаңа норма қосылған жоқ" деді. Ал комиссия жұмысына араласпаған өзге депутат Ерлан Сайыров әлеуметтік желідегі парақшасында осыған ұқсас мәлімдеме жасады. Десе де президенттің сайлауды ұйымдастырып, оны жүзеге асыратын басты органның басшысын өзі таңдап, мүшелерін парламент келісімімен тағайындайтыны – оған үлкен өкілет берілгенін айқындайды дейді сарапшылар.

Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы жариялаған талдауында жаңа жоба президентке бұл жағынан тым көп өкілдік беріп жіберген деп ескертеді.

"Президенттің парламентке ықпал ету тетіктері айтарлықтай күшейеді. Тіпті қазіргі Конституциямен салыстырып қарағанда да жобада парламент өкілеті қысқартылған, бұдан билік бөлінісі мен теңгерім және тежеу жүйесіне қатысты маңызды сұрақтар пайда болады" делінген бюро талдауында.

Бұрын сот жүйесінде істеген әрі әділет вице-министрі болған заң ғылымдарының докторы, профессор Жұмагелді Елубаев қазіргі қолданыстағы Конституция елді бір адамның 30 жыл басқаруына мүмкіндік берді, ендігі басты заң оған жол бермеуі керек еді дейді.

"Меніңше, ең дұрыс нұсқа — президент кандидаттарды ұсынсын, ал жаңа парламент сол үміткерлерді Орталық сайлау комиссиясына сайласын. Сонда ОСК мүшелері президентке де, орталық атқарушы билікке де тәуелді болмайды, өйткені оларды парламент сайлаған. Тәуелсіздік деңгейі, тәуелсіздік өлшемі әлдеқайда жоғары болар еді" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Не өзгерді? Референдумға шығарылған Конституция жобасына шолу

Әйтсе де Елубаев Орталық сайлау комиссиясының еркіндігі қамтамасыз етілді дегеннің өзінде Қазақстанның кейінгі 30 жыл тарихында бюллетендерді жаппай салу, кандидаттарды шеттету секілді тіркелген заң бұзу әрекеттері болғанын еске салады.

Ал кейінгі жобаны әзірлеген конституциялық комиссия мүшесі, Республикалық заң консультанттары алқасы төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, президенттік басқару нысанындағы республикада ОСК төрағасы мен мүшелерін президент тағайындауы қисынды. "Президенттік мемлекет болғаннан кейін сайлау комиссиясының үлкен мәні бар, үлкен жауапкершілігі бар, оған көп нәрсе байланысты. Сондықтан, біз солай деп келістік" деді ол Азаттыққа сұхбатында.

"Парламенттік, президенттік-парламенттік емес, президенттік мемлекет болғаннан кейін бәріне жауап беретін - президент. Ол өзі небәрі жеті-ақ жыл отырады. Кейін ол жай адам болып қалады. Сондықтан ол халық алдында қалай да болса, жауап береді. Сондықтан президентке барлығы берілген" деді ол Азаттыққа.

Your browser doesn’t support HTML5

"Бәріне жауап беретін – президент". Сайлау комиссиясы қалай тәуелсіз болады?

ЕҚЫҰ БАҚЫЛАУШЫЛАРЫНЫҢ СЫНЫ

Қазақстандағы сайлау процесін 1999 жылдан бері бақылап келе жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жанындағы Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) Қазақстандағы саяси науқандар әділ, таза, бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі міндеттемелеріне сай келмейді деп жиі сынайды. Мысалы, бюро 2004 жылы өткен парламент сайлауында елеулі кемшіліктер кеткенін айтып, оны "халықаралық стандарттарға сай емес" деп сипаттаған.

Қазақстан "Сайлау туралы" заң мен Орталық сайлау комиссиясының жұмысын жетілдіруге тырысқанымен, ДИАҚБ бақылаушылары заң бұзу әрекеттерін тіркеп, ұсыныстарын жариялап келеді. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының аясында өткен президент сайлауында да бұл ұйым олқылықтар болғанын мәлімдеген.

Әйтсе де президент Тоқаев Қазақстан заңдары демократиялық талапқа сай екенін, сайлау әділ өтетінін айтып жүр. Былтыр Al Jazeera арнасының журналисі 2023 жылғы парламент сайлауын бақылаған ДИАҚБ есебіне сілтеп, "елдегі бейбіт жиналыс пен саяси науқан жүргізуді шектейтін кей ережелер алынып тасталуы керек пе?" деп сұрағанда, Тоқаев "біздің заңдарымыз өте демократиялық, Қазақстан – тұтасымен демократиялық мемлекет" деген.

ҚАЗІРГІ ОСК

Қолданыстағы негізгі заң бойынша, Орталық сайлау комиссиясының қазіргі төрағасы Нұрлан Әбдіров және екі мүшесі Михаил Бортник пен Азамат Айманақұмовты президент тағайындаған. Мәжіліс Әсел Жанәбілова мен Мұхтар Ерманды, ал сенат – Шавкат Өтемісов пен Ләззат Сүйіндікті сайлаған. Жиыны жеті адам.

Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында олардың қай партияға мүше екені жазылмаған. Бірақ бұл лауазымға келмей тұрып Әбдіров "Аманат" партиясының саяси бюросының мүшесі болған. Ал Ерман мен Өтемісов Мәжілісте, Бортник Сенатта бұрынғы "Нұр Отан", қазіргі "Аманат" партиясынан депутат болып сайланған. Айта кеткен жөн, жаңа Конституиция жобасының 26-бабы 2-тармағында Орталық сайлау комиссиясы "қандай да бір саяси партияға немесе қоғамдық-саяси қозғалысқа қолдау көрсетуге не сыни пікір білдіруге құқығы жоқ" делінген.

"САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР ЖЕТІСПЕЙДІ"

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейінгі президент және парламент сайлауын, АЭС бойынша референдумды Нұрлан Әбдіров басшылық ететін ОСК ұйымдастырған. Әбдіров – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында Қауіпсіздік кеңесінде түрлі қызметтер атқарып, мәжіліс, сенат депутаты болған адам.

Оған дейін комиссияға 2016 жылдан бері экс-президенттің құдасы Берік Имашев төраға болған. Имашев – Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиевтің қайын атасы. 2021 жылғы мәжіліс сайлауынан соң құдағиы – Дариға Назарбаева оның қолынан депутат куәлігін алған.

Your browser doesn’t support HTML5

AzatNEWS 14.01.2021

Назарбаев президент болып тұрған кезде оның өзі де, ол басқаратын партия да сайлауда басым көпшілік дауыспен жеңіске жетіп келді. Сайлауға қатысқан оппозиция өкілдері, тәуелсіз бақылаушылар заң бұзу көп болғанын, нәтиже бұрмаланғанын, әкімшілік ресурстар қолданылғанын айтып сынап келеді. Бірақ ОСК бұл сынның барлығы сайлау нәтижесіне әсер етпейтін, мардымсыз не дәлелденбеген фактілер деп жауап қайтарумен болды.

Заңгер Жұмагелді Елубаев өкілет мерзімі аяқталуына 3,5 жылдай қалған қазіргі президент Тоқаев соңына "жақсы Конституция қалдырады" деп үміттенгенін айтады.

"Тоқаевтың өзі – жоғары білімді адам, интеллектуал, тілдерді біледі, халықаралық тәжірибені меңгерген дипломат. Оның артында Назарбаевтағыдай жағымсыз "шлейф" жоқ. Яғни, интеллектуал ретінде бұл – өзгерістерге дайын адам. Бірақ "ол неге бұған бармайды?" деп таңқаламын. Меніңше, не саяси ерік-жігер жетіспейді, не оны бір нәрсе тежеп тұр. Бірақ оны не тежеп тұрғанын біз білмейміз" деді ғалым Елубаев Азаттыққа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық сайлау комиссиясы «хикаялары»

1993 ЖЫЛҒЫ КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ "ДЕМОКРАТИЯ БЕЛГІЛЕРІ"

Құқық қорғаушы, заңгер Евгений Жовтис сайлау жүйесі Совет одағынан қалса да, 1993 жылы өткен парламент сайлауында демократия белгілері болды дейді.

"Негізінен сайлау комиссияларының мүшелері бюджет қызметкерлері болатын, яғни, олар әрдайым тәуелді еді. Сондықтан бәрібір тәуелді болды. Тек ол кезде Орталық сайлау комиссиясының аумақтық комиссияларға тікелей ықпал ету мүмкіндігі әлдеқайда аз еді. Коммунистік партия жойылған кез, ал билік әлі сақтық танытатын. Бүгінгідей толық басқармайтын. Сол кезеңде саяси белсенді процесс жүрді. Бақылаушылар көп болды, журналистер қазіргіден әлдеқайда еркін әрекет ететін. Осылардың бәрі қосылып, сайлау үдерісін белгілі бір демократиялық сипаттағы шеңберде ұстап тұратын" деді Жовтис.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 1993 жылғы Конституция парламентті күшейтіп, президентті шектеді ме?

САЙЛАУДЫ КІМ ҰЙЫМДАСТЫРУЫ КЕРЕК?

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдап, тағы да өзі айқын басымдықпен жеңген. Назарбаевтың қайта сайлауға түсуіне қарсы болған саясаткерлердің бірі – бұрынғы үзеңгілесі Заманбек Нұрқаділов еді. Ол сол кезде оппозицияның баспасөз мәслихатында журналистерге "Назарбаев бұл сайлауда өз кандидатурасын ұсынбауға тиіс" деп мәлімдеген.

Ал одан біраз уақыт бұрын, биліктен кеткеннен кейін, Нұрқаділов өзіне Орталық сайлау комиссиясы төрағалығын беруді Назарбаевтан сұрап, сайлауды әділ өткізетінін, бәрін тәртіпке келтіретінін айтқан. Бірақ сол кездегі президент оған келіспеген. Құқық қорғаушы Евгений Жовтис елде сайлау әділ өтуі үшін сайлау үдерісін саяси оппозиция өкілдері де еш шектеусіз бақылай алуы керек дейді.

"Сайлау комиссияларына деген сенімді қалай қамтамасыз етуге болады? Орталық сайлау комиссиясы оппозиция өкілдерінен құрылатын елдер бар. Сенім болуы үшін ОСК құрамында оппозиция басым көпшілікке ие болады. Тағы бір тәсіл — учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларына міндетті түрде тәуелсіз адамдарды енгізу. Егер ондай тәуелсіз адамдарды табу мүмкін болмаса немесе оларды қалай табуды білмесеңіз, онда комиссия құрамын сайлауға қатысушы партиялар арасында пропорционалды түрде бөлесіз. Өйткені олар – бір-біріне бәсекелес" дейді Жовтис.

Қазақстандағы сайлау заңы бойынша сайлау комиссияларының құрамында саяси партиялардың мүшелері кіруі керек. Жергілікті жерлерде көбіне мектеп мұғалімдері, бюджет мекемелерінің қызметкерлері партиялар атынан комиссияға мүше болып кіреді. Азаттық өзінің қай партиядан келгенін білмейтін комиссия мүшелерін бұған дейін талай рет әшкерелеген.

179 ЕЛДІҢ ІШІНДЕ 127-ОРЫН

Әділ әрі ашық сайлау процестеріне қатысты зерттеу жүргізетін Швециядағы V-Dem институты Қазақстанның 1990-жылдардың бірінші жартысындағы индекс көрсеткіші жоғары болғанын, кейін күрт төмендеп, Тоқаев дәуірінде біршама өскенін көрсетеді. Десе де институттың былтырғы есебіне сәйкес, Қазақстан 179 елдің ішінде 127-орынға тоқтап, "автократиялық сайлау" тобында қалып отыр. Әділ сайлаудың бір алғышарты – сайлау комиссиясы да әділ жасақталуы керек.

Жұмагелді Елубаев ОСК де, өңірлік сайлау комиссиялары да тәуелсіз, адал адамдардан жасақталуы керек деп санайды.

"Биліктен қорықпайтын адамдар [керек]. "Жоқ, кешіріңіз, біз бюллетеньдерді тастай алмаймыз", "жоқ, біз бұл кандидатты тәуелсіз болғаны үшін алып тастамаймыз" деп айта алатын адамдар [керек]. Яғни, олар өз ұстанымын анық әрі нақты білдіруге тиіс көп мәселе болады", дейді ғалым.

ӘЛЕМ ТӘЖІРИБЕСІ

Әлемде сайлау комиссиясы құрамына қатысты түрлі ереже бар. Мысалы, АҚШ-та федералды сайлау комиссиясының алты мүшесін Сенат мақұлдауымен президент тағайындайды. Бірақ заң бойынша, құрамында бір партияға мүше азаматтар үшеуден аспауы керек.

Ал Францияда сайлау үдерісін бақылайтын Конституциялық кеңестің үш мүшесін президент, ал қалған алтауын парламенттің екі палатасы ұсынады.

Ұлыбританияда да әдетте сайлау комиссиясына кімдер өтетінін парламенттегі сайлау комиссиясы жөніндегі комитет қадағалайды.

Германияда сайлау комитетінің өкілдерін саяси партиялар ұсынады. Олар әдетте қоғамның өзін-өзі басқару жүйесі іспеттес әрекет етеді, биліктің ешбір тармағына бағынбайды.

АҚШ-ТАҒЫ "ДАУЫС ҰРЛАУ"

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп 2017-2021 жылдар аралығында бірінші президенттік мерзімін өткерген. 2020 жылғы қараша айында өткен президент сайлауында Трамп негізгі бәсекелесі демократ Джо Байденге есе жіберсе де, жеңілгенін мойындағысы келмеді. Сондай дау Джорджия штатында өрбіді.

2021 жылғы 4 қаңтарда америкалық NBC телеарнасы Дональд Трамп пен Джорджия штатының сайлау комиссиясы өкілдерінің бірлескен телефон әңгімесін жариялады. Бір сағатқа созылған әңгіме кезінде Трамп Джорджия штатында "дауыс ұрланды" деген уәж айтып, 11780 дауыс тауып беруді талап еткен. Штат хатшысы әрі сайлау комиссиясының жетекшісі Бред Раффенспергер жиналған бюллетендер екі рет саналғанын, Ақ үй басшысы айтқан уәждің ешқайсысы расталмағанын мәлімдеген.

Бред Раффенспергер – республикалық партия мүшесі. Ол Трамптың қысымына қарамай, сайлау нәтижесін бұрмалауға жол бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ сайлауының Қазақстанға берер 5 сабағы