Accessibility links

Конституцияны жаңарту – билікті уыстан шығармау амалы ма? Амалбек Тшанмен сұхбат

Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Амалбек Тшан
Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Амалбек Тшан

Қазақстанда референдумге шығарылатын жаңа Конституция жобасы парламентті тек пропорциялық жүйемен сайлауды ұсынады. Билік оны саяси жүйені жаңарту деп атады. Экс-депутат Амалбек Тшан партиялық тізіммен ғана сайлау азаматтардың тікелей өкілдік ету құқығын шектеп, саяси бәсекені тарылтады деп есептейді.

Қазақстанда билік жалпыхалықтық референдумге шығарғалы отырған жаңа Конституция жобасы қоғамда саяси жүйені реформалауға байланысты пікірталасты күшейтті. Билік өкілдері жаңа Конституция жобасы саяси жүйені жаңартып, басқару моделін қайта теңгеруге бағытталғанын айтады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістер суперпрезиденттік басқару моделінен бас тартып, демократиялық институттарды нығайтуды көздейді деп мәлімдесе, кей саясаткерлер парламенттің рөлі әлсіреп, президенттің құзыреті бұрынғыдан да кеңейіп, қолындағы билік күшейеді деп есептейді.

Бұрынғы парламент депутаты Амалбек Тшан Азаттыққа сұхбатында билік жариялап отырған конституциялық реформа елдің саяси жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелмейді, партиялық тізіммен сайлау азаматтардың тікелей өкілдік ету мүмкіндігін шектейді деген пікір білдірді.

Амалбек Тшан 1990-жылдары әуелі Шымкент қаласының, кейін Жамбыл облысының әкімі, құрылыс және тұрғын үй саласы министрі болып қызмет атқарған, Жоғарғы кеңестің, кейін парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланған. 2000-жылдардың орта шенінде "Ақ жол" демократиялық партиясы орталық кеңесінің мүшесі болған.

Амалбек Тшан елде жаңа Конституция қабылданбақ деген хабарды естігенде айран-асыр қалғанын айтты.

Амалбек Тшан: Аса бір қажеттілігі жоқ уақытта Конституция қабылдау тосын жаңалық болып естілді. Мазмұнына келсек, бұл билікті күшейтуді және парламентті партиялық тізіммен сайлауды ғана көздейді, ал Қазақстанның болашағына, ішкі және сыртқы саясатына ешқандай өзгеріс әкелмейді.

Азаттық: Конституция жобасына байланысты сөзінде президент Тоқаев Қазақстан суперпрезиденттік жүйеден бас тартып жатыр деп мәлімдеді, ол жүйенің ішкі жағын сіз де білесіз. Алайда жобаны талқыға салған қоғамда Қазақстан керісінше, бұрынғыдан да бетер суперпрезиденттік жүйеге өткелі жатыр деген пікірлер бар. Сізге қай тараптың уәжі қисынды көрінеді?

Амалбек Тшан: Расымен суперпрезиденттік заман келе жатқан сияқты. Елдің, халықтың көңілінен шығатын Конституция керек болса, 1993 жылы Жоғарғы кеңес қабылдаған Конституцияны, қазіргі заманға байланысты кейбір өзгертулер енгізіп, қабылдасақ, құба-құп болады деп айтар едім.

Азаттық: Қазіргі Конституция бойынша да, жаңа жоба бойынша да президент жеті жылдық бір-ақ мерзімге сайланады. Осыны ескеріп, өткенде депутат Айдос Сарым 2029 жылы үшінші президентті көреміз деп сеніммен айтты. Бірақ кеше Reuters агенттігі өз құпия дереккөзіне сүйеніп, жаңа Конституция қабылданса, Тоқаев тағы да сайлауға түсе алады, бірақ әлі түпкілікті шешім қабылдаған жоқ деп хабарлады. Осы өзгерістер Тоқаев тағы бір мерзімге сайлану үшін істеліп жатқан жоқ па?

Амалбек Тшан: Олай да болуы мүмкін. Билікке бір келген адам кеткісі келмейтіні – баяғыдан бар ауру. Бізде президенттердің берген уәделері де көп, онысын қайтып алған кезі де бар. Елді отыз жылдан аса басқарған бірінші президент те көп уәде беріп, кейін сөзінен тайғаны белгілі, соның тауқыметін әлі көріп келеміз.

Азаттық: Конституция жобасында енді парламент тек партиялардан жасақталады деп жазылған. Оны жаңалық деуге келмейді, бұрын да сондай болған. Бұл ешбір партияға кірмейтін адамдардың сайлау және сайлану құқығын шектеу емес пе?

Амалбек Тшан: Мен оған мүлде қарсымын. Өзім кезінде төрт рет сайлауға – екі рет Жоғарғы кеңестің және екі рет Мәжілістің – бір мандатты округтен депутаттыққа кандидат болып түскем. Оның маңыздылығы сол – елді аралап жүріп, халықтың қажетін, мұң-мұқтажын өз аузынан естіп, депутат болып сайланған жағдайда сол аманатын орындаймын деп мойныңызға міндет аласыз. Біз партиялық тізіммен сайлауға әлі қалыптаспағанбыз. Қазір сайлауға түсіп жүрген партиялардың бәрі биліктің айналасындағы партиялар екені бәрімізге аян. Олар жаңа бағыт ұстанады, халықтың мұң-мұқтажын орындауды мойнына алып еңбек етеді деп айта алмаймын. Бір түсінбейтінім, неге біз осы халықтың қалауына қайшы, оның ойында жоқ нәрсенің бәріне құмармыз? Неге біз өз халқымыздан өзіміз қорқып, бұра тартуға дайын тұрамыз деп таң қалам.

Азаттық: Осы сұрағыңызға өзіңіз іштей жауап таба алдыңыз ба? Өйткені бұрын өзіңіз де болған сол биліктің ішкі қатпарын білесіз ғой.

Амалбек Тшан: Ең негізгі нәрсе – билік таза болу керек. Шын мәнісінде, демократиялық елдер сияқты, халықпен келісе отырып, президентті ғана емес, сонымен бірге депутатты, сотты, әкімді халық өзі сайлайтын болса, оны ешқандай айқай-шусыз өткізуге болар еді. Өткен 35 жылда әлемдегі ең бай елдің біріндегі халықтың тұрмысы осыншалық төмен деңгейге түсуі оны көп нәрседен шеттетіп қойды. Әлбетте, халық бір рет, тіпті екі рет қателесуі мүмкін, бірақ үнемі қателесе бермейді.

Оны сондай сайлауға бірнеше рет түскен адам ретінде айта аламын. Сондықтан халыққа барлық мүмкіндікті беру керек. Ал осындай сайлауға түскен депутаттың статусы да бөлек болады. Міне, біздің биліктің қорқатыны да сол – егер депутатты халық сайлайтын болса, ертең ол бізді тыңдамай, бағынбай кетеді деп ойлайды. Бұл – өте қате түсінік. Неге билік тармақтары бір-бірімен қырғиқабақ болуы керек? Күллі әлемде солай жұмыс істеп жатыр ғой, пікір таластыру арқылы бәрін реттеуге болады. Егер іс-әрекеті, жұмысы таза, адал болса, қазіргідей жемқорлық істердің бәріне тосқауыл қоя алса, ондай парламентке тоқтау салуға ешкімнің құқы жоқ.

Сондықтан парламентке депутатты халық [бір мандатты округтен] тікелей сайлауы керек. Ал партиялық тізім бойынша сайлауға біртіндеп, мүмкін 20 жыл, бәлкім 50 жылдан кейін көшуге болады, оның да уақыты келер. Себебі оған алдымен қалыптасу керек. Ал қазіргі кезде біз үшін тиімді әрі таза жолы – парламентті халық тікелей өзі сайлау керек.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өткен 36 жылдың ішінде талай қызметтің басын шалдық. Осы кезеңде оппозициялық ой-пікірде жүрген азаматтардың өз еліне жат пиғылмен я қастандық оймен әңгіме айтқанын бірде-бір рет көрген жоқпын. Олардың бәрі кем-кетікті түзесек, еліміз дұрыс дамыса деген ой-ниеті барлар.

Азаттық: Сіз парламент мүшесі ретінде Қазақстан тарихындағы екі Конституциямен де тікелей жұмыс істеп көрдіңіз. 1993 жылғы Конституция қабылданғанда Жоғарғы Кеңес депутаты, ал 1995 жылғы Конституция күшінде тұрған 1999-2007 жылдар аралығында екі мәрте Мәжіліс депутаты болдыңыз. Осы екі Конституцияның қайсының кезінде парламент депутаты өзін ықпалды сезіне алды?

Амалбек Тшан: 1993 жылғы Конституция кезінде. Қазақ айтады ғой, "шымшық сойса да қасапшы сойсын" деп. Сол Конституцияны жазған топтағы 12 азамат – кілең білімді де білікті, академик, нағыз өз ісінің маманы, Қазақстан ғана емес, бұрынғы Совет одағы деңгейіндегі заңгер адамдар болатын. Сондықтан да ол [Конституция] өте тиімді, тартымды, лайықты заң болып шықты. Ал қазір 120-130 адамнан [конституциялық комиссия] құрып отыр, ішінде блогер де, асаба да жүр, қандай заң болады ол? Бәрін аппараттан жазып, дайындап әкелген заңға жұрттың бәрін таластырып қойды. Сосын тілдің айналасында әңгімені қозғады да, негізгі көп мәселе шетте қалып қойды. Сөйтіп әне-міне дегенше жеделдетіп қарап, 15 наурызға [референдум] белгіледі де, енді содан да өткізіп жіберуді мақсат етіп отыр.

XS
SM
MD
LG