Cот Санжар Боқаевты қамауда ұстау мерзімін 18 маусымға дейін ұзартты

Санжар Боқаев

Алматының тергеу соты Cанжар Боқаевты қамауда ұстауды 18 маусымға дейін ұзартты. Бұл туралы сәрсенбі күні оның адвокаты Радмир Өтепов Instagram-парақшасында хабарлады.

Алматылық белсенді Санжар Боқаев 18 наурыздан бері тергеу абақтысында қамауда отыр. Тергеу орындары Боқаевты әлеуметтік желілерде қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатын көздеп, қоғамдық саябақтардағы ағаш кесу және құрылыс нысандарындағы ұрлық туралы бейнематериалдар жариялаған деген күдікпен ұстаған.

Бас прокуратура Боқаев "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Тергеу долбары бойынша, Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды тартқан.

Боқаевқа қарсы іс "қолдан жасалған" деп санайтын жақтастары "істің астарында саясат жатуы мүмкін" деп мәлімдеген. Олар наурыздың аяғында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Боқаевтың ісін ашық сот отырысында қарауды және тікелей эфирден көрсетуді талап еткен.

Санжар Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әлеуметтік желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утильалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерін "жөндеу" жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар жайлы түсірген видеолары әлеуметтік желілерде жиі таралған.

Бұрын мемлекеттік қызметте істеген, кейін қоғамдық бастамалармен айналысуға көшкен Санжар Боқаев Қаңтар оқиғасынан соң "Намыс" партиясын құратынын жариялаған. Бірақ партия ресми тіркеуден өткен жоқ. Ол 2023 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде Алматының №4 сайлау округі бойынша депутаттыққа өзін-өзі ұсынып, жеңілген. Ол сайлаудың ресми қорытындысына келіспей, дауыс санау бұрмаланғанын айтып, Жоғарғы сотқа дейін шағымданғанымен нәтиже шығара алмаған.

Сайлаудан кейін Боқаев "Халық парламенті" деген ұйымға бірігіп, күресуге әрекеттенген, кейін ол ұйымның адамдары да "заңсыз жиынға қатысқаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылды.

Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.