Жақтастары Санжар Боқаевтың соты ашық өтсін деген талап айтты

Белсенді Санжар Боқаевтың фотосынан коллаж

Бірнеше бап бойынша күдікке ілініп, қамауда отырған Санжар Боқаевтың жақтастары белсендінің сотын ашық жүргізуді әрі тікелей эфирден көрсетуді талап етті. Ол видеооператорымен бірге Алматыдағы ҰҚК тергеу абақтысына қамалған. Билік орындары тергеу құпилығына сілтеп, істің мән-жайын айтпай отыр.

"САЯСИ АСТАРЫ БАР ДЕП САНАЙМЫЗ"

Алматыда "ірі көлемде қаржы жымқыру", "жалған ақпарат тарату" және "заңсыз ағаш кесуді ұйымдастыру" қылмыстарына күдікті ретінде айып тағылып, ҰҚК тергеу абақтысында қамауда отырған белсенді Санжар Боқаевтың жақтастары 31 наурызда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.

Белсендінің ісін ашық сот отырысында қарауды және тікелей эфирден көрсетуді талап еткен олар Боқаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары болуы мүмкін деп есептейді.

Жақтастары Боқаевқа тағылған айыптардың негізі барына күмән келтіріп, тергеу болжамына қарсы уәж келтірді.

Алматыдағы Баум тоғайына бару туралы шешім Боқаевтың емес, өз бастамасы екенін мәлімдеген белсенді Салтанат Ташимова онымен бірге бірнеше жылдан бері табиғи аймақтарды қорғау мақсатында рейдтерге шығып жүргенін айтты.

"Баум тоғайы маңындағы жағдайға алаңдаған тұрғындар бізге өздері хабарласты. Сол себепті алдыңғы бағытты өзгертіп, сонда баруды Санжарға мен ұсындым. Біз түс кезінде барып, кесілген ағаштарды тіркедік, кейін полиция шақыртылды. Сондықтан Санжар бұл әрекетті ұйымдастырды деу қисынсыз", – деді Ташимова.

Тағы бір белсенді Әлнұр Ілияшев заңсыз ағаш кесу ісі бойынша сот үкімі бұған дейін, 2 ақпанда жарияланғанын еске салды. Оның сөзінше, сол кезде ағаш кескені үшін айыпталған адамдар Боқаевтың емес, басқа адамның атын атаған.

"Сот құжаттарында Санжар Боқаев туралы ештеңе жоқ. Ал қазір оның аты-жөні атала бастады. Бұл жаңа айғақ па, әлде біреу жалған куәлік беріп отыр ма?" – деген сұрақ қойды Ілияшев.

"#Утильалым жойылсын" қоғамдық қозғалысының өкілі Владимир Ким де Боқаевқа жалған сюжет ойлап табудың қажеті болмағанын айтты. Оның сөзінше, белсендіге азаматтардан түрлі заңсыздық жайлы онсыз да көп шағым түсіп тұрған.

"Күн сайын ондаған өтініш түседі. Адамдар сыбайлас жемқорлық немесе заңсыз әрекеттерді өздері видеоға түсіріп, жібереді. Мұндай жағдайда ештеңені қолдан ұйымдастырудың қажеті жоқ", – деді Ким.

Осы іс бойынша Боқаевтың видеооператоры Ұлан Нүсіпқожа да екі айға қамауға алынған. Қазір ол да Алматыдағы ҰҚК тергеу абақтысында қамауда отыр. Қозғалыстың тағы бір мүшесі Берік Заиров мұны белсендіге қосымша қысым жасау амалы деп бағалады. Оның айтуынша, Нүсіпқожаның отбасы қазір қаржыдан қиындық көріп отыр.

Боқаевтың жақтастары өз қолындағы материалдарға сүйеніп, белсендіге қарсы іс "қолдан жасалған" деп санайтынын мәлімдеді. Олар Санжар Боқаевты қолдап митинг өткізбек болғанын, алайда жергілікті билік келісім бермей қойғанын айтты.

Енді олар Боқаев ісі бойынша сот процесін барынша ашық өткізу туралы талап айтып отыр.

"БІРНЕШЕ БАП БОЙЫНША КҮДІККЕ ІЛІНДІ"

Белсенді Санжар Боқаев 18 наурызда ұсталып, ертесіне Алматының тергеу соты оны екі айға қамау туралы шешім шығарған. Тергеу орындары Боқаевты әлеуметтік желілерде қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатын көздеп, қоғамдық саябақтардағы ағаш кесу және құрылыс нысандарындағы ұрлық туралы бейнематериалдар жариялаған деген күдікпен ұстаған.

Бас прокуратура Боқаев "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған.

Тергеу долбары бойынша, Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды тартқан.

Боқаев ұстала салысымен желіде бір адам түскен, бірақ мазмұны бір-біріне қайшы екі видео тарады. Біріншісінде "полиция мені Боқаев пен оның көмекшісі Ұланға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрледі, азаптады" деп жыларман күйде сөйлеген ер адам бейнеленген. Оның адвокаты Диас Ахметов бұл видеоны Алматы қалалық полиция департаментінің кіре берісінде екі ай бұрын түсіргенін айтты. Бұл адвокат Санжар Боқаевты да қорғаған.

Осы видеоның ізін ала тағы да осы адам түскен басқа видеоны анонимді телеграм арналар таратты. Онда әлгі адам өзін Түркістан облысы тұрғыны Ахлиддин Хамракуловпын деп атап, бұған дейінгі видеода айтқан сөзінен айнып, солай сөйлеуге мәжбүрледі деп өз адвокатын айыптаған. Бұл видеоны Хамракулов өз еркімен түсірді ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз қалып отыр.

Санжар Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әлеуметтік желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утильалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерін "жөндеу" жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар жайлы түсірген видеолары әлеуметтік желілерде жиі таралған.

Бұрын мемлекеттік қызметте істеген, кейін қоғамдық бастамалармен айналысуға көшкен Санжар Боқаев Қаңтар оқиғасынан соң "Намыс" партиясын құратынын жариялаған. Бірақ партия ресми тіркеуден өткен жоқ. Ол 2023 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде Алматының №4 сайлау округі бойынша депутаттыққа өзін-өзі ұсынып, жеңілген. Ол сайлаудың ресми қорытындысына келіспей, дауыс санау бұрмаланғанын айтып, Жоғарғы сотқа дейін шағымданғанымен нәтиже шығара алмаған.

Сайлаудан кейін Боқаев "Халық парламенті" деген ұйымға бірігіп, күресуге әрекеттенген, кейін ол ұйымның адамдары да "заңсыз жиынға қатысқаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылды.

Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.