"Жеке өмірге қол сұқты". Сот журналист Олег Гусевке 3 жыл шартты жаза кесті

Журналист Олег Гусев

Алматы соты теміртаулық журналист Олег Гусевті мақаласында кейіпкердің бұрын бірнеше рет сотты болғанын жазғаны үшін айыпты деп танып, 3 жылға шартты түрде бостандығынан айырды. Тағылған айыптарды жоққа шығарған Гусев өз ісін кез келген журналисті жазаға тартуға жол ашатын қауіпті прецедент деп атады.

29 желтоқсанда Алматы қаласының Алатау аудандық соты журналист Олег Гусевке үкім шығарды. Оған мақаласында бір кейіпкердің жеке деректерін жариялады деген айып тағылған.

Осы істі қараған судья Талғат Дәулетниязов Олег Гусевті 4 жыл 6 ай мерзімге бас еркіндігінен айыру және журналистік қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айыру туралы ұйғарым шығарған. Алайда амнистия туралы заң ережесін қолданып, судья айыпкерге үш жылға шартты түрде бостандығынан айыру жазасын кесті деп жазды centralmedia24 сайты.

Үкімге сәйкес Гусевке енді үш жыл бойы дебаттар мен конференциялар ұйымдастыруға және оларға қатысуға, телевизиялық бағдарламаларға, бұқаралық ақпарат құралдарына және әлеуметтік желілерге мақалалар жариялауға, эфирге шығуға, репортаждар мен түрлі бейнематериалдарды таратуға, сондай-ақ БАҚ құруға және олардың қызметіне қатысуға тыйым салынады.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өткен аптадағы сот отырысында прокурор судьядан журналист Олег Гусевті 4 жылға қамауды сұраған еді. Олег Гусев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Прокурор журналист Олег Гусевке 4 жыл түрме жазасын сұрады

"БҰЛ ПРОЦЕСС ҚАУІПТІ ПРЕЦЕДЕНТ"

Бұл іс бойынша сот процесі биыл маусым айында басталған. Олег Гусевтің үстінен адамның жеке деректерін тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оған Қылмыстық кодекстің "Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу" деп аталатын 147-бабының 5-тармағы бойынша айып тағылған. Ол бапта кінәлі деп танылған адамға 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.

Осы сот процесін бақылағандардың айтуынша, журналист мақаласында сот істері туралы қоғамға ашық болғанымен, көптің қолы бірдей жете бермейтін "Сот кабинетіндегі" дерекқордан алынған мәліметтерді пайдаланған. Бұл процесс Қазақстандағы сөз еркіндігі мен ақпаратқа қол жеткізу мәселесіне тағы бір мәрте назар аудартқызып отыр.

Orda.kz басылымының мәліметінше, Олег Гусев 2023 жылғы тамыз айында Алматыдағы "Кенжехан" базарының жаңа иелері мен базардағы орынды жалға алушы саудагерлер арасындағы дау-дамай туралы мақала жариялаған. Мақала жарияланғаннан кейін дауға қатысушылардың бірі өзінің жеке деректерін және отбасылық құпия деп санайтын мәліметтерді ашты деп Олег Гусевті айыптаған. Журналист мақаласында әлгі кейіпкердің бұрын екі рет сотталғанын және екі мәрте әкімшілік жауапқа тартылғанын жазған.

Мемлекеттік айыптаушы журналист Гусев жәбірленушінің іскерлік беделіне нұқсан келтіріп, көпшілік алдында жағымсыз бейнесін қалыптастыру мақсатында әдейі әрекет етті деп есептеді.

Олег Гусев өзіне тағылған барлық айыптауларды жоққа шығарып, заң аясында әрекет еткенін, жәбірленушінің өткен-кеткені жайлы ақпаратты "Сот кабинеті" атты ашық дерек қорынан алғанын мәлімдеді. Бұған қоса Гусев өзінің қылмыстық ісі Қазақстанның сот тәжірибесінде мақалаға наразы бір ғана кейіпкердің арызы бойынша кез келген журналисті қылмыстық жауапқа тартуға болатын қауіпті прецедентке жол ашқалы отыр деген пікірін айтты.

Қазақстанның Халықаралық адам құқықтары бюросының хабарлауынша, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті тиісті сауалға берген жауабында "журналист ақпаратты заңда көзделген жеке деректерді қорғау талаптарын сақтай отырып, ашық дереккөздерден, соның ішінде "Сот кабинеті" порталынан жинауға құқылы" екенін атап көрсеткен.

"ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ҚАҒИДАТЫНА ҚАЙШЫ"

Журналист Олег Гусевтің үстінен қозғалған іс қоғамда кең резонанс тудырып, құқық қорғаушылар мен журналистер қауымдастығының сынына қалды. Олар бұл істі Қазақстандағы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсету және сот процестері туралы ақпаратқа еркін қол жеткізу мүмкіндіктерін шектеудің мысалы ретінде өз есептеріне енгізді.

Orda сайтының жазуынша, қазан айында жәбірленуші адам ақпарат құралдарын "Гусев ісінен" біржақты ақпарат таратып жатыр деп айыптап, сот процесін жабық өткізуді сұраған. Алайда судья оның өтінішін орындамады.

"Журналисті көптің қолы жететін деректі пайдаланғаны үшін жауапқа тарту талпынысы тек ұлттық заңнама емес, сонымен қатар заң үстемдігі қағидаттарына да қайшы келеді", – деп мәлімдеді бұған дейін "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы Жоғарғы сот пен Бас прокуратураға жолдаған ашық хатында.

Құқық қорғаушылар мен баспасөз құқығын қорғау ұйымдары Олег Гусевтің сот процесі елде сөз еркіндігі тарылып, ақпарат құралдарына қысым күшейген тұста өтіп жатқанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Халықаралық қорғау ұйымдары коалициясы Қазақстан билігіне сөз еркіндігі жайлы үндеу жолдады

Желтоқсан айының басында халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі кейінгі апталарда тәуелсіз журналистер мен баспасөз құралдарына қысым көрсетіп жатыр деп мәлімдеп, ел билігіне үндеу жолдап, мұндай әрекеттерді тоқтатуға шақырған еді.

"Астана адам құқығы мен азаматтық еркіндікті қорғауда маңызды рөл атқаратын сөз еркіндігі мен тәуелсіз журналистиканы жаншуды доғаруға тиіс. Қазақстан баспасөз еркіндігі мен ақпараттың қолжетімділігін құрметтеп, оны қорғауы қажет", – деді "Халықаралық амнистия" (Amnesty International) ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мейзи Вайхердинг.

Коалиция мәлімдемесінде осы айдың басында Orda.kz басылымы кеңселеріне тінту жүргізілгенін, оған қоса, елдегі бірқатар тәуелсіз журналистердің әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталғанын айтқан.

"НЕГІЗСІЗ АҚПАРАТТАР ӘДЕЙІ ТАРАТЫЛЫП ОТЫР"

Құқық қорғаушылар мәлімдемесіне жауап ретінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-парағында "бұл үндеу нақты жағдайды толық білмеуден туындағаны анық" деп жазды. Министрдің пікірінше, "кейбір қылмыстық істерге халықаралық назар аударту мақсатында "азаптау" туралы негізсіз ақпараттар әдейі таратылып жатыр". Балаева постында нақты адамның немесе редакцияның атын атамады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Балаева құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесіне реакция білдірді

"Кейінгі уақытта ақпараттық кеңістікте журналистер мен БАҚ-қа "жүйелі қысым көрсетіліп жатыр" деген мәлімдемелер жиі айтылып жатыр. Кейбір қылмыстық істердің фигуранттары мен олардың қорғаушылары тергеу барысында азаптау болғаны туралы айып тағып жүр. Осындай дәлелсіз мәлімдемелер қоғамды да, шетелдік құқық қорғау ұйымдарын да жаңсақ пікірге жетелеп отыр", – деп жазды министр.

Министр мемлекет "сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдары еркіндігін Қазақстан Республикасы Конституциясында және еліміздің халықаралық міндеттемелерінде бекітілген іргелі құндылықтар ретінде дәйекті түрде басшылыққа алып отыр" деп сендірген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының 2025 жылға арналған баспасөз еркіндігі есебінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің ішінде 141-орын алған. Ұйым Қазақстанда "тәуелсіз медиа еркін жұмыс істей алатын жалғыз кеңістік – интернетті бақылау күшейді" деп мәлімдеген.