Азаттық: Жовтис мырза, қалай ойлайсыз, бұл комиссия Конституцияға өзгерістерді шынымен талқылай ма, әлде бұл Ақорданың өзінде дайын тұрған сценарийді осы комиссияның атынан өткізу үшін ойлап тапқан амалы ма?
Құқыққорғаушы Евгений Жовтис
Евгений Жовтис: Әрине, мұндағы басты ойыншы әрі өзгерістердің негізгі бастамашысы – президент мырза және президент әкімшілігі. Оның өкілдері осы комиссия құрамында, соның ішінде комиссия төрағасының орынбасары қызметінде де отырғанын ескерсек, олар мұнда айтарлықтай рөл атқаратын болады.
Яғни қазірдің өзінде олардың алдына белгілі бір міндеттер қойылған, алайда комиссия конституциялық реформаларға бағытталғандықтан, әзірге тек болжам жасауға болады. Олар президенттің бұған дейін ұсынған бастамаларымен ғана шектеле ме, әлде тағы да қандай да бір өзгерістер енгізіле ме? Бірақ, ең бастысы, бұл процесс саяси тұрғыдан қатаң бақылауда болатыны анық.
Мүмкін, құқықтық техника тұрғысынан алғанда, комиссия құрамына енгізілген конституциялық сарапшылар белгілі бір рөл атқаратын шығар, алайда шешуші рөлді, әрине, президент және оның саяси басымдықтары мен ұсыныстарын тұжырымдайтын президент әкімшілігі атқарады. Бұл тұрғыда ешқандай интрига көріп тұрған жоқпын, яғни барлығы жоғары деңгейде басқарылып отыр.
Қазақстан парламенті депутаттары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауын тыңдап отыр. Астана, 8 қыркүйек, 2025 жыл.
Азаттық: Қазақстанда арнайы заң шығарушы орган – парламент бар. Осындай орган бола тұра Конституцияға енетін өзгерістермен неге басқа бір комиссия айналысуы керек?
Евгений Жовтис: Алдымен нақтылай кетейінші, парламент – тек заң шығарушы орган емес, сонымен қатар ол – өкілдік орган. Жалпы, менің көзқарасым бойынша, демократиялық мемлекет құрып жатырмыз десек, парламенттің өкілдік функциясы заң шығарушы функциясына қарағанда әлдеқайда маңызды болуы керек.
Иә, онда жақсы мамандар, сарапшылар, конституциялық құқық саласы заңгерлері және басқалар болады. Ал өкілдік функция – әртүрлі топтардың, бұқара халықтың мүддесін білдіру. Конституциялық реформалар белгілі бір сипатта парламентте көрініс табуы керек, ал қазіргі парламентте бұл мүлде жоқ не өте аз. Осы тұрғыдан алғанда, парламент заң шығарушы орган ретінде өкілдік функциясынан іс жүзінде айырылған не оны мардымсыз деңгейде атқарып отыр.
Ал мына комиссияда парламенттің рөлі маңызды емес, өйткені Конституция реформасы – бұл негізінен конституциялық құқық саласы мамандарының жұмысымен байланысты мәселе, яғни конституциялық құқықты жақсы білетін және құқықтық білім-білігін пайдалана отырып саяси ұстанымдарды жүзеге асыратын адамдар. Сонымен қатар, онда парламент депутаттары, ондағы комитет өкілдері және тағы басқалар бар екен. Яғни оған қоғам өкілдері де араластырылған.
Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы. Қызылорда, 20 қаңтар, 2026 жыл. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото
Жалпы, мына бір жайтты жиі айтамын: біздің билік құрылымында қазіргі [Ұлттық] құрылтай, бұған дейінгі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі сияқты ұйымдар көбіне бірдеңені жақсарту немесе дамыту үшін емес, легитимдік жетіспейтінін сезінгеннен құрылатын сияқты. Яғни бізде еркін, әділ сайлау жоқ, саяси оппозиция жоқ, қалыпты өкілдік орган жоқ. Сондықтан бұл – Совет одағындағыдай халықтың осы процеске қатысып жатқанын паш ететін әрекет. Бұл формалды қатысу ма, әлде нақты ма – ол жағы даулы.
Қалай десек те, авторитар мемлекеттерде бұл шынайы қатысу емес, көбіне косметикалық, яки көзбояу сипатында болады. Бірақ олар бәрібір осы тәжірибені қайталауға тырысады. Бұрын міндетті түрде шаруалар, жұмысшылар, интеллигенция, әйелдер қатысуы керек еді. Қазір әлеуметтік жағынан бұл соншалық маңызды емес, бірақ комиссия құрамында әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің балансын сақтауға тырысатын сияқты. Дегенмен негізгі жұмыс, әрине, конституциялық құқық саласы мамандары мен сарапшылардікі.
Азаттық: Комиссия құрамына қарасақ, заңгерлер аз емес, бірақ халықаралық құқық нормаларын жетік білмейтін, адам құқығы мәселесімен терең айналыспаған адамдар да көп. Мәселен пропагандамен айналысатын журналистер деген сияқты. Осы құрамға қарап, Конституцияға енетін өзгерістердің мазмұнын қалай бағалауға болады?
Евгений Жовтис: Тағы бір маңызды сипаттаманы қосар едім: бұл – билікке бас шұлғу, билік алдындағы адалдық. Яғни, комиссия билікке айқын, ашық түрде қолдау білдіретіндерден тұрады. Онда оппозициялық саяси көзқарасы бар немесе мемлекеттің және қоғамның құрылысына қатысты басқаша пікірдегі адамдарды табу мүмкін емес. Оған кіргендер президенттің бағыты мен саяси курсына адал екенін түрлі дәрежеде көрсеткен. Сондықтан ешқандай күтпеген жағдай бола қоймас. Бұл комиссия нақты тапсырмамен құрылған және сол тапсырманы орындауға күш салады, президент әкімшілігінің саяси нұсқаулары негізінде оны рәсімдеп береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 145 депутат пен 8 комитеттен тұратын Құрылтай. Тоқаев жаңа парламент қандай болатынын айттыЕсіңізде болса, мұндай конституциялық комиссия бірінші Конституцияны әзірлеу кезінде де құрылды, ол сол кезде біршама демократиялық, құқықтық және саяси алаңда жасалған. Кейін 1995 жылғы Конституция қабылданды, сосын Конституцияға көп мәрте түзету енгізілді, және әр жолы бұл түзетулерді енгізу үшін топ немесе комиссия құрылды.
Сондықтан бұл түзету де солай болады: оны атқарушы биліктің өзі қалыптастырады, ал одан кейін сарапшылар, депутаттар және қоғам өкілдері жалпы саяси тапсырманы орындау шеңберінде кейбір болмашы ұсыныстар қосады.
Азаттық: Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап өзін зайырлы, демократиялық, адам құқықтары үстем болатын, биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары өзара теңгерім мен тәуелсіздік қағидатына негізделетін мемлекет ретінде қалыптастыруды мақсат еткен еді. 1993 жылғы алғашқы Конституция осы ұстанымдарға жақын қабылданғандай көрінді. Ал 1995 жылғы Конституцияда билік президенттің қолына шоғырланып, ол өзге билік тармақтарынан үстем тұрған жүйе орнықты. Осыны ескерсек, алдағы жоба билік тармақтары арасындағы теңгерімді қайта орната ала ма, әлде қолданыстағы модельді сақтап қала ма? Өзгерістерден қандай саяси-құқықтық бетбұрыс күтуге болады?
Евгений Жовтис: Мәселеге мына қырынан қарап көрейік. Иә, дұрыс айтасыз, 1993 жылғы Конституция осы міндеттерге біршама көбірек сәйкес келді. Алайда бізде қалыптасқан саяси режимге қатысты кез келген саясаттанушының бағасын алып қараңыз. Біз авторитар саяси режимде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – авторитар саяси мемлекет, ол еркін мемлекеттер қатарына да, демократиялық мемлекеттер қатарына да жатпайды.
Конституция баптарынан үзінді келтірілген жазу ұстап наразылық акциясында тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі фото.
Иә, Конституцияда, оның преамбуласында және алғашқы баптарында "біз демократиялық мемлекет құрып жатырмыз" деп неше түрлі жазуға болады, бірақ іс жүзінде бізде авторитар мемлекет қалыптасқан. Ал бұл мемлекетте кейін енгізілген барлық түзетулерімен бірге 1995 жылғы Конституцияны негізгі заңнан гөрі "саяси мақсатқа сай жасалған құжат" деп атар едім. Яғни ол белгілі бір саяси күштердің арақатынасын бекітеді, жекелеген органдарға билікті бөлісу, ондағы тежеме және теңгерме жүйесі тұрғысынан емес, саяси міндеттер тұрғысынан өкілдіктер береді.
Егер бұл комиссияға билік тармақтарының арасын бөлу, тежеме және теңгерме жүйесін шынымен бекіту міндеті қойылса, онда Конституцияда белгілі бір нормалар жазылар еді. Бірақ мен бұған онша сенбеймін.
Менің ойымша, бұл мемлекеттік, саяси құрылымды авторитарлық тұрғыда жаңғырту болады: яғни, мемлекеттің авторитар сипатын сақтай отырып, басқару тетігінің тиімділігін арттыру әрекеті жасалады. Мүмкін заңда, Конституцияда бұл азырақ көрінер, бірақ іс жүзінде анық байқалады. Сондықтан меніңше, бұл құжат бәрібір саяси мақсатқа сай жасалған құжат болып қала береді, өйткені әлі күнге түбегейлі саяси реформа жүргізу мақсаты қойылған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Түбегейлі саяси өзгеріс болмайды". Құрылтайдағы ұсыныстар жайлы сарапшылар не дейді?Азаттық: Ақорданың парламентті реформалау деген бастамасының аясында Конституцияны өзгерту, вице-президент лауазымын қайта енгізу, "Қазақстан халқы ассамблеясын" таратып, "Халық кеңесі" деген орган құру кім үшін істеліп жатыр? Билік оны халық үшін, елдің болашағы үшін деп түсіндіреді. Бірақ қоғамда, әлеуметтік желіде керісінше, өзгерістерді билік өзі үшін істеп жатыр деп күдіктенеді. Сізге қалай көрініп тұр?
Евгений Жовтис: Авторитар мемлекет жағдайында барлық өзгерістер биліктің мүддесіне сай жүзеге асады, бұған ешқандай күмән жоқ, өйткені оппозиция да, балама пікір де жоқ. Жаңа айтқанымдай, тек бір ғана жол бар – авторитарлық модернизация жолы. Яғни институттардың мәнін өзгертпей, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға жасалатын әрекеттер.
Сондықтан да қоғамдық кеңес, түрлі палаталар, Ұлттық сенім кеңесі, кейін құрылтайдың құрылуы немесе Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына Халық кеңесінің пайда болуы – мұның бәрі тіпті гибрид түрі емес, демократиялық институттар имитациясы. Бұл – осындай имитациялық институттары бар авторитар режим.
Конституцияға өзгертулер енгізу жөнінде референдум өтетіні жазылған баннер ілінген көпірден өтіп бара жатқан адам. Алматы, 1 маусым, 2022 жыл.
Яғни қандай да бір конструктив кеңесші органдар бар, қоғам соларға қатысады деген әсер қалдырады, бірақ бұл қатысу билік тарапынан бақылауда болады және мұның бәрі қоғам саяси субъект саналмайтын жүйе аясында өтеді. Қоғам басқарылатын күйінде, тек объект ретінде қала береді.
Иә, бұл институттар белгілі бір деңгейде диалог алаңын қалыптастырады, алайда бұл алаң саясатты өзгертуге немесе реформаларға айтарлықтай ықпал ете алмайды. Сондықтан қазіргі жағдай сол баяғы авторитар дискурс шеңберінде қалып отыр. Яғни, менің көзқарасым бойынша, мұнда әзірге айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Оның үстіне, осы реформалар аясында аралас сайлау жүйесі сәтті болмады деп, толық пропорциялық жүйеге қайта оралу ұсынылды. Оппозициялық саяси партияларды тіркеу іс жүзінде мүмкін емес, ал бәсекелі саяси орта жоқ екенін ескерсек, бұл ойымыз растала түседі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жұртты саяси ойындардан гөрі қалтасының қамы алаңдатады". Досым Сәтпаевпен сұхбат