"Үрейлі атмосфера" vs "заң мен тәртіп". Журналистерге қарсы істер қысым құралы ма?

Көрнекі сурет

Қазақстанда бірталай журналистердің ұсталғаны, олардың үстінен қылмыстық және әкімшілік іс қозғалғаны медиа қауымды алаңдатып отыр. Билік өкілдері "адам аузына ие болуы керек" дейді.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР

Полиция бөліміне "әңгімеге" шақырту, көп сағатқа ұласқан тергеу және таңғы 5-ке дейін пәтердегі тінту жұмыстары. Қазақстан халқы Наурыз мерекесін атап өтіп жатқан тұста астаналық журналист, "Айтпа, Ботагөз" Telegram-арнасының авторы Ботагөз Омарова "көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша күдікті деп танылды. Астана тергеу соты түнде отырыс өткізіп, журналисті екі айға үйқамаққа жіберді.

Полиция Омарова таратқан хабарлардың қайсысын "жалған ақпарат" деп тапқаны белгісіз. Оның әріптестері іске еңбекақысы ала алмағанына шағынған құрылысшылар туралы материалдар түрткі болуы мүмкін деп топшылайды.

Құрылысшы деген – қарапайым жұмысшы. Бірақ олар жұмыс істеген жер қарапайым деуге келмейді. Әңгіме президент істері басқармасына қарайтын атқора жайлы. Бұл нысан Астананың көрікті жерінде – өзен жағасында орналасқан. Оны өте жақсы күзетеді. 2023-2024 жылдары бұл аумақта ауқымды құрылыс жұмыстары жүрген. Жұмыс аяқталғанда бірқатар субмердігер жалдаушы компаниядан ақысын ала алмағанын мәлімдеді. Жұмысшылар Ботагөз Омаровамен сөйлесіп, мұндай жағдайға тап боламыз деп ойламадық деген. Оларға құрылыс нысаны мемлекеттікі екені, тапсырыс берушінің артында "жоғары жақтағылар" тұрғаны айтылған.

Your browser doesn’t support HTML5

Қошанов сөзі, Путин мәлімдемесі, атқора дауы - AzatNEWS l 30.04.2025

Омарованың пәтеріндегі түнгі тінтуден кейін оннан астам қазақстандық журналист ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Олар әріптесінің кінәсіздігіне сенім білдіріп, оның "кәсіби қызметін адал атқаратын, фактілерді тексеретін, құжаттарды зерттеп, заң аясында жұмыс істейтін... беделі таза адам" екенін айтты.

Үндеу авторлары Тоқаевтан 274-бапты ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") қылмыстық кодекстен алып тастауды сұрады. Олар бұл бап "журналистерге қысым жасау құралы ретінде жиі қолданылатынын" сөз еткен.

Бұл осы сарындағы алғашқы үндеу емес. "Жалған ақпарат" туралы бапты қылмыстық кодекстен алып тастау қажетін құқық қорғаушылар бірнеше жыл бойы айтып келеді.

"Құқықтық медиа-орталық" ұйымының жетекшісі Диана Окремова

"Мұндай дүниелер құқық қорғау органдарының құзыретіне берілгені дұрыс емес деп ойлаймын. Мұндай даулар азаматтық тәртіппен шешілуге тиіс. Бұған полицияны, прокуратураны араластырудың қажеті не? Тең құқық қағидасы бұзылып отыр" дейді баспасөз құқығын қорғаумен айналысатын "Құқықтық медиа-орталық" ұйымының директоры Диана Окремова.

Былтыр желтоқсанда қылмыстық заңнаманы реформалап, "жалған ақпарат" туралы істерді азаматтық кодекс аясында қарастыру туралы ұсынысты Нью-Йорктен де айтылды. Сол жақта орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" 274-бап теріс мақсатта пайдалануға қолайлы деді. Бұл мәлімдеме Orda.kz басылымын басқарған қазақстандық журналист Гүлнәр Бажкенованың үйінде тінту жүргізілген тұста жасалды. Ол кезде полиция "қасақана және бірнеше рет жалған ақпарат тарату деректері бойынша" қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Тараған ақпаратқа қарағанда, полицияға бұрын жарияланған материалдарда аты аталған адамдар арызданған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қылмыстық кодекстегі 274-бап "саяси құрал" ма?

Orda.kz басылымының тұрақты оқырмандары мен байқаушылар істі күзде жарияланып, даулы тақырыпқа айналған хабарлармен байланыстырады. Онда Бажкенова президенттің серігі, сол кезде сыртқы істер министрі болған Мұрат Нұртілеу құқықбұзушылық жасады деп, оның Астанада ұсталғанын айтқан. Ресми мекемелер бұл мәлімдемені терістеген, бірақ көп ұзамай Нұртілеу сыртқы істер министрі лауазымынан босатылды.

Гүлнәр Бажкенова әлі үйқамақта отыр.

Үйқамақта ҚазТАГ агенттігінің жетекшілері Әсет Матаев пен Әмір Қасенов та отыр. Желтоқсанның аяғында ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновтің үйінде тінту жүрді. Агенттік басшыларының үстінен "көрінеу жалған ақпарат тарату" жөнінде іс қозғалды. Оған ҚазТАГ-тың Freedom Finance брокерлік компаниясының басшыларының қатысы бар деген алаяқтық схемалар туралы материалдары түрткі болған. Компания полицияға арызданып, агенттік материалдарындағы "жалған мәліметке, эмоцияға сүйенген айыптарға және бұрмаланған фактілерге" шағынған. Freedom Finance Ресейде туып-өскен, қазір Қазақстанда кәсіп жүргізетін миллиардер Тимур Турловқа тиеcілі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Тым қатаң шара". ҚазТАГ бас редакторының ұсталуына қоғам мен билік реакциясы

ҚазТАГ директоры Әсем Матаев та осы іс аясында күдікті деп танылған. Алайда кейін істің оған қатысты бөлігі тоқтады. Дегенмен, наурыз айында Матаевты "бұзақылық" бабымен қамауға алды. Полиция Матаев түнгі уақытта көшеде төбелеске қатысты деп хабарлады. Қорғау тарабы Матаев төбелесушілерді ажыратамын деп жүріп, басынан соққы алған. Полиция "бас жүйектің жарылғаны" туралы ақпарат шындыққа жанаспайды деді. Тергеу сотының шешіміне апелляциялық шағым түскеннен кейін Матаев үйқамаққа жіберілді.

ҚҰҚЫҚҚОРҒАУШЫЛАРДЫ АЛАҢДАТҚАНЫ НЕ?

Журналистердің үстінен әкімшілік істер де қозғалып жатыр. Жаңа конституция жөніндегі референдум қарсаңында бірқатар БАҚ өкіліне "Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу" бойынша айыппұл салынды. Айыппұл арқалағандар қатарында Азаттық журналисі де бар.

Жуырда полиция журналист Жанар Байсемізге Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабы ("Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу") бойынша айыппұл салған. Бұған журналистің өзін діни ағым өкілі деп таныстырған Құрбанәлі Ахметов есімді азаматтан алған сұхбаты себеп болған. Ол YouTube-желісінде жарияланған сұхбатта әйелін шәкірттерінің біріне "сыйға тартқанын" айтқан. Медиасарапшылар бұл жағдайда журналистің жазаланғанына таңданыс білдірді.

"Біздің заңнамадағы кейбір баптар мүдделі тарапқа ыңғайлы етіп әртүрлі тәпсірлеуге болатындай қылып әзірленген. Онда қулықпен жазылған тіркестер бар. Мысалы, "Масс-медиа туралы" заң бойынша, егер спикердің айтқанын жеткізсе, онда журналисті жауапқа тартуға болмайды, бірақ спикердің сөзі ресми мәлімдеме болуы керек екенін ескертіп қойған. Алайда ненің ресми мәлімдеме саналатыны нақтыланбаған. Бұл – сөз еркіндігінің табытынына қағылған тағы бір шеге. 490-бапты оқыдым. Шынын айтқанда, журналиске не үшін айыппұл салғанын ұқпадым. Ол ешқандай үндеу жасаған жоқ. Меніңше, ол заңға қайшы ешқандай ақпарат таратпады" дейді Диана Окремова.

Окремованың айтуынша, мемлекет медиаға қысым жасауға арқылы өз қуатын паш етіп отыр. Қылмыстық және әкімшілік істер журналистерді өз-өзін цензуралауға итермелейді дейді ол.

"Қорқыныш атмосферасын қалыптастырып, ішкі цензураға итермелеп жатыр. Бәлкім бұл кездейсоқтық болар. Дегенмен, референдумнан кейін билік үшін әсерлі хабар ақпарат тарататын журналистердің бірден бірнешеуіне іс қозғалуы қайсыбір нәрсе туралы айту қауіпсіз емес, өзіңді әрдайым бақылап отыру керек деген ойға жетелейді. Ішкі бақылау мен ішкі үрейдің әдетке айналуы журналистикаға салқынын тигізеді. Осы салқындық әсері журналист бейнесіне күйе жағудан да байқалады. Мұның бәрі қисынсыз күйге өтіп, журналистер әрдайым үреймен өмір сүреді. Ресми ақпаратпен үндеспейтін пікірді айтылмай тұрып тұншықтыру талпыныстары байқалып отыр" дейді Окремова.

Наурыздың аяғында Airan медиа жобасының жабылатыны мәлім болды. Жоба 2022 жылы Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы мен Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін іске қосылған. Жоба мүшелері "қазіргі жағдайда жұмысты жалғастыру мүмкін емесін" айтты.

Журналистерге құқықтық қолдау көрсететін Media Qoldau қызметінің басшысы, "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Бажкенова Азаттық Азия редакциясына білдірген пікірінде Қазақстандағы медиаға қысым кейінгі айларда басталмағанын, қысым бірнеше жыл бойы жасалып жатқанын айтты.

"Мемлекет өзі бастама көтеріп, жалған ақпарат белгілерін өзі тауып, журналистерді жауапқа тартып жатқаны – тенденция. Жәмила Маричеваның ісін еске түсірейік. Данияр Әділбеков, Думан Мұхамедкәрім секілді бірқатар журналист қамауда отыр. Сайттар, әлеуметтік желідегі парақшалар жиі бұғатталып жүр. Референдум қарсаңында бұған өзіміз де тап болдық" дейді Біржанова.

Оның сөзінше, журналистер мен блогерлерді сотқа тарту жиіліп келеді.

"Қазақстан кезекті саяси реформаға, сайлауға, билік ауысуына, жаңа конституцияны қабылдауға дайындалғанда, мұның бәрі бірінші кезекте журналистерге әсер етеді: бұғаттау, сотпен құдалау, заңды қаталдату басталады. Мұны тенденция десе болады. Өкінішке қарай, мұның бәрі журналист құқығын шектейтін мысалдармен расталып тұр" дейді Біржанова. "Иә, заңда журналистерге көмектесуге тиіс бап ("Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру" – ред.), алайда Қазақстанда бұл бап жұмыс істемейді. "Журналистің ерекше мәртебесі" дейтін де түсінік бар. Бірақ оның бәрі декларация күйінде қалып отыр. Істер сотқа жетпейді. Мұны Қазақстанның сөз еркіндігі рейтингіндегі орны ("Шекарасыз тілшілер" ұйымының рейтингінде Қазақстан 180-елдің ішінде 141-орын алған – ред.) да көрсетіп тұр. Біз онда сөз еркіндігі шектелетін ел болып отырмыз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жағдай өте күрделі". Орталық Азия мемлекеттері еркін сөзді басып-жаншып отыр

Баспасөз құқығын қорғаушыларды жаңа конституция нормалары да алаңдатып отыр. 1 шілдеде күшіне енетін басты заңда "сөз еркіндігі мен ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс" деп жазылған.

Біржанова "журналистер белгілі бір тақырыптарды қозғаудан қорқып, әділдік іздеп үнін жеткізуді сұрағандардың бетін қайтаруы мүмкін" деп алаңдайды.

"ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП". БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ ЖАУАБЫ

Қазақстан билігі баспасөзге қысым жасалып жатыр дегенге келіспейді.

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза Азаттыққа айтқан сөзінде "адам өз аузына ие болуы керек" деді. Яғни артық сөз айтпаған жөн дегенді меңзеп отыр.

"Өкінішке қарай, кейбір әріптестеріңіз кей мәселелерде сөз еркіндігін жауапсыздықпен шатастырып алып, қисынсыз мәлімдемеге жол береді, тексерілмеген ақпаратты жариялайды, кодексті бұзатын сөз айтатын адамдарға алаң ұсынады" деді тағы бір депутат Еркін Әбіл. "Олар сол себепті жауапқа тартылып жатыр. Иә, бір жағынан журналистерге қандай да бір қысым жасалып жатқандай әсер қалдырады. Бірақ екінші жағынан, не айтып жатқаныңа қарау керек. Мұның тек журналистерге ғана емес, қарапайым азаматтарға да, бәріне қатысы бар. Журналистер жұрт алдында жүр ғой, содан осындай әсер қалыптасып отыр".

Президент Тоқаев журналистердің Ботагөз Омарованың ұсталуынан кейін жасалған үндеуге жауап қатқан жоқ. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-те мәлімдеме жасап, өз басқарып отырған мекеме жағдайды бақылап отырғанын айтты. Бірақ "дәлелсіз қорытындылар шығаруға болмайтынын" ескертті.

"Осы сияқты кез-келген мәселелерді қарау барысында "Заң және тәртіп" қағидатын қатаң сақтау қажет деп есептейміз, өйткені заң баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті" деді министр. "Барлық процессуалдық әрекеттер сыртқы араласусыз, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтеміз".

"Заң мен тәртіп" туралы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып жүр. Өткен аптада National Interest журналында жарияланған мақаласында ол: "Қазақстандықтар наурыздың ортасында жаңа конституцияға дауыс берді. Ол – халықтың заң мен тәртіп, негізгі құқықтар мен еркіндіктер мызғымас құрметтеу мен қорғау қағидаттарына сүйенетін әділ және адал мемлекетте өмір сүруге деген талпынысының көрінісі" деді.