Accessibility links

Лейла мен Ариф Юнустардың абақтыдағы бір айы


Ерлі-зайыпты Лейла (оң жақта) және Ариф Юнустар. (Жеке мұрағаттағы сурет)

Ерлі-зайыпты Лейла (оң жақта) және Ариф Юнустар. (Жеке мұрағаттағы сурет)

Әзербайжанда адам құқығын қорғаушы ерлі-зайыпты Лейла және Ариф Юнустардың «алаяқтықпен айналысып, мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен тұтқында отырғандарына бір айға жуық уақыт болды. Жалғыз қыздары Динара отбасының үйлесімді тірлігін, ата-анасының бір біріне деген ыстық сезімдері жайлы айтып берді.

Баку мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенттері Лейла мен Ариф 1970 жылдардың соңында профессорлары ұйымдастырған бір кеште танысқан. Кеш бітуге тақағанда Ариф Лейланы метро бекетіне дейін шығарып салады. Жас жігіт бойжеткен қызды бір көргеннен ұнатып қалса керек. Арада бір апта өтер-өтпестен Ариф Лейланың анасына келіп, қызына үйленгісі келетінін айтады.

Динараның айтуынша, әжесі жас жігіттің ұсынысына қатты таң қалыпты.

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ ЕЛЕСТЕРІ

«Әзербайжанда әдетте үйдің үлкендері келіп қызға құда түседі. Ал менің әкем болса қызды айттыруға өзі барған. Әжем қатты тосылып қалса да, «бұл – қызымның өз өмірі, өзі шешсін» деп жауап береді. Анам кеште танысқанға дейін-ақ әкем туралы бірнеше рет айтқан екен, соған қарағанда ол да әкемді сырттай ұнатып жүрген сияқты» дейді Динара Юнусова.

Көп ұзамай екі жас шаңырақ көтеріп, дос-жарандарын шақырып той жасайды. Тоғыз жылдан соң қыздары Динара дүниеге келеді.

Лейла Юнус (оң жақта) кішкентай қызы Динара және анасымен бірге.

Лейла Юнус (оң жақта) кішкентай қызы Динара және анасымен бірге.

Ариф әйгілі тарихшы, ал Лейла адам құқықтарын қорғаушы болады. Екеуі де Әзербайжан мен Армения бейбітшілікте өмір сүруі керек деген идеяны қолдайды.

Динараның бала күнінде ата-анасы жарым түнге дейін тарих туралы әңгіме-дүкен құрып, Лейланың Бейбітшілік пен демократия институтының басшысы ретіндегі қызметін талқылап отыратын. 1995 жылы бұл ұйым сыбайлас жемқорлық, әйелдер құқығын таптау, жұртты заңсыз үйлерінен шығару сияқты келеңсіздіктермен күрес науқанын бастаған.

Кейде олар диванға жантайып жатып өздері сүйіп көретін совет заманының соғыс туралы фильмдерін тамашалайтын немесе Владимир Высоцкий мен Булат Окуджаваның бейнетаспаларын қарайтын. «Әнге онша қабілеті болмаса да екеуі ән айтқанды ұнататын» дейді Динара.

«АРМЕНИЯНЫҢ ШПИОНДАРЫ»

Өкінішке қарай, 36 жылдық отбасылық ғұмырында олар енді алғаш рет бөлек өмір сүруге мәжбүр болып отыр. «Алаяқтықпен айналысты», «отанына опасыздық жасады» деген айыптар тағылған ерлі-зайыптылар қазір екі бөлек түрмеде жатыр. Қолдаушылары олардың Баку мен Ереван арасында бейбітшілік орнату жолындағы ұзақ жылдық күресі үшін жазаланып отырғанын айтады.

58 жастағы Лейла Юнус пен 59 жастағы Ариф Юнус «Арменияның құпия қызметіне көмектесіп, шпиондықпен айналысты», «Әзербайжан азаматтарын тыңшылыққа тарту мақсатында шетелдік қаржылай көмекті пайдаланды» деген күдікпен 30 шілде күні тұтқынға алынған. Human Rights Watch ұйымы бұл айыптарды «мүлде қисынсыз кінәлау» деп атады.

Бейбітшілік пен демократия институтының директоры Лейла Юнусты өзін әуежайда ұстаған билік өкілдеріне наразылығын айтып тұр. Баку, 29 сәуір 2014 жыл.

Бейбітшілік пен демократия институтының директоры Лейла Юнусты өзін әуежайда ұстаған билік өкілдеріне наразылығын айтып тұр. Баку, 29 сәуір 2014 жыл.

Лейла Юнус сол күні-ақ Бакудегі уақытша қамау абақтысына жеткізілді, Ариф Юнус алдымен үйқамаққа алынып, 5 тамыз күні Бакудегі Курдаханы түрмесіне жабылған. Екі күннен соң оны Әзербайжан ұлттық қауіпсіздік министрлігіне қарасты тұтқындарды азаптауымен, адам құқықтарын өрескел бұзуымен аты шыққан абақтыға ауыстырды.

Мұнайға бай Әзербайжанды басқаратын Ильхам Әлиев режимі соңғы кездері оппозицияға қарсы күресін үдете түсті. Соңғы бірнеше айдың көлемінде белгілі заңгер Интигам Әлиев пен демократияшыл саясаткер Расул Жафаров тұтқынға алынды. Тағы бір белсенді Ильгар Насибовты 21 тамызда Нахичеванда белгісіз біреулер өлімші етіп соққыға жығып кетті.

Лейла Юнус пен Расул Жафаров түзген «саяси тұтқындар» тізіміне Ариф Юнус, Лейла Юнус және Интигам Әлиевтердің өздері енгізілген. Бұл тізімде жүзге тарта адам бар.

Қазіргі уақытта Еуропа кеңесі министрлер кеңесіне төрағалық ететін президент Ильхам Әлиев үкіметі «Әзербайжанда ешқандай саяси тұтқын жоқ» дейді. Көп сыншылар Батыс Әзербайжанның бай табиғи ресурстарына бола Әлиев режимінің адам құқықтарын бұзу әрекеттеріне көз жұма қарап отыр деп санайды.

ТҰТҚЫНДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Жақындары ерлі-зайыпты Юнустардың денсаулықтарына алаңдап отыр. Лейла Юнус қант диабетімен ауырады, сондықтан арнайы диета ұстауы керек. Ал Ариф Юнустың жүрегі нашар. Биыл жыл басында Баку әуежайында тұтқындалғаннан соң ол қажетті ем алмағандықтан жүрек талмасына ұшырап, ауруханаға түскен еді. Содан бері олардың шетелге шығуына тыйым салынған.

Бес жылдан бері Нидерланд елінде тұрып жатқан Динараға ата-анасының тұтқындалғаны туралы хабар төбесінен жай түскендей әсер еткен. Ол әкесімен соңғы рет 5 тамыз күні уақытша қамау абақтысына кетерден бұрын ғана сөйлескен.

Ариф Юнус қызы Динарамен.

Ариф Юнус қызы Динарамен.

– Әкем қатты қобалжып тұрды. Жүрегі ауырып, қан қысымы көтеріліп тұрғанын сездім, бірақ ол білдіргісі келмеді. «Ұйықтағалы жатырмын, ертең хабарласамын» деп қысқа қайырды. Ертесінде газеттерден оны түрмеге алып кеткенін оқыдым, - дейді Динара.

Адвокаттарының айтуынша, абақтыда тиісті медициналық жәрдем ала алмай отырған ерлі-зайыптыларды бір-бірімен сөйлестірмейді. Өткен аптада Лейла Юнустың күйеуіне арнап жазған ашық хаты жарық көрді. Онда абақтыдағы адам төзгісіз ахуалды, қасындағылардың зорлық-зомбылық әрекеттерін сипаттаған құқыққорғаушы әйел «бірақ ең қиыны – сенің қасымда жоқтығың» деп жазады күйеуіне.

Ол екеуінің тағдырларын Александр Солженицынның, отбасымен бірге тұтқындалған совет кезіндегі басқа да диссиденттердің өмірімен салыстырған. «Біз сол хаттарды бірге отырып оқушы едік, бірге тұтқындалған ерлі-зайыптылардың қандай күйде болатынын талқылайтынбыз» деп жазады Лейла Юнус.

«АНАМ ӘКЕМНЕН АЛЫСТАП КӨРМЕПТІ»

Динара Юнусова анасының түрмеден жазған хатын қатты тебіреніп оқығанын айтып берді.

«Анам ешқашан әкемнен алыс кетіп көрген емес. Тіпті Skype арқылы әкеммен хабарласқанымда анам әрдайым ар жақты «Ариф, мұнда келші, мынаған көмектесші» деп айқайлап жүретін. Ол әкемсіз ештеңе істей алмайтын, онсыз өмір сүре алмайтын. Әкемнің денсаулығы нашар, сондықтан анам оны ешқашан көре алмай қаламын ба деп қобалжиды. Ол қош айтысып қасында бола алмай қалады ғой» дейді Динара Юнусова.

Ол ата-анасының қаншалық қысымға ұшырап жүргенін өсе келе түсінгенін айтады.

Ариф және Лейла Юнус қыздары Динарамен.

Ариф және Лейла Юнус қыздары Динарамен.

«Анам мен әкем өз көзқарастарын маған ешқашан таңып көрген емес. Бірақ есейе келе олардың қаншалықты үлкен қиындықтарға тап келетінін түсіне бастадым» дейді Динара.

Оның айтуынша, ата-анасы қыздарын шетелге кетуге қанша үгіттегенімен, өздері елден кетуді ешқашан ойламапты.

– Екеуі де «Біз осында қалып, адам құқықтары жолындағы күресімізді жалғастыра береміз» деп айтатын, - дейді Динара.

Ол ата-анасының соншама кедергі-қиындықтарға қарамастан, бірге теңізге барып демалу, иттерін серуенге шығару әдеттерінен жаңылмай, тіпті танго үйірмесіне қатысып, би де үйреніп жүргендерін де айтып берді.

– Егер олармен сөйлесе алсам оларды жанымдай жақсы көретінімді әрі мақтан тұтатынымды айтар едім. Оларды қатты құшып, сүйгім келеді. Осындай тамаша ата-анам бар мен бақыттымын. Бұдан артық отбасын ешқашан таба алмаспын, - дейді Динара Юнусова.

Дейзи Синделардың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG