Accessibility links

Диссидент Арон Атабектің әйелі түрмедегі ақынның ахуалы ауырлап кетті деп алаңдайды


Диссидент Арон Атабек 18 жыл түрме жазасына кесілгеннен кейін Алматы облыстық тергеу абақтысында. 2007 жылдың ақпаны.

Диссидент Арон Атабек 18 жыл түрме жазасына кесілгеннен кейін Алматы облыстық тергеу абақтысында. 2007 жылдың ақпаны.

Арқалықтағы қатаң тәртіп түрмесіндегі Аронның хатында түрмедегі азаптаулар туралы баяндалған деп мәлімдеді Жайнагүл Азаттық радиосына. Арон Атабекке қоғам мен құқық қорғаушылардан ешқандай қолдау білдірілмейді. Әйелі түрлі саяси партияларға қайрылғанымен әзірге еш қайран жоқ. Түрме басшылығы жауап беруден қашқалақтайды.


АРАҒА АЙ САЛЫП ЖЕТКЕН ХАТ

Арқалықтағы УК-161/12 түрмесінде жазасын өтеп жатқан диссидент Арон Атабектің зайыбы, екі баланың анасы Жайнагүл Айдархан түрмедегі күйеуінен хат алғандығын Азаттық радиосына хабарлады. Хат осы жылы 23 сәуірде жазылған. Бірақ үшбу сәлем оның Алматыдағы үйіне бүгін ғана жетіп отыр.

2006 жылғы «Шаңырақ оқиғасына» қатысты шулы қылмыстық іс бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабек әуелі Қаражалдағы түрмеге түскен еді. Сол түрмеде тәртіпке мойынсұнбаған дейін айыппен мерзіміне тағы екі жыл қосылып, диссидент осыдан шамамен екі ай бұрын Арқалықтағы аса қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылды. УК 161/12 түрмесінде 2007 жылға дейін өлім жазасына кесілгендер отырғызылып келгендігі белгілі.

Аронның Арқалық түрмесінен жазған хатынан бірер үзінді:
Арон Атабектің зайыбы Жайнагүл Айдарханға түрмеден жазған хаты. Алматы, 5 маусым 2010 жыл.

«Мені мұнда ең қатаң инструкциямен қарсы алды. Жалғыз адамдық камерада бейне бақылау орнатылған. Телефон соғуға болмайды. Төсекке күндіз екі сағат қана жатуға болады, қалған уақытта жантайып жатуға тыйым салынған. Сталиннің өзі шайға деген ыстық суды аямаушы еді» делінген Аронның хатында. Бұған қоса хат авторы асқазанның ескі жаралары қайта сыр бере бастағандығын айтып өтіпті.

Соған қарамастан Арон Атабек Арқалыққа көшуінің «пайдалы» жақтарын да ескертіп өтуді ұмытпаған:

«Шаңырақ трагедиясы» кітабын (авторы Жасарал Қуанышәлі) қайтарып берді. Бұл кітапты (басқа да кітаптар мен газеттерді) Қаражалда 10 (!) ай ұстатпаған еді – кетіп бара жатқанда сөмкеге салып жіберіпті. Сондықтан оны осы жерде – түрмеде оқи бастадым. (Неден қорыққан – зэктерді САЯСИЛАНДЫРЫП жібереді деген бе? Сұмдық!)».

Соңында Арон сыртқы әлеммен байланыс орнатудың жалғыз жолы – қарапайым хат екендігін жазып, поштаның мекен-жайын қалдырған және оны басқа кісілерге де беруін өтінген. Жайнагүлдің пікірінше, түрмеге жолданған әрбір сәлем Аронға моральдық қолдау болар еді.

Бұған қоса хатқа «Тамга» деп аталатын орыс тілінде жазылған өлең тіркеліпті.

«АРОНМЕН ЕШКІМДІ КЕЗДЕСТІРМЕЙДІ»

Жайнагүл Айдархан күйеуі хатында қатты уайымдамасын деген ниетпен өзінен және балаларынан түрмедегі шындықтың бірсыпырасын жасырып қалып отыр деп есептейді. Оның пікірінше, Аронның жағдайы хатта жазылғандағыдан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Бұған қоса, ол хаттың Арқалықтан Алматыға дейін бір айдан асқанда әрең жеткендігінен секем алып отыр.

- Соған қарағанда бұл хат Аронның дәл қазіргі жағдайын толық сипаттай алмайды Менің ойымша, түрмеде Аронға басқаларынан қарағанда қаталырақ қарайтын болуы керек. Олай дейтінім, жақында бір кісі оның жағдайын білу үшін Арқалыққа барды. Аронның жағдайын интернеттен білген бұл адам оған көмектескісі келіпті.

Бірақ Арқалық түрмесінің бастығы онымен бұрыннан таныс екендігіне қарамастан, өтінішінен бас тартқан. «Саяси тұтқындарға болмайды» деп тікелей айтқан. Бұл осы жақында ғана болған жағдай. Сөйтіп бұл кісі Аронмен кездеспек түгілі, апарған заттарын да бере алмай қайтты, - дейді Жайнагүл Айдархан.

Оның айтуынша, бұл түрмеде кездесуге тіпті рұқсат берілмейді, жылына екі рет қана хат жолдауға болады екен.

АРОННАН СЫРТ АЙНАЛҒАНДАР
Жайнагүл Айдархан, қазақ диссиденті Арон Атабектің зайыбы түрмеден келген хатты оқып тұр. Алматы, 4 маусым 2010 жыл.


Осы аптаның басында ғана Жайнагүл Айдархан оппозициялық «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысына қатысып, форумдағыларды Арон Атабектің жағдайын ЕҚЫҰ-на жеткізуін сұраған екен. Жайнагүлдің өзі бұл әрекетінен нәтиже шықпайды деп есептейді.

Бұған дейін ол қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың зорлық-зомбылыққа қарсы коалициясына, сонымен бірге адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроға арызданғандығын, бірақ аталған ұйымдар өзінің өтінішін қараусыз қалдырғандығын мәлімдеді.

Жайнагүл Айдархан күйеуінің Асылбек Қожахмет туралы көп сұрайтындығын айтып отыр. Оның айтуынша, «Шаңырақ» қоғамдық ұйымын құру туралы ұсынысты тергеу абақтысында жатқанда Арон Атабек жасаған. Ол бұл ұйым «Шаңырақ оқиғасы» бойынша істі болғандарды қорғау шарасымен айналысуы керек деп ойлаған.

- Құрыла салысымен ұйым әуелгі көзделген мақсаттан тайқып кетті. Ұйым бірде бір мәрте тұтқындарға көмектесу ісімен айналысқан емес. Қазір ол ұйым мигранттармен шұғылданады, - дейді Жайнагүл Айдархан.

АСЫЛБЕК ШЫДАМДЫЛЫҚҚА ШАҚЫРАДЫ

Осы әңгімеден кейін Азаттық радиосының тілшісі Асылбек Қожахметке хабарласқан еді, «Шаңырақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. Оның пікірінше, «Шаңырақ» ұйымы істі болғандарды заң жолымен қорғауда ерекше жұмыс атқарып шыққан.
"Шаңырақ" қоғамдық ұйымының төрағасы Асылбек Қожахметов 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы туралы Азаттықтың дөңгелек үстелінде әңгімеледі. Алматы, 13 шілде, 2009 жыл.


- Арон менің қорғаушы болуымды сұрады. Содан біз барлық күш-жігерімізді 25 кісіні қорғауға жұмсадық. Менің ойымша, жаман жұмыс істемеген сияқтымыз. Өйткені 21 адам бостандықта жүр ғой. Бірақ төртеуі сотталды. Кейбіреулері көшеге шығып, «арондатып» айқайлап жүр. Бірақ оны қалай қорғаймыз? Сот шешіміз өзгертерлік ешқандай күш жоқ, күте тұру керек, - дейді Асылбек Қожахмет.

Арқалықтағы УК-161/12 түрмесіне бірнеше мәрте хабарласқанымызда, түрме бастығының көмекшісі прапорщик Ерназаровтан ғана жауап ала алдық. Ол Арон Атабектің түрмеде көріп жатқан қиындықтары туралы сауалдарға:

«Мен бұл жайттар туралы ешқашан естіген емеспін. Ертең хабарласыңыз», -деумен ғана шектелді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG