Accessibility links

Данияр Саламат: Әлеуметтік драмаға мән берілмейді


Жүлделі фильм
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:15:05 0:00

Режиссер Данияр Саламат Азаттыққа сұқбат беріп отыр. Алматы, 10 қараша 2015 жыл.

Қазақстандық режиссердің Азаттық видеосы желісімен түсірген фильмі халықаралық фестивальде жүлде алды.

Режиссер Данияр Саламаттың «Сағынтайдың бірінші әйелі» атты авторлық көркем фильмі Германияның Котбус қаласында 3-8 қараша күндері өткен Шығыс Еуропа фильмдері кинофестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Биыл түсірілген 70 минуттық фильм фестивальдің мәдениетаралық байланыстарға арналған «Диалог» секциясының сыйлығын иеленген.

Фильмнің режиссері Данияр Саламат Азаттыққа берген сұқбатында бұл фильмді түсіруге не себеп болғанын да айтты.

Азаттық: – «Сағынтайдың бірінші әйелі» атты фильміңіз Германияның Коттбус қаласында өткен Шығыс Еуропа фильмдері кинофестивалінің арнайы жүлдесін алды деп естідік. Құтты болсын! Жалпы фильмнің идеясы қалай туды?

Данияр Саламат: – Фильмнің жанры – әлеуметтік драма. Әлеуметтік драма болғандықтан қоғамда болып жатқан түйткілді көркем дүние ретінде ұсыну бағытында біраз іздендім. Бұдан басқа да жобаларым болды.

Бір күні Азаттықтың бейнесюжеттерін қарап отырсам, Қызылорда облысында тұратын тоғыз балалы әйелдің әңгімесі өте шынайы екен. Әңгіме ауаны биліктегілерге қаратылып айтылады. Былай дейді: «Менің мына үйімдегі пешім бұзылып қалды. Өзімнің жасап алуға мүмкіншілігім болмаған соң әкімшілікке барып едім. Олар қалай болса солай жасап берді. Соның кесірінен түтін шығып, балаларыма иіс тиіп, ауруханаға жатып қалды. Қайта біздің күніміз ауруханада жақсы болып еді. Ол жерде ақ тоқаш жеп, таза жерге жатып, көңіліміз көтеріліп қалып еді. Бірақ ол жерден де шықтық. Міне, қиыншылықты көріп отырмыз» дейді.

Осы сюжеттегі ең қызықты жері – көп балалы анаға «Батыр ана» деген алтын алқа беріледі. Кейіпкер «Алтын алқаны» уақытша ломбардқа өткізіп, тамағын асырауға әрекет өткізеді. Бірақ «Алтын алқаның» құрамында алтын болмай шыққан. Осы бір әңгіме өте шынайы шықты. Себебі бізде ең үлкен байлық – адам ресурсы. Онда адамдарға байлық ретінде көзқарас түзу болуға тиіс еді. Ал жаңағы тоғыз балалы ана не мемлекетке керек жоқ, не күйеуіне керек жоқ – айдалада қалып отыр.

Азаттық: – Фильмді неге «Сағынтайдың бірінші әйелі» деп атадыңыз?

Данияр Саламат: – Бұл жерде бәрі шартты түрде. Өйткені ол әйелдің шынайы өмірінен хабарым жоқ. Бірақ осы әйелдің әңгімесі қатты әсер еткені соншалық, барлық жобаларды ысырып қойдым да жедел түрде топты жинап, осындай фильм түсіретінімді айттым. Сценарий жоқ. Тек осы Азаттықта шыққан бейнесюжет қана бар. Осы бейнесюжетті алдыға ұстай отырып жұмысқа кірістік.

Фильмдегі кейіпкердің жеті қызы бар. Бейне сюжеттегідей ол кейіпкер де тамақ табу үшін «Алтын алқасын» алып ломбардқа барады. Әрине, алқа ол жерде де жарамсыз болып қалады. Ал киноның атауына келетін болсақ – ол әйелді бірыңғай қыз туғаннан кейін күйеуі Сағынтай «ұл таппадың» деп тастап кеткен. Онда да алысқа кетпейді. Келесі көшеде тұратын ағасының жесірінің қолына кіріп алған.

Азаттық: – Бұл фильмді кім қаржыландырды?

Бізде фильмдер тек мемлекеттік тапсырыспен шығады және ол мемлекеттің ұстанымына, мемлекеттің идеологиясына сай болу керек. Әлеуметтік драмаға аса көп мән берілмейді.

Данияр Саламат: – Бұны қаржыландыру мүмкін емес. Бізде «Қазақфильмде» фильмдер тек мемлекеттік тапсырыспен шығады және ол мемлекеттің ұстанымына, мемлекеттің идеологиясына сай болу керек. Әлеуметтік драмаға аса көп мән берілмейді. Сондай ұстаным бар. Сондықтан біз өзіміз жиған-терген азғана ақшаға түсірдік.

Азаттық: – Фильмдегі бас кейіпкер әйелдің рөлін кім ойнады? Кәсіби актриса ма?

Данияр Саламат: – Бұл рөлді кәсіби актрисаның ойнауы мүмкін емес. Өйткені кәсібилер тек классикалық тұрғыда ойнап шыға алады. Біз өз ойымыздағы бейнені ойнайтын адамды іздедік. Оны осы қаланың шетіндегі ауылдан таптық. Әлфия Сембаев деген кісі осы рөлі үшін қыркүйек айында өткен «Шәкен жұлдыздары» кино фестивалінде «Үздік әйел рөлі» деген марапатқа ие болды.

Азаттық: – Бұл фильм Германияда өткен фестивальге қалай қатысты? Фестивальге дейін қазақстандық киносыншылар көріп пе еді?

Данияр Саламат: – Қазір фестивалдерге фильм жіберу де қиын. Өйткені авторлық жоба болғандықтан көрермендерге аса қызық болмауы да мүмкін. Онда ұзақ сахналар, адамның көңіл-күйін беретін ұзақ шиырлар болуы мүмкін. Сол себепті фестивальдер арқылы мұндай фильмдерге көрермендердің назарын тарту керек. Бұл тұрғыда Гүлнар Әбікееваға көп рахмет айтамын. Фильмді көріп шығып: «Шын мәніндегі фестивалдерге жіберетін жұмыс екен» деп Котбусқа өз қолымен аттандырған еді. Негізінде конкурстан тыс қатысқан.

Фестивалдің аясы өте кең. Өйткені ол жерге Шығыс Европаның барлық фильмдері жиналады. 180-ге жуық жұмыс көрсетілген. «Сағынтайдың бірінші әйелі» фестивальдің үш арнайы қазыдан тұратын «Диалог» атты конкурсында жүлдегер болды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

XS
SM
MD
LG