Accessibility links

Президент сайлауына қатысуға үш адам өтініш түсірді


Ақорда ғимаратының сыртқы көрінісі. Акорда. Астана, 6 қазан, 2009 жыл

Ақорда ғимаратының сыртқы көрінісі. Акорда. Астана, 6 қазан, 2009 жыл

Дүйсенбі, ақпанның 7-сі күні үш адам Қазақстан орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс өтетін президент сайлауына түсуге өтініш бергені жайлы хабарланды. Олардың екеуі өткен сайлауда «бағы жанбағандар» болса, үшіншісі - «эколог».


Орталық сайлау комиссиясына алғашқылардың бірі болып Қазақстан парламенті сенатының экс-депутаты, бүгінде “Кенесары хан” ұлттық тарихи-мәдени қорының президенті Уәлихан Қайсар, кәсіпкер Сәлім Өтен және «Жасыл әлем үшін» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мұсағали Дуамбеков өтініш тапсырды.

59 жастағы Сәлім Өтен мен 45 жастағы Уәлихан Қайсар осыған дейін 2005 жылы да президенттікке өздерін-өздері ұсынып, өтініш берген болатын. Бірақ, ол жолы орталық сайлау комиссиясы екеуін де түрлі себептермен тіркемей қойған еді.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, әзірге өзге үміткерлерден өтініш түспеген.

«ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСЕМІН»

45 жастағы Уәлихан Қайсар президент сайлауына түсуге бұрынан қамданып жүргенін айтады. «2005-ші жылы үмітінің ақталмағандығына қарамастан, осы жолы бағымды тағы сынап көремін», - дейді саясаткер.

Алайда бұл жолғы сайлаудың қысқа мерзімде өткізілуі президент Назарбаевтан өзге үміткерлерді сайлауға қатыстырмаудың амалы дегенді айтады саясаткер.

- Мысалы, Конституция бойынша сайлау науқанына үш ай беріледі. Ал бірақ біздің «қалталы парламенттің» [неліктен] екі ай ғана беріп отырғаны маған түсініксіз. Ол менің ойымша, басқа үміткерлерге ешқандай мүмкіндік бермеу. Қол жинауға, ресми процедуралардан өтуге. Соған қарамастан, сайлауға міндетті түрде түсу керек, қол жинау керек. Олардың жасап отырған қисық, қырсық әрекеттерін әшкерелеу керек, - дейді Уәлихан Қайсар.

Бұрынғы Сенат депутаты әзірге нақты бағдарламасының жоқ екендігін, дегенмен елдегі жемқорлықпен күресті негізгі басым бағытының бірі етіп алатындығын айтты.
Соңғы сағатта, сайлауға үміткерлерді тіркеу күні түнгі 23.30-да сайлау комиссиясы мәжіліс өткізіп, мүлдем мен білмейтін хаттамалар шығарды.

Уәлихан Қайсар 2005 жылғы сайлауға түсуге талаптанған кезде орталық сайлау комиссиясы саясаткерді қолдау үшін түскен 87400 қолдың 26 мыңнан астамын заңсыз деп танып, оны үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан. Саясаткердің сөзінше, ол кезде сайлау комиссиясы заңсыздыққа жол беріп, «қылмыс жасаған».

- Ол сайлау науқанында мен 112 мыңнан аса дауыс жинадым. Оны дәлелдейтін менде әлі күнге шейін жергілікті сайлау комиссияларының хаттамалары сақталған. Бірақ, соңғы сағатта, сайлауға үміткерлерді тіркеу күні түнгі 23.30-да сайлау комиссиясы мәжіліс өткізіп, мүлдем мен білмейтін хаттамалар шығарды. Әрине олар жалған хаттамалар еді. Ол бойынша маған тиісті қол жетіспейтін болып шықты. Мен бұл іске қатысты сотқа шағымдандым. Сотта бір-біріне қайшы келетін екі хаттаманың бар екендігі анықталды. Бұл дегеніңіз барып тұрған қылмыстық іс. Алайда билік сайлау комиссиясының қолында ғой. Сондықтан сот комиссияның айтқанын дұрыс деп тапты, - дейді Уәлихан Қайсар.

- Ал осы жолы 2005-ші жылғы оқиға қайталануы мүмкін бе? – деген сұрағымызға ол:

- Қайталануы әбден мүмкін. Бірақ одан қорықпау қажет. Керісінше, қайтадан қол жинап, олардың қатесін көрсетіп, халықтың да көзін ашу керек,- деп жауап қайырды.

Уәлихан Қайсар - «Азат» ЖСДП партиясының мүшесі. Соңғы бір жарым жылдан бері “Кенесары хан” ұлттық тарихи-мәдени қорын басқарады. Ол президенттікке түсу туралы шешімін партия мүшелері құп көреді деп сенеді.

«ЭКОНОМИКАНЫ КӨТЕРЕМ»

Үміткер болуға өтініш түсіргендердің бірі кәсіпкер Сәлім Өтен де 2005-ші жылы президент сайлауына түспек болған. Алайда, «құжаттарды толық тапсырмағаны үшін» сайлау комиссиясы оның кандидатурасын алып тастады.

Екінші рет бағын сынап көруге бел буған Сәлім Өтен Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанның бүгінгі ахуалына көңілі толмайтындығын айтты.

- Қазақстан дұрыс мемлекет болуы керек. Құлақтың ұшында емес, «ля-ля-ля» әңгіме емес, іс жүзінде дұрыс мемлекет болуы керек, жағдайына, тұрмысына қатысты, – дейді ол.

- Сіздіңше қазіргі Қазақстанның несі теріс? – деген тілшінің сауалына кәсіпкер:

- Қазақстан қазір мемлекет емес, ол қазір Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен мал қорасы. Ол – малдың қожасы да, біз – жүрген соның құлдарымыз. Еркін сөйлей алмаймыз, я еркін ешнәрсе істей алмаймыз. Мен олай болғанын қаламаймын.

- Ал сіздің бағдарламаңыз қандай жайттарды қамтымақ? - деп сұраған тілшіге кәсіпкер Сәлім Өтен:

- Экономиканы көтеру. Ол дұрысталмай ешнәрсе дұрысталмайды. Бізде ешбір кәсіпорын, өндіріс жоқ, - деп жауап қайырды.

«ЭКОЛОГИЯ – ЖАН САУЛЫҒЫ»

Ал ақпанның 7-сі күнгі мәлімет бойынша үшінші болып сайлау комиссиясына Мұсағали Дуамбеков өтініш жазған. Осыдан бес жыл бұрын қазіргі "Нұр-Отан" партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалдымен бірлесіп экологиялық қозғалыс құрған ол, қозғалыс әлі партия болып тіркелмегендіктен партия атынан түсе алмай, өзімді-өзім ұсынып отырмын дегенді айтады.
Шынында да уақыт тығыз. Бір аптаның ішінде лингвистикалық комиссиядан өту керек, одан кейін 9 облыстан 91 мың адамның қолын жинауымыз керек.

- Біздің басты ұранымыз экология – жан саулығы, экология – тән саулығы. Біз осы салада соңғы бес жыл бойы еңбек етіп, осы тірліктің нәтижесі бойынша ақылдасып, сайлауға қатысу туралы шешімге келдік.

- Ал сіз үшін сайлауға белгіленген уақыт жеткілікті ме? – деген сұрағымызға Дуамбеков мырза:

- Шыны керек, оның жағдайын бүгін барып білдік. Шынында да уақыт тығыз. Бір аптаның ішінде лингвистикалық комиссиядан өту керек, одан кейін 9 облыстан 91 мың адамның қолын жинауымыз керек. Бұл өте қыруар шаруа. Сондықтан меніңше, үімткерлердің көбісі біраз сескенген сияқты, - деп жауап берді.

Президент сайлауының өту мерзіміне қатысты мәселе «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы дүйсенбі күні таратқан мәлімдемесінде де аталып өтті. Осы партияның хатшысы Әміржан Қосанов Азаттық радиосына Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауды сәуірдің 3-іне белгілеуі оппозицияның дайындалуына және қазіргі президентпен саяси бәсекеге түсуіне жеткілікті мерзім қалдырмай отыр деген пікір білдірді.

САЙЛАУҒА БОЙКОТ ЖАРИЯЛАУ

Қуғындағы оппозициялық «Атамекен» партиясының жетекшісі Ержан Досмұхамедов Қазақстан халқын мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауына бойкот жариялауға шақырды. Досмұхамедовтың үндеуі дүйсенбі, ақпанның 7-і интернетте таратылған.

Оның сөзі бойынша Нұрсұлтан Назарбаев ешқандай конституциялық негізсіз мерзімінен бұрын өтетін сайлауды халыққа таңып отыр. Осылайша билігін тағы бес жылға созу үшін халықты тағы да «декорация» ретінде пайдаланғысы келеді.
Сайлауда ешқандай мағына жоқ.

«Атамекен» партиясының жетекшісінің пайымдауынша қандай да бір тұлғалардың сайлауға қатысуы олардың осындай жолмен режимді қолдайтынын білдіреді. Сондықтан да Ержан Досмұхамедов «сау ақылды» қазақстандықтарды сайлауға бойкот жариялауғ ашақырады.

«Новости-Казахстан» агенттігінің хабарлауынша оппозициялық Қазақстанның коммунистік партиясының жетекшісі Ғазиз Алдамжаров та «сайлауда ешқандай мағына жоқ» екенін уәж ретінде алға тартып, бойкот жариялауға шақырған.

«Біздің партияның барлық бөлімшелері бұл бастаманы бірауыздан қолдап отыр», - деп мәлімдеді Ғазиз Алдамжаров.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG