Accessibility links

Судья: "Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар босатылмайды


"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар - (солдан оңға қарай) Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров өздерін қамаудан босату туралы өтініші бойынша сот шешімін күтіп отыр. Алматы, 29 тамыз 2018 жыл.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар - (солдан оңға қарай) Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров өздерін қамаудан босату туралы өтініші бойынша сот шешімін күтіп отыр. Алматы, 29 тамыз 2018 жыл.

Алматының Жетісу аудандық сотының судьясы Тұрысбек Мыятбеков "жиһадшылар ісі" бойынша сотталушы Кенжебек Әбішев, Оралбек Өміров және Алмат Жұмағұловтың адвокаттары берген өтініш бойынша шешімін жариялады. Судья адвокаттар Гүлнара Жуаспаева, Айдын Табылдиев және Айнұр Омардың сотталушыларды бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініштерін қанағаттандырмады.

Судья Әсел Көпбосынованы күйеуі Алмат Жұмағұловтың қоғамдық қорғаушысы қылып бекіту туралы өтінішті қанағаттандырды.

"Жиһадшылар ісі" бойынша алдын ала сот тыңдауы 28 тамызда басталған. Жабық өткен тыңдауда адвокаттар сотталушыларды қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді, Кенжебек Әбішевтің өзін азаптағаны туралы шағымы бойынша қылмыстық істі қайта қозғау және "терроризмге шақыру" ісі бойынша сот өндірісін тоқтату туралы өтініш білдірген.

7 қыркүйекке белгіленген негізгі сот тыңдауы ашық өтеді.

Бұған дейін Алмалы аудандық соты бұл істі қараудан бас тартқан соң, Алматы қалалық соты оны Жетісу аудандық сотына жолдаған.

51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды" тексеру деп атаған іс аясында ұстаған болатын. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар "терроризмге шақырды" деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарынан тәуелсіз екеніне күмән келтірген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG