Accessibility links

Сот "жиһадшылар ісінде" адвокаттар өтінішін қабылдамады


"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Кенжебек Әбішев (сол жақта) пен Алмат Жұмағұловты сотқа алып келе жатыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Кенжебек Әбішев (сол жақта) пен Алмат Жұмағұловты сотқа алып келе жатыр. Алматы, 26 қыркүйек 2018 жыл.

"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміровтің ісін қарап Алматының Алмалы аудандық сотының төрағасы Қуаныш Әріпов 27 қыркүйек күні алдын ала тыңдау аяқталған соң негізгі сот отырысының кестесін жариялады. Кесте бойынша, сот отырысы дүйсенбіден бейсенбіге дейін күн сайын өтеді. Алғашқы сот отырысы 1 қазанға белгіленді.

Бүгінгі алдын ала тыңдауда судья кеше сотталушылардың адвокаттары Гүлнара Жуаспаева, Айнұр Омарова және Айдын Табылдиев жасаған өтініштер бойынша шешімін оқыды. Судья адвокаттардың сотталушыларды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту және қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартып, іс материалымен сотталушылардың өздерімен бірге танысу туралы өтінішін ғана қанағаттандырды.

Бұған дейін Алмалы аудандық соты істе "мемлекеттік құпия бар болғандықтан" оны өндіріске алудан бас тартып, іс Жетісу аудандық сотының қарауына берілген еді. Жетісу аудандық сотында өткен тыңдауда адвокаттар Алмалы аудандық сотының істі өндіріске алудан бас тартуына негіз жоқ деп, істі осы аудандық сотқа қайта беруді сұраған. 10 қыркүйекте өткен сотта Жетісу аудандық сотының төрағасы Тұрысбек Мыятбеков істі Алмалы аудандық сотының қарауына жолдаған.

51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру" деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар "терроризмге шақырды" деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарынан тәуелсіз екеніне күмән келтірген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG