Accessibility links

"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар жазбаша шағым түсірді


"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Оралбек Өміров (солдан оңға қарай), Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішев. Алматы, 7 қазан 2018 жыл.
"Жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар Оралбек Өміров (солдан оңға қарай), Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішев. Алматы, 7 қазан 2018 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында "жиһадшылар ісі" бойынша сотталушылар прокурор Дәурен Бұлғымбаевқа тергеу абақтысында өздерін ұстау тәртібіне және сот күзетшісінің дөрекілігіне қатысты жазбаша шағым түсірді.

Сотталушы Алмат Жұмағұлов бұған дейін түрмеде отырғанда асқазан жарасы пайда болғанына, жаңа сот күзетшісі судья ресми түрде рұқсат бергеніне қарамастан туыстарының өзін тамақтандыруына рұқсат етпегеніне, енді ауруы асқынып бара жатқанына шағымданды. Жұмағұловтың сөзінше, түрмеде өздеріне күні бойы бір тілім нан мен ет қана береді, күзетші ыстық шәйді былай қойғанда, қара су да бермейді. Ол осыған байланысты түрме әкімшілігінен өздеріне түсте және кешке уақытында ыстық тамақ беруін талап етті. Оның айтуынша, түрмеде кешкі асты көбінесе кешіктіріп - ұйықтардың алдында әкеледі.

Алмат Жұмағұлов сонымен қатар өздерінің сыз және суық, қабырғалары көгеріп кеткен камерада отырғанына шағымданды. Ол асқазан ауруының асқынып, суық тиюіне байланысты денсаулығы нашарлай бастағанын айтып, соттан үзіліс жасауды сұрады.

Сотталушы Кенжебек Әбішев 4 қазанда жүрегі ауырғанын, алайда күзетші түрмеге апаратын кезде өзін тұтқындар таситын көлікке "қапшық" сияқты итеріп жібергенін, ал түрмеге барған соң орнынан тұра алмай қалғанын мәлімдеді. Бірақ күзетшілер бастығы оған көмектесудің орнына тілдеген. Әбішев сонымен қатар абақтыда өзін жүрегі ауыратындар есебіне алмағанына да шағымданды. Оның сөзінше, түрме әкімшілігі өзіне дәрігерлік есепке тергеуде жатқандар емес, сотталғандар ғана қойылатынын айтқан.

Сотталушы Оралбек Өміров те 4 қазан күні сот күзетшісінің өзіне дөрекілік танытып, көлікке итеріп жібергеніне шағымданды. Өміровтің сөзіне қарағанда, көзінің көруі күрт нашарлаған. Ол осыған байланысты өзін медициналық тексеруден өткізіп, мүгедектік тағайындау қажетін айтты. Ол түрме әкімшілігінің өзіне тағы қысым жасай бастағанын мәлімдеді.

Әсел Көпбосынова судья Қуаныш Әріповке өзін күйеуі Алмат Жұмағұловтың қоғамдық қорғаушысы етіп бекітуді сұрады. Судья Көпбосынованың сот процесіне қоғамдық қорғаушы ретінде қатысып жатқанын айтып, оның өтінішіне таңданды. Алайда, түрме әкімшілігі оны Жетісу аудандық сотының төрағасы қоғамдық қорғаушы етіп тағайындағанын, ал процесті Алмалы аудандық соты жүргізіп жатқандықтан, оның бұл мәртебесі енді жарамсыз екенін айтып, күйеуіне жібермей отыр. Судья Әріпов бұған жауап ретінде түрме әкімшілігі заң бұзып отырғанын айтты. Оның сөзінше, қоғамдық қорғаушы мәртебесі бір рет беріледі және ол сот процесі аяқталғанға дейін жарамды.

Сотталушылар бұл шағымдарын бұдан ертерек, 4 қазанда ресми түрде, бірақ ауызша айтқан еді. Ол кезде судья сотталушылардың мәлімдемелерін тіркеп алғанын және түрме басшылығына тиісті хат жіберетінін мәлімдеген.

Сотталушылардың шағымдары мен Әсел Көпбосынованың мәлімдемесін тыңдаған судья Әріпов прокурор Бұлғымбаевқа тиісті шаралар қолдануды және оның орындалуын қадағалауды тапсырды.

Судья тараптардың пікірін тыңдаған соң сотта 15 қазанға дейін үзіліс жариялады.

51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров және 43 жастағы Алмат Жұмағұлов 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру" деп атаған іс аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі тұтқынға алынғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.

Сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар "терроризмге шақырды" деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарынан тәуелсіз екеніне күмән келтірген.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты "саяси тұтқын" деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG