Accessibility links

Құқық қорғаушы: БҰҰ төрт қазақстандықтың шағымын тіркеді


Полиция Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіруге келген белсенділерді ұстап әкетіп барады. Алматы, 23 қазан 2016 жыл.

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеті азаматтардың еркін пікір айту және бейбіт митинг өткізу құқығы туралы төрт қазақстандықтың шағымын тіркеді. Бұл туралы дүйсенбі, 25 наурыз күні құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тағы парақшасында жазды.

Оның айтуынша, комитеттің өзі төрт адамның арызын қабылдап, тіркегені жайлы құқық қорғаушыға хабарлаған. Шағым түсірген азаматтар арасында құқық қорғаушы Елена Семёнова, азаматтық белсенділер Шаттық Тәжкенова мен Сүйіндік Алдабергенов бар. Жазбада төртінші адамның аты-жөні толық жарияланбаған, тек А.Б. деп қана көрсетілген.

Павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семёнова Азаттыққа шағымының 2016 жылы қазан айында Атырау қалалық соты ғимаратының алдында ұсталуымен байланысты екенін хабарлады. Ол азаматтық белсенді Шаттық Тәжкеновамен бірге Атырау сотының алдында "бейбіт митингілерге рұқсат берілсін, Макс Боқаев пен Талғат Аян бостандыққа шықсын" деп талап етіп, наразылық білдірген. Сол кезде полиция оларды ұстап әкеткен және кейін әкімшілік сот айыппұл салған.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 2016 жылы қараша айында сотталған. Олар сол жылы көктемде Атырауда жер реформасына қатысты митингілерге қатысқан. Сот белсенділерді «араздық қоздырды», «жалған ақпарат таратты» және «митинг өткізу тәртібін бұзды» деп танып, әрқайсысын бес жылға бас бостандықтарынан айырған. Екеуі де айыпты мойындамаған. Кейін Талғат Аянның түрме жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, 2018 жылдың сәуірінде қамаудан босаған.

Азаматтық белсенді Сүйіндік Алдабергенов - 2016 жылдың 23 қараша күні Алматыда Макс Боқаев пен Талғат Аянға қолдау білдіріп, көшеге шыққан бірнеше белсендінің бірі. Сол кезде оны да полиция "заңсыз митинг өткізбек болды" деп ұстап, он күнге қамаған.

Әдетте БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеті арыз-шағымды қабылдап, тіркеу үшін көп уақыт жұмсайды. "Бұл арыздарды жазуға құқықтық тұрғыда көмек бердім" деген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттыққа:

- Мұнда істің бір жыл бұрын немесе жаңа ғана болғаны маңызды емес, мәселе азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығының бұзылуында болып тұр. Ол қазір де өзекті, - деді.

Қазақстан заңына сәйкес азаматтар митинг өткізу үшін жергілікті биліктен алдын-ала жазбаша рұқсат сұрауы керек. Бірақ Қазақстанда көп жағдайда мұндай өтініштер орындалмайды. Бұған наразы болған кейбір белсенділер жергілікті әкімдікпен де соттасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG