Accessibility links

Батылдық пен қауіп-қатер. Журналистерге қоқан-лоқы жиіледі


Наурыз мерекесіне келген түсірілім тобының камерасын газетпен жауып, журналистер жұмысына кедергі келтіріп тұрған белгісіз адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.
Наурыз мерекесіне келген түсірілім тобының камерасын газетпен жауып, журналистер жұмысына кедергі келтіріп тұрған белгісіз адам. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

Қазақстандағы Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасау оқиғалары күллі әлемде биліктің ақпаратты бақылауда ұстау үшін кез келген әрекеттен тайынбайтынын және ең батыл деген журналистерге үнемі қауіп-қатер төнетінін аңғартты.

"Азат Еуропа / Азаттық Радиосы (АЕ/АР) ондаған жылдар бойы қауіп-қатерге толы елдердегі оқиғалар жайлы хабар таратып келеді және бұл жұмыс оңай болып көрген емес. Алайда биліктің өрескел іс-әрекеттерінің барған сайын күшеюі және қаскөйлердің жазасыз қалуы журналистеріміз тап болатын қауіп-қатер мен проблемаларды ұлғайта түсті. Мен [журналистердің] зор батылдығы мен табандылығын, сонымен бірге жаңалықтарды оған зәру жұртқа жеткізуді жалғастыруға деген қайсарлығын құптаймын" деп мәлімдеді Азат Еуропа / Азаттық радиосы президенті міндетін атқарушы Дейзи Синделар мамырдың 3-і, Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай білдірген пікірінде.

Нұр-Сұлтанда мамырдың 1-і күні болған наразылықтардан кейін, маусымның 9-ы күні өтетін президент сайлауына бойкот жариялауға және саяси тұтқындарды қамаудан босатуға шақырған шерулерде ұсталған ондаған азамат туралы ақпарат алуға полиция бөлімшесіне барған Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді полиция өкілдері ұстап, жауап алуға тырысқан. Журналисті полиция бірнеше сағат ұстаған. Мамырдың 1-і, наразылық шеруі болған күні белгісіз біреулер тілшінің телефонын тартып алған, журналист табандылық танытып, олардан өз құралын зорға дегенде қайтарып алған.

Азаттық тілшілеріне бөгет болған кім? Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

Азаттық тілшілеріне бөгет болған кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:44 0:00

Сәния Тойкен биылғы жыл басынан бері осымен төртінші рет ұсталды. Ол 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Азаттық тілшісі Жаңаөзендегі наразылық акцияларынан хабар дайындауға барғанда бірнеше мәрте қуғынға ұшыраған. Биыл наурызда Жаңаөзен соты "полицияға бағынбаған" деген айыппен Тойкенге 20 айлық есептік көрсеткіш (50 500 теңге немесе 130 долларға жуық) мөлшерінде айыппұл салды. Сәния мен адвокаты сот қаулысымен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Аппеляциялық инстанция сот шешімін күшінде қалдырды.

Мамырдың 1-і болған наразылық акциясы алдында белгісіз біреулер Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың автокөлігінің терезесін сындырып, көліктегі тіркеу құрылғысын алып кетті. Журналист ұрлық туралы полицияға хабарлаған, бірақ полиция оны бөлімшеге жеткізіп, одан саусақ іздерін алып, бірнеше сағат ұстады. Соның салдарынан Әмірханов редакция тапсырмасын орындауға уақытында бара алмай бөгелуге мәжбүр болды.

Азаттық операторы Ержан Әмірханның көлігінің шағылған терезесі. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.
Азаттық операторы Ержан Әмірханның көлігінің шағылған терезесі. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

Мамырдың 1-і күні таңертең белгісіз біреулер Азаттықтың Нұр-Сұлтандағы тағы бір операторы Тимур Айтмұханбеттің автокөлігін жартылай бос көлік тұрағынан шыға алмайтындай етіп алдын бөгеп тастады. "Тұрақта бос орын көп болғанына қарамастан бұл автомобильді тура менің көлігімнің алдына қойып, жолымды жауып кеткен. Қасымда тұрған көліктер шығып кетті, ал мен орнымнан қозғала алмай қалдым" деді Тимур Айтмұханбет.

Қызыл түсті жеңіл көлік Азаттық тілшісі Тимур Айтмұханбеттің автокөлігінің алдын бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.
Қызыл түсті жеңіл көлік Азаттық тілшісі Тимур Айтмұханбеттің автокөлігінің алдын бөгеп тұр. Нұр-Сұлтан, 1 мамыр 2019 жыл.

Биыл наурызда Қазақстан астанасы мен Алматыдағы рұқсат етілмеген акциялардан хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшілеріне кедергі жасалды. Белгісіз жастар наурыздың 22-і күні көшедегі оқиғаны түсіріп жатқан Азаттық тілшілері видеокамерасының объективін көлегейлеп, "жағымсыз нәрсені көрсетпеңдер" деген талап қойып, оператор Тимур Айтмұханбетті жұлқылап, журналистердің жұмысына кедергі келтірді.

Азаттықтың түсірілім тобының жұмысына кедергі келтірген жастардың бірі. Астана, 22 наурыз 2019 жыл.
Азаттықтың түсірілім тобының жұмысына кедергі келтірген жастардың бірі. Астана, 22 наурыз 2019 жыл.

Сол жерде жүрген полиция қызметкерлері кәсіби міндетін атқаруына кедергі келтіргендерді тәртіпке шақыруды сұраған журналистердің арыз-өтінішін елеусіз қалдырды.

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер!" Астана, 22 наурыз 2019 жыл.

"Негативті емес, позитивті түсіріңдер!"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:41 0:00

Сол күні полиция көшеде азаматтардың қалай ұсталып жатқаны туралы хабар әзірлеп жүрген "Настоящее время" тілшісі Светлана Глушкованы да ұстады. Оған кәмелетке толмаған қызды итеріп жіберіп, "оған қол жұмсады" деген айып тақты. Сәуірдің 2-і күні ел астанасындағы әкімшілік сот Глушковаға 10 айлық есептік көрсеткіш (25 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салды. Журналист өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеп, оны кәсіби жұмысына кедергі келтіру мақсатында жасалған саяси астары бар әрекет деп атады.

Журналист Светлана Глушкованың соты. Нұр-Сұлтан, 1 сәуір 2019 жыл.

Журналист Светлана Глушкованың соты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:09 0:00

Азаттықтың басқа елдердегі тілшілері де осыған ұқсас және бұдан да зор шектеулерге кезіккен.

Ауғанстанда Азат Еуропа / Азаттық радиосының жергілікті редакциясының үш журналисі өткен жылы Кабулда жанкешті жасаған шабуылда қаза тапты. Үкімет пен "Талибан" қозғалысы арасында билікті бөлісу туралы келісім болашағы бұлыңғыр болып, зорлық-зомбылықтан көз ашпай келе жатқан елде тілшілер қауіп-қатерге бас тіге жүріп кәсіби қызметін атқарады.

Онымен көрші Пәкістанда Азат Еуропа / Азаттық радиосының Исламабадтағы бюросы әлі жабық тұр. Осыдан 15 ай бұрын Пәкістан арнайы қызметі бюроны "Пәкістан мүддесіне қарсы" бағдарламалар таратты деп айыптаған. Пушту тілінде хабар тарату қызметі қайта құрылғаннан кейін ауған шекарасы бойындағы аудандар тұрғындарына экстремистік пропагандаға балама хабарларды тарату жалғасып келеді.

Украин тілінде хабар тарататын Радiо Свобода журналистерінің президент сайлауы жайлы материалдарын жұрт бірнеше миллион рет қараған. Ал осы елде журналистік зерттеумен айналысатындарға шенеуіктер мен олигархтардың қысым көрсетуі жиіледі. Ресей аннексиялап алған Қырым түбегінде билік Радiо Свобода тілшілерінің үнін өшіруді көздейтін шаралар қабылдап жатыр. Украинаның шығысында блогер әрі Азаттықтың Украин қызметінің штаттан тыс тілшісінің қамауда отырғанына екі жылдан асты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, оны өзін өзі жариялап алған "Донецк халық республикасын" қолдайтын ресейшіл сепаратистер тұтқында ұстап отыр.

Ресейде 2014 жылдан бері Азаттықтың Орыс қызметінің (Радио Свобода) Псков қаласындағы штаттан тыс тілшісі болып істейтін Светлана Прокопьеваның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Журналиске өткен жылы қарашада "Эхо Москвы в Пскове" радиосы эфирі кезінде білдірген пікірінде "терроризмді ақтап сөйледі" деген айып тағылған. Прокопьева Архангельскіде Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ғимараты маңында болған терактінің себептері туралы пікірін білдірген. Ол ФСБ аймақтық басқармасына шабуыл жасап қаза тапқан 17 жастағы жас азаматтың мұндай іске баруына саяси режимнің қысастық көрсеткен іс-әрекеттері және ресейлік жастар арасында кең тараған "күдер үзу" сезімі себеп болуы мүмкін деп топшылаған. Прокопьеваның жағдайы "Кремльдің саяси тұтқындары: саяси күн тәртібін өзгеше ойлайтындарды басып-жаншу арқылы ілгері жылжыту" атты жаңа баяндамада айтылғанды растайды. Құжатта Ресейдің билікке сын айтушыларды қорқытып-үркітіп ұстау және сөз бостандығын шектеу үшін "үнемі толығатын заңдарды" пайдаланатыны жазылған.

Ресейде жақында қабылданған "интернетті оқшаулау" туралы заң құқық қорғаушылардың алаңдаушылығын туғызды. Олар бұл құжат билікке интернетке цензура орнатуға қосымша мүмкіндік береді деп санайды.

Түркіменстанда журналистер қатаң шектеулерге тап болып отыр. (Азаттықтың Түркімен қызметі 1953 жылдан бері жұмыс істеп келеді.) "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Сөз бостандығы индексінде" Түркіменстан әлем бойынша ең соңғы орында тұр. Өткен жылы тамызда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті 2006 жылы түрмеде көз жұмған Азаттық журналисі Оғулсапар Мурадованың өліміне Түркімен үкіметі жауапты деп таныған.

"Біз жұмыс істеп жатқан көп жерде журналистеріміз тәуелсіз баспасөздің негізгі ролі мен құқықтарын қорғау үшін күресіп жүр" деді Азат Еуропа /Азаттық радиосы президенті міндетін атқарушы Дейзи Синделар.

Ширек ғасырдан бері жыл сайын мамырдың 3-і Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні ретінде атап өтіледі. 1993 жылы осындай шешім қабылдаған БҰҰ Бас ассамблеясы әлемдегі сөз бостандығы мен оған төнетін қауіп-қатерге назар аударуға шақырған еді.

Азат Еуропа / Азаттық Радиосы - АҚШ конгресі бөлетін грант есебінен қаржыландырылатын медиакорпорация. АЕ/АР түрлі платформада (интернет, радио, телеарна және видео) хабар таратады. Америкалық шенеуніктердің корпорацияның редакциялық саясатына араласуына тыйым салынған. АЕ/АР баспасөз еркіндігі әлі орнығып үлгермеген немесе биліктің шектеуіне түскен елдердегі жұртшылыққа демократиялық құндылықтарды таратуды мақсат тұтады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG