Accessibility links

Саяси тұтқын аталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов шетел асты


Ескендір Ерімбетов «алаяқтық» ісі бойынша үкімнің оқылуы кезінде. 22 қазан 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетов «алаяқтық» ісі бойынша үкімнің оқылуы кезінде. 22 қазан 2018 жыл.

“Назарбаев режимінің саяси тұтқыны болған Ескендір Ерімбетов бостандықта және Швейцарияға ұшып келді!” деп жазды кеше құқық қорғау жөніндегі Open Dialogue Foundation ұйымының жетекшісі Людмила Козловская Facebook-тегі аккаунтында. Козловская жазбасымен бірге Ерімбетовты Женева әуежайынан күтіп алу сәті бейнеленген видео мен суреттерді де жариялады.

Швейцария астанасына әйелімен және екі қызымен барған кәсіпкерді туыстары мен жақтастары қарсы алды. Олардың арасында Ерімбетовтың қарындасы Ботагөз Жәрдемәлі, ұлы Әлігерей, адам құқығы жөніндегі италиялық федерацияның президенті Антонио Станго және Козловскаяның өзі болған.

49 жастағы Ескендір Ерімбетовтың Алматыда тұратын қазақстандық туыстары Азаттыққа оның әйелімен және жасы кіші екі қызымен бірге ұшып кеткенін айтты. Кәсіпкердің ең үлкен қызы Жәмилә АҚШ-та, екінші баласы Әлиасқар, өзінің айтуы бойынша, “Қазақстаннан тысқары жерде”; үшінші баласы Әлігерей Брюссельде тұрады.

Ескендір Ерімбетовтың 2019 жылдан бері Брюссельде тұратын ата-анасы Мырзахан мен Ғайни Ерімбетовтер күтіп алу кезінде байқалмады.

Кәсіпкердің Алматыда тұратын туыстары оның Еуропаға кетуі саяси баспана сұрауға қатысы бар ма деген Азаттық сұрағына жауап бермеді. Тек бір туысы Әсет Жақсыбаев Ерімбетовтың емделуге кеткенін, емнің дүйсенбі 6 шілде күні басталатынын айтты.

Ерімбетовтың адвокаты болған Жанар Балғабаева Азаттыққа оның денсаулығы қатты нашарлағанын, басына зақым келгенін айтты. Кәсіпкердің өзі осыған дейін түрмеде азапталғанын мәлімдеген болатын.

Балғабаеваның айтуынша Ерімбетовты денсаулық жағдайына байланысты түрмеден мерзімінен бұрын шығарған. Алайда адвокат Азаттықтың мерзімнен бұрын босату кезінде оған емделу мақсатында шетелге шығуға рұқсат берілді ме деген сұрағын жауап бере алмады. Себебі түрмеден шығар алдында Ерімбетов Балғабаеваның қызметінен бас тартқан.

Ерімбетовтың Брюссельде тұратын ата-анасынан ұлының шетелге шығу себебі жөніндегі сұраққа жауап алу мүмкін болмады. Алайда WhatsApp арқылы жіберілген Азаттық сұрағының оқылғаны көрініп тұр. Ал Ботагөз Жәрдемәлінің заңгеріне телефон арқылы да, WhatsApp және Facebook мессенджерлері арқылы да хабарласу мүмкін болмады.

Бастапқыда “Ерімбетов ісі” екі бөлімнен тұрды. Біріншісі БТА банкінен заңсыз шығарылды деген “ақшаның ізін жасыру” жөнінде, екіншісі “алаяқтық” жөнінде. Кәсіпкердің туыстары мен жақтастары және құқық қорғау ұйымдары “алаяқтық” бірінші іске бүркеме деген пікірде болды. Олардың айтуынша, Қазақстан билігі Ерімбетовтың ізіне оның Еуропада тұратын қарындасы Ботагөз Жәрдемәлі үшін түскен. Ерімбетовтың ата-анасы тергеушілер Ботагөз Жәрдемәлінің БТА банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке қарсы куәлік еткенін қалайды деп мәлімдеген.

2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов – Қазақстанда “экстремистік” деп тыйым салынған (Әблязов Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған) "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының негізін қалаушы.

Кейіннен Ботагөз Жәрдемәлі мен Мұхтар Әблязовтың аты аталған “ақша ізін жасыру” ісі бөлек шығып, 2018 жылы 22 қазанда бірінші іске тіркеме саналан “алаяқтық” бойынша Ерімбетов жеті жылға сотталды. 2019 жылдың желтоқсанында ол денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын босатылды. 2018 жылы Қазақстанның құқық қорғаушылары оны саяси тұтқындар тізіміне қосқан.

Билік те, Ерімбетовтың жақтастары да “ақша ізін жасыру” туралы бірінші істі атай бермейді. Істің бөлек шыққаны ғана белгілі, бірақ аяқталған-аяқталмағаны белгісіз.

Қазақстанның тергеу органдары Ескендір Ерімбетовтың ісінде саяси мотив барын жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG