Accessibility links

Қағылған қалпақ біреу, ал жәбірленуші алтау. Әсия Төлесованың ісі және белсендіні босатуға үндеу


Белсенді Әсия Төлесова.
Белсенді Әсия Төлесова.

Бір айдан астам уақыттан бері Алматыдағы тергеу изоляторында отырған азаматтық белсенді Әсия Төлесова халықаралық құқық қорғау кампаниясының басты тұлғалардың біріне айналды. Ал өз елінде оған қылмыстық іс қозғалып, сот процесі ұзаққа созылып жатыр. Белсенді биліктен өзін босатуды бірнеше рет сұраса да, әлі қамауда отыр.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КАМПАНИЯНЫҢ АЛМАТЫЛЫҚ ТЕРГЕУ ИЗОЛЯТОРЫНДАҒЫ ӨКІЛІ

Әсия Төлесова Алматыда наразыларды ұстаумен аяқталған митингіден кейін екі күннен соң, 8 маусымда тұтқындалды. Ол наразылық кезінде полиция қызметкерінің фуражкасын қағып түсірген. Бірақ белсендіге қарсы қылмыстық істе жәбірленуші бір емес, алты полицей. Төлесова "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкіліне қарсы күш қолдану" баптары бойынша айыпталушы ретінде қатысып жатыр.

Бұл іс бойынша алдын-ала сот отырысы 7 шілдеде өтті. Негізгі сот отырысы қашан өтетіні белгісіз. Төлесованың адвокаты Джохар Өтебеков жұмыс тәжірибесінде бірінші рет осындай жағдайға тап болып отырғанын айтады. Медеу аудандық № 2 сотының судьясы Залина Махарадзе алғашқы тыңдаудан кейін келесі сот отырысы қашан өтетінін айтпай, залдан шығып кеткен. Өтебеков 15 шілде күні Facebook парақшасында "Одан бері 9 күн өтті, ал сот отырысының күні әлі белгіленбеді! Менің қорғауымдағы азамат темір тордың ар жағында отыр. Соттың тұтқындағы азаматтың ісін созбаққа салуға құқығы жоқ" деп жазды.

Алдын ала сот отырысында судья адвокаттардың Төлесованы кепілмен босату туралы өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Төлесова сот процесін күтіп екі айдан бері изоляторда отырған кезде, ОАР-дың Йоханнесбург қаласында орналасқан СIVICUS азаматтық қоғам ұйымдарының ғаламдық альянсы белсендіні 18 шілде адам құқықтары үшін күрестің символына айналған Нельсон Манделаның күні басталатын халықаралық кампанияның басты тұлғаларының бірі етіп таңдады. Amnesty International, Бүкіләлемдік азаптауға қарсы ұйым мен Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерациямен бірге ұйымдастырылған #StandAsMyWitness (Куәгерім бол) кампаниясы әртүрлі елдегі билігін қамауда отырған құқық қорғаушылар мен ар-ождан тұтқындарын босатуға шақырады.

Альянс мәлімдемесінде "27 жылын түрмеде өткізген Мандела сияқты мыңдаған құқық қорғаушы қолдан құрастырылған айыптаулар бойынша әділетсіз сот үкімімен түрмеге жабылды. Қазір көбі тергеу изоляторларында отыр, оларға құқық қорғау қызметі үшін көпжылдық түрме жазасына кесілу қаупі төніп тұр" делінген. Ұйым Қазақстанды белсенділер "жүйелі қудаланатын" және пікір айту еркіндігі сақталмайтын елдер қатарына жатқызады.

#StandAsMyWitness науқанының басты тұлғасы деп танылған азаматтар қатарында Төлесовадан бөлек, Үндістан, Сауд Арабиясы, Нигер, Никарагуа, Филиппин елдерінің құқық қорғаушылары да бар.

СIVICUS сайтында #FreeAsya хэштегімен Төлесованың портреті жарияланды. Бұл хэштегті белсендіні жақтап, әлеуметтік желілерге жазба салған ондаған азамат пайдаланған. Портреттің астында белсендінің экологиялық және азаматтық құқықтарды қорғап жүріп, "Билік өкіліне қарсы күш қолдану" бабы бойынша тұтқындалғаны туралы өз атынан баяндалған хикаясы жарияланған.

ТӨЛЕСОВА СОТТА: "АЙЫПТАУМЕН КЕЛІСПЕЙМІН"

Төлесоваға қарсы айыптауға оның полиция қызметкерінің қалпағын қағып түсірген сәті жазылған қысқа видео негіз болған. Белсенді бұл әрекетін жоққа шығармайды. Ол тұтқындалмай тұрып, Facebook парақшасына жағдайдың қалай болғанын жазған.

Жазбасында "Полицияның қарусыз, қоғамға еш қаупі жоқ, бейбіт митингіге бейбіт талабын айтуға келген азаматтарға қарсы жасаған адамгершіліктен жұрдай, қатыгез, заңға қайшы әрекеттеріне эмоцияға беріліп, жауап қайырдым" деген.

Төлесова сол күні ұсталғандардың арасында қарт адамдар да болғанын, құқық қорғау органы қызметкерлерінің өз пікірін білдіру үшін бейбіт түрде көшелер мен алаңдарға шыққан Қазақстан азаматтарын осылай қорлағанына бұдан бұрын да куә болғанын айтты. Төлесованың сөзінше, ол видеодағы әрекетіне дейін басқалармен бірге ұсталған азаматтар отырған автозактың жолын бөгеуге тырысқан, бірақ полиция күш қолданып, белсендіні шетке ығыстырған.

"Полицияның қалпағын ұшырған" Төлесова батыр ма әлде?..
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:40 0:00

7 шілдеде өткен сот отырысында Әсия Төлесова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, бірақ "өзін ұстай алмағаны үшін жәбірленушілерден қоғам алдында кешірім сұрауға дайын екенін" айтты.

Белсендінің адвокаттары Төлесованың қолы полиция қызметкерінің басына емес, фуражкасына тигенін, олар физикалық соққы алмағанын айтып, бірнеше өтініш дайындады. Іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші деп танылған бес полиция қызметкері Төлесованың "Оңбаған, сен де оңбағансың. Ешқайсың форма киюге лайық емессіңдер. Жиіркенішті, жиіркенішті мент" деген сөзін "қорлау" деп қабылдаған. Төлесованың адвокаттары белсенді полиция қызметкерінің абыройы мен қадір-қасиетін қорлайтын балағат сөздер айтпағанына назар аударды.

— "Менттер" және "оңбаған" — толықтай әдеби сөздер. Бейәдеп формаға балағат сөздер ғана жатады. Орыс тілінде бұл топқа кіретін бес сөз ғана бар. Төлесова бұл сөздердің бірде-бірін қолданбаған. Ол полиция қызметкерлеріне себепсіз соқтығып, бұзақылық әрекет жасаған жоқ. Төлесова полиция қызметкерлерінің азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығын бұзып, бейбіт митинг қатысушыларын таратқанына қынжылған. Өз сөзі арқылы ол полиция қызметкерлерінің әрекетін кері бағалайтынын білдіруге тырысқан. Бұл сынның қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтаудың құқықтық мәні жоқ. Ол пікір білдіру еркіндігіне кепілдік беретін конституциялық құқығын пайдаланды. Менің қорғауымдағы азамат айтқан мәтінде қорлайтын сөздер болмаған, — деді 7 шілдеде өткен сот отырысында Джохар Өтебеков.

Бірінші сот отырысы кезінде алты полиция қызметкері — Нұрбек Темірханов, Мейіржан Тұрғанбек, Ернат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абибулла, Тілек Төлегенов — ешқандай өтініш беріп не қарсылық білдірген жоқ. Судья Залина Махарадзе (сот онлайн режимде өтіп жатыр) жәбірленушілерден өтініштер бойынша қойылған сұрақтарына дер кезінде жауап ала алмады. Олар байланыстан кенет жоғалып кетіп, судьяның шақыртуына бірден жауап берген жоқ. Адвокат Назерке Ризабекова судьядан процесс кезінде сотқа қатыспай, "пакетпен жүрген" полиция қызметкерлерінің біріне (оның мобильді құрылғысындағы камерасы қосулы болды. Оның әрекеті сот өтіп жатқан Zoom қосымшасында көрініп тұрды) ескерту жасауды сұрады.

"ШЫНДЫҚТАН ҚАШЫП ҚҰТЫЛМАЙСЫҢ" НЕМЕСЕ ТӨЛЕСОВАНЫҢ ЭКОБАСТАМАЛАРЫ

Әсия Төлесова белсенді және бірнеше бастаманың ұйымдастырушысы ретінде танымал. Ол жүзеге асырған жобалардың бірі — Алматы тұрғындарына қаладағы ауаның ластануы жөнінде ақпарат алуға мүмкіндік беретін Almaty Urban Air (AUA) мобильді қосымшасы. 2016 жылы Төлесова қалалық мәслихат депутаты болуға кандидатурасын ұсынып көрген. Бірақ табыс декларациясы шынайы деректерге сәйкес келмейді деген сылтаумен, белсендіні тіркемей қойған. Бұған құжатта көрсетілген ақпарат пен банк анықтамасындағы деректің арасында 78 тиын айырмашылық болғаны әсер еткен.

Төлесова соңғы бір жарым жылда екінші рет тұтқындалып отыр. Былтыр сәуірде Әсия Төлесова мен тағы бір белсенді Бейбарыс Толымбеков Алматы марафоны кезінде жол жиегіне "Шындықтан қашып құтылмайсың #adilsailayushin #меніңтаңдауымбар" деген жазуы бар баннер жайғаны үшін 15 тәулікке қамалған. Олар рұқсат етілмеген акция өткізгені үшін айыпты деп танылған. Төлесова сотта әділ сайлау өткізу, судьялар мен әкімдерді сайлау, атқарушы биліктің есеп беруі мәселелеріне халық назарын аударғысы келгенін айтқан. Бұл оқиға елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кетіп, ол өзінің орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетеді деп күтілген президент сайлауының алдында болды. Президент Тоқаев билікке келген бойда реформалар жүргізіп, "еститін мемлекет" құратынын мәлімдеді.

Төлесова — Сталиндік репрессияның құрбаны болған қазақ жазушысы Ілияс Жансүгіров пен саяси қайраткер Ораз Жандосовтың шөбересі. Төлесова Facebook парақшасына тұтқындалмай тұрып жариялаған соңғы жазбасында елдің қазіргі билігі "еститін мемлекет" пен "реформаларды" тілге тиек етіп, "Қазақстан өзгеріп, репрессиялар өткеннің еншісінде қалды" деп айтқанымен, 6 шілдеде өткен митинг кезінде басқа көрініске куә болғанын жазған.

Адам құқықтарының бұзылғаны туралы хабарларға жиі реакция білдіре бермейтін қазақстандық кәсіпкерлер өткен аптада Тоқаевқа жазған хатын жариялап, қоғамға еш қаупі жоқ, азаматтық құқықтар үшін күресіп жүрген белсендінің қамауда отырғанына қатысты наразылық білдірді. Алты кәсіпкер қол қойған хатта "Білімді, креативті, адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына бей-жай қарай алмайтын қазіргі жас қазақстандықтар — біздің мақтанышымыз және ел болашағының кепілі. Сіздің "еститін мемлекет" идеяңызды қолдаймыз, бірақ ол үшін "сөйлейтін азаматтар" болуы керек" делінген.

Бұған дейін белгілі халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Әсия Төлесованы босатуға шақырып, белсендінің негізсіз ұсталғанын мәлімдеген.

Төлесованы құқық қорғау науқанының басты тұлғаларының бірі деп таңдаған СIVICUS альянсы пандемия кезінде белсенділер мен құқық қорғаушыларды босатуға үндеудің маңызы артқанын, өйткені тұтқындардың вирус жұқтырып алу қаупі жоғары екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG