Accessibility links

Сот отын-энергетика қызметкерлері кәсіподағының жұмысын 6 айға тоқтатты


5 ақпанда Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қала әкімдігінің "Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің жұмысын уақытша шектеу туралы шағымын қанағаттандырып, кәсіподақтың жұмысын 6 айға тоқтатты.

Онлайн өткен сотта судья Әсем Қапарбекова "Шымкент қаласы әкімдігінің арызы қанағаттандырылсын, "Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің қызметі 6 айға тоқтатылсын" деп кесті.

Сотқа арыз түсірген Шымкент қаласы әкімдігінің өкілі Амангелді Әбілов сот шешімімен келіседі, кәсіподақ төрағасы Құспан Қосшығұлов шешіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтады.

КӘСІПОДАҚҚА ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҚТЫ?

Шымкент әкімдігі "Oil Construction Company", "West oil" және "Бозашы Транс Құрылыс" компанияларынан хаттары "негізінде" "Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағын" сотқа берген. "Oil Construction Company", "West oil" және "Бозашы Транс Құрылыс" компаниялары кәсіподақты "Кәсіподақтар туралы заң" талаптарын сақтамады деп арызданған.

Сотқа түскен арызда кәсіподақтың мемлекеттік тіркеу заңдарын бұзғаны, құрылтай құжаттарына тиісті өзгеріс енгізбегені жазылған. Яғни, әкімдік кәсіподақты "елдің облыстары мен республикалық маңызы бар қалалардың басым бөлігінде бөлімшесі мен мүшелік ұйымы жоқ, республикалық кәсіподақтар бірлестігіне кірмеді" деп айыптаған.

Халықаралық Human Rights Watch ұйымы сот кәсіподақты заңның "күшін жойған" ескі редакциясымен жауапқа тартып жатқанын айтып, істі доғаруды талап еткен еді.

"Кәсіподақ туралы заңның" 2014 жылғы редакциясында салалық кәсіподақ республикалық бірлестік құрамына "кіруі міндетті" деген талап қойылған еді. Ал 2020 жылғы мамырда заңның бұл бабы өзгеріп, мұндай ұйымдар "кәсіподақтардың республикалық бірлестіктеріне кіруге құқығы бар" деп жазылған.

Кәсіподақ өкілдері 9 облыста бөлімшеміз бар деген, бірақ сотта Қызылорда облысындағы бөлімшесі жабылғаны айтылды. Яғни, сот пен әкімдік кәсіподақтың 14 облыс пен республикалық маңызы бар үш қаланың сегізінде ғана бөлімшесі бар, негізі кем дегенде тоғыз аймақта бөлімшесі болуы керек деп санайды.

Кәсіподақ төрағасы Қосшығұлов кәсіподақтың Қызылорда облысындағы бөлімшесі жабылғанын соттан естігенін мәлімдеді. Ол кәсіподақ бөлімшесі сот шешімімен не кәсіподақ құрылтайының хаттамасымен ғана жабылатынын айтады.

- Бөлімшені жабу туралы сот шешімі шыққан жоқ. Кәсіподақ құрылтайы бөлімшені жабу туралы хаттама толтырған жоқ. Бұл туралы әділет министрлігіне сұрау саламыз, - деді ол.

"ЗАҢСЫЗ"

"Отын-энергетикалық кешені қызметкерлерінің салалық кәсіп одағы" мен оған шағым жазған "Oil Construction Company", "West oil" және "Бозашы Транс Құрылыс" Шымкентте емес Маңғыстау облысында тіркелген. Бірақ іс Шымкент қаласында қаралды. Кәсіподақтың сенімді өкілі Лариса Харькова соттың Шымкент әкімдігінен арызды қабылдап, қарауын заңсыз деп санайды.

- Бұл іс Шымкентте емес, Маңғыстау облысында қаралуы керек. Оған қоса Шымкент қаласы әкімдігі кәсіподақтың жұмысын тоқтату туралы сотқа арыз беру арқылы Конституцияны бұзды. Конституцияның 5-бабында мемлекет қоғамдық бірлестіктердің, яғни кәсіподақтың ісіне араласуға болмайтыны айтылған. Ал әкімдік кәсіподақтың жұмысын араласып, қызметін тоқтату туралы сотқа арызданды. Сот оны қанағаттандырды, - деді ол cотта.

Кәсіподақ адвокаты Тахир Ерданов жарыссөзде салалық кәсіподақ 2015 жылы әділет министрлігіне тіркелгенін, кәсіподақ статусын растаған, тоғыз бөлімшесін ашып, тіркегенін айтты. Ол сот процесінде кәсіподақтың жеке ісін әділет министрлігінен алдыру туралы өтініш білдірілген. Сот талап-арызды қанағаттандырғанымен, министрліктен жеке істі алдырмай шешім шығарды.

- Әкімдіктің талабы негізсіз әрі заңсыз. Әділет министрлігі кәсіподақтың Қызылорда облысындағы бөлімшесі жабылғанын айтады. Оның қалай жабылғаны бізге жұмбақ. Кәсіподақтың артында қанша жұмысшы мен олардың еңбек құқығы тұрғанын ескеру керек, - деді қорғаушы.

Кәсіподақтың адвокаты мен сенімді өкілдері сот процесі кезінде істің әділ жүруіне сенімсіздік танытып, судьяға бес рет қарсылық білдіріп, арыз түсірді. Сот олардың қарсылығын түрлі себеппен қанағаттандырмады.

Сот отырыстары кезінде әкімдік өкілі Амангелді Әбілов көбіне жауапкер тараптың сұрақтарына жауап бермей, әділет министрлігінің өкіліне сілтеп отырды. Әбілов салалық кәсіподақты әкімдік тіркемейтінін, әкімдік компаниялардан шағым түскен соң сотқа арызданғанын айтып ғана жауап берді.

Сот шешімі күшіне енген жоқ, екі тараптың шешімге аппеляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін 2014 жылы қабылданған кәсіподақ туралы заңды тәуелсіз кәсіподақтар мен белсенділерге қысым жасау үшін пайдаланды деп жиі айыптайды. Нұр-Сұлтан 2020 жылы мамырда заңға өзгеріс енгізгенімен, сарапшылар енгізілген өзгерістер саладағы жағдайды жақсарта алмады деп санайды.

Билік Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ТКК) тіркеуден бірнеше рет бас тартты. 2017 жылы сот бұл конфедерцияны "Кәсіподақ туралы заңды орындамады" деп күштеп жабу туралы шешім шығарды.

Сот шешімі елдің батысында наразылық тудырды. Маңғыстаудағы Oil Construction Company (ОСС) мұнай сервисі кәсіпорнының жүздеген жұмысшысы "ТКК тараса, жұмысшылардың талабы жұмыс берушіге жетпейтінін" айтып, аштық жариялаған. Олар жұмысшылар құқығын қорғамайтын ресми кәсіподақ құрамында болғысы келмейтіндерін мәлімдеген.

Ол кезде ОСС тәуелсіз кәсіподағы Харькова басқаратын конфедерация құрамына кіретін. Харькованың өзі мұнайшылардың жағдайына алаңдап, аштықты тоқтатуға шақырған.

Билік ОСС жұмысшыларының наразылық акциясын заңсыз деп шешім шығарып, ондаған адамды сотқа тартты, кейбіреулеріне айыппұл салды. Ал қылмыстық айыптар тағылған кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов (кәсіподақ ақшасын жымқырды деп айыпталды) пен Нұрбек Құшақбаев (заңсыз ереуілге шықты деп айыпталды) сот үкімімен түрмеге қамалып, кейін жазалары шартты түрге ауысты. Ал ТКК басшысы Лариса Харкова "өкілетін асыра пайдаланды" деп бас бостандығы шектелді.

Сотталғандардың арасында отын-энергетика кешені жұмысшыларының салалық кәсіподағының сол кездегі Ерлан Балтабай бар. 2019 жылғы шілдеде Шымкент соты оны жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Кейін ол президенттің "рақымшылық туралы" жарлығының арқасында бостандыққа шықты. Сол жылы қазанда белсенді тағы да сотқа шақырып, 5 ай, 8 тәулікке түрме жазасына кесті. Ерлан Балтабай былтыр наурыз айында қамаудан шықты.

Құқық қорғаушылар бұл істердің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG