Accessibility links

"Оқушы жалдап, жүгеріні қолмен тердік". Зайсан шаруалары комбайнға зәру


Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын шаруа Шыңғыс Сағатбектің қыс мезгілінде аулада қаңтарылып тұрған ескі комбайны.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын шаруа Шыңғыс Сағатбектің қыс мезгілінде аулада қаңтарылып тұрған ескі комбайны.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының шаруалары комбайн жоқтығынан көктемде салған егінді күзде қолмен жинауға мәжбүр болғанын айтады. Олардың жергілікті билік шаруа қожалықтарын күзде комбайнмен қамтамасыз етсе деген тілегі бар. Ал әкімдік "комбайн тапшы" деген сөзді жоққа шығарады.

"КҮЗ КЕЛГЕНДЕ ТЕХНИКАДАН ҚИНАЛАМЫЗ"

Зайсан ауданындағы "Досқантөр" шаруа қожалығының жетекшісі Әлібек Мұқашев шаруалардың мұңын айтуға Алматыға арнайы келген. Ол егін жинайтын комбайн болмай, "еңбегіміз еш, тұзымыз сор болып жүр" деп ашынады. Шаруа өзіне тиесілі мың гектар жердің тым болмағанда жүз гектарын игеруге техника тапшылығы қолбайлау екенін айтып шағынды.

– 2019 жылы жүз гектар жерге соя ектім. Бірақ комбайн болмағандықтан уақытында ора алмай, кейін еріксіз трактормен шауып, малға жем қылдым. Былтыр 50 гектар [жерге] жүгері, 50 гектарға тағы да соя ектім. Ал күз келгенде тағы да техникадан қиналдық. Ауылда мектеп оқушыларын жалдап, жүгеріні қолмен тердік, – дейді шаруа.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы "Досқантөр" шаруа қожалығының жетекшісі Әлібек Мұқашев.
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы "Досқантөр" шаруа қожалығының жетекшісі Әлібек Мұқашев.

Әлібек Мұқашев "кәмелетке толмаған балаларды амалсыз жұмысқа жалдадым" деп түсіндірді.

– 2020 жылы наурызда комбайн сұрап, ҚазАгроҚаржы мекемесіне құжат өткізгенмін. Маған мемлекеттен 25 пайыз субсидиямен лизингке комбайн берілуі керек болған. Бірақ ала алмадым. Себебі кепілге қоятын жерімнің құны тек 6 миллион [теңге] болды. Ал комбайн 90 миллион теңге тұрады. Комбайн құнын өтей алмайсың деп, оның орнына желтоқсанда 16 миллион теңгелік трактор ғана берді, – дейді Зайсан тұрғыны.

Зайсан қаласынан 60 шақырым жердегі Біржан ауылдық округінің тұрғыны Оралбек Момкенов пен Зайсан қаласында тұратын Орал Ләтай да Әлібек сияқты техникадан қиналып жүр.

Момкеновтің сөзінше, шаруалар су мен техника тапшылығынан Біржан ауылдық округіндегі 4 мың гектар егістік жердің 200 гектарын ғана пайдаланып келеді.

– Біріншіден, біздегі көкейкесті мәселе – су. Егер қыста қар қалың түссе, жазда су болады. Ал қар аз болса, су да жоқ. Екінші мәселе – көктемде салған егінді күзде жинап алуға техника жетіспейді. Ауылда үш комбайн бар. Бірақ үшеуі де ескі. Жүргенінен тұрғаны көп, – дейді ол.

Оралбек негізінен бидай, картоп пен күнбағыс егеді. Шаруа картопты қолмен теріп алатынын, ал бидай мен күнбағысты қолмен жинау мүмкін емесін айтады.

Егістік алқабынан картопты қолмен теруге мәжбүр болғанын айтқан шаруалар "бидай мен күнбағысты қолмен жинай алмайсың ғой" дейді.
Егістік алқабынан картопты қолмен теруге мәжбүр болғанын айтқан шаруалар "бидай мен күнбағысты қолмен жинай алмайсың ғой" дейді.

150 гектар жерге бидай, күнбағыс егіп жүрген "Матай" шаруа қожалығының жетекшісі Оралдың да айтары осы.

Шаруалардың аудан әкімдігі егін орар кезде жері шағын қожалықтарды комбайнмен қамтамасыз етсе деген тілегі бар.

ӘКІМДІК ӨКІЛІ: ШАРУАЛАР ӨТІРІК АЙТАДЫ

Зайсан ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі жетекшісі Сабыр Әндірбаев шаруалардың "комбайнге зәруміз" деген сөзін "шындыққа сай емес" дейді.

– Ауданда 20 комбайн бар. Былтыр оның 18-і жұмыс істеп тұрды. Бірде-бір егін далада қалған жоқ. Шаруалардың айтып жүргені өтірік. Әлібектің ғана 50 гектар жерге еккен соясы қар астында қалды. Ол тағы 43 гектар жерге жүгері салған. Оны да толық жинай алмады. Өзі бізден ешқандай көмек сұраған жоқ. Әлібек Мұқашев тұратын Кеңсай ауылдық округінде төрт комбайн бар. Әр ауылдық округте шаруа қожалықтары бір-бірімен ақшасына келісіп, егінді орып алады, – дейді Сабыр Әндірбаев.

Егін орын жүрген комбайн. Көрнекі сурет.
Егін орын жүрген комбайн. Көрнекі сурет.

Ал иелігінде комбайны бар шаруа Шыңғыс Сағатбек қолда бар техниканың көбі ескіргенін алға тартады.

– Әлібектің жағдайымен таныспын. Біздегі комбайндар ескі. "Жаңа" деген комбайндардың бірі менікі. Оның өзі 2009 жылы шыққан "Енисей" деген комбайн. Жүргенінен тұрғаны көп. Шөбі қалыңдау жер болса қақалып қалады. Өткен жылы Әлібек қайта-қайта келгеннен кейін барып, бір күн жүріп 100 метр жер сояны әрең шапқан едім. Кейін ауылдан 4-5 комбайнды жинап әкеліп, соясын шауып алды. Екіншіден, ауданда бірнеше комбайн бар дегенмен ол өзімізден артылмайды. Өзгелерге көмектесе алмаймыз, – дейді ол.

Азаттық тілшісі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің ауыл шаруашылық мәселелеріне жауапты орынбасары Ержан Нұрбаевқа да қоңырау шалған еді. "Сөйлесуге уақыты жоғын" айтқан шенеунік "сұрақтарды көмекшіме айтыңдар, сол арқылы сендерге өзім хабарласамын" деп қысқа қайырды.

Азаттық әкім орынбасарының өзін "Мерхат" деп таныстырған көмекшісіне "Әлібек сияқты шағын шаруаларды қолдау мақсатында облыс көлемінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?" деген сауал қойды. Бірақ Нұрбаевтың өзінен де, көмекшісінен де жауап болмады.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА ШАРУА МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ МЕ?

Қазақстан билігі егін шаруашылығына жыл сайын бюджеттен субсидия мен лизингке қаржы бөліп, көмектесуге тырысады. "ҚазАгро" холдингінің "Аграрлық несие корпорациясы" былтыр көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына "Кең бала" бағдарламасы бойынша 70 млрд теңге бөлген. Бюджеттен бөлінген бұл қаржы шаруаларға 2-5 пайыз үстемақымен жыл сайын беріліп отыруы тиіс.

Сонымен бірге ауыл шаруашылық техникалары лизингін қаржыландыру кезінде мемлекет үстемақының бір бөлігіне субсидия береді (17 пайыз жылдық мөлшерлеменің 10 пайызына мемлекет субсидия бөледі, қалғанын шаруа төлейді).

Егістік жер жыртып жүрген трактор. Көрнекі сурет.
Егістік жер жыртып жүрген трактор. Көрнекі сурет.

Ал инвестициялық субсидиялау техника құнының 25 пайызына тең. Яғни, мемлекет техника құнының 25 пайызын өтеп береді. Шаруалар бұл көмекті алудың машақаты мен шектеуі көп екеніне шағым айтады.

Ауыл шаруашылық министрлігі өсімдік өнімі және қайта өңдеу департаменті техникалық жарақтандыру басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов шаруалардың "бағдарлама істемейді" деген сөзімен келіспейді.

– Бағдарлама істемей тұр дей алмаймын, істеп тұр. Бірақ проблема бар. Қазір экономикада қиындық болып жатыр. Бюджет қаражаты аз болып, бағдарламаға ақша толықтай бөлінбей жатыр. Егер бюджеттен қаражат толық аударылатын болса, шаруалар төлейтін 7 пайыз жылдық мөлшерлемені 5 пайызға дейін төмендетуге болар еді, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Азаттық сауалына жіберген ресми жауабында жер көлемі аз кәсіпкерлерге құны қымбат техника сатып алу тиімсіз екенін жазған.

"Шағын кәсіпкерлердің жер көлемі аз болғандықтан оларға қымбат ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу тиімсіз болады. Егер шаруа қожалығының жері 500 гектар болса, бір астық жинайтын комбайнның маусымдық нормасы 1000 гектар. Сондықтан астық жинайтын комбайн егін ору маусымында толық жұмыс істемейді, тұрып қалады" дейді министрлік.

Ведомство Әлібек, Орал, Оралбек секілді шағын шаруа қожалықтары бірігіп кооператив құрса, субсидиямен техника сатып алып, бірге пайдалануға болады деп кеңес береді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG