Accessibility links

"Кәрі диктатор", "бай көрші" және "феодалдық режимдердің ескі дәстүрі"


 Алматыдағы Тұңғыш президент паркіндегі Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін ашу салтанаты. 11 қараша, 2011 жыл.
Алматыдағы Тұңғыш президент паркіндегі Нұрсұлтан Назарбаев ескерткішін ашу салтанаты. 11 қараша, 2011 жыл.

Британ басылымы тұтас бір стадионға өз есімін бергізген Үндістан премьерін мысалға келтіріп, мұны "феодалдық және диктаторлық режимдердің" ісі деп атады. Ал америкалық ақпарат құралы Қазақстандағы "мызғымас автократияға" назар аударып, елде Назарбаев ықпалы әлі де күшті деген болжам жасады.

"НЫСАНҒА КІСІ АТЫН БЕРЕРДЕН БҰРЫН ТАРИХ ТАРАЗЫСЫНА ЗЕР САЛҒАН ДҰРЫС"

"Өлген соң жеке брендіңнің керегі не? Нарендра Модидің көзқарасы осындай болса керек. Үндістан премьер-министрі елдегі және әлемдегі ең үлкен крикет стадионына өз атын беруге келісті". Британияда шығатын Financial Times басылымы редакторлық мақаласын осылай бастаған.

Үндістан премьер-министрінің туған жері – Гуджарат штатының Ахмедабад қаласында орналасқан бұл стадион ел тәуелсіздігі үшін күрескен, тұңғыш вице-премьер болған Сардар Пательдің атында болған. Жақында Пательдің құрметіне алып ескерткіш қойылды да, стадионға жаңа ат беру керек болды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университеті ғимараты.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университеті ғимараты.

"[АҚШ-тың экс-президенті] Дональд Трамп бұл жағынан қиялының ұшқыр еместігіне налитын болар? Оның аты бірер қонақүйге және гольф-клубқа ғана берілген, мұның қасында бұл түк емес. Модидікіндей мүмкіндік АҚШ-тың бұрынғы президентіне бұйырса, ол әуежаймен я спорт аренасымен шектелер ме еді? Тұтас қалалардың, тіпті штаттардың аты өзгерер еді. Америка президенттерінің шамамен жартысының атында кемінде бір аудан бар. [АҚШ-та] 30 Вашингтон ауданы, 22 Джефферсон ауданы бар. Бірақ бұл құрметтің бәрі олар өмірден озған соң, не кемінде қызметтен кеткеннен кейін берілген" деп жазады басылым.

Түрлі нысандарға, қалалар мен көшелерге басшының атын беру – "феодалдық және диктаторлық режимдерде бұрыннан қалыптасқан дәстүр" деп жазған газет Қазақстанды мысалға келтіреді. "Осыдан екі жыл бұрын ғана Қазақстан астанасына көзі тірі экс-президент (әрі "ұлт көшбасшысы") Нұрсұлтан

Назарбаетың есімі берілген".

2019 жылғы наурызда Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев орнынан кете салысымен, Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынған. Осы күні парламент жедел түрде Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы заң қабылдады. Депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Бұған қоса Тоқаев облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге де экс-президенттің атын беруге шақырды. Қызметтен кетсе де, биліктегі "Нұр Отан" партиясын және құзыреті кең Қауіпсіздік кеңесін басқарып отырған Назарбаевтың атында екі университет, әуежай, мектептер және саябақтар бар.

Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші. 30 қараша, 2016 жыл.
Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші. 30 қараша, 2016 жыл.

Financial Times авторларының жазуынша, демократия орнаған елдерде әлдебір нысанға биліктегі басшының есімін бермейді. "Бұл тіпті сайлау еркін өтетін әрі оның нәтижесін болжау қиын елдерде билік транзитін жеңілдетеді. Әдетте жергілікті даңқты тұлғаның есімі алдымен оның туған жеріне беріледі, бірақ асығыс атын берерден бұрын тарихтың таразысына зер салған дұрыс" дейді авторлар.

"Царицын болып, кейін Сталинградқа өзгертілген, қазір Волгоград деп аталатын қаланың мысалы тарих таразысына тартпай-жатып, кісінің есімін асығыс беру номенклатурадағы тартыстарға алып келетінін дәлелдеді" дейді британ басылымы.

Кей нысандарды биліктегі басшының атымен халық өзі-ақ атап кетуі мүмкін дейді авторлар. Оған бір мысал – Лондондағы велосипед қоятын орындардың Британия премьері Борис Джонсонның құрметіне “Boris bikes” аталуы. "Бұл жоспарды оның алдындағы премьер бастағанымен, Джонсон мұндай атауға дән риза" дейді FT.

"Модидің мақтансүйгіштігі – тарихты қайта жазу және өзін дәріптеу әрекетінің бір бөлігі Дегенмен бұл Үндістандағы демократияның ахуалынан хабар беретін қауіпті сигналдың бірі болуы мүмкін" дейді басылым.

"Саяси лидерлердің билікте отырғанда-ақ нысандарға өз атын беруінің жалғыз себебі бар: олар "биліктен кеткен соң халық мені осылай құрметтейді" дегенге онша сенбеуі мүмкін" деп қорытады британ газеті.

"ҚҰБЫЛМАЛЫ" ҚЫРҒЫЗСТАН МЕН "МЫЗҒЫМАС АВТОКРАТИЯ" ОРНАҒАН ҚАЗАҚСТАН

Америкалық Diplomat басылымы Қырғызстанның жақында сайланған президенті Садыр Жапаровтың Нұр-Сұлтанға мемлекеттік сапарын талдап, екі елдің саяси режимдерін салыстырады. Былтыр күзде парламент сайлауынан соң болған наразылықтан кейін түрмеден шығып, билікке келген Садыр Жапаров бұл сапарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен және басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесіп, түрлі құжатқа қол қойды.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 2 наурыз, 2021 жыл.
Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен. Нұр-Сұлтан, Қазақстан. 2 наурыз, 2021 жыл.

Әдеттегі ресми мәселелерден өзге жайттарға да назар аударған автор Кэтрин Путц екіжақты бірлескен мәлімдемеде "елбасы" және "ұлт көшбасысы" деген ресми титулдарға ие экс-президент Назарбаевқа мадақ айтылатынына тоқталады. "Бұл оның (Назарбаевтың – Ред.) ел ішіндегі және сыртқы қарым-қатынастағы ықпалының өте күшті екенін айғақтаса керек" дейді автор.

Бұған қоса ол екі елдің саяси өміріндегі айырмашылыққа да назар аударған. "Қырғызстанның үйреншікті саяси дүрбелеңдері (2005 және 2010 жылдардағы революциялар, Жапаровты билікке әкелген 2020 жылғы оқиғалар) Қазақстандағы автократиялық саяси тұрақтылыққа мүлде кереғар" деген автор Жапаров – Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен қырғыз елінің алтыншы басшысы екеніне тоқталады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Кубат Қасымбеков Назарбаевтың Қырғызстанның барлық президенттерімен кездескен әр кездегі суреттерін жариялады.

"Кей жағдайда Қырғызстандағы буырқанған саяси өмір Қазақстан басшылығы үшін тамаша мысал бола алады, олар нағыз демократияға жақынырақ жолды талап еткендерге оңтүстікті нұсқап, райынан қайтара алады" дейді автор.

Мақалада Тоқаев – 2 рет, Назарбаев – 6 рет аталады.

Автор екі елдің экономикаларын да салыстырады. 2019 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 181,7 млрд доллар болса, Қырғызстандікі бар болғаны 8,46 млрд долларға жеткен.

"Көрші орналасқанына, терең тарихи байланысына қарамастан, Қазақстан мен Қырғызстанның арасы әрдайым ойдағыдай бола бермеген" деген автор 2017 жылғы екі ел арасындағы дипломатиялық дағдарысты еске салады. Сол жолы биліктен кетіп бара жатқан Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанды елдегі президент сайлауына араласты деп айыптаған. Көп ұзамай, екі ел шекарасында көлік тізіліп, кәсіпкерлер зардап шекті. Шекарадағы жағдайды "блокада" деп сынаған Атамбаев "кәрі диктаторға" және "бай көршіге" барып, "басымды имеймін" деп мәлімдеді. Автордың айтуынша, оның "кәрі диктатор" деп тұрғаны – Өзбекстанның сол кездегі президенті, марқұм Ислам Каримов та, "бай көрші" дегені – Қазақстанның сол тұстағы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG