Accessibility links

"Алты кандидат, төртеуін танымаймыз". Түркістан облысының бір ауылындағы сайлау науқаны


Кеңестөбе ауылындағы спрот алаңшасына ауыл әкімдерін сайлау туралы ілінген плакат. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.
Кеңестөбе ауылындағы спрот алаңшасына ауыл әкімдерін сайлау туралы ілінген плакат. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.

25 шілдеде Қазақстанда аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округтерге әкім сайлауы өтеді. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Көктерек ауылдық округіндегі сайлау додасы "классикалық үлгідегі" сайлауға көп ұқсайды. Алты кандидат, оның бірі билік партиясынан, екіншісі ел ішінен шыққан. Қалған адамдардың кім екенін көпшілік білмейді.

Кеңестөбе, Ынтымақ, Бірлік деп аталатын үш ауылды біріктіретін округке бір әкім сайланбақ. Бұл – Шымкенттен 100 км, Түркістаннан – 150 км жерде орналасқан диқандар мен малшылар тұратын ауылдар. Мұнда мал мен егіннен, бір құс фермасынан басқа тіршілік көзі жоқ.

Кеңестөбеде бәлендей сайлау науқаны байқалмайды. Әркім өз тіршілік қамымен жүр.

Кеңестөбе ауылындағы спорт алаңшасы және аялдама. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.
Кеңестөбе ауылындағы спорт алаңшасы және аялдама. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.

Ауылға апаратын жол жаңа, ал ішкі көшелері тозған. Ауылда совет кезінен қалған мәдениет үйі, оның бір бұрышында әкімшілік, мектеп, балабақша, медпункт, полиция бөлімшесі бар. Кіреберістегі спорт алаңшасына ілінген "25 шілде – ауыл әкімдерін сайлау күні" деген плакат қана науқаннан хабар береді. Мәдениет үйі орналасқан көше бұрышында 176-сайлау учаскесі орналасқан Қарсыбай Спатаев атындағы мектепке жол нұсқаған белгі тұр.

Көктерек ауылдық округіне қарайтын үш ауылда 3 мыңға жуық адам бар. Олардың ішінде 1400-ден астамы сайлау құқығына ие. Қазір үш ауылдың тұрғындарын әкім кім болады дегеннен гөрі жем-шөп пен жолдың жайы мазалайтын сияқты.

БІРІН АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫ КӨНДІРСЕ, ЕКІНШІСІН "НҰР ОТАН" ҰСЫНҒАН

Сайлауда додаға түсіп жатқан негізгі екі үміткердің бірі – Әбдіразақ Мәуленов. 52 жастағы үміткерді әкім болуға ауыл ақсақалдары мен белсенділері көндірген.

– "Әр үйдің немен тыныстап жатқанын білесің, елге көмектес" деген соң сайлауға түстім. Бұл үшін жан-жақтан қысым да көрдім, жұмыстан өз еркіммен шығуға мәжбүр болдым. Елдің қолдауы көбейген соң "бас тарт" деп айтқандар да болды. Қалай бас тартамын? Бас тартып кетсем маған сенім артқан елдің бетіне қалай қараймын? Енді, не де болса нар тәуекел деп отырмын, – дейді Мәуленов.

Көктерек ауылдық округі әкіміне үміткер ретінде өзін өзі ұсынған Өмірзақ Мәуленов. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.
Көктерек ауылдық округі әкіміне үміткер ретінде өзін өзі ұсынған Өмірзақ Мәуленов. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.

Оның мамандығы – тарих және география пәнінің мұғалімі, бұрын мектеп директоры, "Ақмешіт" мешітінің имамы болған. 15 шілдеге дейін аудандық тарихи мұраны қорғау орталығының маманы болып жұмыс істеген.

Екінші үміткер – биліктегі "Нұр Отан" партиясының өкілі Нұрдәулет Диханбаев. 33 жастағы үміткерді аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың депутаттары әкім болуға лайық деп тапқан. Диханбаев – заңгер әрі экономист, бірнеше ауданда зейнетақы төлеу орталығын басқарған, қазір аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығында сектор меңгерушісі.

– "Нұр Отан" ұсынғанымен, өз қалауыммен әкім болуға сайлауға түстім. Туған жерімнің экономикасына, әл-ауқатын көтеруге көмектесіп, еңбек еткім келеді, – дейді ол.

ҮМІТКЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Көктерек ауылдық округі әкіміне үміткер Нұрдәулет Диханбаев. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.
Көктерек ауылдық округі әкіміне үміткер Нұрдәулет Диханбаев. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.

Диханбаевтың пікірінше, қазір ауылдың басты мәселесі – шөптің жайы. "Әкім болып сайланып жатсам, бұл мәселені шешуге толық мүмкіндік бар" дейді ол. Оған қоса жайылым мен жастарға үй салуға жер телімін беру, ауылдың тазалығына көңіл бөлу маңызды.

Ал Мәуленовтің пайымдауынша, ауылға керегі – сапалы инфрақұрылым. Атап айтқанда су, жарық, газ, жол. Ауыл ішіндегі төрт жол аяқталмай тұр. Орталық көшелер тозған. Газ жоқ. Халықтың тұрмысын түзеу үшін шағын кәсіпкерлікті дамыту, инвесторларды тарту маңызды.

Мәуленов "әкім болу – мәртебе емес" дейді. Басты мақсаты – ауыл үшін еңбек ету, халық сенімін ақтау.

Кандидаттардың сенімді өкілдері де көп жайттан хабар береді. Диханбаевқа аудандық "Алғабас" газетінің редакторы, Қарсыбай Спатаев атындағы мектептің бұрынғы директоры, аудандық мәслихат депутаттары көмектеседі. Ал Мәуленовті ауыл тұрғындары мен жастар қолдап жүр.

"БІЗГЕ ЕЛДІҢ БІРЛІГІ КЕРЕК"

Кеңестөбе тұрғындары осы сайлаудың кесірінен елдің бірлігі бұзыла ма деп те алаңдайды.

Ауыл ақсақалы Шардарбек Бүркітбаевтың пікірінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімін халық сайласын деп пәрмен берді. Халық өз ішінен адамын шығарғанмен, "Нұр Отан" партиясы сырттан басқа да үміткер ұсынды.

– Осыған дейін "Нұр Отан" партиясы ауылда 4-5 рет жиналыс өткізді. Өз үміткерін таныстырды. Біз оны танымаймыз, көрген емеспіз. Аудан әкімінің орынбасарлары да араласып, ырың-жырың тірлік болды. Партияны қолдағандар да, қарсы шыққандар да бар. Бізге елдің бірлігі керек. Халық ұсынған адамы өтпей қалса не болады? Сайланған күннің өзінде ел қарсы шықпай ма? Жұмыс істеуге де елдің қолдауы керек шығар, – дейді ол.

Көктерек ауылдық округінің әкімдігі. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.
Көктерек ауылдық округінің әкімдігі. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.

– Президент ел өз ішінен жанашыр басшыны таңдасын деп ырық бергенде, аудандағылар соның өзін көп көрді. Енді бюллетеньді дұрыс санаса болғаны. Танымайтын адаммен қалай етене араласып жұмыс істейсің? Ал арамыздан шыққан адамнан талап етеміз, ұрыссақ та, жыласақ та, күлсек те жағдайымызды айта аламыз, – дейді аты-жөнін айтпаған ауыл тұрғыны.

Билік партиясы атынан үміткер Нұрдәулет Диханбаевтың сенімді өкілі, бұрынғы мектеп директоры Тұмар Төлеуішова бұл пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, Диханбаев – осы ауылдан шығып, түрлі басшылық қызметте болған, елдің жағдайын жақсы білетін өз адамы.

– Мысалы, қазір халықтың шөп алуға ақшасы жоқ. Ел ауылда не үшін отыр? Шаруашылық үшін. Шаруашылыққа мал керек, малға шөп керек, – деді ол.

Төлеуішованың айтуынша, "Нұр Отан" кандидатының бұл мәселені шешетін білім-білігі жеткілікті.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан ауыл тұрғыны ауылға бюджет ақшасының есебін ашық жариялап отыратын жанашыр әкім керек дейді. "Кім келсе де ең болмағанда тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасай алатын басшы керек" дейді ол.

БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ОРТАҚ ЖАЙЫЛЫМДЫ ҰЛҒАЙТУ

– 17 жылдан бері әкіммін. Жастарға орын берейін дедім. Сөздің ашығын айтсақ, шаршадым. Әкім сайлауына түспедім, – дейді Көктерек ауылдық округінің әкімі Нұрлан Бекжігітов Азаттыққа.

Кеңестөбе ауылының орталық көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.
Кеңестөбе ауылының орталық көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолы. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы, 16 шілде 2021 жыл.

Бекжігітов округтің 3 ауылына да газ кірмегенін, ішкі жолдар жөнделмегенін, ауыл тұрғындарының қоятын басты талабы – ортақ жайылым аумағын ұлғайту екенін айтады.

Бюджеті аудан әкімдігіне қарайтын ауылдың жаңа сайланған әкімі бұрыннан келе жатқан мәселелерді қалай шешеді, ол жағы белгісіз.

Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің мәліметінше, облыста 60 сайлау округінде сайлауға қатысуға ниетті 285 үміткердің 210-ы кандидат ретінде тіркелген. Олардың ішінде 126 адам өз-өзін ұсынған. Саяси партиялардан 84 адам сайлауға түссе, олардың 48-і "Нұр Отан", 19-ы - "Ауыл", 6-уы - "Ақ жол", 5-уі - "ADAL", 3-уі - "Қазақстан халық партиясы", тағы үшеуі Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан өтініш берген.

25 шілдеде Қазақстана алғаш рет ауылдық округ әкімдерін тіке сайлау өтеді (1999 жылы бір ауылда әкім сайлауы сынақ ретінде өткен еді).

Ел бойынша 700-ден астам әкім сайланады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, сайлау өткізуге Орталық сайлау комиссиясы арқылы 4,8 миллиард теңге бөлінеді. Билік 2025 жылға дейін әкімдерді сайлауға 17,6 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның әкімшілігі алдағы ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімін сайлауды "демократиялану" қадамы деп атап, "саяси реформаның" кезекті сатысы ретінде көрсеткісі келеді. Билік сыншылары Тоқаев бастамасымен өтіп жатқан бұл науқанның үлкен өзгеріс әкелмейтінін айтады. Қолында билігі бар аудан, облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері әлі де тағайындалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG