Accessibility links

Нобель сыйлығының лауреаты Малала тұрмыс құрғанын хабарлады


23 жастағы құқық қорғаушы Малала Юсуфзай және Асер Мәлік.
23 жастағы құқық қорғаушы Малала Юсуфзай және Асер Мәлік.

Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, 2012 жылы қыздардың білім алу құқығын қорғағаны үшін пәкістандық тәліптердің шабуылына ұшыраған Малала Юсуфзай 9 қарашада Twitter желісінде тұрмыс құрғанын хабарлады. Ол Асер Мәлік есімді жігітпен отбасын құрған. Ислам ғұрпы бойынша неке құру рәсімі Ұлыбританияның Бирмингем қаласында өткен.

"Бүгін өмірімдегі ең маңызды күн. Асер екеуіміз некелесіп, өмірлік серік атандық. Шағын некелесу рәсімін Бирмингемдегі үйімізде отбасымызбен бірге атап өттік. Біз үшін дұға етулеріңізді сұраймын. Болашаққа бірге қадам басуға асықпыз" деп жазды Малала Twitter'де.

Оның жазбасына 310 мың лайк басылып, 23 мың рет қайталап басылған.

Малаланың серігі Асер Малик Twitter'дегі аккаунтында Пәкістан крикет кеңесінде қызмет істейтін бизнес менеджер деп жазып қойған.

Малала 2012 жылы Пәкістанда өзі оқып жүрген мектеп автобусына жасалған шабуыл кезінде басына оқ тиіп, жараланған. Шабуылды Малаланың қыздарға білім беру кампаниясына қарсы тәліптер жасаған. Малала шабуылдан ауыр жараланған, бірақ Ұлыбританияда емделіп, аман қалды. Қазір сол елде тұрып жатыр. Өзіне қастандық жасалғалы бері ол әлемді аралап, қыздардың білім алуына мүмкіндік беруге шақырып келеді. Ол 2014 жылы үндістандық құқық қорғаушы Кайлаш Сатъяртхимен бірге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG