Accessibility links

Иранның соңғы патшайымы Фарах Пехлевидің "ауыр да әдемі өмірі"


Иран шахы Мохаммед Реза Пехлеви мен әйелі Фарах Диба Пехлеви үйлену тойларында. Тегеран, 21 желтоқсан 1959 жыл.
Иран шахы Мохаммед Реза Пехлеви мен әйелі Фарах Диба Пехлеви үйлену тойларында. Тегеран, 21 желтоқсан 1959 жыл.

Иранның бұрынғы патшайымы Фарах Диба Пехлевидің кітабы ағылшын тілінде басылып шықпақ. Кітап 1979 жылғы ислам революциясына дейінгі патшалық өмірі жайлы мәліметтерді толықтыра түседі. Еліндегі өнер мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі үшін халық ықыласына бөленген 83 жастағы Пехлеви кітапта өткен өмірінен сыр шертеді.

Иранның соңғы патшайымы Фарах Пехлеви алғашқы жинағын 1979 жылғы революциядан екі жыл бұрын жариялаған. 1979 жылы оның күйеуі Мохаммед Реза Пехлевидің билігі құлап, Иранда монархия дәуірі аяқталған.

Фарах Пехлеви Иран халқының тілінде "шахбану" аталатын патшайым өмірі жайлы жазғанда 38 жаста болған. Ол кездері Ислам революциясы идеясы мен елден қуылатыны оның ойына да кіріп шықпаған.

Фарах Пехлеви.
Фарах Пехлеви.

"Естеліктерді жазған кезде не болатынын елестеткен де емеспін" деп жазды ол ағылшын тілінде шыққан "1001 күн: Патшайым естелігі" (1001 Days: Memoirs Of An Empress) кітабының алғысөзінде. Қарашаның аяғында шығатын кітап жаңа ұрпаққа патшалықтың революцияға дейінгі өмірінен сыр шертеді.

ЕРТЕГІ ӨМІР

Революцияға дейін оның өмірі ертегідей болды: қара халықтан шыққан әйел елдің шахына тұрмысқа шығып, 21 жасында елдің билеушісіне айналды.

Фарах Пехлеви шахпен Францияда архитектура мамандығы бойынша білім алып жүргенде Иранның Париждегі елшілігінде танысқан. 1941 жылы таққа отырған шах 1953 жылғы төңкерістен кейін АҚШ барлау қызметінің қолдауымен билікте қалған.

Олар 1959 жылы үйленіп, Фарах 40 жастағы патшаның үшінші әйелі атанған.

Пехлеви шахтың патшайым міндеттерін айтқанда қызметтердің соншалықты көп екеніне таң қалғанын еске алады.

Фарах Пехлеви күйеуі екеуі үйленген соң 11 айдан кейін туған Резу ханзаданы қосқанда төрт бала өсірген. Уақытының көп бөлігін Иран және Батыс өнерін дамыту секілді әлеуметтік және мәдени мәселелерге арнаған. Соның арқасында жұрттың ықыласына бөленіп, кең танылған.

ПАТШАЙЫМ ЖӘНЕ "ИРАН ХАЛҚЫНЫҢ АНАСЫ"

1967 жылы шах салтанатты жиында Фарах Пехлевиді Иран патшайымы – шахбану, ал өзін "патшалардың патшасы" немесе "шахиншах" деп таныды. Фарах сол кездерді Иран әйелдерінің өміріндегі маңызды кезең ретінде жылылықпен еске алады.

"[Иранның патшайымы] атанған күнім елдегі әр әйелдің тәж киген күніндей көретінімді үнемі айтатынмын" деді Пехлеви Азаттық радиосының Иран қызметіне француз тілінде шыққан кітабы жайлы сұхбат бергенде.

Пехлеви қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар мен мекемелерге қолдау білдірген. Оның ішінде өзі негізін қалауға атсалысқан балаларды және жасөспірімдеді интеллектуалды дамыту институты да бар. Ол ел ішін аралап, алыс аудандарға барып, жергілікті жұртпен және мұқтаж жандармен кездесіп тұрған.

Оның балалар үйіне, ауруханаларға, тұрмысы нашар аудандарға барғаны жайлы газет-журналдардың бірінші бетінде жазылатын.

Тарихшы Роберт Стилдің сөзінше, Пехлеви "патшалықтың бейнесіне" айналған.

"Әрине бұл мұқият ойластырылған әрі ұтымды пропаганда болды. Бірақ Фарах Иран халқының "анасы" рөлін мұқият атқарды" дейді Лондон экономика мектебіне шақырылған ғылыми қызметкер Стил. "Фарах барлық мағынада Пехлеви патшалығының шынайы, адами бейнесі болды".

Фарах Диба 1970 жылы Тегеранда.
Фарах Диба 1970 жылы Тегеранда.

Фарах Пехлеви әлем лидерлерімен, атақты адамдармен, Энди Уорхол секілді танымал суретшілермен араласқан. 1976 жылы Уорхол Иранға барып, патшайымды суретке түсіріп алған. Кейін бұл сурет кең танылып кетті.

1970 жылдары ол Батыстың заманауи суретшілерінің 300-ден астам еңбегін алуға атсалысты. Оның ішінде Альберто Джакометти, Генри Мура, Рене Магритта, Пабло Пикассо, Джексон Поллок, Пьер-Огюст Ренуар мен Марка Ротконың туындылары бар. 3 миллиард долларға бағаланған коллекция қазір 1977 жылы ашылған Тегеран заманауи өнер музейінде сақталып тұр.

Сол жылдары үміт пен энергияға толы Пехлеви өмірін өзі жақсы көретін елге арнап, прогресске жеткізгісі келген.

"Халық Иранның бүкіл әлемде құрметке ие тарихын ұмытпағанын, бірақ қазіргі заманның, білім, денсаулық және индустрияландырудың жетістіктерін пайдаланғанын қаладым" деп жазады ол кітаптың алғысөзінде.

Роберт Стилдің сөзінше, Пехлеви саясаттан бойын алыс ұстап, өнер, әдебиет, музыка мен архитектураға қызыққан.

"Оның революциядан кейін де танымал болуының бір себебі Иран саясатының күмәнді әлемінен біршама алыс болғанында жатыр. Әйтсе де Фарах ұйымдастырған іс-шаралар мен ол жинаған өнер туындылары Пехлеви режиміне деген наразылықтың күшеюіне әсер етті. Оппозиция халықтың "батыстанып" жатқанын сынға алып, Пехлеви сарайындағы еуропалық көзқарас пен батыс мәдениетіне деген махаббат сынға ұшырады" дейді Стил.

РЕВОЛЮЦИЯ ЖӘНЕ ҚУДАЛАУ

Шахтың батысқа бет бұруы, саяси репрессия, шах пен оның айналасындағылардың даңғаза өмірі, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық оппозицияның қарсылығын күшейте түсті. Мұндай ысыраптың бірі империяның 2500 жылдығына арналған салтанатты жиында байқалды.

Пехлеви 1971 жылы өткен салтанатты жиынды қолдайды, бұл шараға ас-ауқат Парижден тікелей жеткізілген еді.

"Кішігірім қате де кетпеді, өте бақытты болдық. Батыс баспасөзі бізді қатты сынады. Олар елдің ұлы тарихы барын түсінбеді. Тек тамақ, шатырлар мен басқаларын ғана [айтты]" деді ол Гарвард университетінде өткен онлайн жиында.

Иран шахы Мохаммед Реза Пехлеви мен әйелі Фарах Диба Пехлеви Парижде. Тегеран, 24 маусым 1974 жыл.
Иран шахы Мохаммед Реза Пехлеви мен әйелі Фарах Диба Пехлеви Парижде. Тегеран, 24 маусым 1974 жыл.

Ол Иранда бұрын шах кезінде адам құқықтарының сақталмайтынын елемей, жұртты үрейде ұстаған САВАК құпия полиция елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап тұр деп мәлімдеген.

1979 жылы қаңтарда бірнеше айға созылған ереуіл мен наразылықтардан соң, Пехлеви күйеуімен Ираннан қашты. Одан кейінгі өмірінде жақындарынан айырылып, елден жырақта өмір сүрді. Осыдан бірнеше күннен соң Иранда Ислам революциясы болып, аятолла Рухолла Хомейни билікке келді де, елде репрессияшыл әрі адам құқықтарын бұзатын саясаты үшін сынға ұшырайтын қазіргі Иран ислам республикасын құрды.

ЖАҚЫНДАРЫНАН АЙЫРЫЛУ

Пехлеви елден қашқанын соң 18 айдан кейін күйеуінен айырылды. Мохаммед Пехлеви Египетте қатерлі ісіктен көз жұмды. 20 жылдан кейін, 2001 жылы 33 жастағы кіші қызы Лейла Лондонда есірткіден қаза тапты. 11 жылдан кейін күйзеліспен бірнеше жыл күрескен кіші ұлы Алиреза 44 жасында өз-өзіне қол жұмсады.

"Қызық, ауыр және әдемі өмір сүрдім" деді ол онлайн-кездесуде.

Фарах Пехлеви Парижде. 2019 жыл.
Фарах Пехлеви Парижде. 2019 жыл.

Қазанда 83 жасқа толған Пехлеви еліндегі оқиғалардан хабардар. Иранда 1979 жылғы революциядан кейін өмірге келгендердің өзі Пехлеви дәуірін аңсайды.

Ол Азаттық радиосына Иранның "азаттығын" аңсайтынын, қырық жылдан астам уақыт жырақта болғанына қарамастан елге деген махаббаты мен байланысы күшті екенін айтады.

"Үміт отын сақтап, жүрегімде күйініштің болмағанын қалаймын. Қараңғылықты жарық сәуле басатынына үміттенемін, үмітімді үзбеймін" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG