Accessibility links

Өзбекстан мен Қазақстанның "сәтсіз" тәжірибесінен соң династия транзитін жеделдеткен "арқадағ"


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сайлауда дауыс берген соң сөйлеп тұр. Артында оң жақта тұрған - ұлы Сердар. Ашғабат, 12 ақпан, 2017 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов сайлауда дауыс берген соң сөйлеп тұр. Артында оң жақта тұрған - ұлы Сердар. Ашғабат, 12 ақпан, 2017 жыл.

Наурыз айында Түркіменстанда өтетін кезектен тыс сайлауға президенттің ұлы да қатыспақ. Орталық Азияда билік транзитінің династиялық формасы жүзеге асуы мүмкін. Аймақтағы "ең жабық ел" басшысының жылдам сайлау өткізуге шешім қабылдауына Қазақстандағы Қаңтар көтерілісінің қандай әсері бар?

ӘКЕСІ КЕТЕРДЕ БАЛАСЫ 30 ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАР ҰСЫНДЫ

11 ақпан күні өткен Түркіменстан парламенті жоғары палатасы - халық мәслихатының кезектен тыс жиынында 64 жастағы президент Гурбангулы Бердімұхамедов "пайғамбар жасынан" асқанына меңзеп, өзінің отставкаға кететінін, "жастарға жол бергісі" келетінін мәлімдеді. Артынша Орталық сайлау комиссиясы 12 наурызды ерте сайлау күні деп жариялады. Бұл сайлауға президенттің ұлы, соңғы жылдары жиі қызмет ауыстырған Сердар Бердімұхамедов қатыспақ. Оны Демократиялық партия ұсынып отыр. Сердар қазір министрлер кабинеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Министрлер кабинетін президент басқаратындықтан, Сердар іс жүзінде әкесінің орынбасары болып отыр. Халық мәслихатының жиынына кіші Бердімұхамедов те қатысып, 2052 жылға дейінгі елдің 30 жылдық экономикалық даму жоспарымен таныстырған.

Түрікменстан конституциясындағы кейінгі өзгерістерден кейін бұл елде президент жеті жылға сайланады, бір адам шектеусіз, бірнеше мәрте президент бола береді. Қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедов 2007 жылдан бері 15 жылдың ішінде үш мәрте президент болған. Елде президенттің соңғы сайлауы конституцияға алтыншы мәрте өзгеріс енгізілген соң, 2017 жылы өткен. Гурбангулы Бердімұхамедовтің президенттік мерзімі аяқталған жоқ, әлі екі жылы бар.

Орталық Азияның көп еліне тән сипат: Түрікменстанда тәуелсіздік алғалы бері еркін, әділ әрі шын бәсекелі сайлау өткен емес. Түрікменстандағы сайлауларды халықаралық ұйымдар демократиялық түрде өтпеді деп жиі сынайды.

ӘКЕДЕН ОЗҒАН "ХАЛЫҚ ҰЛЫ"

Гурбангулы Бердімұхамедов тұңғыш президент Сапармұрат Ниязов қайтыс болған 2006 жылы билікке келіп, 2007 жылғы сайлаудан бері қайта-қайта "көпшілік дауыспен сайланған". Елде соңғы жылдары әлеуметтік проблема қордаланып, азық-түлік тапшылығы байқалып, түрікмендер шетке көптеп кетуге мәжбүр болған. Ал ресми ақпарат құралдары әке Бердімұхамедов билік еткен кезеңді "қуатты және бақытты дәуір" деп сипаттайды.

Ол президент болған алғашқы жылдары отбасы, бала-шағасы туралы айтыла бермейтін. Әуелде тіпті Сердар есімді жалғыз ұлы туралы мәлімет тым аз болатын. Ал Бердімұхамедовтің әйелінің суреті тек былтыр ғана жарияланды.

Әкелі-балалы Гурбангулы мен Сердар Бердімұхамедовтер. 7 маусым, 2021 жыл.
Әкелі-балалы Гурбангулы мен Сердар Бердімұхамедовтер. 7 маусым, 2021 жыл.

2018 жылдан бергі бала Бердімұхамедовтің қызметі өсе бастады, соған орай сарапшылар ол президент болуға дайындалып жатыр деп болжаған. Сердар уәлаят басшысы және министр болды, агенттікте, халықаралық ұйымдарда өкіл қызметін атқарды, елшілікте істеді әрі екі рет депутат болып та үлгерді. Түрікменстанда ауыл шаруашылығы университетін және Мәскеу дипломатиялық академиясын бітірген Сердар Бердімұхамедов 2016 жылдан бастап көпшілік алдына шыға бастады.

Соңғы жылдары Гурбангулы Бердімұхамедов аймақ елдері кездесуі, халықаралық спорт жарысы және басқа да сапарларға ұлын аттандырып, лауазымды тұлғалармен, соның ішінде мемлекет басшыларымен кездесуге жіберіп отырған.

Сердар Бердімұхамедов бертінде Ресей премьер-министрімен, Жапония императорымен кездескен. Иран мен Өзбекстанға сапарлап, осы елдер президенттерімен келіссөз жүргізген.

Бір кезде аты аз аталып, суреті сирек жарияланатын Сердар бұл күнде кейбір сарапшылардың пайымдауынша, көпшілік алдына президент әкесінен де жиі көрінетін болған. Ресми БАҚ оны "халық ұлы" деп атайды.

ТҮРІКМЕНСТАН МЕН ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ІЗБАСАРЛАР ЖОЛЫ

Сердар былтыр қыркүйекте 40 жасқа толған. Түрікменстан конституциясы бойынша 40 жасқа толған, елде 15 жыл тұрған кез келген азамат президент сайлауына үміткер бола алады. Алайда оның елде тұрып жатқанына тоғыз жыл болған. Бұл депутаттыққа сайлануға де жеткіліксіз мерзім.

2016 жылы Орталық Азиядағы тағы бір авторитар ел Тәжікстан да конституциясын өзгертіп, президент болатын адамның төменгі жас мөлшерін 30 жасқа дейін төмендеткен. Арада бір жыл өткенде президент Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомали 30-ға толды. Сол жылы ол Душанбе мэрі болып, бұған қоса 2020 жылдан бастап парламенттің жоғары палатасының төрағасы қызметін атқарып келеді. Парламенттің жоғары палатасының басшысы – Тәжікстанда билік иерархиясы жағынан алғанда елдегі екінші адам. Іс жүзінде президент денсаулығына байланысты биліктен кетсе, оның қызметін жоғары палата төрағасы атқарады.

Түрікменстанда 2020 жылы конституцияға жетінші мәрте өзгерту енгізілген кезде халық мәслихаты парламенттің жоғары палатасына айналған. Бұл өзгерістер бойынша экс-президенттер Халық мәслихатының мәңгілік мүшесі болып қалады.

Халық мәслихатының қазіргі төрағасы - Гурбангулы Бердімұхамедов. Президенттіктен кеткенде де ол осы қызметінде қала беретіні күмән тудырмайды.

Осылайша, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ізбасар мәселесінде Түрікменстаннан ертерек қамданғанымен, оны жүзеге асыруда Түркіменстан озып кеткендей.

ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАҢА ТӘУЕЛДІЛІГІ

Түрікменстан конституциясына 2020 жылы енгізілген өзгертулердің мына тұсы назар аудартады. Президент ауырып, міндетін атқара алмай қалса, мерзімінен бұрын қызметінен босатылады. Ондайда тәуелсіз медициналық комиссияның қортындысы бойынша халық мәслихаты мен мәжіліс тиісті шешім шығарады. Егер Түрікменстан президенті конституцияға сай емес әрекетке барса, немесе заң бұзса, парламент дауыс беру арқылы оған сенімсіздік білдіре алады. Ондайда президентті қызметтен алу мәселесі бойынша референдум өткізіледі. Осы және басқа да себептерге байланысты президент міндетін атқара алмай қалса, оның өкілеті сайлауға дейін халық мәслихаты төрағасына өтеді. Мұндай жағдайда президент сайлауы 60 күннен көп емес уақыттың ішінде өткізілуі тиіс.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. 27 қыркүйек, 2021 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. 27 қыркүйек, 2021 жыл.

Бұған қоса халық мәслихаты президенттің ұсынысы бойынша жоғары сот төрағасы, бас прокурор, ішкі істер министрі және әділет министрін тағайындау және қызметтен босату мәселесін қарастырады. Халық мәслихаты президентті мемлекеттік наградамен марапаттап, оған әскери және мемлекеттік атақ бере алады.

Конституциядағы өзгерістер бойынша президент өзінің кейбір өкілетін атқаруды халық мәслихаты төрағасына өткізуі мүмкін. Оның ішінде сыртқы саясатты жүзеге асырудағы жетекшілік, өзге елдермен келіссөздер жүргізіп, халықаралық келісімдерге қол қою, Түрікменстан елшілерін тағайындау мен кері шақыру, сенім грамоталарын қабылдау, мемлекеттік наградалармен марапаттау, рақымшылық жариялау тәрізді өкілеттіктер бар.

Бұл Түрікменстанның ендігі президенті халық мәслихаты төрағасына қаншалық тәуелді екенін және әке Бердімұхамедовтің әзірге "көштен қалмайтынын" көрсетеді.

"ПАЙҒАМБАР ЖАСЫ" ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІК ЛИМИТ

Ел байлығын өз туыстары арқылы иелені отыр деп саналатын Гурбангулы Бердімұхамедов алғаш билікке келгенде реформа жасайды деген үміт ақталмады. Елде адам құқығы мен бостандығын шектеу тыйылған емес.

Сөйткен Бердімұхамедов өзінің президенттіктен кетуін "пайғамбар жасынан" асқандығымен түсіндірген. Оның 2020 жылы алпыс үшке, "пайғамбар жасына" толғанын ерекше жағдайда атап өткені белгілі.

Бір қызығы, мемлекеттік құрылымы діни жүйеге негізделген елдердің өзінде "пайғамбар жасынан" асқандар билікте болмасын деген шектеу жоқ. Дегенмен Орталық Азия елдерінің мәдениетінде "пайғамбар жасы" ерекше өмір белесі ретінде ғана мәнге ие. Алайда саясаткерлердің ішінде оған назар аударып отырған тек Түрікменстан президенті ғана.

Сарапшылар Бердімұхамедовтің президенттіктен кетуін денсаулығымен байланыстырады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Түрікменстан президенті қант диабетіне шалдыққан. Оның кейбір кезде, әсіресе, 2019 жылы көп алдына шықпай біршама уақыт қалуы Бердімұхамедовтің денсаулығы жайлы қауесеттің тарауына себеп болған.

Ал Бердімұхамедовтің Орталық Азиядағы өзге әріптестері "пайғамбар жасынан" асып кетсе де биліктен кету туралы мәселе қозғамаған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның жасы 69-да. Кейінгі конституциялық реформа бойынша ол шектеусіз мерзімге президент сайлауына қатыса алады. 2020 жылғы сайлауда ол жеті жылдық мерзімге бесінші рет президент болды. Рахмонның "бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы - ұлт көшбасшысы" (пишвое - меллат) мәртебесі конституцияға енгізілген. Қазіргі жағдайда Эмомали Рахмон – Орталық Азиядағы ең қарт президент.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 19 мамыр, 2021 жыл
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Душанбе, 19 мамыр, 2021 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рахмоннан бір жас кіші. 68 жастағы Тоқаев, 79 жасында президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты алмастырған. Қазақстан конституциясы бойынша "елбасы" мәртебесін алған Назарбаевтан басқа президент бес жылдық екі мерзімнен артық сайлана алмайды. Тоқаев биылғы "Қаңтар көтерілісінен" кейін мемлекеттік арнаға берген сұхбатында екі мерзімнен артық президент болмайтынын айтқан.

Түрікменстан президентімен құрдас, 64 жастағы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев былтыр өткен ерте сайлаудың нәтижесінде екінші мерзімге президент болды. Егер Өзбекстанда конституция өзгермесе, Мирзияев үшінші мерзімге сайлана алмайды. Оны елдегі жиындарда және ақпарат құралдарында "юртбашы – жұрт басшысы" деп атайды.

Орталық Азия аймағы елдеріндегі ең жас президент – Қырғызстанның 53 жастағы басшысы Садыр Жапаров. Ол тәуелсіздік алғаннан бергі алтыншы президент, 2020 жылғы сайлауда алғаш рет сайланды. Жапаров билікке келген соң өзгертілген Қырғызстан конституциясы бойынша президент бес жылдық екі мерзімге сайланады. Одан бұрын Қырғызстан президенті жеті жылдық бір мерзімге сайланатын.

БИЛІКТІ ӘУЛЕТ ӨКІЛІНЕ ТАБЫСТАУ

Түрікменстанда 12 наурызға жоспарланған кезектен тыс президент сайлауы неге биыл өтеді деген сауалдың басы ашық қалып тұр. Кейбір сарапшылар бірінші Бердімұхамедовтің екінші Бердімұхамедовті президенттікке әзірлеуі бұрын жоспарланған әрекет десе, кейбірі Қазақстандағы Қаңтар көтерілісі Түрікменстандағы сайлауды жеделдетуге себеп болды деп санайды.

Орталық Азия елдері президенттері Түркіменстанда. Тамыз, 2021 жыл.
Орталық Азия елдері президенттері Түркіменстанда. Тамыз, 2021 жыл.

Қалай болғанда да Түрікменстан басшысы өзінен кейінгі билікті сенімді қолға тапсырып, өзі жоғарғы қадағалаушы арбитр болып қалғысы келген сыңайлы. Бұл жағынан ол Қазақстанда президенттікті бір кездегі сенімді серігі, сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған "елбасы" Нұрсұлтан Назарбаевтың әрекетін қайталап отыр. Тек Түрікменстандағы билікті табыстау әкеден балаға өту мүмкіндігімен ғана ерекшеленеді. Тәжікстанда да осы сценарий дайын тұр. Ал Қазақстандағы Қаңтар көтерілісі ұзаққа созылған билік транзитінің себебі емес, салдары болатын.

Қаңтар оқиғасына дейін сарапшылар Қазақстанды отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың өз мұрасы мен әулетін "сенімді қолға тапсырған" сценариін автократ басшыларға ең ұтымды жол ретінде атап келген. Тіпті мамандар арасында билікте 20 жылдан аса отырған Ресей президенті Владимир Путин де осы әдісті таңдауы мүмкін деген болжам айтылған. Өзбекстанды тәуелсіздік алғалы бері басқарған Ислам Каримов қайтқан соң оның орнына келген Шавкат Мирзияев "ұстазының" мұрасын ұмыттырып жатқанда, "елбасы" мәртебесін иеленіп, биліктің біраз тетігін ұстап, үрім-бұтағы саясат пен экономикада емін-еркін үстемдік жүргізіп отырған Назарбаевтың есебі түгел болып көрінген еді.

Алайда, жыл басында Қазақстанды дүр сілкіндірген Қаңтар көтерілісінен соң "Назарбаев сценариінің" сәтсіздігі туралы көп айтыла бастады. Кей сарапшылар Назарбаев пен оның өзі таңдаған ізбасары Тоқаев арасында кикілжің болды десе, енді бірі экс-президенттің ықпалды әулеті президентке қысым көрсетіп жатыр деген долбар айтты. Ресми дерек бойынша, 227 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланған дүрбелеңде Тоқаев Ресей үстемдік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін шақыруға мәжбүр болды. Өзге жайттарды былай қойғанда, елдегі билік транзиті мәселесі де Кремльдің айтуымен жүріп жатыр деген тұжырым жасалды. Көршілері – Өзбекстан мен Қазақстанның "сәтсіз" тәжірибесін мұқият қарастырған "арқадағ" бұрыннан дайындалып жатқан "тақты тапсыру процесін" жеделдетіп жіберген болуы мүмкін.

(Блог авторының пікірі Азаттық редакциясы көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG