Accessibility links

"Хуан Карлос, Путин және майталман сантехник". Назарбаев жайлы кезекті фильм шықты


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі туралы деректі фильмның кезекті бөлімінде Испанияның басы дауға қалған экс-королі Хуан Карлос пен Ресей президенті Владимир Путин жайлы жылы лебіз білдірді. Бұрынғы президент денсаулығына қатысты жұрттан жасырып келген сырын да жайып салды.

"ХАЛЫҚ ДАУЫС БЕРУГЕ КЕЗЕКТЕ ТҰРДЫ"

"[Халық] сенім білдіріп, [биліктің] шыңына шыққаннан кейін кеткен дұрыс деп санаймын. СССР-дің геронтологиялық [қарттар] басшылығы көз алдымда өтті: Брежневтің де, Андроповтың да, Черненконың де жерлеуіне қатыстым. Бұл – бір. Екіншіден, адамның мүмкіндігі шексіз емес". Совет заманында еңбек жолын Теміртаудағы зауытта металлург болып бастап, Қазақ ССР компартиясының бірінші хатшысына дейін көтерілген, одан кейін Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев осылай дейді. Қазақстанның бұрынғы президенті мұны 21 қазанда прайм-тайм кезінде "Хабар" арнасынан көрсетілген өзі туралы "Штрихи к портрету. Откровение" атты деректі фильмнің бесінші бөлімінде журналист Айгүл Әділоваға берген сұхбатында айтты.

Мемлекет басында өзі атаған СССР-дің үш кәрі басшысының жиынтық мерзімінен де ұзақ отырып, 2019 жылғы 19 наурызда өкілеті аяқталмай президент қызметінен кеткен 81 жастағы Назарбаев қазір "Ұлт лидері – Елбасы" деген арнайы статусқа ие. Бұға қоса ол Қауіпсіздік кеңесі жетекшісі әрі билеуші Nur Otan партиясының төрағасы ретінде билікке әлі ықпал ете алады.

Ең алғаш 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ ССР жоғарғы кеңесі республика президенті деген жаңа қызметке компартия жетекшісі 49 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған. Содан кейін Қазақстанда бес рет өткен президент сайлауының [үшеуі мерзімінен бұрын] барлығында Назарбаевтың аса көп дауыспен жеңіске жеткені жарияланған.

"Егер 1991 жылы өткен алғашқы жалпыхалықтық сайлауда [мені қолдап сайлаушылардың] 98,8 пайызы дауыс берсе, 2015 жылғы соңғы сайлауда 97,8 пайыз болды. Қазір қарап отырсам, барлық сайлауда [маған] сенім білдіргендер [үлесі] 80 пайыздан төмен болып көрмепті. Егер "бұны солай жазып алған" дейтіндер болса, ойланып көрсін, бұл деген 60 немесе 51 пайыз емес, 80-90 пайызды қолдан жасау мүмкін емес қой, – дейді Назарбаев. – 2015 жылғы сайлауда, естеріңізде болса, халық дауыс беруге кезекте тұрған. Бүкіл ғұмырымда халықтың осынша сеніміне ие болуым көзге жас алғызатындай шаттық сыйлайды".

Фильмде Назарбаев 2015 жылғы 26 сәуірде кезектен тыс өткен президент сайлауында жеңіске жетіп, сол жылы 75 жасқа толғаннан кейін бұл қызметтен кетуді ұйғарғанын айтады.

"Бүкіл саналы ғұмырым саясатта өтіп жатыр. Қиын маған. Үлкен Джордж Буштан [1988-1992 жылдардағы АҚШ президенті - ред.] сіз өмір бойы саясатпен айналыстыңыз, қазір қалайсыз деп сұрадым. Ол телевизор көрмеймін, газет оқымаймын, жаңалыққа назар аудармаймын, солай беймарал тірлік кешіп жатырмын дейді. Ал мен өйте алмаймын" дейді Назарбаев.

Мұнайшылардың бейбіт шеруіне полиция оқ атқаннан кейін төтенше жағдай жарияланған Жаңаөзен қаласындвғы орталық алаңда тұрған полиция жасағы. Маңғыстау облысы, 18 желтоқсан 2011 ж.
Мұнайшылардың бейбіт шеруіне полиция оқ атқаннан кейін төтенше жағдай жарияланған Жаңаөзен қаласындвғы орталық алаңда тұрған полиция жасағы. Маңғыстау облысы, 18 желтоқсан 2011 ж.

Қазақстан оппозициясы мен құқық қорғаушылар Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекет басқарған кезде елде авторитар басшыға бағынатын билік жүйесін орнатып, ешбір сайлауды әділ өткізбеген, саяси бәсекелестері мен тәуелсіз кандидаттарға қолдан кедергі жасап, қуғын-сүргінге салған, азаматтардың құқығы мен бостандығын қатаң шектеген деп айыптайды. Ол мемлекетті басқарған кезде Қазақстан азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы өрескел бұзылатын, сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі шектеліп, тәуелсіз журналистер қудаланып, түрмесі "саяси тұтқын" деп танылған адамдардан арылмайтын ел ретінде танылды.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда осы кезге дейін өткен президент және парламент сайлауының ешбірі халықаралық стандарттарға сай емес деп мәлімдеген.

Назарбаев президент қызметінен кеткенде орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, 70 пайыздан артық дауыс жинаған. Бірақ оппозиция мен тәуелсіз бақылаушылар бұл сайлауда да "жаппай бюллетень тастау, дауыс ұрлау" болғанын айтады.

"Сайлаушылардың 80-90 пайызы қолдаған" президенттер Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан сияқты Орталық Азиядағы постсоветтік елдерде қазір мемлекет басқарып отыр.

"ҚЫЗМЕТТЕН КЕТЕТІНІМДІ СОЛ КҮНІ ТЕК ПУТИНГЕ АЙТТЫМ"

Өзі туралы фильмде Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда Қазақстан президенті қызметінен өкілет мерзімі аяқталмай жатып кетуді ұйғарғанын Ресей президенті Владимир Путинге сол күні таңертең өзі хабарлағанын айтты.

"Қанша дегенмен үлкен көршіміз ғой, Путинге телефон соқтым. Ол [естігенде] аң-таң болды. Кешке осы жайлы [халыққа] хабарлаймын, сіз өз аузымнан естісін деп тұрмын дедім. Болды, басқа мемлекет басшыларынан ешкім бұл туралы білген жоқ" дейді Назарбаев.

Ол Путинді "достарын өте құрметтейтін" басшы деп сипаттайды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 30 маусым 2021 ж.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 30 маусым 2021 ж.

Назарбаев Қазақстанды басқарған кезде шетел басшыларымен қарым-қатынасы жайлы да сыр шертті. Оның сөзінше, Батыс елдеріне қарағанда Ресей, Түркіменстан, Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдердің жетекшілерімен сый-сияпат алмасқанда түсініспеушілік болмаған.

"Мысалы, [Түркіменстан президенті Гурбангулы] Бердімұхамедов ақалтеке атын шын жүректен тарту етті, өзбектер шапан, бұйымдар, қырғыздар да ат сыйлады. Біз де хал-қадірімізше сый-сияпат көрсетеміз" деді ол.

Фильмдегі бір сөзінде Назарбаев постсоветтік елдер ғана емес, саяси қарым-қатынаста өзін салқындау ұстайтын солтүстіктегі мемлекет басшыларының да тілін тауып, көңілін жібітуге болатынын айтып мақтанғандай болды.

Батыс елдерінің кей жетекшілерімен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтқан кезде Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында (ЕҚЫҰ) Қазақстанға Испания королі көмектескенін айтып берді.

"Испания королі Мадридте ЕҚЫҰ отырысы өтетін болып, шешім қабылданған кезде бізді қолдағанын айтқым келеді. Мемлекеттер мәселені талқылап жатқан кезде ол әр екі сағат сайын маған телефон шалып, "қиын өтіп жатыр, бірақ сен алаңдама, біздің министр сіздердікімен бірге жұмыс істеп жатыр, яғни бірдеңесі болады деп айтты" дейді Назарбаев.

Қазақстанның экс-президенті жылы лебіз білдіріп отырған бұл адам – 1975-2014 жылдары Испания королі болған бірінші Хуан Карлос болса керек. Қазақстан – 2010 жылы постсоветтік елдер арасынан ЕҚЫҰ төрағасы болған алғашқы мемлекет. Бірақ сол кезде де, БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңесі құрамына мүше болып қабылданған биыл да құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанды адам құқықтары мен бостандықтарын таптап отырған ел ретінде сынаған.

2014 жылы тақтан бас тартқан Испанияның бұрынғы королі Хуан Карлос 2018 жылы басы жемқорлық дауына қалып, екі жылдан соң елінен кетуге мәжбүр болған. Былтыр француздың Courrier International басылымы испаниялық El Diaro сайтына сілтеп, бірінші Хуан Карлостың тағы бір дауға қалғанын жазды. Оған 1998 жылы бірінші Хуан Карлос мемлекет басшысы болып тұрған кезде Қазақстанға жеке сапармен барып, елдің сол тұстағы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан қара-ала тон алғаны себеп болған. Даулы тон 1975 жылдан бастап аулауға тыйым салынған ілбіс терісінен тігілгенін жазған басылым Назарбаевтың әлгі тонды киіп тұрған Хуан Карлоспен бірге түскен суретін жариялаған

"ЖҰРТТАН ЖАСЫРҒАН СЫР"

"Мұны осы кезге дейін ешқашан айтпай келген едім. Омыртқама ота жасатқам, ауыр операция болды" дейді Назарбаев фильмде бір сырды ашып.

"8 наурызда концерттен кейін орнымнан тұрып, қақшидым да қалдым, дене құрысып, аяғым бастырмайды. Күзетші офицердің қолын балдаққа сүйенгендей қысып ұстап, зал толған жұрт байқамасын дедім де, ақырындап сыртқа шықтым. Кейін тексертсем, омыртқамда кінәрат бар екен".

Айтуынша, операция 2011 жылы жасалыпты. "Қазір бәрі қалыпты" дейді Назарбаев. Оның сөзінше, президенттік қызметтен кетуінің бір себебі де осы дерт.

"Бұл туралы тіс жармай келдім, [жұрт] мені кешірсін. Қызметтен кету керек, бірақ дайын болмадым, себебі орныма кімді қалдыратыным әлі шешілген жоқ еді" деп түсіндіреді ол.

Бұдан кейін Назарбаев журналиске "осыдан басқа ешқашан ешқандай аурумен ауырған жоқпын, қазір де науқас емеспін" дейді. Фильмде жүрісі баяу бұрынғы президенттің гольф алаңына шығып, таяқпен бірнеше шарды ұяға салғаны осы сөзін қуаттау үшін түсірілгендей әсер қалдырады.

Бірақ биыл жазда Мәскеуге барып, Ресей президенті Путинмен кездескенде Назарбаев былтыр коронавирус жұқтырып алып, ауырған кезде Ресей дәрігерлерінің көмегімен емделіп шыққанын айтып, оларға алғыс білдірген еді. Азаттық Назарбаев пен оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың сөзі бір-бірінікімен үйлеспейтінін аңғарған.

Назарбаев коронавируспен қалай ауырды? Өтірік айтты ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

ОТБАСЫ ЖАЙЛЫ ЖӘНЕ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚҚА ҮШ КЕҢЕС

Жеке өмірі туралы сұраққа жауабында Нұрсұлтан Назарбаев классикалық музыканы сүйетінін, ән салу ата-анасынан жұққанын, қыздары Дариға мен Динара да әннен қаражаяу емесін айтты. Балаларға "жалпы бағыт-бағдар ғана беремін" деп жауап берді.

"Балалардың өзі таңдау жасауы керек. Сондықтан балаларға өсиет айтпаймын. Дариға [үлкен қызы] тарих факультетін таңдап, оқыды, басқалары да солай" деді Назарбаев.

Назарбаев өскелең ұрпаққа үш кеңес береді: өз ісінің маманы болу; денсаулығына мән беру және туған жер, отанды сүю.

"Ең алдымен оқып-үйреніп, кәсіп меңгеріп, соның маманы болуы керек. Мысалы, майталман сантехникті ешкім алмастыра алмайды, шын ғой?" дейді Назарбаев.

Сол кездегі сенат спикері Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төсбелгісін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 ж.
Сол кездегі сенат спикері Дариға Назарбаева (оң жақта) әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа "құрметті сенатор" төсбелгісін тапсырып тұр. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2019 ж.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева 1990 жылдардың ортасына қарай "Хабар" агенттігінің директоры болып бастап, кейін мемлекеттік қызметте тасы өрге домалағандардың бірі. 2019 жылы наурызда әкесі президенттік қызметтен кеткен күннің ертесіне сенат төрайымы болып тағайындалған. Былтыр мамырда ол қызметтен кеткен соң, төменгі палата – мәжілістің биылғы сайлауында әкесі басқаратын Nur Otan партиясынан депутат болып сайланды. Қазір ол – мәжілістің экономикалық реформа және аймақтық даму комитетінің мүшесі.

Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың байлығын Forbes 5,6 миллиард долларға (әрқайсы 2,8 миллиард доллардан) бағалаған.

Кенже қызы Әлия да әкесі президент болып тұрғанда оның хатшысы болып істегенін жақында жарияланған кітабында жазған. Кейін ол мемлекеттік қызметтен кетіп, кәсіби карьерасын бизнес саласында жалғастырған. Ол өнер саласында да бағын сынап, екі кинокартинаға продюсер болған. Бір кинотуындысы үшін әкесінің қолынан мемлекеттік сыйлық та алған.

Ал совет кезінде Мәскеуде шығатын басылымға берген сұхбатында Қазақстан компартиясы басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "ауылдағы қарапайым сантехник болып еңбек етеді" деп сырттай таныстырған інісі Болат Назарбаев қазір Алматы облысындағы ықпалды, ірі кәсіпкердің бірі.

Фильм барысында Назарбаев совет тұсында Қарағандыдағы ереуіл жариялаған кеншілермен кездесуге барып, жаппай тапшылық кезінде күрделі келіссөз жүргізіп, оларды жұмысқа шығуға қалай көндіргенін, Шығыс Қазақстан облысында да наразы жұмысшылармен кездесіп, талабын тыңдап, жағдайды түсіндіргенін айтады. Назарбаев одан бергі өткен уақыт ішінде Қазақстанда өзі мұрындық болған басқа өзгерістерді де айтты. Ол "гольфті алғаш әкелгенін", Павлодар облысына барған бір сапарында 11 жасар өнерлі қыз Мария Мудрякқа арнайы білім алуына көмектесткенін, көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық жасағанын, ел астанасын Ақмолаға көшіргенін, ондағы жаңа ғимараттарға араб елдерінен инвестиция тартқанын, қала маңайын орманға айналдырғанын, жаңадан Түркістан облысын ашқанын, т.с.с. бастамаларын мысалға келтіреді.

Қоғамда елдегі аймақтардың көбінде жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге қаржы жетпей, мемлекеттің жәрдеміне мұқтаж жұрт тығырыққа тіреліп отырғанда, үкіметтің астананы көркейтуге және "биліктің ермегі" іспеттес жекелеген жобаларға қыруар қаржы шашатыны жиі сынға ілігеді. Әдетте ондай сыни пікір мемлекет қаржыландыратын баспасөз құралында емес, кейінгі отыз жылда елде саусақпен санарлық қана қалған тәуелсіз басылымдар мен үкімет "ретке келтіруге" талпынып жатқан әлеуметтік желілерде айтылады.

"ҚОҒАМ БІЛГІСІ КЕЛГЕН ЖАЙТТАРДЫ АЙТПАЙ ОТЫР"

Фильм туралы алдын ала жарияланған анонста "Назарбаев бұрын еш жерде айтпаған сырын айтады" деп хабарланған еді. Назарбаев журналиске ол сыры - омыртқасына жасатқан ауыр операция екенін айтады.

Қазақстандық журналист Гүлжан Ерғалиева Назарбаевтың 2011 жылы ауырып, операция жасатқаны үлкен жаңалық емес деп санайды. Ерғалиева сол кезде кейбір оппозициялық басылымдар бұл жайында жазғанын, бірақ ақпаратты ресми орындардың ешқайсы растамағанын айтады.

Журналист Гүлжан Ерғалиева.
Журналист Гүлжан Ерғалиева.

– Демократия орныққан елде басшының денсаулығы жайлы ақпарат ашық айтылады. Өйткені президенттің денсаулығы оның жеке ісі ғана емес, ол – мемлекеттің қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Егер әлдеқандай жағдай бола қалса мемлекеттің тыныс-тіршілігіне міндетті түрде әсер етеді. Саяси дағдарыс, экономикалық катаклизм болуы мүмкін. Өкінішке қарай Қазақстанда бәрі құпия. Біз президентіміздің ауырып, жүре алмай қалғанын он жылдан кейін ғана біліп отырмыз, – дейді ол.

Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, деректі фильм Назарбаевтың президенттік қызметін қорытындылап, "қала да салған, ереуілге шыққан кеншілерді де тыныштандырған, халыққа бақуатты өмір сыйлаған Назарбаев" деген образ қалыптастыруды көздейді.

– Басқаша болады күткен жоқпын. Фильмдегі жайттың бәрі бұған дейін талай айтылған. Қазір халық басқа мәселеге жауап күтіп отыр. Қазақстан тарихында жауапсыз сұрақ өте көп. Оның бәрін Назарбаев жақсы біледі. Ол кісі өз тағдырының ғана емес, Қазақстан тағдырының да негізгі куәсі. Оппозициямен қарым-қатынасы, белгілі тұлғалардың саяси қазасы, Желтоқсан, Жаңаөзен оқиғасы, Қазақстаннның ең үлкен трагедиясы – жемқорлық мәселесі де Назарбаев басқарған 30 жылда пайда болды. Ол осылар жайлы да айтуы керек еді, – дейді Ерғалиева.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев "фильмде сенсация айтылады" деп алдын ала таратылған анонс арқылы билік Назарбаевқа халық назарын аударып, "Назарбаев әлі де күшінде" дегенді көрсеткісі келді деп топшылайды. Өйткені "қазір халық талап-тілегін іс басындағы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтып жүр. Билік қаласын-қаламасын, Назарбаев тасада қала бастады".

Бейсебаев Назарбаев сайлау сайын "80-90 пайыз дауыс алғанына" шынымен сенеді деп санайды.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

– Таяуда берген сұхбатында Александр Лукашенко (Беларусьтің авторитар билеушісі – ред.) "жай адам президент болмайды, ол үшін президент болып тууы керек деді. Ол Құдай өзін президент болу үшін жаратқан деп сенеді. Бұл – билікте ұзақ отырғандарда біртіндеп пайда болатын дерт, – дейді Бейсебаев.

Оның сөзінше, 1986 жылғы ақпанда өткен Қазақстан компартиясы съезінде "бір адам билікте ұзақ отырмауы керек" деп Дінмұхамед Қонаевты сынаған Назарбаев биліктен кету туралы ойлауы әбден мүмкін. Бірақ оны өзі жасаған саяси жүйе жібермейді дейді сарапшы.

– Кезінде Қазақстан халқы ассамблеясы Назарбаевтың өкілетін өмір бойына ұзарту жөнінде ұсыныс жасағаны рас. Бірақ Қазақстанда билікке бағынышты ұйымдар саяси бастаманы өз бетімен емес, биліктің нұсқауымен ғана айтады, – дейді ол.

"Таң Шолпан" әдеби журналы бас редакторы, жазушы Нұрлыбек Сафин Назарбаев туралы фильм дегеннен гөрі "Назарбаевтың сұхбаты" деген дұрысырақ деп есептейді.

– Сұрақ та, жауап та алдын ала дайындалғанға ұқсайды. Назарбаевты сынаушылар да бар, бірақ оның қызметін түгел жоққа шығаруға болмайды. Соны еркін әңгіме үстінде айтқызуға болар еді, – дейді ол.

Сафин Назарбаевтың "президенттіктен кеткісі келсе де кете алмағаны" жайлы сөзінен "биліктен дер кезінде кету де өнер" екенін байқаған.

– Фильмнен көпті көрген, көп жыл ел басқарған, айтары көп ақсақал көргім келді. Мұндайда өз қателігін айтса да шынайы шығады. Ол үшін жұрт кінәламайды. Құдай оған арылуға мүмкіндік берді. Әрине, кейбір мәселелерді айтқысы келмейтін шығар, айта алмайтын да шығар. Тым болмаса кейінгі ұрпаққа өз қолымен жазып кетер деп үміттенемін, – дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG