Accessibility links

"Дөкейдің жемсауына жұғын болмайтын жоба". Семейде "тез салынады" деген жылу орталығын жұрт күткелі 16 жыл болды


Семейдегі көшелердің біріндегі көрініс. Архивтегі сурет.
Семейдегі көшелердің біріндегі көрініс. Архивтегі сурет.

Биыл жаңадан құрылған Абай облысының әкімшілік орталығы Семей қаласында жылу орталығының жыры таусылмай келе жатқанына 15 жылдан асты. Үкімет оны салуға бірнеше рет оқталып, тіпті жобаға қатысуға ниеті бар инвесторлар да табылған. Бірақ "баяғы жартас – бір жартас" күйінде қалды. Жоба қолға алынған сайын жемқорлық дауы қоса шығып отырды.

ҚАЗАҚСТАНДА "БАЛАМАСЫ ЖОҚ" ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Семейде "Аристон" сөзі үлкен-кішінің бәріне таныс. Қалада италиялық су жылытқыш құрылғының атауын білмейтін адам жоқ. Семейдің 350 мыңға жуық тұрғынының көбі 1997 жылдан бері осындай құрылғыны пайдаланады.

Семейдегі көпқабатты үйдегі пәтерлердің көбінде суды электр қуатымен жылытатын құрылғы пайдаланады.
Семейдегі көпқабатты үйдегі пәтерлердің көбінде суды электр қуатымен жылытатын құрылғы пайдаланады.

2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семейге жиырма жылдан кейін алғаш рет ыстық су берілгенін хабарлап, "су келеді, тоқтаусыз ағып тұрады" деп уәде берген еді. Ал 2022 жылы көктемде қала басшылығы күзге дейін ыстық су болмайтынын хабарлады. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорынның өкілдері наразы тұрғындарға "қырық жылдан бері дұрыс жөндеу көрмеген жылу желісін қайта жаңғырту керек" деп жауап берген.

Желіні жөндеуге жеті миллиард теңге бөлінді. Бұл – алдыңғы жылдары жылу тарату нысандарын жөндеп, оны жетілдіруге бөлінген қыруар қаржының аз бөлігі ғана. Бірақ жылумен қамтамасыз ету нысандарының модернизациясына жұмсалған ондаған миллиард теңгеден қайыр болмай отыр.

Қаланы қақ жарып ағатын Ертіс өзенінің сол жағалауындағы тұтынушыларды жылумен қуаты 24 мегаватт болатын №1 жылу электр орталығы (ЖЭС-1) қамтамасыз етеді (салыстыру үшін айта кетейік: Семеймен халқы шамалас Өскеменде жылу орталығының қуаты – 372 мегаватт). Ал оң жағалауда жылу орталығы жоқ, қаланың халық көп тұратын бөлігіне ондаған қазандық қойылған, оның өзі жұрттың сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Жергілікті билік қаладағы жылу мәселесін шешу үшін ЖЭС-3 салу керек деп есептейді.

Аталған жылу орталығын салуға талпыныс 2006 жылы қазір қуғында жүрген, Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Виктор Храпуновтың тұсында басталған еді.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Семейге барып, жылу электр орталығының құрылысын жеделдетуді тапсырған. Жергілікті биліктің "Қазақстанда мұндай жоба болмаған" деп, жаңа нысанның мақтауын асырғаны да жұрттың есінде. Оңтүстік Кореяның Sungho Group Sungho Construction корпорациясының еншілес компаниясы инвестор болуға ниет білдірді. Құны 530 миллион доллар болатын жобаны жүзеге асыру үшін "Құс жолы – Сунгхо Ко. ЛТД" компаниясы құрылды. Оны 1997 жылға дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарып, кейін кәсіпкерлік саласына кеткен Дүйсембай Дүйсенов басқарған.

2006 жылы бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімшартқа қол қойылып, 60 гектар жер бөлінді. 2010 жылы "Караван" газеті құрылыс фирмалары мен тауар жеткізуші компаниялар табылғанын жазған. Бірақ инвестор жобаға қаржы бөлмеген. Құрылыс жұмыстары жаңа жылу орталығы салынуы тиіс жерді қоршағаннан басқа ештеңе тындырған жоқ. Журналистердің дерегінше, құрылыс компаниясы болашақ нысанның айналасын қоршау үшін банктен несие алған, бірақ оларға атқарған жұмысы үшін ақша төленбеген. Қарызға батқан компания директоры өзіне қол салып, бақилық болды.

"Кұс-Жолы Сервис" құрамына кірген ""Құс-Жолы холдингі" ЖШС өңірлік басқармасы" арнайы қорының директоры Сергей Бондаренко газетке берген сұхбатында "Дүйсенов белсенді жұмыс істеп жатқандай сыңай танытты", ал "Kus Zholy-Sungho Co. Ltd" серіктестігі заң бөлімінің басшысы Еркін Оранхаев "2008 жылы наурызда Дүйсенов кенеттен ізім-ғайым жоғалды" деді.

Бұл кезде Виктор Храпунов облыс әкімі қызметінен кетіп, 2007 жылы оның орнына Жәнібек Кәрібжанов тағайындалды.

Жаңа әкіммен бірге жаңа жылу орталығын салу идеясы да қайта жанданған. Бірақ тендер өткізілгеннен кейін, 2008 жылғы ақпанда облыс әкімдігі 10 миллиард теңгелік лоттың жеңімпазы заңсыз анықталғанын, "облыс прокуратурасының мұндай заңбұзушылықты байқамауы күмәнді көрінетінін" айтқан еді. Байқауда "ИртышГэсСтрой" трест алаңынан бөлініп, жекешелендіру нәтижесінде құрылған "Гидропромстрой" акционерлік қоғамы жеңіске жетті. Облыс әкімдігі компанияның базасы, құрал-жабдығы мен жұмыс күші жоғына назар аударған. Қазір компания құрылтайшыларының бірі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың ұлына тиесілі "Тургусун-1" су электр станциясын басқарады.

Байқау қорытындысының күші жойылып, жылу орталығын салу жобасы тағы да тоқтап қалды. Жәнібек Кәрібжанов та әкім қызметінде ұзақ отырған жоқ, наурызда облыс прокуратурасы оған қарсы айыптар таға бастаған. Жергілікті журналистер прокурордың артында жаңа жылу орталығын салуға арналған 10 миллиард теңгені жымқырудан қағылғанына іші күйіп, Кәрібжановқа тіс қайрап жүрген адамдар тұр деп топшылаған. Мамырда Кәрібжанов облыс әкімі қызметін босап, мәжілістің вице-спикері болды, бірнеше жылдан кейін Қырғызстанға кетті. Ал Кәрібжановқа қарсы тергеу жүргізген прокурор сол жылы бас прокуратура аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Облысты 2009-2014 жылдары басқарған Бердібек Сапарбаевтың тұсында "ЖЭС-3" салу керек деген мәлімдемелер жалғасты, тіпті "Самрұқ-Энерго" ұлттық компаниясы құрылыстың техника-экономикалық негіздемесін дайындап жатыр деп хабарланған. Бұл жобаға да біраз ақша бөлініп, алдыңғыдан басқа жер берілген, бірақ жылу орталығының құрылысы сол күйі басталмады.

Сапарбаевтан кейін Шығыс Қазақстан облысына Даниал Ахметов әкім болып тағайындалды. Ол инвестициялық компания өкілін "алаяқтық жасады" деп айыптап, нысан құрылысын аяғына жеткізе алмаған. Инвестициялық компания өкілі "мәселенің төркіні – басқада" дейді.

"ТЕЗ АРАДА САЛЫНАДЫ"

2015 жылға дейін жылу электр орталығын "Самрұқ-Энерго" ұлттық компаниясы салмақ болған еді. Бірақ кейінірек "экономикалық дағдарысқа" байланысты жобадан бас тартатынын мәлімдеді. Компанияның басқарма төрағасы жобаны жүзеге асыру міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктелгенін, әкімдік инвестор табуы керегін айтқан.

Семейдегі орталық көшелердің бірі. 12 сәуір 2022 жыл.
Семейдегі орталық көшелердің бірі. 12 сәуір 2022 жыл.

Жергілікті билік жан-жақтан инвестор іздегенге ұқсайды.

2015 жылы Даниал Ахметов пен шыңжаңдық "Хайюань" компаниясы ЖЭС-3 салу туралы келісімге келді деген ақпарат тараған. Қытай компаниясы дәл сол жылы Жезқазғанда жылу электр станциясын салуға келісіп, бірақ өз міндетін орындамаған.

Қытайлық инвестормен қатар түріктің Unit компаниясымен (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімовтің осы компаниямен байланысы болған) де келіссөз жүргізілген. Түрік компаниясы өкілінің айтуынша, келіссөз жергілікті әкімдіктің өтінішімен басталған. 2016 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және жылу электр орталығы жобасы үшін құрылған Unit Energy Investment ЖШС Семей әкімінің 140 гектар жер бөлу туралы хатына сүйеніп, инвестиция келісіміне қол қойған.

Unit Energy Investment өкілі Олжас Есенғарин облыс әкімі Даниал Ахметовтың жоба үшін құрылған ЖШС-ға өзіне жақын Иемберген Қуантаев деген кісіні қосуды сұрағанын айтады. Қуантаев компания құрылтайшылары қатарына кірген. Бірақ кейін инвестордың әкімнің талабына қатысты сұрағы көбейген. Ақпарат құралдарына осы кикілжің жайлы берген сұхбатында Қажымқан Мәсімов Даниал Ахметовтың талабымен құрылтайшылар құрамы ауысып отырғанын растаған​.

– Инвестор "Ақша қайтарылмайды, мен жылу электр орталығын салып, тұтынушы есебінен ақшамды қайтаруым керек, бөтен адамдарды үлеске қосып қайтемін?" деді. Ахметовтың талабымен қосылған адамды құрылтайшылар қатарынан шығаруды сұрады. Ахметов "олай болса америкалық шотқа жоба құнының 30 пайызына тең ақша аударасың” деген шарт қойды. 30 пайыз деген – 405 миллион доллар, ол кезде ЖЭС-3 құрылысы 1,3 миллиард долларға бағаланған еді. Инвестор бас тартты. Ахметов "жер бермеймін" деді. Біз сотқа жүгіндік, Ахметов "арыздарыңды қайтарып алыңдар, жер береміз" деді. Арызымызды қайтарып алған соң, "ол келісімшарт алдап, қорқыту жолымен жасалған" деп, бізге қарсы арыз түсірді. Әр сот сайын жаңа айыптаулар шығып отырды, – дейді Олжас Есенғарин.

Құрылысқа бөлінген жердің археологиялық құндылығы жоғары, құжат дұрыс рәсімделмеген, инвестордың шотында жеткілікті қаржы жоқ деген әртүрлі сылтау айтылған.

Басында Даниал Ахметов сотта жеңілді. Бірақ жоғарғы сотқа дейін жетіп, ол жақтан істі кейін қайтарған. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов арыз бергеннен кейін келісімшарттың күші жойылды.

Инвестормен жасалған мектеп-интернат және бес балабақша салу туралы келісімшарт та бұзылған.

– Инвесторға "Бұл – Абайдың жері" дегенде, бірден қызығушылық танытты. Жылу орталығын салуға келісті, бірақ одан бөлек 1500 орындық интернат салып, оған Абайдың есімін беруге ниет білдірді. Олар Қазақстанда жұмыс істегісі келді. Олардың Көкшетау, Семей мен Алматының бірін таңдау мүмкіндігі болды. Инвестор Абайдың жері болғаны үшін Семейді таңдады. Бұл инвесторлар 1978 жылдан бері әлемнің 11 елінде энергетика саласында жұмыс істеген, – дейді Есенғарин.

Даниал Ахметов бұл жағдай туралы ештеңе демей, жылу электр орталығын салатын басқа инвестор – Қытайдың "Хайюань" компаниясы барын айтқан.

2017 жылы облыс әкімі "Семейде үлкен жылу электр станциясын салу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бір жылдан кейін жоба аяқталған кезде нәтижесін айтамын. ЖЭС тез арада салынады" деген.

2021 жылы Семейдің сол кездегі әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі ақпарат құралдарына "сенімді инвестор" іздеу жалғасып жатқанын айтқан.

Шетелдік инвесторлармен жұмыс жүрмей, бірнеше әкім, тіпті жылу электр орталығын салуға тапсырма берген президент те ауысқан. Бірақ жаңадан құрылған Абай облысының әкімшілік орталығы болатын Семейдің жылу мәселесі әлі шешілген жоқ. "Теплокоммунэнерго" компаниясының бұрынғы жұмысшысы қаланы жылумен қамту жүйесінде кемшілік көп дейді.

"БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН СҮЛІКШЕ СОРАТЫН ЖОБА"

2011 жылы алтыншы дәрежелі электрик Қанат Омарбеков "Теплокоммунэнерго" компаниясына жұмысқа тұрған, жақында ғана зейнетке шыққан. Ол жыл сайын жылумен қамту желілерін модернизациялауға бөлінетін миллиардтаған ақша желге ұшып жатқанын айтады.

– Су жылытатын қазандықта істедім. Бүкіл жылу электр орталығы суды содан алады. Ол жерде ешқандай қорғаныс жүйесі жоқ. Миллиондаған ақша тұратын қуатты қозғалтқыш жанып кетті. Қорғаныс жүйесі жұмыс істесе, қозғалтқыш істен шықпас еді. Сорғы істемей қалып, соның кесірінен қозғалтқыш жанып кетті. Үш деңгейлі қорғаныс жүйесі жұмыс істеуі керек еді, біреуі де қосылған жоқ, – дейді ол.

Қанат Омарбеков жылдар бойы басшылыққа, әкімдікке, экология департаментіне шағынып, министрлікке дейін барғанымен, жұмыстағы жағдайды өзгерте алмаған.

– Баяндама жазып, дәлелдер келтірдім. Олар "Біз – әкімдікке, яғни тапсырыс берушіге тікелей бағынатын мемлекеттік кәсіпорынбыз" деді. Әкімдіктегілер маман емес қой. Билік өкілдері нысанның техникалық жобаға сай болуын тексеруі керек еді. Басқару құралдарын бәрін алған, бірақ іске қоспаған. Бәрі адамның қатысынсыз жұмыс істеуі керек еді. Өз қалтамнан ақша шығарып, астанадағы энергетика министріне де бардым. Олар облыс әкімдігіне қайтарады. Министрлік кемшіліктерді түзетуді тапсырады, бәрі сонымен аяқталады, – дейді ол.

Бұрынғы жұмысшы қымбат құрылғыны ешкім жөндегісі келмейтінін, көмір сапасыз екенін, шаң-тозаңды ұстайтын сүзгі жоғын, соның кесірінен қоршаған ортаға зиянды қалдықтар бөлінетінін айтып, біраз мәселе көтерді. Әзірше, ЖЭС-3 cалынғанша, қолданыстағы жылу желілерін жеңіл-желпі жөндеудің өзіне қыруар қаржы бөлініп келеді.

Жөндеу жұмыстары аяқталмаған жылу желісі. Семей, 2 қазан 2021 жыл.
Жөндеу жұмыстары аяқталмаған жылу желісі. Семей, 2 қазан 2021 жыл.

– Былтыр 300 миллион бөлінді, жоғары вольтты сым тартылды. Биыл турбина мүлде жұмыс істеген жоқ. Сонда ақшаның бәрі қайда кетті? Бұл бюджет қаржысын сүлікше соратын, әкімдіктегі дөкейлердің жемсауына кететін жоба, – дейді Қанат Омарбеков.

Азаттық Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіне хат жолдап, 2000-жылдары уәде етілген жылу электр орталығы әлі күнге неге салынбағанын анықтауға тырысты. Редакция ЖЭС құрылысы қай уақытқа жоспарланып отырғанын, әкімнің бұрынғы инвестордың жұмысына араласқаны жайлы ақпаратқа түсініктеме беруді сұрады. Мақала жарияланғанға дейін әкімдіктен ешқандай жауап келген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG