Accessibility links

Бейнетке толы күрес. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын семейлік белсенді


Семейлік Айгүл Қасенова мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын белсенді ретінде танымал.
Семейлік Айгүл Қасенова мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын белсенді ретінде танымал.

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының тұрғыны Айгүл Қасенова ауыр диагнозына қарамастан, мүгедек азаматтардың құқығын қорғаумен айналысып жүр. Кейінгі бес жылда ол жүз шақты адамның өмірін жеңілдетуге үлес қосқан.

Үйінің алдындағы кішкене қақпаны ашқан Айгүл Қасенованың бір қолында салмақты папка бар екен. Бұл – шенеуніктермен хат-хабар алмасудан жиналған көп құжаттың шағын бөлігі. Айгүл бар уақытын осы жұмысқа арнайтынын айтады.

– Туыстарым таңғалады. Қызыма не ата-анама көңіл бөлуге уақытым жоқ. Күні бойы қалалық не мобильді телефон қолымнан түспейді. Бәрін тегін істеймін, ешқандай ақы алмаймын, бар уақытымды осыған арнаймын. Бір іс бастасам, соңына дейін жеткізуім керек. Бұл – зор жауапкершілік. Мойныма алған соң, бітіру керек, – дейді ол.

"ӘДІЛЕТСІЗДІК КӨП"

Айгүл Қасенова 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында дүниеге келген. Туғанынан денсаулығында ақау болған. 2011 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) тұрып жатқан кезде екі бүйрегі істемей, пиелонефрит деген диагноз қойылған.

– Жұмыстан шығуыма тура келді: ол кезде мүгедек адамға жұмыс істеуге мүмкіндік берілмейтін, оның орнына бірден еңбекке мүлде жарамсыз деген анықтама табыстайтын, – дейді ол.

Айгүл Қасенова түрлі мекемелерге жазған хаттарына келген жауаптарды көрсетіп тұр.
Айгүл Қасенова түрлі мекемелерге жазған хаттарына келген жауаптарды көрсетіп тұр.

Айгүлге бірінші топ мүгедегі деген құжат беріп, жеке көмекші бөлген. Ол мұқтаж жандардың құқығын қорғаумен 2015 жылы Семейге көшкеннен кейін айналыса бастаған. Жаңа қаладағы жергілікті билік мүгедектерге жеке көмекші берілмейтінін айтқан.

– Жергілікті атқарушы орган жеке көмекші беруден бас тартып, бірнеше мүгедек жанды бір ғана көмекші алып жүретін топқа қосуды ұсынды. Бас прокуратураға хат жазып жүріп, жергілікті биліктің қарсылығына қарамастан, туысымды күніне сегіз сағат қызмет көрсететін көмекші етіп алдым. "Жеке" сөзіне қарап-ақ бұл тіркестің мағынасын түсінуге болады. Бұл 2015 жыл болатын. 2016 жылғы қаңтардан бастап Семейде мүгедек азаматтарға жеке көмекші беріле бастады, – дейді Айгүл.

Содан бері Айгүл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғауды қолға алып, "бейнеті мол" күрес жолына түскен. Осы уақыт ішінде белсендінің министрлікке барып, қала әкімдігі ғимаратының алдына шығып, билікке талап қойған кездері де болған.

– Кей адамдар жүре алмай, төсек тартып жатқанына қарамастан, олардың қай топтағы мүгедек екені дұрыс көрсетілмеген. Жеке көмекші берілмейді. Қазір бір әжейге жөргек бермей жатыр. Ол орнынан тұра алмайды, ал билік өкілдері "дәлел жоқ" дейді, қашанда айтатын сылтауы осындай. Әділетсіздік көп. Әр мүгедектің мұң-зары бар. Мемлекет мәселені өздігімен шешуге қабілетсіз сияқты. Бәрін кешенді түрде шешуге құлық танытпайды, сондықтан жеке-жеке шешкенді жөн көреді, – дейді ол.

ӘКІМДІК ПЕН ҮКІМЕТКЕ БАРУ

Белсенді бес жылда едәуір өзгеріске қол жеткізгенін, бірақ оның бәрі оңғай түспегенін, әсіресе бас кезінде қатты қиналғанын еске алды.

– Бұрын ашуланып, жылап алатынмын. Қазір ешқандай реакция білдірмеймін, сірә, уақыт өте келе иммунитет қалыптасқан сияқты. Етің үйреніп кетеді. Өтінішім қанағаттандырылмаса, одан жоғары тұрған инстанцияға хат жазсам деген құлшыныс пайда болады. Талабым заңды екенін білемін.

2019 жылы Айгүл Қасенова мүмкіндігі шектеулі жергілікті тұрғындармен бірге күш біріктіріп, жеке көмекшілерге тиесілі тоғыз миллион теңгеге жуық қаржыны оларға қайтартқызуға көмектескен. Ал оған дейін билік орындары бірнеше жыл бойы жеке көмекшілердің жалақысынан 10 пайыз жеке табыс салығын ұстап келген.

– Олар 2016-2019 жылдар аралығында әр көмекшіден 10 пайыз жеке табыс салығын алып отырған. Қалада мыңнан астам жеке көмекші бар. Олардың бәрі бірдей ақшасын қайтара алмады, тек диализдегі науқастарға ғана берді. Қанша ақша ұстап қалғанын білмеймін, бірақ бар болғаны тоғыз миллион теңге ғана қайтарды. Менің есебім бойынша, 30 миллион теңгеден астам ақша болуы керек еді. Ешкімді жазалаған жоқ. Тапсырыс берген әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту бөлімі де, оны орындаушы үкіметтік емес ұйым да жазасыз қалды, – дейді Айгүл Қасенова.

Мүгедек жандар, әсіресе, бірінші топтағы азаматтар жеке көмекшісіне лайықты жалақы беру мәселесін көтеріп, күресіп келеді. Өйткені жеке көмекшіге қосымша жұмыс істеуге болмайды. Көбіне бұл қызметті мүгедек азаматтардың жақын туыстары атқарады.

2020 жылғы шілдеде Айгүл мен басқа белсенділер тобы Семей әкімдігінің алдына жиналып, жеке көмекшілердің бөлім қызметкерлері есепке алмаған жұмыс сағатына ақы төлеуді талап еткен (кейінірек жұмыспен қамту бөлімі бұл шараны митинг деп атаған).

Оған дейін белсенді жеке көмекшілердің жұмыс есебін толтыру тәртібіне өзгеріс енгізген. Бұрын жеке көмекшілер мүгедек азаматты дәрігерге немесе тіпті шаштаразға апарса да, бәрін есеп қағазына тіркеп отыратын. Қасенова бұл есеп мүгедек азаматтарды жеке өмірін құпия сақтау құқығынан айыратынын дәлелдеп шыққан. Содан бері жеке көмекшілер әр басқан қадамын есепке қосып отыру міндетінен құтылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келген мүмкіндігі шектеулі азаматтар шенеуніктерге мұң-мұқтажын айтып тұр. Нұр-Сұлтан, 12 қазан 2020 жыл.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне келген мүмкіндігі шектеулі азаматтар шенеуніктерге мұң-мұқтажын айтып тұр. Нұр-Сұлтан, 12 қазан 2020 жыл.

Қазанда Айгүл Қасенова басқа өңірдегі белсенділермен бірге денсаулық сақтау министрлігіндегі шенеуніктермен кездесу үшін астанаға барған. Бірақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар сол күйі министрлікке кіре алмаған.

– Бізді коронавирусқа тест тапсырмағансыңдар деп ішке кіргізбеді. Алдын-ала ешкім [ПТР тест] тапсыру керек деп ескерткен жоқ. "Келіңіздер, сіздерді қабылдаймыз" деді. Ішке кіргізуді өтініп тұрғанымызда бір белсенді есінен танып қалды. Жедел жәрдем шақырып жүріп, әзер дегенде есін жиғызып алдық. Онлайн кездесу де өткізген жоқ. Күн суық кезде бір сағат бойы далада тұрдық.

Бірақ бұл жағдай да Айгүлдің сағын сындыра алмаған. Құқық қорғау жолындағы күресінен бас тартпаған белсенді қазір Семейдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне жағдай жасауға тырысып жүр. Қазір қалада зағип жандар ғана қоғамдық көлікпен жүргенде жеңілдік пайдалана алады. Белсендінің айтуынша, мүгедектерге арналған такси қызметін пайдалану ыңғайсыз: өйткені көлікке тапсырыс сағат 9:00-9:30 аралығында ғана қабылданады және қаладағы төрт таксидің екеуі ғана жұмыс істейді.

Жергілікті мәслихат депутаттарының шешіміне сай, 2021 жылы Семей қаласында қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге 304 миллион теңге субсидия бөлу жоспарланған. Депутаттар дайындаған "қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін азаматтар тізіміне" зағип жандардан басқа мүгедек адамдар кірмеген. 22 қаңтарда белсенді пікірлес азаматтармен бірге журналистерді шақырып, жағдайды баяндаған. Айгүлдің айтуынша, бірнеше күннен кейін оған Семейдің жаңа әкімі Нұрымбет Сақтағанов хабарласып, "бұл мәселе екі аптаның ішінде шешіледі" деп уәде беріпті.

"БІЗДІ ЕШКІМ ЕСКЕРМЕЙДІ"

Айгүлдің айтуынша, жалғыз жәрдемақыға қарап отырған мүгедектердің материалдық жағдайы өте қиын. Оларға қай топтағы мүгедек екеніне байланысты 35,6 - 65,8 мың теңге аралығында (83-154 доллар) жәрдемақы беріледі. 2020 жылдың соңына қарай сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "бюджеттегі қиындықтарға" байланысты мемлекеттік төлемдер ұлғайтылмайтынын айтқан.

– Мемлекеттен берілетін материалдық көмек жетпейді. Не мереке күні, не басқа кезде бізді ешкім ескермейді. Ешқандай материалдық көмек көрсетілмейді, тіпті бір келі макарон да бермейді. Жаңа жылда бір рет 10 мың теңге аударды. Мүгедектер күні де елеп-ескермейді, – дейді Айгүл Қасенова.

Белсенді мүгедектердің бір реттік жәрдемақыға да өтініш бере алмайтынын айтады. Мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы табыс деп есептелетіндіктен, мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттен қосымша қаржылай көмек ала алмайды.

Олар "бұл жәрдемақы дәрі-дәрмек пен медициналық шараларға бөлінеді ғой" деп, қосымша қаржылай көмек қарастырылмағанына наразы.

2018 жылы парламент депутаттары мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақыны табыс ретінде есептемеу мәселесін көтерген. Сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бұл мәселені қарап көруге уәде берген. Бірақ содан бері екі жыл уақыт өтсе де ештеңе өзгерген жоқ.

Айгүл Қасенова мүгедек азаматтарға жалақысы жоғары жұмыс табылса деп армандайды. Олардың кез келген саланы меңгеруге дайын екенін айтады.

– Аптасына үш рет гемодиализге барамын. Біздің сырқатымызбен жұмыс табу қиын, өйткені айына 15 күн жұмыста болмаймыз, – дейді белсенді.

Бұл мәселені шешуге бүйрек трансплантациясы көмектесе алады. Тоқсан сайын науқастарды сараптамадан өткізіп, кезекке қояды. Бірақ Айгүлдің айтуынша, кезектегілердің тізімін ешкім көрмеген.

– Бұл жеті құлыптың астындағы құпия ақпарат. Ол туралы бұрын жазғанмын. Біртанов [бұрынғы денсаулық сақтау министрі], Ақтаева [бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі] – бәрі мені Facebook желісінде қара тізімге енгізіп қойған. Ешкім ондай ақпарат бергісі келмейді. Ешқандай жауап болмады. Тіпті қабылдауға да жазғылары келмейді. Бұдан түк пайда жоқ, – дейді белсенді.

Қазақстанда 705,5 мың мүгедек адам тіркелген. Олардың көбі күнкөріске жетпейтін азын-аулақ жәрдемақыға өмір сүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG