Accessibility links

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне алты ай болды. Алда не күтіп тұр?


Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанына алты ай болды. Енді алдағы айларда мына сұрақтарға жауап іздеп көру керек: Батыстың Украинаны қолдауы бәсеңдеп жатыр ма? Путин мен Зеленский саяси проблемаға тап болды ма? Ресей энергия көздерін тоқтатып, Еуропа жылусыз қала ма? Батыс қару беруді арттыра ма? Кім жеңіп, кім жеңіледі?

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң әлем бейбіт өмір сүріп жатқан еді. Бірақ биыл 24 ақпанда Украина үшін ғана емес, Ресей үшін де, Еуропа үшін де көп нәрсе күрт өзгерді.

Жұрттың көбі Ресей басқыншылық жасайды деп ойлаған жоқ. 2014 жылдан бері Украинаның шығысында жүріп жатқан әлсіз соғыс ушыға түсті.

Ресей басқыншылық бастаған алты айдан соң екі жақ та түгесіле бастады. Әскери сарапшылардың бірі Лоуренс Фридман қазіргі жағдайды "рингте бір-бірімен соққы алмасқанымен, нокаут жасай алмай жатқан масаң боксшылардың" әрекетіне теңеді.

Алдағы уақытта екі жақтың бірі нокаут жасай ала ма? Бұл "бокс" өтіп жатқан рингте және одан тыс не болып жатқанына байланысты.

"Екі жақ та әскери және экономикалық тұрғыда сарқылып жатқанда, алдағы алты айда соғыс басқа кезеңге өтетін болар. Ымыраға келу туралы әңгіме жиілейді" дейді Берлиндегі Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының экономикалық санкциялар және стратегиялар жөніндегі ғылыми қызметкері Мария Шагина.

Алдағы кездері ескерілуі керек бес мәселе бар. Соларға жеке тоқталайық.

ЭКОНОМИКА

17 тамызда Ресей экономика министрлігінің болжамы жарияланды. Онда елдің жалпы ішкі өнімі жыл аяғына дейін 4,2 пайыз азаятыны, инфляция 13,4 пайызға жететіні жазылған. Бұл Халықаралық валюта қоры мен басқа да ұйымдардың болжамына қарағанда жақсы. Олар Ресей экономикасы қатты құлдырайды деп болжаған еді.

Бірақ солай да болуы мүмкін.

Ресейде жұмысын тоқтатқан McDonald's ресторан желісі негізінде жаңадан ашылған "Вкусно и точка" дәмханасында қызмет көрсетіп жүрген даяшы. Мәскеу, 12 маусым 2022 жыл.
Ресейде жұмысын тоқтатқан McDonald's ресторан желісі негізінде жаңадан ашылған "Вкусно и точка" дәмханасында қызмет көрсетіп жүрген даяшы. Мәскеу, 12 маусым 2022 жыл.

24 ақпанда басталған басқыншылықтан соң Ресей орталық банкінің Батыс санкцияларының салдарын жақсарту үшін жылдам және тиімді шаралар қабылдайтыны айтылып жүр. Бірақ сарапшылардың көбі санкциялар экономикаға әлі толықтай әсер ете қойған жоқ дейді. Алдағы айларда санкция салдары толық байқала бастаса, елде тауар жеткізуде қиындықтар туады. Несие нарығы тоқырап, шетел нарығы жабылады. Импорт тоқтайды, жұмыссыздық өршіп, тұтыну тауарлары тапшы болады.

"Бұл шаралардың масштабы мен маңызы әртүрлі. Олардың Ресей мен басқа елдердің экономикасына ықпалы енді-енді шығып жатыр" деп жазды экономист, Вашингтондағы Петерсон халықаралық экономика институтының бас ғылыми қызметкері Чад Браун блогында.

"Жұрттың қолы жететін тұтыну тауарлары мен азық-түліктің сапасы мен саны төмендейді. Инфляцияның жалақыға кері әсері одан бетер білінеді. Елдегі зауыттар тоқтайды. Жұмысшыларды не жұмыстан шығарады, не ақысыз демалысқа жібереді" деді саясаттанушы, Лос-Анджелестегі Калифорния университетінің Ресей саясаты жөніндегі сарапшысы Дэниел Трейсман.

"Мұның наразылық тудыратыны сөзсіз. Бұл соғыс нашар жүріп жатыр деген ой туғызуы мүмкін" дейді ол.

Украина экономикасының жағдайы да одан сайын ауырлай түседі. Ресей шабуылынан жапа шеккен Украинаның жалпы ішкі өнімі екі есе төмендейді дейді Дүниежүзілік банк. Бұл жалғасып жатқан әскери әрекеттерді қиындата түседі деген болжам айтылып отыр. Ресей Украинадағы теңіз жолын жауып, порттарды бақылауға алған еді. Содан бері елдің ауыл шаруашылығы өнімдері жуырда ғана қайтадан экспортқа шығарыла бастады.

Мамырда мемлекет бюджетінің дефициті 4 млрд доллар болса, маусымда 6 млрд долларға жетті.

Донор болып отырған Батыс елдері мен көпжақты қаржы институттары Украина бюджетін қолдау үшін миллиардтаған доллар бөлетінін мәлімдеді. Бірақ Германияда орналасқан Киль әлем экономикасы институты уәде етілген қаражаттың тек белгілі бір бөлігі ғана берілді дейді.

Киевтің төлем жасай алу және соғысты қаржыландыра отырып қызметін жалғастыру қабілеті Батыс елдерінің қаржы беруге қаншалық дайын екеніне байланысты.

Мамырда Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль соғыстан кейін елді толықтай қалпына келтіруге шамамен 750 млрд доллар кететінін айтқан еді.

Бұл соғыстың мәңгі жалғаспайтынын білдіретіндей.

ҚЫЛЫШЫН СҮЙРЕТІП ҚЫС КЕЛЕДІ

Өткен аптада Ресейдің "Газпром" мемлекеттік компаниясы "Солтүстік ағын" құбырына газ жіберуді үш күнге тоқтататынын хабарлады. Бұл ақпарат Еуропа елдерін алаңдатып қойды.

Олар мұны "қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары үшін" қабылданған шара деді. Осыған дейін құбыр жұмысы он күнге тоқтатылып, бұл Еуропа елдерінің қысқа қамданып, өзіндегі қорды толтыру шарасын бәсеңдеткен еді. Бұл "Кремль расымен Еуропаға газ жеткізетін негізгі ел болғанын пайдаланып, оны Украинаны қолдап, Ресейге санкция салғаны үшін жазаламақ па?" деген күмәнді күшейтті.

Алдағы қыста Еуропаның бірнеше елі қиындыққа тап болуы мүмкін. Германия энергия тұтынуды азайтуға барынша тырысып жатыр. Билік қоғамдық орындардан термостаттарды, бассейндер мен спорт залдардан ыстық суды сөндіруді сұрап, атом электр станцияларын қайта іске қосуды қарастырып жатыр.

Еуроодақтың атқарушы органы одаққа мүше елдерді Ресейдің газ беруді толықтай тоқтатып тастауына дайын болуға шақырды.
Еуроодақтың атқарушы органы одаққа мүше елдерді Ресейдің газ беруді толықтай тоқтатып тастауына дайын болуға шақырды.

Германия экономика министрі Роберт Хабектің "Келер қыс ауыр болады" деген сөзін келтірді Bloomberg агенттігі. Хабек канцлер Олаф Щольцпен бірге Канадаға барған еді. "Біз [Ресей президенті Владимир] Путин газ жіберуді азайта береді деп күтуіміз керек" деді ол.

Еуропа одағының атқарушы органы одаққа мүше елдерді Ресейдің газ беруді толықтай тоқтатып тастауына дайын болуға шақырды.

Бірақ кей сарапшылар Ресей де газ сату және экспорт мәселесінде Еуропаға тәуелді дейді. Ал өз кезегінде бұл Кремльдің соғысты қаржыландыруы үшін де, экономиканың қирап қалуына жол бермеу үшін де керек.

Сондықтан "Газпром" газды толық өшіруге бұйрық беруге келгенде тартыншақтауы мүмкін.

"Кремль энергия ағынын, әсіресе, газды қолдану мүмкіндігінің аз екенін біледі" деді Шагина. "Газпромның" Еуропаға газ жіберуді азайтатынын жоққа шығаруға болмайды, бірақ ондағы стратегия газ беруді аз уақытқа тоқтатып, Еуропа елдерінің шамына тию болуы әбден мүмкін".

САЯСАТ

24 ақпанға дейін [Украина президенті] Владимир Зеленскийдің рейтингі төмендеп бара жатқан. Ол 2019 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен еді. Украиндар оның жемқорлықты жойып, Украинаның шығысында 2014 жылдан бері жалғасып жатқан жанжалды тоқтата алатынына күмәнмен қараған.

Ресей басқыншылығынан соң халық арасында оның беделі күрт өсті. Мамырда жүргізілген сауалнама украиндардың 90 пайызы Зеленскийдің басшылығын жақсы бағалайтынын, 85 пайызы оған сенетінін көрсетті. (Бірақ оның "Слуга народа" партиясын қолдау төмен болды).

"Бұл оның саясатына, ерлігіне, Украина үшін Батыс қолдауын, әсіресе, қару-жарағын алуға негізделген нағыз қолдау" деді Ресейдегі Украина форумының және Лондондағы Еуропа бағдарламаларының менеджері Орисия Луцевич. "Зеленскийдің сөздері мен іс-әрекеті украиндардың Ресейді жеңу туралы ойына сәйкес келеді".

Ресей басқыншылығынан соң Украина халқының арасында президент Владимир Зеленский беделі күрт өсті.
Ресей басқыншылығынан соң Украина халқының арасында президент Владимир Зеленский беделі күрт өсті.

Дегенмен, соғыс жалғаса берсе, қыс түссе, украиндардың шыдамы таусылуы мүмкін дейді ол.

"Украина дауыл кезінде батып кетпес үшін жөндеуді қажет ететін кемеге ұқсайды" деді ол. "Осы қыс мезгілі көп отбасы үшін қиын болады. Бұл саяси қысым туғызуы мүмкін. Бірақ соғыс белсенді жүріп жатқан шақта, басты саяси ойыншылар негізінен әскери шараларға басымдық береді және Зеленскийге төтесінен қарсы шықпайды. Қоғам сыртқы жауға қарсы жұмылған".

Ал Путиннің жағдайы ондай емес.

Басқыншылыққа дейін Кремль Ресейдегі азаматтық қоғамды, тәуелсіз басылымдарды, саяси көзқарасы өзгеше адамдарды басып-жаншып келді. 24 ақпаннан кейін Ресейдің тоталитарлық авторитаризмге өтуі тездеді. Билік Украинадағы соғысқа күмән келтірген немесе сынаған адамдарды түрмеге отырғызатын болды.

Дегенмен, Кремль де қоғам пікіріне мән береді. Алдағы апталарда Ресейдің бірнеше ауданында губернатор сайлауы өтеді. Президент әкімшілігі өзі таңдаған кандидаттардың қоғам наразылығына көп ұшырамай, жеңіске жетуі үшін қолынан келгенін істеп жатыр.

"Десе де, Кремль кез келген наразылыққа қатты жауап қатады" деді Трейсман. "Бірақ экономика тұрғысынан алғанда, олар ресейліктердің көбі наразы екенін сезеді. Экономикалық қиындықтарға наразы адамдар азапталуы мүмкін. Сондықтан жағдай қиындай түседі".

"Аз уақыт ішінде бұл Кремль үшін саяси қауіпке айналады дей алмаймын. Бірақ солай болатынын жоққа шығармаймын" дейді ол. "Кез келген жағдайда экономикадағы, қоғам пікіріндегі, бәлкім, Ресейдің әскери жағдайындағы тенденцияларды басқару шеберлік пен сақтықты қажет етеді. Бұл оңайға түспейді".

СОҒЫС ТИТЫҚТАТҚАН БАТЫС

Германияда Шольцтың рейтингі төмендеп кетті. Ол билікке былтыр желтоқсанда келген еді.

Ұлыбританияда биліктегі партия Борис Джонсонның орнына адам іздеп жатыр. Премьер-министр қызметінен кеткен ол Ресей газды тоқтатуы ықтимал болғандықтан, үй жылытуға газ жетіспеуі мүмкін екенін ескерткен еді.

АҚШ біршама жыл Украинаға қару жеткізіп келді. Басқыншылықтан соң бұл көрсеткіш күрт артты. 24 ақпаннан бері АҚШ 9 млрд доллардың қару-жарағын жеткізген дейді әкімшілік.

Бірақ президент Джо Байденнің рейтингі түсіп кетті. Бұған америкалықтардың жоғары инфляцияға, жанармайдың қымбаттауына, коронавирус шектеулеріне байланысты наразылығы әсер етті. Қарашадағы сайлауда Республикалық партия басым түсуі мүмкін.

Германияда канцлер Ольф Шольцтың рейтингі төмендеп кетті. Ол билікке былтыр желтоқсанда келген.
Германияда канцлер Ольф Шольцтың рейтингі төмендеп кетті. Ол билікке былтыр желтоқсанда келген.

Соғыс ұзаққа созылған сайын Батыстың Украинаны қолдауы бәсеңдей береді дейді сарапшылар. Қыста Еуропада электр энергиясына, АҚШ-та бензин бағасына байланысты қиындықтар туса, бұл екі еселенуі мүмкін.

"Биылғы қыс Еуропаның жігеріне сынақ болып, Украинадан қаншалық шаршағанын көрсетеді" деді Шагина. "Экономикалық проблемалар көбейген сайын Ресей дау туғызып, Украинаға әскери және экономикалық көмек көрсетуді [азайтуға тырысады]".

Мамырда Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропа кеңесі жүргізген сауалнамаға сегіз мың еуропалық қатысты. Зерттеу нәтижесі олардың көбі Украинаны және Ресейге санкция салуды қолдайтынын байқатты. Бірақ ұзақмерзімді мақсатқа келгенде пікір екіге жарылды. Сауалнама көрсеткендей, респонденттердің 35 пайызы соғыстың тезірек аяқталғанын, 22 пайызы Ресейдің жазаға тартылғанын қалайды.

Швеция, Германия, Польша мен Финляндияда әскери шығындарды арттыруды қолдайтындар көп болып шықты.

Бірақ бұл үш ай бұрын болған жағдай еді.

Америкалықтарға келсек, 18 тамызда Чикаго кеңесі жариялаған сауалнама респонденттердің 80 пайызы АҚШ-тың Ресейге экономикалық және дипломатиялық санкциялар салғанын қолдайтынын көрсетті. 72 пайызы Украинаға қару-жарақ пен техниканы көптеп беру керек десе, 71 пайызы Украинаға экономикалық көмек көрсетуді қолдаған.

Қарашада Республикалық партия жеңіске жетсе де, Украинаны қолдау жалғаса беретін сыңайлы.

ЖЕҢІСІ ЖОҚ БЕЙБІТШІЛІК

Алдағы уақыттарда ең қиын және ең маңызды мәселе "Кім жеңеді?" деген сұрақ болмақ.

Кейінгі апталарда майдан алаңында өзгеріс аз. Донбасстың шығысында Ресей күштері Луганск облысын толықтай бақылауға алып, Донецк облысының бірнеше ауданына, оның ішінде Бахмут қаласына соққы жасады. Бірақ негізінен Украина қорғанысты ұстап тұр.

Украинаның Херсон аймағында Ресейге қарсы шабуыл жасайтыны айтылып жүргендіктен, Ресей батальондарының біршама бөлігін оңтүстік-батысқа жіберіп жатыр.

Херсонда АҚШ жіберген қару-жарақпен қаруланған Украина күштері көпірлерді, оқ-дәрі қоймалары мен басқа да негізгі нысандарды қиратты. 2014 жылы Ресей аннексиялап алған Қырым түбегі Украина бақылауына өтпегенімен, ол жақ та Мәскеуді алаңдатып қойды.

АҚШ-тың HIMARS қаруы Украинаға қалай көмектесіп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:27 0:00

Ресейдің кадр проблемасына тап болғаны да айтылып жүр. Командирлер әскер қатарын толтыруға барынша тырысып жатыр.

Сарапшылар сұрақты "Кім жеңеді?" деп емес, "Жеңіс қандай болады?" деп қою керек дейді.

Украина үшін Донбассты толықтай бақылауға алу, оның ішінде 2014 жылдан бері ресейшіл сепаратистер қолында болған жерлерді қайтарып алу жеңіс болар еді. 10 тамыздағы видеоүндеуінде Зеленский "Соғыс қашан аяқталады?" деген сұрақты көтерген еді.

"Уақыт мәселесі Ресейдің шығынына тікелей байланысты. Оккупанттардың шығыны қаншалық көп болса, жерімізді соншалық жылдам азат етіп, Украинаның қауіпсіздігіне кепіл бола аламыз" деді ол. "Елімізді қорғап жүрген, Украинаға көмектесіп жүрген әр адам соғыс уақытын азайту үшін оккупанттарға қалай шығын келтіретінін ойлауы керек".

Ресей үшін бұл сұрақтың жауабы қиын, себебі Кремль соғысты не үшін бастағанын әртүрлі айтады.

"Бұл операцияның мақсаты анық" деді Ресей президенті Владимир Путин тамыздың ортасында Мәскеуде өткен конференцияда.
"Бұл операцияның мақсаты анық" деді Ресей президенті Владимир Путин тамыздың ортасында Мәскеуде өткен конференцияда.

Ең алдымен Ресей елді "қарусыздандырып", "нацистерден азат еткісі" келетінін айтты. Бірінші мәселеде, Мәскеу Украинаның НАТО-ға мүше болуына, альянс қаруы мен әскерін кіргізуге қарсы болып, бұл Ресейге қауіп төндіреді деді. Екінші мәселеде Кремль "Украина билігінде неонацистер отыр" деді. Кремль 2013-2014 жылдардағы ресейшіл президентті орнынан тайдырған наразылықтар кезінде де осы терминді қолданған еді.

Ресей басқыншылықты ақтап алуға тырысып, "Украинаның шығысында орыс тілінде сөйлейтіндерге геноцид жасалып жатыр" деді.

"Бұл операцияның мақсаты анық: бұл Ресейдің және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Донбасс тұрғындарын нацистерден қорғау" деді Путин өткен аптада Мәскеуде өткен конференцияда.

Бұл сөзінде Путин соғыс Ресей мен Украина арасында емес, Ресей мен Батыс арасында жүріп жатқандай сөйледі.

Фридман соғыстың түгесіліп бара жатқанын, бірақ басымдық Украина жағында болатынын айтты.

"Ресейдің әскери позициясы нашарлап жатыр. Ал Батыстың Украинаны қолдауы әзірге әлсіреген жоқ. Сондықтан басымдық Украина жағында" деп жазды ол.

Кремльге "әлі қанша уақыт жеңіске сенімді жол салып қойғандай болып көрінетінін анықтау қалады" дейді Фридман.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG