Accessibility links

Қазақстанда журналистерге қысым күшейді. Мұның артында кім тұр? Қалай тоқтатуға болады?


Сөз бостандығын қорғау митингісі. Алматы, 25 маусым, 2022 жыл
Сөз бостандығын қорғау митингісі. Алматы, 25 маусым, 2022 жыл

"Батыс елдері автократтармен қарым-қатынас стилін өзгертуі керек. Оларды бірден қара тізімге енгізіп, санкциямен қорқытқан жөн". Журналист, медиасарапшы Әділ Жалилов Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстанда журналистерге жасалып жатқан қысым жайлы ой бөлісті. Қазіргі заманда авторитар билік орнаған елдердегі сөз бостандығын бұрынғыдай жұмсақ дипломатиямен қорғау мүмкін емес дейді ол.

Медиасарапшылар мен саясаттанушылар кейінгі бірнеше айда Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайы нашарлағанын айтады. 30 қаңтарда сот журналист Михаил Козачковты қамауда ұстау мерзімін 18 наурызға дейін ұзартты. Ол желтоқсанда "ұйымдасқан қылмыстық топ қызметіне қатысты", "рейдерлікпен айналысты" және "мемлекеттік құпияны таратты" деген күдікпен қамауға алынған.

10 қаңтарда Elmedia редакциясына шабуыл жасалды: белгісіз біреулер редакция кеңсесі орналасқан ғимараттың әйнегін шағып кеткен. Журналистер мұндай жағдай осымен бесінші рет болып отырғанын айтады. Бұған дейін полицияға хабарласқан әлдекімдер Elmedia басшысы Гүлжан Ерғалиеваның пәтері мен көлігіне бомба қойылғанын ескерткен, редакцияға азагүл жіберген.

14 қаңтарда түнде журналист Динара Егеубаеваның көлігі өртенді. Полиция бес жасөспірімді ұстады. Олар интернет арқылы белгісіз адамнан ақша алып, көлікке өрт қойғанын мойындады.

18 қаңтарда Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева басылымның сайты бұзылып, өзі мен отбасының жеке деректері жарияланғанын мәлімдеді.

19 қаңтарда белгісіз біреулер журналист, YouTube-тегі "Гиперборей" арнасының авторы Вадим Борейконың пәтерінің есігіне желім жағып кеткен. Журналист мұны кәсіби қызметімен байланыстырады.

Қазақстандық журналист әрі медиасарапшы Әділ Жалилов Қазақстандағы сөз бостандығы әрі қарай да шектеле беретінін айтып, билікті сынайтын журналистер қысымның жаңа түрлеріне дайын болуы керек дейді. Ол халықаралық құқық қорғау ұйымдары ақпарат құралдары қызметкерлерінің құқын қорғау жолындағы күрес әдісін өзгерткені жөн деп біледі.

"Мақсаты — қорқыту". Журналист Борейконың есігіне әлдекімдер желім жағып кетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:32 0:00

"ТОҚАЕВҚА ҮМІТ АРТУДЫ ҚОЮ КЕРЕК"

Азаттық: Журналистика саласында жүргеніме біраз уақыт болды. Сондықтан журналистер мен биліктің қарым-қатынасын бір адамдай білемін. БАҚ қызметкерлерінің құқығын бұзу жылда қайталанады. Шенеуніктер журналистер жұмысына кедергі жасайды, еш себепсіз ақпарат бермей қояды. Бірақ тәуелсіз журналистерге қазір жасалып жатқан қысым кәдімгідей алаңдата бастады. Бұл журналистиканың басына күн туғанын білдіре ме?

Әділ Жалилов: Жағдай одан әрі нашарлай беретініне күмәнім жоқ. Бұл – көпе-көрінеу зорлық жасау стилі. Елге танымал, билікті ашық сынап жүрген адамдарға қысым жасап жатыр. Журналистерге осылай сес көрсетіп, "біздің қолымыздан мұндай да келеді" деген месседж жолдап отыр.

Мысалы, Михаил Козачковты заң бұзды деп ұстады. Олар журналистің құқығын таптады және мұны көпе-көрінеу жасады деп ойлаймын. Осылайша сендерді заңды белден басып ұстап, түрмеге жаба аламыз, бізге ешкім ештеңе істей алмайды дегенді көрсеткісі келді.

Мұны тіпті алдын ала болжауға да болады. Қысым президент сайлауынан кейін басталды, жақында парламент сайлауы өтпек. Сайлау алдында журналистерге қысым қайталануы мүмкін. Енді нысанаға кімдер ілінетінін болжау да қиын емес: биліктің шамына тиетін ақпарат құралдары көп емес.

Журналист, медиасарапшы Әділ Жалилов.
Журналист, медиасарапшы Әділ Жалилов.

Азаттық: Олар қай ақпарат құралдары?

Әділ Жалилов: "Власть", Factcheck.kz, "За нами уже выехали" YouTube-арнасы, Азаттық. Қырғызстанда Азаттық сайтын жауып тастауға тырысып жатыр, мұның бәрі ұйымдасқан әрекет деп ойлаймын. Біздің билік ресейлік арнаулы қызметке тәуелді. Сондықтан олар өзара хабар алмасып, бірлесіп әрекет етуі де мүмкін. Өкінішке қарай, бұл Ресейдің стиліне ұқсайды.

Азаттық: Журналистер мен сарапшылар арасында журналистерге жасалған шабуылдардың артында кімдер тұр деген сауалға қатысты екі нұсқа айтылып жүр: Қаңтар оқиғасынан кейін ақпарат кеңістігін қорғағысы келген Ақорда немесе қоғам алдында [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаевтың беделін түсіргісі келетін [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаевқа жақын адамдар. Осы екі нұсқаның қайсысы қисынды?

Әділ Жалилов: Біріншісі. Ол күрделі нәрсе деудің қажеті жоқ. Тоқаевтың қатысы болмаса да, ол президент ретінде елде болып жатқан оқиғаларға жауап береді. Саяси ерік болмаса, Михаил Козачковты бұлайша заңды бұзып ұстамас еді. Қалған журналистерге қысым да дәл бұлай жиілеп кетпес еді.

Тоқаевқа үміт артуды қою керек. Қазақстан азаматтары мен Батыс елдері "Тоқаев – реформатор" дегенді қайдан шығарып алған? Өзі солай айтқаны үшін бе? Олай болса, қызық екен, өйткені шенеуніктердің бәрі өтірік айтады ғой. Тоқаев Назарбаевқа жұмыс істеді, ол – осы жүйенің шекпенінен шыққан адам. Қазақстан халқы да, журналистер де аңқау болмағаны жөн.

"ШЕНЕУНІКТЕР ЖЕНЕВАДАҒЫ ҮЙІНЕН АЙЫРЫЛУЫ МҮМКІН ЕКЕНІН ТҮСІНГЕНДЕ ҒАНА ҚИМЫЛДАЙ БАСТАЙДЫ"

Азаттық: Журналистерге қысымды неге Борейко, Егеубаева мен Козачковтан бастады? Әріптестерімді құрметтеймін, бірақ Ақорданың халық санасына әсер ету мүмкіндігімен салыстырғанда, олардың аудиториясы үлкен емес. Қисынға салсақ, билік, керісінше, оларды қорғап, Батыстағы серіктестеріне Қазақстандағы сөз бостандығының дәлелі ретінде көрсетіп, "Қараңдар, бізді сынап жатыр, оларға тиіскен жоқпыз" деуі керек емес пе?

Әділ Жалилов: Билік ондай логикаға сүйенетін болса, бәріміз тыныш қана өз қызметімізді атқарып жүре берер едік қой. Бірақ бұл жерде бір үлкен мәселе бар: "арнаулы қызметке жұмыс істейтіндер" өзіне бөлініп жатқан бюджетті ақтауы керек.

Екіншіден, бұл адамдардың аудиториясы өсіп келе жатыр. Вадим Николаевич [Борейко] Facebook-тегі парақшасында оқырман саны 100 мыңға, 200 мыңға жетті деп жиі жазып отырады. Ал бұл "Ертең не арғы күні не болады?" деп алаңдап отырған биліктің назарынан тыс қалмайды. Әрекет ету керек. "Түрмеге жаппасақ та, тым болмаса, тілін қысқартайық" дейді.

Олар биліктің шамына тиетін нәрсені отап тастау керек деген қарадүрсін логикаға сүйенетін сияқты. Бар болғаны – осы.

Азаттық: Баспасөз құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына алаңдап, билікке көзқарасын жеткізуге тырысып жатыр. Бірақ бұл жағдайды өзгерте ала ма?

Әділ Жалилов: Қазақстандағы журналистер кімге арқа сүйей алады?! Бірінші кезекте, елшілік, халықаралық ұйымдар сияқты күштер бар. Бір жақсысы – "Шекарасыз тілшілер" немесе Журналистерді қорғау комитеті сияқты ұйымдар тез реакция білдіреді.

Бірақ олардың қандай іс-әрекет жасайтыны баршаға белгілі әрі тым жұмсақ деп ойлаймын. Осы халықаралық ұйымдар саясатын жаңартуы қажет деп есептеймін. Қазір әлемде қаншама зұлым өз бет-бейнесін ашық көрсетіп жатқанын ескеріп, дипломатияның жұмсақ түрі мүлде ескіргенін түсінген жөн.

Азаттық: Сонда бұл ұйымдар қалай әрекет етуі керек?

Әділ Жалилов: Халықаралық демократиялық институттар, мысалы, Батыс елдері автократтар демократтарға айналады, әділетсіз сайлау әділ өтеді деп үміттенуді қоюы керек.

Тәжірибе көрсеткендей, авторитар режимдердің бәрі уақыт өткен сайын жаман жаққа қарай өзгермесе, жақсара қоймайды, ондай ерекше бетбұрыс болмайды. Сондықтан Батыс елдері автократтармен сөйлесу стилін өзгертуі керек. Бірден қара тізімге енгізіп, санкция саламыз деп қорқытсын. Біздің шенеуніктер ойыны ойсылып, Дубайдағы немесе Женевадағы пәтерлерін тартып алуы мүмкін екенін түсінгенде ғана қимылдай бастайды.

Азаттық: Қазақстан журналистері не істей алады?

Әділ Жалилов: Нақты бір топтарға месседж жеткізуіміз керек. Біріншіден, қоғамға тәуелсіз журналистер керегін, әйтпесе бұл халықтың өмір сапасына кері әсер ететінін түсіндірейік. Мысалы, тәуелсіз журналистер болмаса, Абай ауылындағы зорланған баланың мәселесі елеусіз қалар еді. Жол сапасы, коммуналдық төлемдер сияқты басқа да кез келген мәселеде солай. Қазір тәуелсіз журналистер көтеріп жүрген тақырыптар қамтылмай, ақпарат құралдарында әдемі көріністер ғана көрсетіледі. Қазір Түркіменстандағы жағдай осыған ұқсайды.

Екіншіден, халықаралық ұйымдарға авторитар режимдермен қарым-қатынас стилін қатаңдату керегін жеткізейік. Олар әр күн, сағат, минут сайын тергеу абақтысында отырған, шабуылға ұшыраған, зорлық көрген адамдар жапа шегіп жатқанын түсінсін.

Үшінші месседж Қазақстан билігіне бағытталуы керек: біз, журналистер өзгермейміз, бұрынғыдай жұмыс істей береміз, [тәуелсіз медиаға жасалған қысымның артында тұрған шенеуніктерді] қара тізімге енгізіп, оларды есепшоты мен пәтерлерінен айыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Интернет ештеңені ұмытпайды, біз де кім не істегенін ешқашан ұмытпаймыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG